Литературный портал / Блоги.Казах.ру — блоги Казахстана, РК
rus / eng / kaz


СМИ могут копировать в свой блог ленту новостей или статей. Дополнительное внимание и комментарии обеспечены. Если у вас уже есть блог в другом месте — можно автоматически транслировать записи из него в нашу блог-платформу Статья Корпоративные блоги: Как вести? содержит практические советы и примеры
Можно ставить записям будущее время. Запись будет в черновиках и в указанную минуту автоматически опубликуется. Любой блог можно сделать коллективным. Для этого надо определенным (или всем) пользователям дать права на запись в него.












Литературный портал



Блог литературного портала КазНета Lit.kz

Блог lit Автор блога
Лента друзей
Войти Регистрация


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

(Әңгіме)
Әбділдәның кеңсеге келуін аңдып тұр екен, хатшы бала жанына жетіп келді:
- Ағай! Сізге айтатын өтінішім бар еді: үй іші кедей, әке-шешем кәрі, жұмысқа жарайтын адамдары жоқ, маған телмірумен отырады... Бірер ай демалысқа шығып, үйдің кәсібін дұрыстап берсем деп едім...
Әбділдә қабағын кіржитіп шатынап сала берді. Хатшының сөзін шала тыңдап, үстелінде жатқан газетті, қағаздарды аударыстырды, қалтасынан күміс сауытты шығарып, шылымын тартты. Мұржадан шыққан түтіндей, екі танауынан түтінді будақтатып отырып, қысқа ғана жауап берді:
- Балалықты қою керек. Әлеумет жұмысын адам өз басының жұмысына араластырмас болар. Әке-шешең өлмес. Жұмысынды істей бер...
Хатшы бала қипақтап, жүні жығылып, шығып кетті. Оңаша қалған соң Әбділдә қара папкені ашып жіберіп, делалардың ішінен бір жапырақ кағазды суырып алды. Қызмет қағазына біреуге деп жазған сәлем хат еді. Жазуының бас жағында «орынбасар» деген тасқа басылған сөз адырайып түр. Сәлем хатындағы сөзі мынау:
«Ержан!
Менің биыл ағамның өлгенін білесің ғой. Кемпір-шал бір жағынан, жесір қалған жеңгем екінші жағынан жылап, шақыртып отыр. «Пыришина убажительный», так что бір айлық демалыс алам ғой деймін. Хатың болса даярла, ертең жүрем...»
Хатшысын айқайлап шақырып алды да:

* * *

Сарманның адырынан асатын қара жолмен бір пар атты желдіріп келеді. Сәндеп жеккен кос торы ат ауыздығымен алысады. Жылтырауықты әбзел шылдырлап даланы басына көтерген секілді. Май ішінін тамылжыған күні бойды ерітіп, самал лебі бетті сүйіп, денені жайландырып бара жатыр. Кұлпырған көк, қызыл-жасылды қызғалдақтар кілемнің түріндей жайнайды...
Таза ауаға шыққан сон Әбділдәнің көңілі тасқындап, жүрегі алып-ұшып, сықсиған көзі өзінен-өзі күлкіге бейімделіп бара жатқан тәрізденді. Көтеріліп отырып өлең айтты. Дауысы барылдап әлдеқайда кеткен секілденді:
«Балықты кара коға көлім деп ем,
Байдалы ұзын-ата елім деп ем.
Жанбыз деп кұдай косса біз қосылған
Қалқатай, мен кетерде күлімдеп ең...»
- Сонымен ақсақалдар не қылмақшы болды? - деп Әбділдә ат айдап келе жатқан көшіріне қарады.
Қара сақалды, еңкек келген қара кісі, қосардағы атты шаужайлап жіберіп, делбені жиыңқырап ұстап бір қырындап бұрылып, Әбділдәнің сұрағына жауап беруге кірісті.
- Ақсақалдар не қылсын, сенің баруыңды күтіп отыр.
- Маржан не айтады екен?
- Маржан да сені күтіп отырған көрінеді. «Төремнің жүзін көрмей еш нәрсе айта алмаймын», - деп әкесіне де айтыпты ғой.
Әбділдә аз-кем ойға шомды. Маржан жесір отырған жеңгесі. Ағасы жуан қоныш шаруа еді. Маржан келіншек болып түскеннен байын менсінген емес. Абысын-ажындарымен сөйлескенде «бұл көрімге қатын болып бір күн де тұрмас едім, төремнің көңілі үшін ғана жүрмін» деп айтады-мыс деген сыбыс ертеден болушы еді. Маржан мұны айтарлықта әйел: ажарлы, кербез, ірі, ашық. Ағасының тірі кезінде де Әбділдә үйге барғанда Маржан қайдағы жоқты айтып әзілдеп болатын. Әбділдәнің қатыны Кәмеш дейтін қара сұрлау келген адам. Ажары қатыңқы, нәзік. Сөзге шебер емес, мінезі өте ауыр. Өзі теңдес әйелдер сампылдап сөйлеп жатқанда ол үнсіз-түнсіз жұмысын істей береді... Маржан Әбділдәмен әзілдесіп отырып, бір ретте: «Инеліктей қатырып осы шіркінді қайдан алдың?!» дегенді де айтып салған...
Әбділдәнің ойы ауылдан шығып қалаға барды. Ойымен заң жинағын ақтарды: бір жағынан партия мүшесі, «ескі әдеттермен күресу керек; әйел тендігін жарыққа шығару керек!» - деп өңешін керіп, күре тамырын білеулендіріп, талай жиылыстарда сөз сөйлегені бар. Оның үстіне өзі жауапты орында қызметкер. Қайту керек? Занды бұзуға бола ма? Әбділдә ауыр күрсінді.

* * *
Белеске шыға келіп еді, ауыл ылдида екен. Күн күлімдеп ұясына батып барады. Өрістен қайтқан мал қара құрым болып ауылдың үстін алып кеткен. Мал сауған қатындар, бие ағытқан қыз-келіншек, асыр салған балалармен ауыл іші базардай қайнап жатыр.
Әбділдәлар сыдыртып отырып келіп, ортадағы үлкен боз үйдің сыртына тұра калды.
- Қарашығым! Құлыным!.. Есен-сау келдіңбе?! -деп еңгезердей жуан кемпір, теңселіп басып келіп, Әбділдәнің бетінен сүйді.
Қара орамалды басына бос салған, қызыл шырайлы жас әйел сызылған болып, әдеппен қарағансып, Әбділдәмен о да амандасты.
Белдемшесі белінде, екі шелек сүтті көтеріп, бие ағытып келе жатқан келіншегі жанынан өте берді. Амандасуға енесінен ұялды. Көзі жаутандап, сағынған адамша қайта-қайта қарап қана өтті.
Күн жұма еді. Әбділдә үйге кіріп отырысымен шешесі дастарқан жайдырды.
- Бүгін шелпек нан пісіртіп, ағаңа тие берсін қылдыртып едім. Жаңа жұртқа қонғанда аруақтар дәме етіп тұрады ғой... келе ме деп саған да алдырып қойғам, құран оқып жей ғой, сосын қымыз ішерсің, - деді.
Тамақты бірер кенеп алып Әбділдә «ағұзді...» жіберді. Барылдаған даусымен ауылдың бала-шағалары жиналып қалды...

* * *

Бесіннен төмен түскен кез. Күн райы салқындап, азғана самал жел еседі. Ауыл адамдары екеу-үшеу бас қосып көлеңкеде отыр. Әбділдәнің үйінің сыртында он шақты адам алқа-қотан отырып, кеңеске кірді. Сақалдары сапсиған, беттері қатпарланған ылғи шалдар, іштерінде сақал-мұртын етектеп қырқып, қарындары шермиіп болпиып отырған жуандар да бар. Бала-
шағалар жылысып, мандарына келе алмай, сөзін анадай жерден ғана ұрланып тындайды...
- Заң жағын бізден үйренбейсің ғой, бірақ қазақшылықты да бір жағынан қалдырып болмайды. «Шариғат ағып жатқан бұлақ, кәриялардың сөздері жағалап біткен құрақ», - деп үлкендер айтқан екен. Кәриялардың сондағы айтатындары не болсаңда, қайда жүрсеңде қазақшылығынды ұмытпа деу... Сені үлкен төре болды, кәменеске жазылды, құдайды жоқ деп айтады-мыс деген де өсек таралып жүрді. Бірақ төрелігіңе сенсек те, діннен шықты дегенге сенгеміз жоқ. Сенің бұл күнге шейінгі ісінде қазақшылықтан аттап өткеніңді әзір көре алғамыз жоқ. Мұның адам болғандығың, жүрегіңнің тазалығы, ата жолын қуа білгендігің... Шалдар бүгін жиналып саған ойларындағы мүдделі сөздерін айтпақшы. Айтқанда, әрине, сені тындайды деп айтады. Болмаса осы отырған шалдар қай кәменестің үйіне барып билік айтады дейсің... Құдай бұйрығы шығар, ағаң өліп, жеңгең жесір қалып отыр. Мұндай оқиға қашанда болса болатын, «аға өлсе іні мұра» деген нақыл да бар. Шалдардың айткалы отырғаны - осы жесір туралы. «Жылын күтетін баяғы заман жоқ», - деп Төлеу бір жағынан мазаны алып барады. Оның үстіне жас адамның байсыз отыруын шариғаттың өзі де қостамайды... Елдің үміт етіп көз тіккен баласысың. Бір жолға елді сыйлар, ата-анасын жылатпас деген дәмеміз бар!.. - деп ортада отырған жуантық қара кісі сөзін айтып өтті.
Былайғылар қостауға кірісті.
- Қане, ағаларыңа не айтасың, жауабынды ашып бер, - деп шешесі жақындай түсті.
Әбділдәнің ойында жалғыз ғана Маржан бар. Маржанның жүрісі, күлкісі, сызылып сөйлеген сөзі өмірде ойдан кетер емес, Маржан үшін не істе десе де Әбділдә көнетін тәрізді...
Шешесіне қарап Әбділдә күлімсірейін деді.
- Көп білсін! - деп ерні жыбыр етті.
- Бәрекелде!.. Ата баласы ғой. Өркенің өссін! Көрпелерің ұлғайып, үбірлі-шүбірлі болындар! - Шалдар беттерін сипасты.
Жер ошақ түтіні бұрқырады. Қазан ошақ салдырлады. Жас қатындар шелек алып суға жөнелді. Жылқышы бір бойдақты өңгеріп әкеліп, жер ошақ басына алып ұрып бауыздады. Бас-сирағын ағашқа шаншып балалар үйітуге кірісті. Бойдақтың терісін жылқышы жұдырықтап жатыр. Қан-жынына таласып, екі төбет ырсылдап, тістерін ақситып тұр. Шек-қарын аршуға келген қатындар, сойып жатқан қойға төніп, жүрелерінен отыр. Біреуі ауызын сылп еткізіп:
- Бетім-ай, ұятсыз адам бола береді екен ғой. Байының өлгені есінен шығып кеткен. Күйеуге жаңа шыққалы отырған қыздан жаман қылмың-қылмың етеді, - деді.
- Ана қатын да бір сорлы-ақ екен. Бүк түсіп жатып жылағаннан не өнуші еді. Одан да «үстіме қатын алдырмаймын» деп ашып-ашып айтса қайтеді екен! - деп екінші біреуі кіжініп қойды.
- Қой, сендерге қалған билік жоқ, мына шектерінді дұрыстап аршыңдар, - деп жылқышы оларды тәлкек қылды.
Есік алдында жанында бір-екі әйел бар, Маржан отыр еді. Келе жатқан Әбділдәні көріп, көзі көзіне түсіп, күлімсіреді, күлкісі Әбділдәнің ішін өртеп жібергендей болды.
Төсегінің үстінде келіншегі солқылдап жылап жатыр еді, Әбділдә жанына төніп келіп:
- Әй, мынасы несі?.. Ақылсыз екен ғой! - деді.
- Бетің тілінгір, неге жылайсың, жалғыз байынды жұтайын деп жүрсің бе? -деп кемпір шаптықты.
Келіншек басын көтерді. Әбділдәға қарады. Көз жанары толған жас, сөз айта алмады.
* * *
Маржанның кұшағы сикырлап Әбділдә елден шыға алмай калды. Ел құлағы елу ғой. Әбділдә туралы жұрт өсекті көбейтуді шығарды.
- Төреліктен шығарып тастапты.
- Тұрған кеңсесінің ақшасын жеп қойыпты.
- Екі қатын алғаны үшін сотқа беріліпті...
Тағысын-тағы толып жатқан өсектен адам аяқ алып жүргісіз. «Менің ыслабый екенімді білесің ғой... Кептің талқысынан шыға алмадым!..» - деп Әбділдә бір күні Ержанға хат жазды. Иығына асылып тұрған Маржан бетінен сүйіп-сүйіп алды.
Ертеңіне милиция келіп Әбділдәні айдап апарып түрмеге тықты. Себебін анық білген адам жоқ.
- Төре болып тұрғанда пара жеген екен, сонысы білініп қалыпты, - деп ел іші алып қашып жүрді.
Ауылы Жосалы көлде. Жосалы көлдің шалғынының арасы кара құрым боп қаптап, құстай жүзіп жүрген Әбілдәнің жылқылары. Ең малға, иесіз малға қарап тұрып, екі қатыны, кәрі шешесі ертенді-кеш дауыс қылады:
«Көйлек кидім қос етек,
Қалқатай, бір келіп кет.
Досқа күлкі, дұшпанға
Таба қылды-ау, кұдірет!..»
- Мына қағазды Ержанға жөнелт! - деді.


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

(Әңгіме)
Күзгі күн еді.
Күн ұзаққа екпіндетіп соққан долы жел кешке қарай тынып басылып, әлем жүзі құлаққа ұрған танадай мүлгуде. Күн батып бара жатыр. Батар күннің сәулесі қызарып шашырап, дөңес жерлер қарауытып, қабағын жауып түнеріп тұр. Күншығыс жақтан құшағын жайып келе жатқан қою қараңғылық - жапан
даланы ұзатпай бүркейін деп тұрған сияқты.
Дала бос. Дала көңілсіз. Сарғайған шөп, мал тұяғымен қырқылып тақырланған жер жүректі тартпайды. Жүрек әлденені іздеген секілді. Кызықты жаздың құлпырған жерін жоғалтқан секілді. Мынау жол жанында жатқан кішкене шалшық су - бұдан екі-үш ай бұрын шалғыны балбырап ұйысып жатқан көгал еді. Енді таздың басындай аламыштанып, ұйысқан шалғынның әр жерінде бір түбірі ғана қалыпты. Мына түріне қарағанда бұған
көгорай шалғын бітті, кемерінен асып суы шалқыды деп кім айтар?
Күн бата Ырысбайдың белесіне жалғыз атты қақпалап, қорапсыз арбаға мінгесе мінген екі адам тырмысып келе жатыр. Жеккен аты арық, көтеремге шалдыққан малша, сүйектері ыржындап тұр. Барынша шабан, шыбыртқы тисе бар денесін салып жіберіп, солқылдап жортқан болып, кішкене жүргесін тағы аяндай бастайды. Арбаны қиқая бір жақ иығымен тартып, бір көзін айдаушының шыбыртқысынан айырмайтын сияқтанады. Шыбыртқы көтеріле бергенде-ақ аз қымсынып жүре бастайды.
Арбадағының алдыңғысы домалақ бетті, көзі кішірек келген, бақа кара кісі. Көрінер-көрінбес мұрты бар. Ернінде бұлтиған насыбайы. Атын шаужайлап бірер рет шыбыртқылап қойып шырт-шырт түкіреді. Үндемейді. Екі көзі алдында, терең ойға шомып келе жатқан кісі секілді. Бұл - бесіншідегі пысық
жігіт, осы күнгі ауылнай Кебекбай еді.
Кейінгі отырған қызыл шырайлы жас жігіт, үстінде кенелеу қара шинель, басында фуражка, мойнында асынған қылыш, арбаға аяғын салбыратып жіберіп, қылышты алдына кесе қойып келе жатыр. Бұл болыстық милиция. Атымен таныс болғыларың келсе Кайың болысына келгелі «Кұрымбай», «Қүреке!» аталған.
Бұлар белеске шыққан кезде шашыраған нұры семіп, күн ұясына кірді. Меңіреу қараңғылық жер жүзіне қанат жайған секілді болды. Түсе беріс ылди ауыл екен. Мұнарланған түтін, үрген ит, ыңырсыған мал. Ауылда ма, әлде әрістен мал құлатып келе жатып па, біреудің ән салған даусы естілді.
«Торышам семіреді жем бергенде,
Жоқ еді түк алаңым сен дегенде.
Ренжимін, жан серігім, қан жұтамын,
Жеріңе уәделі келмегенде!..»
Кешкі ән, жігіттің қызына өкпелеп айтқан әні - Құрымбайдың жүрегін қытықтағандай болды. Жүрегінің әлдеқайдағы түкпірінде жасырынып жатқан ескі сырлар біртіндеп бас көтеріп, «мен ше, мен ше» деп көз алдына елестеп келген секілді болды...
... Я, ол кезде Құрымбай жас еді. Жастығының үстіне ауылдың жабайы адамының бірі еді. Құрымбайды адам екен деп елеуші жан жоқ секілді еді. Басқаныкі басқа болсын, Байкөбектің тоқалына не жоқ еді? О да теріс қарады-ау! Теріс қарамақ түгіл, «әдіра қал, бұ да адам болып, кісіге сөз айтпақшы ма екен?!» деп нос та берді ғой. Сол тоқалдарға осы күні көрінер ме еді? Не дер еді?..
Құрымбайдың сол жүргенде, жұмыстан қолы босағанда ойлайтыны ылғи әйел жайы. Кейде төсекке жатқанда ойға шомып қиялданып, көрер танды көзінен атқызатын да күні болады. Құрымбайдың ойынша дүниеде әйелден қадірлі нәрсе жоқ. Әйелі бар адам дүниедегі бақытты адамның бірі саналуға тиіс. Өз ауылындағы Жұман кедейліктен зарланып мұңын айтқанда, Құрымбай күлуші еді, «құшақтап жататын қатыны бар, енді бұған не керек екен?..» деуші еді.
Құрымбай милициялыққа жеткен соң ойлаған мақсатқа жетем бе деп еді. Бұрын кезге ілмейтін әйелдер енді, ашылып сөйлесер, таңдап жүріп біреуін аламын деп ойлап еді. Милиция болғанына қазір бесінші ай. Содан бері көп ел аралады. Қайың болысында бармаған ауылы жоқ. Әсіресе сұлу қызы бар, сұлу келіншегі бар деген үйге арнап та қонып жүрді. Бірақ арылмайтын бір қырсық, реті келген емес; кейде қыздың шешесі ұйықтамайды, кейде қызымен бөтен үйге барып жатады. Әйтеуір Құрымбайға дегенде сылтау табылады.
Құрымбай біраз ойға шомып отырды да, басын көтерді, жан-жағына бұрылып карады.
- Күн батпай жетеміз деп едің, өзі алыс екен ғой, - деп есінеп, керілді. Обыраған шинелін дұрыстап, тақымына қымқырып басты.
- Алыс емес еді, мына арам қатқырдын аяғын баспай келе жатқанын көрмейсің бе? - деп Кебекбай атын шыбыртқымен сираққа тартып-тартып жіберді. Өзі қокилаңқырап отырып:
- Кедейшілік те басып кетті. Бұрын мұндай атты жеге қоймайтын едім. Торбесті деген атым болып еді. Ой жануар, мал еді-ау, ауыздығымен алысып отырушы еді.
Ерніндегі насыбайын сұқ қолымен іліп алып жерге секіртіп жіберді де, бірер түкірініп алып Құрымбайға қарап күлімсіреді:
- Асықпаңыз, жетеміз. Бүгін ырымымыз жаман емес қой, ретіне келер, -деді.

II

- Күләшжан, құйшы, қаным кеуіп қалыпты ғой, - деп кесесін итеріп жіберіп Нұржан шапанының түймесін ағытты. Жұмыстан алқынып келген адам, оның үстіне ыстық шайды ішкен соң сасық тер бұрқырап шыға бастады. Қатпарланған мандай, имиген ұзын тұмсығы тершіп, самайынан, сақалының арасынан тер сорғалап аға бастады.
Шайды Күләш құйып отыр. Қатыны Меруерт, байы мен Күләштің екі ортасында, жұлығынан шұлғауы шығып жүрген бастамалы мәсіні көсіліп жіберіп, кұрсаулы ала кесемен шайды сіміріп отыр. Байына жаны ашитынын білдірейін дегендей, байынын шаршағандығына кынжылғандық қалпын көрсетейін дегендей, самайынан шығып тұрған шашын жаулығына тығыңқырап қойып, сөзге кірді:
- Байғұс-ай, өзің қартайғанда жоқ нәрсені шығынсынбай-ақ жалдап үйдіретін шом еді ғой, - деді.
Кейіп отырғанда Меруерттің сөзін шам көретін Нұржанның әдеті еді. Бұл жолы да сол күйге басты. Шынтақтап жаткан күйі Меруертке ажырайып қарады.
- Еш нәрсенің жәйін білмейсің-ау, байғұс, кісі жалдайтын не сиқымыз бар. Айналдырған үш сиыр, бір ат, бір-екі қой бар екен. Оның телі жаз бітеді. Азғана егін ішуден артылмайды. Борыш бастан асып жатыр. Бәнкеден алған биылғы 50 сомды төлейтін уақыт та болып қалды. Киім жоқ, тұттай жалаңаш
отырғандарың мынау...
Меруерт жеңілді. Байының ашуын жадыратайын деген кісідей мұңына сәйкес келе сөйледі.
- Қайтейін, жазған, шаруашылығыңды мен білмей жүрмін бе? Өзіңді аяғаннан айтам. Жасың болса 50-ден асып кетті. Жұмыс істейтін не жәйің бар. Нақұрыс қылып берсе де кұдай бізден бір жаманды аяды ғой... Мына құрып қалғыр қьізға, әкеңе барып жәрдемдес, шом үйіс десем, өзімді тәлкек қылады... Жұмыс істеудің не айыбы бар, ертең біреудің үйіне барғанда, осындай ылғи бойынды бағып отырамын дейсің бе?! Кісі үйіне барғанда отымен кіріп, күлімен шығарсың,- деп қызына ақыл қылып айта бастады.
Күләш ерке өскен балалары еді. Еркек балалары болмаған соң кемпір-шал ұлдан артық мәпелеп өсіріп, жастай жұмысқа үйретпеген өздері еді. Күләш есі кіріп бойжеткелі әкесін аяса да, әкесімен қосылып жұмысын істегісі келсе де, ауылындағы кыздардың, қатындардың сөздерінен қашушы еді. Көңілінде «менмендік» бар еді. «Пәленшенің қызы кедейліктен жұмыс істеп жүр», - деп айтады деп намыстанушы еді. Кейде, әкесін аяп кеткенде, жоғарғы ойын категе шығарып, жұмыс істеуге бой ұрса да, енді істеуге келгенде беттемей шыға беруші еді. Бірақ әке-шешесін алдауға, олардың көңілін табуға ұста еді,
кандай жабырқап отырғанда да оларды күлдіріп, мәз-мейрам қылушы еді. Шешесі қарқылдап күліп, қызының мінезіне риза болып: «қарағым, жұмыс істемесең де тірі бол!» - дейтін еді...
Лапаста жатқан Жолдыаяқ арсылдап үрді. Есікте сыбдыр білінді. Біреу сипалағандай болды. Үй адамдары шайын тоқтатып есікке карады. Кескек байлаған қойша мойнындағы қылышы салақтап, винтовкасын сүйретіп, Құрымбай мен Кебекбай артынып-тартынып үйғе кірді.
- Кеш жарық!
Қылышты, мылтықты көргенге ме, үй іші үрпиісіп калды. Әсіресе Меруерт үрпиді. Жақын арада Сылқымның қызын милициямен келіп алып кетті дегенді есітіп еді. Сондай бір сойқанға ұшырамасақ игі еді деп зәресі қалмады.
Сығырайып жанған бестік шамның сәулесі қара көлеңкеленіп, келген кісілердің бетін ашық көрсетпеді. Әйтсе де ауылнайды жоспарлап тануға мүмкін еді.
Қонақтар төрге шығып, қыз айттыра келген сыпайы құдадай, шірене барып отырды.
- Ауылнаймысың, аман ба?
- Шүкіршілік.
- Мына жігіт кім?
- Болыстық милиция ғой.
- Жол бола берсін, қайдан шықтындар?
- Берекең ауылынан шықтық. Биылғы берілген нәлөктің спескесін кем жазылған деп, болыс нанбай жатыр. Қайтадан жүріп жазындар деп, мына кісіні жіберген екен, соған шыққанымыз ғой, - деді.
Үйге кіріп отырғаннан Кұрымбайдың көзі Күләшта болды. Алдымен Күләштің мәнерлі қызыл тақиясын көрді. Қою қара шашын маңдайынан екі айырғандағы ағарған жігін көрді. Одан төмен жазық мандайын, күлімсіреген қара көзін, мұрнын, аузын, тағы-тағыларын көрді. Әсіресе көзі, мұндай көзді
Кұрымбай өмірінде көрмеген секілді болды. Әлде көрді ме екен? Жапақтың үйіне қонатында бойжеткен қызы шай құйып беріп еді. Оның көзі де осы сияқгы емес пе еді? Жоқ, ол - өлген балықгың көзі секілді бөзғылт еді. Мына көз басқа!
Құрымбай Күләштан көзін алмады. Кайта-қайта қарай берді. Бастапқы кезде, қандай жігіт екен деп Күләш та қарап көріп еді, тікірейген ала көз, жұтып қоятындай болып қадала қойған соң, мына шіркіннің қарағаны қалай еді дегендей, өз жұмысымен болып, шәйін құя берді. Кадалып отырған ала көзді елемеді, елеу ойында да болған жоқ...
Төсек салатын кез жақындағанда Меруерт қонақтарына жәй айтты:
- Ағаларың шал. Кәсіп қылатын адамымыз жоқ. Бір-екі койдың төлін жазды күні сойып қойғамыз. Күзгі келген қонақтарға ұяттымыз.
Ауылнай:
- Дұрыс қой, - деп ернін жыбыр еткізген болды...

III

- Қой деймін, сізге не болған?! - деген Күләштің бәсендеу даусы шықты.
Үй іші қараңғы. Сығырайған терезеден азырақ саңылаусымақ жарық шалынғандай болады. Үй іші қалың ұйқыда. Бүргенің шаққанына шыдай алмай аунап түсіп, Нұржан мен Меруерт қорылдап үйді басына көтеріп жатыр. Әке-шешесінің бас жағындағы бұрыштағы қуыста Күләш жатыр еді. О да ұйықтаған секілді еді. Бірдеме төс жағында жыбырлағандай болған соң, қымсынып оянып еді.
- Қой деймін... койыңызшы! -деп көрпесін қымтап жамылды.
Күләштің бас жағын атаман қалтыранып, жүрегі алып-ұшып үңірейіп Құрымбай отыр. Сол қолы жерді тіреген. Тырнап алар деп қорыққан адамдай оң қолын ептеп қана созады. Көрпеге жақындата бергенде, Күләш жиырылып итеріп тастайды.
- Қойыңызшы!..
Алқынған жүрек, ынтыққан тілек ерікке қоймайды. Үміт үздірмейді. «Адам баласы ғой, заты әйел ғой, елжіремес дейсің бе, жібімес дейсің бе?!» - деп ойлайды. Елестеген тәтті үміт баяғы қолды еріксіз тағы создырады; тілек тілеген қайыршыдан жаман өлердегі сөзін айтатын пішінмен өлімсіреп созылған бақытсыз қол, жылы көрпеге жақындай бергенде, әлденендей белгісіз бір күш итеріп келіп тастайды.
- Қойыңызшы!..
Құрымбай сескеніп, қалтыранып кетті...
Үй тастай қараңғы. Терезеден жылтырап бір жұлдыз көрінді. Жұлдыздың сәулесімен есік жақтағы пеш ақ аяң тартып бұлдырланған секілді болды. Пеш жанында бұйығып ұйықтап жатқан ала мысық пырылдап оянып, Құрымбайға қарай аяңдады. Жанына келіп еңкейіп отырған Құрымбайдың бетін құйрығымен сипап өтіп, Күләштің көрпесіне барып кіре бергенде, белең алған Күләш оны да итеріп жіберді. Ала мысық Құрымбайдың алдына келіп түсті. Құрымбай ала мысықты сықақ қылғандай, «байғұс-ау, сен түгіл мені де жолатпай жатыр», - дегендей езу тартты. Бірақ ала мысық Құрымбай секілді жалтақтық қылмады. Күләштің көрпесіне кайтадан барып кірді. Күләш бұл жолы тимей, ала мысықты көрпесіне кіргізді. «Апырым-ау, мысық құрлы болмағаным ба? Мені мысық құрлы көрмегені ме?!.» - деген ой Құрымбайдың мазасын алып барады.
Ой теңіз ғой. Шарықтай отыра аяқты жоғары салды. Құрымбай бір болыс елдің милициясы. Бір болыс ел сыйлап отыр. Әйел түгіл еркектер қарсы келіп көрген емес. Еркектің де дәулерімен алысып көрді. Қайың болысындағы жеті атасынан уызы арылмаған Бықырия дейтін кісі ұрлықпен былғанып, соны ұстауға тура келгенде, еңкілдетіп алдына салып айдап-ақ келген Құрекең еді. Бір ауылнай ел жиналып, бір күн кондыр деп сұрағандада, көнбеген кісіні осы заңды дұрыс орындауда, атқа мінерлердің, жуандардың алдауына ермеуде Кұрымбай бәйге алып-ақ жүрген жоқ па? Милиция бастығы мұның қызметін жақсы деп мақтап отырған жоқ па?.. Ендеше... Осынша қарысқандай бұл қызға не жоқ?
Құрымбай ашуға да мінгісі келеді. Бірақ, белгісіз бір күш еркін алып, жуасытады. «Ашудан еш нәрсе өнбейді, жалыныпбақ» дегендей болады.
Неге екенін өзі де сезбеді, Күләштің жанына жанай жатты. Күләштің жастығының бұрышына басы тигенде, бойы еріп кеткен секілденді... «Осындай қараңғы түнде, мынадай бойжеткен қызды құшақтап жатса, содан кызық не бар екен?!» - деген ой баста тайталасып жарысып, мазаны алып барады...
Алқынып, тығылып зорға дегенде үнін шығарды:
- Сіз мені танымай жатырсыз ғой деймін...
- Жоқ, таныдым.
- Ендеше замандас емессіз бе?
- Болса қайтеді? Әлде, замандастығыңызды сатасыз ба?
- Сатпаймын ғой... Замандастыққа лайық іс қылсақ деймін.
- Мен тілемеймін...
- Сіз менің сөзіме түсінбей жатырсыз. Мені - елдегі жабайы жігіттің бірі деп ойлайсыз. Оныңыз қате. Мен іс басындағы адаммын. Мен - әйел затын теңгеруге қарсы емеспін. Соның үшінде өзім келіп отырмын. Менің ойым... Менің ойым... - деп Құрымбай сөзін аяқгамай тоқтады. Өзінің не айтқанын, не айтайын дегенін білмеді.
- Жұмыс адамысыз ғой, ұйқыңыздан қалмаңыз, барып жата қойыңыз,- деп Күләш ірге жаққа аунап жатты.
«Жүмыс адамысыз ғой...» Бұл әзілдеген сөз емес пе? Я, әзілдеген сөз. Әзілге келген соң енді не тұрыс бар? - деп ойлады... Жатқан күйі басқа сөзді қойып, құшақтай берем дегенде, белең алған Күләш сескеніп, қолын көтеріп калғанда, Құрымбайдың мандайына сақ ете қалды. Басын белең алған атша Құрымбай кекең еткізді. Тұла бойы суынып, денесіне суық суды құйып жібергендей болды. Не болғанын, не қылғанын сезбестен калтыраған күйі аз-кем төніп отырды да, жылжып төсегіне келді.
Ауылнай ұйықтаған жоқ екен:
- Немене, іс бітті ме? - деді.
Құрымбай көрпесін жамылып жатып күрсінді:
- Болмайды! - деді.
IV

- Қане, Нұреке, малыңызды айта қойыңыз, - деп ауылнай қысып барады.
Нұржанның тезек калаңының ішінде он шақты адам қатарынан отыр. Ішінде байсымақ Кәрім, сүбе би - Дәуіт бар.
Нұржан кібіртіктеп мүдірді. Сырттан қарап тұрған Меруерт төзе алмады білем, шалына болыса бастады.
- Ауылнай қайным, ағаңды тым қысып кеттің ғой. Бір-екі сиыр мен бір аттың барын өзің де білесің, оның несін сұрай бересің?
- Мен ешкімнің малын түгендеп жүргенім жоқ. Кімде не барын мен білмеймін. Айтқандарынды жазам, айтпай жасырсаңдар, ертең айып тартасындар, малың қазынаға түседі...
- Оның дұрыс қой, бірақ менде жасырылып отырған мал бар ма? Бір-екі қараның есебі өз қолында. Мені қыса бергенше, мына Кәрім, Дәуіттер де отыр, алдымен солардан-ақ сұрасайшы...
- Бай-бай, Нұржан-ай, қыршаңқы тілің қалмайды-ау. Біреуді шалдырмай-ақ өз малынды жаздыра берсейші, - деп Дәуіт кейіп қалды.
- Қайным-ау, нені жаздыр дейсіндер?
- Жаздыр, ана қойыңды! Әкеңе ас бересің бе? Қазынадан мал ұрлайтын қайдан шықтың?
- Өзің жаздырмайсың, сенің қойың жоқ шығар?
- Мен қойымды кімге жаздыратынымды білем.
- Біз де білеміз.
- Әңгімені қой, жаз, мына Нұржанның екі қой, бір ешкісі бар.
- Ендеше мына бидің он бес қойы бар, алдымен соны жаз, - деп Меруерт тағы килікті. Дәуіт Меруертке ала көзімен қарады...
Ауылнай Нұржанның екі қой, бір ешкісін жазды. Дәуіттікін жазбады. Дәуіттікін жазған-жазбағанын Нұржан да, Меруерт те қазбалап сұрай алмады. Дәуіттің ашулы ала көзі өңмендерінен өтіп кетті. Бір пәлеге ұшыратар деп қорықты...
V
Нәрсе-қарасын алып, жүрейін деп жатқанда үй жанында тұрған Күләшқа Құрымбай кездесіп қалды. Күләш жымиып күлді. Түнде ашуланса да, неге екенін өзі де білмей күлді.
Құрымбай да күлді.
- Түндегіге ашуландыңыз білем.
- Жоқ, ашуланған жоқпын.
- Ашуланбасаңыз айып алуыңыздың жөні қалай?
- Қайдағы айып?
- Айып емей не, байлардың жүздеген қойын көрмей, біздің үйдің екі қойын жазып кетіп отырсыздар, төрелігінді былай қоялық, мұның тіпті жігітшілігіңе лайық емес қой.
Құрымбай апалақтап қалды. Істеген істерінің бұрыстығын жаңа сезгендей болды. Ұялып бетінен оты шықты...
Арбаға мініп, ауылдан шыға бергенде Құрымбай артына қарады. Екі шелегін иығына салып Күләш суға кетіп бара жатыр еді.
- Но, маладес қыз екен, әттең оқымай қор болған екен!.. -деді.
* * *
Ауылға салық қағазы келгенде, кім жазғаны белгісіз, Дәуіттің он бес қойына салық салынып келді. Мұны естігендеНұржан миығынан күліп:
- Оқасы жоқ, көппен бірге тарттың ғой, - деп кенеліп қалды.
Шай құйып отырған Күләштің есіне Құрымбай түсті.Құрымбайдың кетерде ұялғаны, құлағына дейін кызарып, қайырып жауап бере алмағаны көз алдына келді, өз-өзінен жымиып:
- Қалай да жігіт екен, жарады! - деп риза болды.


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

(Әңгіме)
Қырмызы ұзақты түнге түс көрумен болды. Бармаған жері, баспаған тауы, әлеметі жоқ. Әлсін-әлсін шошып оянғанда қара терге батып тұла бойы дел-сал болып қалады... Ұзақты түнде шатасып ұйықтай алмады. Таң құла жиектеніп саз беріп келе жатқанда көзі ілікті. Әдемі түске кірді: Қыз-бозбала тегіс жиылған бір үй. Жұрттың бәрі куанышты... Қырмызы бір жерге тұрақтамай қалың топқа көз жүгіртіп әлдекімді іздеумен болды.
- Оны енді іздеме, іздегенмен саған жоқ, - дейді біреу.
Қырмызының ашуы келіп қалтырап кетті. Тоқтаусыз жүгіріп іздеді.
Бір қара күңгірт жерде әлдене көзге елестегендей болды.Адам секілді. Тұрған тұрысы, киімі таныс. Жақындап келіп еді, Қамбар.
- Қарағым-ау, мен сені іздеп жүрмін ғой, - дей бергенде:
- Келме, - деп қол сілікті.
Қырмызы шошынып, өкпелеген тәрізді боп тұра қалды. Қамбар жымиды. Жүзіне нұр құйылып бір түрлі сәуле шашқандай болды. «Мен саған өкпеледім, мені ұмытып кеттің» дейді. Қырмызы бірдеңе айтайын деп еді, тілі тұтығып айта алмады.
Екі көзі Қамбарда, қатты да қалды. Қырмызының ынтығып сағынып тұрғанын білгендей Қамбар орнынан қозғалып жақындағандай болды. Киген киімі қып-қызыл, көзге шағылысып кұбылып тұр... Кұшағын жайды. «Кел, калқам!..» дейді... жас жүрегі алқынып, сүйген досының, көптен көрмеген Қамбарының жылы құшағына атылып кіре берейін дегенде:
- Ау, тұрсайшы, күн түс болды ғой, - деген шешесінің сөзіне Қырмызы оянып кетті. Жүрегі дүрсілдеп, алқынып, тұла бойы бусанып терлеп қалған екен. Жан-жағын сипанды. Бірдеме іздеген адамша көрпесінің, жастығының астын қарады.
Жоқ!..
Кенет ойына түсті, жылағысы келіп кетті. Манадан бері көргенінің бәрі түс екенін білді. Көптен бері сағынып бір ауыз сөзіне ынтық болып жүрген Қамбарының жылы құшағына кіргізбей тәтті жерінде түсін бөлген шешесіне ішінен нәлет оқыды.
Тұла бойы мең-зең... тұрып киініп күйенте мен шелегін алып суға жөнелді...
Қырмызы суға жеткенше түсін ойлаумен болды. Қамбардың кеткеніне дәл бір жыл. Сағынған уақыттарында түсінде көретін. Бірақ бүгінгі түсі бұрынғыға қарағанда өзгешерек. Жүрегі соғып, дүрсілдеп барады.
- Құдай-ай, жақсылық болғай да, - дейді. Шелегін жерге қойып су ала берейін дегенде, әлденеден сескенгендей бұрылып артына қарады. Еш нәрсе де жоқ, қалың тал... Сең жырып тастаған қалың шұңқыр құм... есіне бірдеме түскен адам тәрізденіп қалың тоғайдың, екі өзеннің екі арасындағы шұңқырға келді...Олай-былай қарады... өткен күн есіне түсті... еріксіз жылап жіберді...
Былтыр... нақ осы кез... онда да сәске кезінде суға келген.Шелегін жерге қойып су ала бергенде арт жағынан біреу келіп:
- Қырмызымысың! - деген. Жалт қараса Қамбар. Мұздай киініп, қамшысы сүйретулі төніп тұр. Қырмызы өзін-өзі ұстай алмай еріксіз құшақтаған... еркін сүйісіп айрыларда: «қош!» деген Қамбар: «Мен жол жүріп барамын, елді казачий қаптап кетті. Мен отыра алатын емеспін. Дос бар, дұшпан бар, күні ертең «большевик» деп өлтіреді ғой; елде жүріп текке өлгенше ілгергі жақтағы жолдастарға қосылып теңдігімді ала өлгім келеді... ренжіме, Қырмызыжан, күнім туса келер жылы нақ осы жерде, осы құм меже болсын, бүгінгідей ойнап қосылармыз,.. мен сені сүйем, дүниенің қай бұрышында жүрсем де, сен ойымнан шықпайсың... менде ұмытпайын, сен де ұмытпа... деп сүйіп-сүйіп алған... сол құмы осы. Қамбардан айрылғанына әзір бір жыл. Қамбар бүгін үйіне келіп, суға келген Қырмызыны ұшыратуға іздеп жүр ме -жас жүрек толқынданып лоблып, дәйек тұтып отыра алмастық дәрежеге келді...
- Құдай-ай, - деді Қырмызы.
-Құдай-ай, жас жүректің тілегі қабыл дейтін еді. Бір тәуліктен бері зарлағаным жетерлік болып еді ғой... сүйгенімен кездесіп ойнап күлген адамның арманы бар ма екен?..
Қалың тоғайдың арасы сыбдырлап ашылып әлдекімге жол бергендей болды. Қырмызы шошыған да, куанған да тәрізденді. «Сол ма екен» деп көңілін сендірген секілденді. Болмады.
Қамбар дегені көршілес жеңгесі Рақыш болып шықты. Қолында ұзын шыбық, бұзау айдап жүр.
- Не қылып тұрсың, еркежан, - деді жақындап келіп.
- Апырым-ай, құдайдың күнінің ызғырығы-ай, тоңдырып барады ғой, - деді.
Қырмызы мұны тәтті түсін бөлген шешесінен бетер жек көрді. Үндемей қалуды лайық көрмей:
- Қыс болған соң суық болмай қайтуші еді, - деді.
- Қайдағы қыс. Боқырау әлі біткен жоқ. Былтыр бұл уақытта кәдімгідей суық еді ғой, есіңде бар ма, ауылға көп солдат келіп әлгі Қамбар қашатында...
- Ия, - дей салды Қырмызы.
- Сен есіттің бе, еркежан, айтпақшы сол Қамбар былтыр соғысқа барып өліпті ғой.
- Қойшы, - деді Қырмызы.
Сұп-сұр болып кетті.
Жас жүректен қайнап шыққан ыстық жас мөлт-мөлт етіп көзінің жанарына толып қалды.
- Өлген шығар, - деді.
Мөлдіреген жас бетін жуып кетті.


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

(Әңгіме)
Әңгіме қара шелектен басталды. Айшаның атасының басындай сақтап жүрген шелегі ғой. Үшінші жыл болып барады, Айша шелексіз қалып, шелек сұраймын деп абысын-ажынға жексұрын көрініп, ақырында Бірмағамбетті бүріп, Кәстенкенің дүкенінен алдырған шелек еді.
- Шелек-шелек деп ішкен асымды кере ғып болып едің, сенен қорыққаннан - темекі алатын ақшама шелек алдым, - деп Бірмағамбет, Айшаның қолына шелекті ұстатқанда бұлдап нығыздап ұстатқан.
Бірмағамбет мұны айтқанда, Айшаны салақ деп, дүниесін бүлдіріп ұстайды деп айтқан емес. Айшаның сөзін аяқсыз қалдырмағандығын сездіргелі айтқан. Әйтпесе, Айшаның жинақтығы, күтімділігі, бірін мыңға балап ұстайтындығы бүкіл ауылға мәлім. Салақ қатындар Айшаны жаратпағанда, Айшаға мін таққысы келгенде:
- Көріне бірге алып кетсе, көрерміз: әйтпесе кімнен калмаған дүние, - деп бұрқылдасады.
Сол қара шелек бүгін майып болыпты! Қожағұлдың қара тоқалы біреуден нәрсе сұрамай, алған нәрсесін бүлдіріп бермей жүре ме, бүгін келіп қара шелекті сұрай қойды. Айша - шелек сұраушыны жайшылықта маңына жүргізбейтін:
- Менен кедей емессіндер ғой, керек болса, сатып алындар, -дейтін.
Бүгін сонысын айта алмай қалды. Айта алмай қалған себебі болды: бүгін айға толды Бірмағамбет жоқ! «Аудан жұмсапты, науқанға өкіл қылыпты, 5-ауылдың байларын Бірмағамбет протоколдап ауданға айдап жіберіпті...» деген сияқты хабар еміс-еміс естіледі. Науқаны несі? Байларда не жұмысы бар? Айлап қаңғырғандай, ай толғанша үй бетін бір көрмегендей не болды? Бұл не деген сұмдық? Қатын-баласынан безген адам бола ма екен деп бірер күннен бері Айша үздіксіз ойлаумен жүр. Күл шығарса да, от жақса да, жалғыз ала сиырды қақпалап суатқа апарып суғарса да есі-дерті Бірмағамбет болады да жүреді.
Бірмағамбеттің жүріс алғаны жалғыз биыл емес, екі-үш жылдан бері жүретінді шығарды. Ана жылы батырақтар съезіне сайланды да, содан былай «съезд», «топ», «қаулы» дегенді аузынан тастамайтын болды. Былтырдан бері ауылға өкіл келсе, ал-дымен Бірмағамбетті шақырып алады. Бірмағамбет өкілдің қасында болады. Жиылыс болса екіл баяндама істесе, өкілдің ұсынған мәселесін шеше алмай жұрт бөгелсе, Бірмағамбет ор-һнынан ұшып тұрады да:
- Жолдастар! - дейді.
Жұрт селк етіп оның аузына қарай қалады. Бірмағамбет жұрттың қытығына тие сөйлейді. Біреулерді қаси сөйлейді:
- Жолдастар! Біздің көбіміз байға жарамсақтанып, байдан қаймығып сөйлемей отырмыз. Әйтпесе, мұның жөні былай емес пе, неге сөйлемейсіндер? - дейді.
Содан кейін жұрт серпіліп сөзге кіреді.
Жиылыстан тарап, үйлеріне келген соң, отбасында күңкілдесіп отырып:
- Көрінгенге соқтығып, сотқар атанып не керегі бар, көженді ішіп үйде отырсаң да өлмейсің ғөй, - дейді Айша.
«Ақылыңа болайын» дегендей, Бірмағамбет Айшаға ала көзімен қарап, кесесін домалатып жібереді. Бірмағамбеттің томырық мінезін тудырып алам ба деп, содан былай Айша да жым болды.
Өмірде не кездеспейді. Әсіресе, Айша мен Бірмағамбеттің басынан кешірмегені бар ма: малайлығынды, күңдігіңді, байдың таяғын, бәйбішенің бақыруын - бәрін басынан кешірген Айша ғой. Үй болып, от түтетіп, өз алдарына өмір тілегендері 3-4 жылдан бері ғана. Онда да Бірмағамбет малайлықтан босаған жоқ. Былтыр конпеске малынан 2-3 қара тиіп, содан былай ғана басы босанды.
Былтырдан бері Айшаның шаруашылығы мүлде күшейді. Аз дүниесін тап-тұйнақтай қылып ұстайтын болды. Тазалыққа әдет алды. Аш жүрсе де, жалаңаш жүрседе, қолына іліккен 2-3 қараны саттыруға, сойдыруға қарсы болды. Бірмағамбет коңыр тайыншаны сатып көйлек әперемін дегенде:
- Мал сатты деген не? Үйренген жалаңаштық. Баяғыдан бері өлмегенде, енді өлмеспіз! - деп Айшаның шыж-быжы шықты.
Сондағы ойы - бір қара болса да қосыла берсін дегендік. Үй қатарына қосылайын дегендік. Кедейлікті жалғыз осының маңдайына жазып қойып па? Біреуге телміргені жеткілікті болған жоқ па!
Айша осыны ойлайды, ал Бірмағамбет ше? Айшадан Бірмағамбет бөлек пе? Айшаның көрген азабын Бірмағамбет он есе артық көрген жоқ па? Ендеше, қолы жаңа жеткен екен, үміт сәулесі елестеген екен, Бірмағамбет неге шаруаға қырсыз болып кетті? Үйінде отырса қайтеді? Бір-екі қарасын күтіп, бақса қайтеді? Жұрттың еркегі құсап, қағыстырып-соғыстырып, бір тиын болса да кіріс кіргізуге тырысса қайтеді?..
Бәрі де ойыншық-ау, Айшаның ойын әлек қып жүрген екінші бір жұмыс.Айшаның түсінбейтін жұмысы, Айша Айша болғалы, Бірмағамбетке қосылып, бірге өмір сүргелі - Айшаның істемеген жұмысы. Неге істегенін, қалай ілігіп қалғанын Айша өзі де түсінбейді. Ойлай берсе, басы қатады да, дұрыс-бұрыс екенін айырып біле алмайды. Әлмағамбеттен сұраса, ол мұның қайнысы ғой, әзілге шаптырып, Айшаның басын одан жаман қатырады. Осының салдарынан, басы қатып отырып, Қожағұлдың тоқалына қара шелекті қалай бергенін Айша білмей де қалып еді.

* * *

Ауылға өкіл келіп, «Шоқтал» басындағы ауылдың жалпы жиналысын шақырды. Ауыл болғанмен жиырмаға жетпейтін үй ғой, қанша адамы бар, бәрі Сартайдың үйіне жиналды. Әйелдер де қалмай келсін деп айтады деген соң, Айша да барды. Сартайдың үйі аузы-мұрнынан шығып отыр екен. Сақалы күйектей болып төрде Қайралап отыр. Бөтегесі бұлтиып Ыдырыс отыр. Екеуі де биылғы астық науқанында «майкот» болғандар. Сон-дағы бір жиылыста:
- Біздің арамызда шыршын бұзар байлар отырмаса екен, кедей мен батырақтың жиылысын өзіне берсе екен! - деп Бірмағамбет, осы Қайралап пен Ыдырысты жиылыстан айдатып шығып еді. Енді, Бірмағамбет ауылда болмаған соң дандайсығандай, екеуі бірдей жиылыска келіп, қатар түзеп отыра қалыпты! Айшаның ашуы келген сияқтанды. Бірмағамбет жоқ деп неге басынады бұлар? Бірмағамбет ертең келгенде, Айша оған айтып, бұлардың төбесін тестірмей ме!
-Жоғары шык, Айша! Бірмағамбет алдыңа оралғы болып, жиылыстың қарасын көре алмаушы едің, Бірмағамбеттің жоғында сөйлеші бір шешіліп, - деді қайын інілерінің бірі қалжындап.
Айша мұның кекетінді сөз екенін ұғынып, бұрынғының үстіне тағы ашу жамады.
Орынбайдың кекеші, кенеп дорбасын сүйрелеп, әркімге барып бір сөйлеседі. Жалбыр шашты қара жігіт, кекеш ауылнайға жаратпаған пішінмен қарап отырды да:
- Ауылнай жолдас, сыбырынды тоқтатып, жиылысыңды ашсаң қалай болар еді? - деді.
Бұл жігіт - ауданнан келген өкіл болып шықты.
Жиылыс ашылды. Өкіл баяндама істеді. Баяндама коллектив туралы болды.
- ... Сонымен, жолдас, берекесіз ұсақ шаруашылықты бітіріп, коллективтескен ірі шаруашылық құрамыз, социалдық шаруаға көшеміз! - деді өкіл.
Жұрт тынып, мүлгіп, маужырады да отырды.
- Қане, кімнің сұрауы бар? - деп мәжіліс ағасы екі-үш қайырып сұраса да, ешкім үн шығармады.
- Иә, алла, өзің медет бере гөр! - деп Қайралап ауыр күрсінді.
- Ау, неге үндемейсіндер, сөйлесендерші!
- Айша төніп тұр ғой, бірдеме айтпақ шығар, - деді бір жігіт.
- Белсендінің қатыны ғой, айтса айтып та салар, - деді екіншісі.
Ашу қысты ма, әлде сөйлегісі келіп кетті ме, Айша ілгерірек басып барып:
- Сөйлесе қорқад дейсің бе, айтатын сөзімді мен қашан болса да айтам. Байлардан қорқып үндемей отырған сендерден сақтасын, -деді.
Өкіл басын көтеріп алып, Айшаның бетіне қарай қалды. Айша мүдіріп, кібіртіктеп қалды.
- 'Гоқталма, жеңгей, айта беріңіз, - деп өкіл күлімсіреді.
- Мен айтсам, алдымен осының ішінде «майкот» болған екі адам отыр, солар шықса екен деймін!
Жұрт біріне-бірі қарады: Сатыбалды, Айшаға көзінің қырымен қарап, басын шайқап, танданды. «Майкот» болған адамды сұрап, өкіл ауылнайды бүріп барады. Ақырында біліп алып, Қайралап пен Ыдырысқа өкіл:
- Сіздерді кім шақырды? - деді.
- Ойбай, шырағым, осы ауылдан жан қалмай келсін деп айтты деген соң келгеніміз ғой. Келмей қалсақ, жазалы боламыз ба деп қорқып едік, - деп, Қайралап дәбдірлеп, үрейі ұшып кетті.
- Ал, жеңгей, байлар шығарылды, енді сөйлей беріңіз, - деді өкіл бір кезде.
Айшаның ойында айта қоятын ыңғайлы сөз болмады. Әйтсе де, өкіл айт деп өтініп отырған сияқты болған соң, сөйлемей қалудың ретін таба алмады.
- Мен айтсам, өкілдің сөзінің бәрі дұрыс, мен соған қосылам! - деді.
- Сен қосылсаң, нең кетіп барады, жан қиналып тапқан мал емес, конфискенің малын қосасың да жібересің. Басқалар айтсын, - деді Құсайын.
Мал қосу, малды ортаға салу дегенге Айша, шыны, түсінген жоқ. Түсінбегені - өкілдің баяндамасын дұрыс тындамап еді. Өкілдің сөзін құлағы есітсе де, ойы басқа бір жұмыста болып, ұғына алмай қалып еді.
- Менің сұрауым бар, - деді Жаман, - ал, біз коллектив болайық. Еншімізді де қосайық. Сонда үйімізді қайтеміз? Осы күнгідей бөлек отыра береміз бе, әлде, Ысматтың әулеті құсап қырық адам бір шөміштен ас ішеміз бе?
- Әрине, бір шөмішке қысыласың, - деп, өкілден бұрын Құсайын жауап берді.
Өкіл Құсайынның сөзін бекерге шығарып, шаруашылық артелінің қай ретпен кұрылатындығын, мүшелерінің қалай тұратындығын тағы бірсыпыра айтып, ашып түсіндіріп берді.
- Жолдас өкіл! - деді Тымақпай, - мәселен мен сияқты бір кедей болады. Өзі жалғыз басты, қаңғырып жүрген болады. Өзінің кәсібі тігін тігіп, тамағын асырау болады. Сонда сол кісі қайтеді, о да артельге алына ма?
Тымақпайдың артынан Жүсіп, Қадырберген, Жақыптар сөз алып сөйледі. Бәрінің сөзінен де Айша: «Малды ортаға салу, біріктіру» дегенді ұғынып жатыр. Бұл қалай болды? Екі-үш қараның басы құралғаны осы еді. Былтырдан бері тамаққада, киімге де жұмсатпай шыж-быжы шығып келіп еді. Енді, ортаға түсіп кетпекші ме? Жарықтық, емшегінің саласы жырта қарыс ала сиыр бір сауғанда бір шелек сүт береді. Былтыр Бұзаубай конфискеленгенде, сондағы өкіл Айшаны алып: «Жеңгей, Бірмағамбет екеуіңнің еңбегің осы малға аз сіңген көрінбейді ғой. Мына сиырдың ішінен тандап тұрып біреуін ал!» - деп еді.
Бұзаубайдың сиыр тұқымында не онды сиырлар - қасқа сиырдың тұқымынан шығатын. Ала сиыр да соның тұқымы. Айша жүгіріп барып осы ала сиырдың мойнынан құшақтай алған. Сол ала сиыр, енді, ортаға түсіп кетсе, ала сиырдың сүтіне, ала сиырдың майына Қожағұлдың қара тоқалы да ие болса, бәтір-ау, сонда не болмақшы? Бәрін де қойшы, малдың иесі Бірмағамбет үйде жоқ-ау, оның келуіне қаратар ма екен, әлде кәзірден-ақ ала бере ме екен?
Сұрау сөз бітті. Мәжіліс ағасы дауысқа салуға кірісті:
- Кәне, коллектив боламыз дегендерің қол көтеріндер!
Жұрт біріне-бірі қарап, көтерерін де, көтермесін де білмеді.
Айшаның ойына Бірмағамбет түсе қалды:
«Ал, көтеріндер!» - дейтін еді-ау ол.
Айша, ойлап тұрған ойын ұмытып:
- Ал, көтеріңдер! - деп дауыстап жіберді.
Жұрттың қолы біртіндеп көтеріле бастады. Біртіндей келе үйде отырғандардың бәрінің қолы көтерілді.
- «Коллектив боламыз!» - деген қаулы бір дауыстан қабылданды.
Басқармаға адам керек болып, біреу мынаны айтып жатыр еді.
- Менің ұсынысымды қабылдасандар, коллектив басқармасының ағалығына тап осы жеңгейді сайландар! - деді өкіл.
- Қой, ойбай, - деп Айша ыршып түсті.
- Ол кісіні сайлауға көпшілік қарсы болмас еді, бірақ хат білмейді ғой, - деп Құсайын күмілжіп барып тоқтады.
- Хат білмесе, үйренер, Айша келіннің сайлануына мен өзім қосылам, ал, қолдарыңды көтер! - деп, Досым қолын көтеріп еді, жұрттың қолы біртіндеп көтеріле бастады.
«Жаңа тұрмыс» артелінің басқарма ағасы Айша болып сайлаңды.
Сол күнгі оқиға Айшаға әлі күнге түс сияқты. Ойламаған жерден қайдан тап келген көсемдік! Бұл көсемдіктің аяғы неге барып соғады. Бірмағамбет бұған риза ма? Бірмағамбеттің өзі болса, осыны істер ме еді. Әлде, қарысып отырып алар ма еді.
Айша үйіне келсе, сегіз жасар баласы - Қуандық ауылдың балаларын жинап алып асыр салып, үйін астан-кестен қылыпты: төріне шейін бұрқыраған шөп, шашылған күл, төгілген су. Жайшылықта үйге сөйлей кіріп, асыр салған балаларды тасқаяқтай қақтырушы еді, солай болады ғой деп, Айша үйге кіргеннен-ақ, балалар ысырыла жөнелді. Айша бұл жолы - бұрынғыдай кәрленіп, кейін қалғанын желкеге бір нұқып шығармады. Балалар бірін-бірі итермелеп, есікке сығылысады. Айшаның онымен ісі болмады, пешке арқасын сүйей отырды да, терезеден тысқа қарады: дала боран. Терезенің алды күртік, күртіктің басынан асыра - долы жел жұмсақ қарды түтіндей бүрқыратып жатыр. Терезенің астыңғы көздері көміліп үй іші қара көлеңке тартқан секілді.
- Коллектив!
Бақытқа болатын жұмыс па, сорға болатын жұмыс па? Жиылыста отырған біреулер, әзілі ме, шыны ма:
- Әйелдерді де ортаға салатын болсақ екен, - деді-ау...
- Е, білдік, сенің көздегенің Жексеннің қатыны ғой, - деп екінші біреуі оған жауап қайтарды.
Шынымен солай болса, әйелдер де ортаға салынса...
Айшаның ойына Бірмағамбеттің мінезі түсе қалды: қызғаншақ, күйгелек, томырық... «Сені жанымдай көремін, саған біреу тікелеп қараса, ішім күйіп кетеді...» дейтін Бірмағамбет кейде. Осыны шынымен айта ма екен? Шынымен айтса... «Қойшы әрі, қайдағы жоқты ойламайыншы» деп Айша осы жерде тоқталды.
Қожағұлдың тоқалы келді. Жаулығы салтақ-салтақ кір. Аяғындағы кебісі бір жамбастап қисайып кеткен. Жау қуып келгеннен жаман ентігіп, қотыр малдай пешке сүйене тұрды да:
- Апырмай, құдайдың күніне не болып еді, түбі түсіп кеткен шығар күнде боран, күнде боран, есті тандыратын болды ғой осы боран да ерігіп, жиылысқа келіп жүргендерін айтам-ау, «Шоқ қайыңның» 4-5 адамы үйге келіп, әкемдей болып сіресіп отырып алды. Осы күні жұртта не күй бар дейді екен? Жалғыз мәшке сойып едік, қалған жарты жаясын кеше бұзып алдық, одан басқа тұлдыр болса бұйырмасын, - деп өз алдына бұрқылдаумен болды.
Қара тоқал бірсыпыра желдіртіп келіп:
- Соларға шай қойып беріп құтылайын деп едім, екі шелекпен бармасам, боранда қайта-қайта барып жүру қиын, шелегінді бересің бе, келін? - деді.
Қара токалдың не айтып, не қойғанын Айша ұғынған жоқ, сөзіне құлақта салған жоқ. Жалғыз-ақ «шелек»дегенін ұғынып калды. Жайшылықта безілдеп маңына жуытпайтын. Бұл жолы үйтпеді. Шелекті бермесе, қаратоқал мыжыңдап мазасын ала беретін сияқты болды. Содан құтылғанша асықты. Өзі үйде оңаша қалып, істеген ісін тағы бір ойлап шықпақшы болды.
- Ана жақта тұрған шығар, ал! - дей салды.
Қара шелек қолынан осылай шығып кетіп еді.
Кеш болып, үй іші қара көлеңке тартқан соң, суға барайын десе шелегі жоқ. Шелегін қара тоқалдың алып кеткені Айшаның есіне сонда түсті. Жаны шығып кете жаздады, үйткені, қара тоқалдың қолына түскен ыдыс сау қайтқан емес: кесе алса, екі бөліп қайтарады, құманша алса, шүмегін сындырып қайтарады, шелек алса...
Айша шыдай алмай, үйінен шыға жүгірді. Екі үйдің арасына жалданып тұрған қарға тізесінен батып малтықты. Оған да тоқтаған жоқ, қара тоқалдың үйіне жеткенше, қара шелекті көргенше асықты.
Шашы обырап, күлді бұрқыратып қаратоқал пештің алдында отыр еді. Есіктен кірген Айшаны көрді де, ашуланған пішінмен шымшуырмен отты көсеп-көсеп калды. Күл бұрқырап пештің аузынан көлбеп ұша берді.
- Шелекке келіп едім,- деді, Айша әлденеден қорыққандай.
- Әлгі қағынғыр бала... Өзінің де сыйын бердім, - деп қара тоқал отпен бола берді...
Айша шошынып, сезіктеніп, қара тоқалға төне түсті. Тоқал қаймыққан түрмен қарап:
- Неге төндің? Үлкенді сыйлап именсе қайтеді екен бұлар? Әне, жатыр шелегің, - деді.
Айша босағаға қараса, екі бүктетіліп, түбі аламайымен сөгіліп, қара шелек жатыр! Жаны шығып кете жаздады. Жалма-жан шелекті алып, қара тоқалға жіберіп ұрды. Ызаланып көзінен жасы ыршып-ыршып кетті.
- Ойбай, өлтірді мына иттің баласы! - деп, қара тоқал шаңқылдап, үйді басына көтерді.
Шам жаға Қожағұл келді. Бет-аузына жабысқан қар еріп, сақалынан тамшылап тұр. Көзі бұрынғысынан да үлкейіп, ұясынан шығып бара жатқан тәрізді. Тамсанып кішкене тұрды да:
- Келін шырағым, біздің әйелге қол тигізбей-ақ қойсаң болмай ма? -деп күрсінді.
- Сындырмасын, бүлдірмесін біреудің нәрсесін!
- Сындырмасын дегеніңіз дұрыс қой, бірақ, «біреудікі» дегенді қойса да болады ғой. Мана өзіңіз бар емес пе едіңіз, не деп еді өкіл? «Керекті құралды ортақ пайдаланасындар» демеп пе еді? Сол құралдың бірі шелек қой. Ортақ мүлікті алып пайдаланар болар. «Сындырмасын» деңіз, оныңызға қосылам. Бірақ, «сен сындырыпсың» деп ұруға бола ма? Өкіл олай деген жоқ еді ғой. Өзіңіз соған бастық болып сайландыңыз. Бастық адам ұрмас болар, «бастығымыз осылай қылды, ұрды» деп арыз берсек, «пот-сот» кететініңізді білесіз бе?
Қожағұл Айшаға ақыл айтпақшы болып тұрып, бірсыпыра ауыр сөздерді ышқындырды. Айша үндемеді. Айша өзін тентекке санады. «Мүлікті ортаға салу» туралы манағы жиылыста айтылған сөз Айшаның есінен шығып кетіпті. «Шынында солай екен: ортақ мүлік, алып пайдаланды. Сындырса да еркі бар емес пе?» - деп ойлады. Ойлап еді, көз алдына жапырылған қара шелек елестегендей болды. Шашы жалбырап пеш алдында ал-басты құсап отырған қара тоқал елестеген сияқтанды. Ашуланды ма, қорықты ма - Айша қалтырап, бойы тітіркеніп кеткен сияқтанды.
...Түн. Терезе қармен көмулі! Дала боран, жел дүрілдейді, ысқырады, ұлиды. Қараңғы үйде, Қуандығын бауырына басып, бүк түсіп Айша жатыр. Ұйқы қашқан. Ауыр ой кернеп, оқта-санда күрсінеді.
Есікті біреу жұлқа-жұлқа тартты. Айша шошынып, басын көтеріп алды:
- Бұ кім?
- Мен!
Таныс дауыс. Айша орнынан ұшып кеткендей болды.
- Апырмай, боранда не ғып келдің? - деп Айша бәйек болып шешіндіріп жатыр. Үсті-басы кар, қырау, мұрты сүмбідей болып қатқан мұз, қызыл шырайлы тапал жігіт ысылдап, шешініп жатыр.
- Өй, қалқам, жүдеп қалған жоқсың ба, келші сүйейін! - деп, сауыстанған мұзымен Айшаны құшағына тартып еді, Айша қыз күндегісіндей бұралып, бетін тосты.
Бұл келген Бірмағамбет. Бұл кеткелі қашан! Айша бүгін кейігеннен, келсе бетіне қарамаспын деп еді. Енді бетінен сүйгізіп тұр. Бірмағамбеттің мінезі солай. Басқа қазақ жолаушылап келгенде, қатынын «қарағым» демек түгіл, қатынының бетінен сүймек түгіл, адам деп елеп амандаспайды да. Бұл - Бірмағамбетке өзгеше біткен мінез...
Бірмағамбет жоқта басынан өткен оқиғаны Айша бастан-аяқ айтып шықты. Бірмағамбет бірін теріс демеді. Коллективке кіргенін, коллективке бастық болып сайланғанын айтқанда, Бірмағамбет мүлде қуанып қалды. Күліп, шек-сілесі катты.
- Қоя тұр, күлме, қызығы бар, - деді Айша.
-Ал, айта ғой.
- Мені сотқа берем деп жатыр.
- Кім?
Қара шелек әңгімесі осы жерде келіп басталды. Қара шелек жайын сөз қылғанда, Айша қалтыранып, булығып кеткен сияқты болды.
- Түу, содан қорқып жүргенің бе? Қожағұл сотқа беруші ме еді? Қожағұлдың кім екенін білесің бе: ол саудагер, ол молда. Берікболдың жаназасын шығарып қызыл бұзауды алғаны биыл күз емес пе еді? Мен неше рет айтсам да, Кәкімжанның баласы қисайып, соны налокке іліктірместен келді. Оны коллективтің маңына жүргізбеу керек. Ертең мүшелерінді жина, мен оның барлық кінәсін мойнына салып, айдатып шығайын. Ал, коллективте болсын-ақ, сонда біреудің мүлкін алып сындырсын дей ме екен? Ортақ мүлікке шелек қосылушы ма еді?
- Сиыр ше, сиыр кіре ме? - деп, Айша күрсінді...
... Қараңғы түнде, төсекте жатқан күйінде Айшаның көзіне - желіні салпылдаған ала сиыр елестеп өткен тәрізденді. Жапырылған қара шелек елестеген сияқтанды.


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

(Әңгіме)
Күн бесіндікке келген кезде Көркемтайдың ауылы астан-кестен болды: кемсендеп кемпір-шал жылады; қанын тартып сұрланып, сең соққан балықтай мең-зең болып жастар тұрды.
Ауыл дағдарысқа кездесті: әркім өз ойымен шұғылданды, біреуге біреу ақыл айтып, біреуді біреу сүйей алмайтын секілденді.
- Құдай-ай, көрсеттің-ау! Қалқам, құлыным! - деп шеткі үйдегі қара кемпір сарнап жылап, елді басына көтерді.
- Қайтсін сорлы! Жалғызы ғой, ерінен жастай жесір қалып еді. Бір баланың қамы үшін ерге де тимеп еді. Енді, жасы жер ортаға келгенде, не сүйенер ері жоқ, не талшық қылар малы жоқ, жалғыз ұлдан айрылып не күн көремін дейсің-ау! - деп екінші бір әйел, анаған тілектестігін көрсеткен секілденіп, кемсеңдеп о да жылады.
- Қойшы әрі, көппен көрген ұлы той емес пе, жалғыз соның баласына келіп отыр ма, одан қадырлы боздақтар да кеткелі отыр ғой, - деп үшінші бір әйел жақтырмай сөйледі.
Сақалы сапсиған шалдар, таяқтарына сүйеніп, ербиіп, есіктерінің алдына шықты. Шүйделі желке, шермиғен қарындар да термен быршып, кештің самал салқынына шығып бойларын жазған сияқты болды. Бәрінің ойында бір түйін. Бәрі де нақ осы сағатта бір кемеге мініп, телегей теңізге түсіп, аққалы тұрған сияқты еді.
- Уа, Қалеке, бері келіңіз, - деп, мыртық денелі, толық бет қара кісі есік алдындатұрған Қалиды жанына шақырды.
Жұрт тұс-тұстан андап бұлардың қасына жиналды. Екі қолын артқа ұстап еңкендеп кәрі кемпірлер де келді, жаулығын ысырып құлағынан кейін түріп, топқа келе алмай одағайлап, жас әйелдер бір өңкей жиналды. Беттері білеудей ісік, солықтарын зорға басып қыз-келіншектер де біртіндеп көріне бастады.
- Ал енді қайтпекпіз?
- Қайтпек керек, ақылға келетін іс көрінбейді ғой.
- Не көрінді сендерге? Неге ұйлығасындар? Адамшылықтарың қайда? Кілең бағланды қолдан тізіп беріп, үйде тыныш отырмақсындар ма? Неге ізденбейсіндер, неге жұртшылық қылмайсындар? - деп, денелі келген қара торы әйел шаптыға сөйлеп, көз жасына булығып жылап та жіберді.
- Бәсе десейші, сүйтпес пе.
- Біздің ауылдың еркектерінің әдеті ғой - үйкүшік келетін... Әлі көрерсің - біздің ауылдан басқалар бір бала да жібермес.
- Құдай осы қатындарды неге жаратты екен? - деп Қали ақсақал кейіді. - Құр байбаламнан басқа ешнәрсенің жайын білу жоқ. Білмеген нәрсесіне араласпаса қайтеді екен?
- Әдірақал! Сен біліп жетістіріп тұрсың, бұғалық салынып отыр, бағланың тізіліп айдалғалы отыр. Білсең, не қылып отырсың? Осы жерде жұмсамаған біліміңді қайда апарып жұмсамақсың?
- Шешемнің айтқаны дұрыс, құр ұйлыққанмен болмайды, бір амалын қарастыру керек, - деп, Әбді дейтін жігіт сөз бастап еді, жұрттың құлағы елең етіп, бәрі де бажырайысып соған қарай қойды. Әбді мүдіріп тұрып қалды.
- Сонда не істемекшіміз?
- Бәсе, не істейміз?
-«Жеделбайсынға» қарай көшіп кетсек қайтер еді?
- «Жеделбайсын» жеткізбес, сыр бойына ауса да бір амалын табуға болар еді-ау.
- Балалар, ол қолдан келмес. Көшу деген оңай болмайтын, рулы ел шұбырып қайда барып паналамақшы?
Жұрт дабырлап әңгіме қыза берген кезде, ауылдың сырт жағындағы белестің басына біреу шоқытып шыға келді, жұрт тіксіне қарады.
- Бұл кім?
- Базарбай ғой!
- Бұл қайдан келеді?
- Хабар білемін деп Тәкең аулына кеткен, содан келе жатқан шығар.
- Шақыр, мұнда келсін!
Жұрттың бәрі соған қарай дүрлікті: біреу қолын бұлғады, біреулері оның атын атап айқайлады, Базарбай атының басын бұрғанша жас балалар анталап қарсы барып та жетті.
- Уа, не хабар?
- Тінекең аулына бардым, тыныштық. Шалдары болыстың аулына кетіпті. Жастары жиын, бір-бір атын жаратып мініп алыпты. Бүгін ауылнайдікіне барып, жанын қысып отырып іспескені алған білем...- Біздің ауылдыңда іспесігі бар дей ме?
- Тоқтандар, түге, сөз бөлмей... ал, сосын?
- Сонымен барып қайттым. Жастары қызу, неге болса да әзірміз дейді. Бүгін Исабай ауылы «Көк моланың» басына жиналып «тасаттық» берген білем. Тінекең ауылы ертең береміз деп малдарын әзірлесіп жаткан көрінеді.
- Міне жұртшылық! Біздің ауыл тым болмаса «тасаттық» беріп құдайдан тілеуді де білмейді.
-Бәсе десейші.
-Ал, ендеше «тасаттық» берейік.
-Қашан береміз?
-Ертең берейік. Сәрсенбінің сәтіне беріп, құдайдан бір тілеп көрейік, мақұл ма?
-Мақұл!
Дағдарған ауыл өздерінше бір жол тапқан сияқты болып, үйді -үйіне тарады да, от жағылып, ошақ асылды. Көлбей ұшқан көк түтін ауылдың үстін мұнартты. Өрістен қайтқан сиыр, бақайлары сыртылдап, ауылдың тұс-тұсынан андап тола бастады. Күн ұзаққа мүлгіп, тілсізденіп тұрған ауыл бірден жанданып кеткен сияқты болды: шелегін алып әйелдер шықты. Таяғын ұстап шалдар шықты. Жұрт қарбаласып кешкі тіршілігіне кірісті.
Ауылдың сыртындағы белес басында, шапанын желең жамылып бір адам тұр. Бұл осы ауылдың мұғалімі Бөлкебай еді. «Акопқа жігіт алу» хабары бұған да жеңіл тиген жоқ. Оның үстіне, ауыл адамы жылап-сықтап үрейін алып болды. Екі күннен бері бала оқытқан жоқ. Ауылдың жастары жиналып, мұның мазасын алды.
- Оқығансыз ғой, көзіңіз ашық қой, бұған не амал бар? -деседі.
Не амал болсын? Білсе айтпас па еді? Өзі де білмейді, өзіне де жұмбақ. Мең-зең боп кешеден бері ойлағаны өз басы, өз қамы: қалай құтылу керек? Құтылатын жол бар ма? Әлде, көптің бірі болып, қолына күрегін ұстап, қан майданға кетпекші ме? Барғанда не бітіреді: не соғыса алмайды, не жұмыс келмейді қолынан. Ойланып келіп Бөлкебай күрсінді:
- Қой, ауылға бару керек: «У ішсең ұлтыңмен» деген, екі талай күн туғанда, әлдеқайда қаңғырып жүруімнің жөні болмас, ертең жүрем, кетем! - деді өзіне.

II
Бөлкебайлар қара жолдан бұрылып бір ауылға төніп келгенде, ұзынша томардың күнбатыс жақ мүйісіндегі он шақты үйдің адамдары біртіндеп өріп тысқа шыға бастады. Ортадағы қоңыр төбел үйден төрт-бес жігіт самсап шыға келді. Күнге қарай қолымен көзін көлеңкелеп, кемпір-шалдар да, бұларды таңсық көргендей, қарасып жатыр. Бәрінің де көзі жолдан бұрылған арбалыда. Арбалы томарды жағалайтын жіңішке жолға түскенде, бірен-саран сақ иттермен қабаттаса бұзау бағып жүрген жас балалар алдынан шығып, бірдеме десіп жатты.
- Уа, қай жақ боласыздар?
- Тамамыз.
- Жақсы-жаманнан не хабарларыңыз бар?
Он шақты үйдің адамы тайлы-таяғына шейін қалмай арбалыны қоршай жиналды. Бәрінің көзі арбада, арбадағы Бөлкебай мен Сәрсенбайда.
- Құжырайған шал ғой, не хабар біледі дейсің, - дейді бір келіншек.
- Жанындағысы оқыған жігіт болу керек, шашын көрмейсің бе, желкесінен обырап шығып тұр.
Өзі сыпа жігіт екен, сызылып тұрғанын көрдің бе? - деп әйелдер жағы қонақтарды бірсыпыра сөз қылып өтті.
Жиналған жұрт қанша қазбалай сұрағанмен қонақтардан «жат хабар жоқ» дегеннен басқаны есіте алмады.
-Шүкір, амандық, басқа хабар жоқ. Ермағамбет кемпірі айтты, - деп Сәрсенбай бір әңгімесін қайта-қайта айта берді.
«Солдат алу» хабары бұл елге де тараған болып шықты. Бір жігіт батырлана сөйлеген болып:
- Не болса да кезінде көрерміз. Күн бұрын жабығудың жөні жоқ... Жас жігіт көрінесің, қон, бір түн болса да бірге отырып сауық құрайық, - деп ол Бөлкебайға қарады.
Бөлкебай қонуды теріс көрмеді. Сәрсекең де көнді. Қоңыр төбел үйдің ту сыртына әкеліп Сәрсекеңнің жауыр күреңін бір жігіт доғаруға кірісті.
- Отағасы, бұл науқанға жасы тура келетін балаңыз бар ма еді? - деп біреулері Сәрсенбайды тілге алды.
-Бізде бала деген болмайтын, шырақтарым, інімнің бір қызын асырап алып бала қылып едім, сол бар қолымда, бірақ, азаматтың бөтендігі жоқ еді. Жарлымын, шалмын. Істелмей жатқан жұмысым болса, өздерің сияқты азаматтар ауқым қылып бітіріп тастайтын еді, бұл жасыма келгенше баласыздықтың зарын көрген шал емеспін, жұртымнан айналайын! Біреу бала болып, біреуі іні болып көңілімді жұбатумен келеді, - деп Сәрсекең өз күйін бір сүре әңгіме қылып өтті.
- Айналайындар-ай десейші, бұлар пәле-қазадан сау тұрса,сен сияқты шалға кемшілік бар ма, - деп бір кемпір Сәрсекең сөзін тірілтіп, әлденеге көңілі босап, жаулығының шетін икемдеп көзін сүртті.
Хабар есіткелі жиналған жұрт бұл келген жүргіншіден ауыз тұшырлық ешнәрсе есіте алмай, біртіндеп үйлеріне тарады. Жер ошақ біткеннің бәрінен көк ала түтін көтерілді, шақыр-шұқыр қазан қырылды. Қаспаққа таласып, жер ошақ басын шандатып аш төбеттер алысты. Әлдеқайда, тұсаулы атқа бара жатып бір жігіттің шырқап салған әні естілді:

Қара көл, қыраң-қыраң белің кандай,
Құлпырған көк майсалы жерің қандай.
Бас қосқан бағландары сауық құрып,
Қайғысыз, қасіретсіз елің қандай!

Бұл өлеңді есіткен кемпір-шал:
-Уай, қалқаларым-ай десейші!.. - деп көздерін тағы жаспен шыласты.
Бозбала жағы жабайы кеңесті тастай беріп, кешеден бергі ұшына шыға алмаған «салдат» мәселесіне тағы айналып соқты:
- Шалдарымыз болыстың ауылына кетіп еді, айналып келетін кездері болды, не ғып кешігіп жатыр екен?
- Жақсылық хабар болып, сондаймен бөгеліп жатпаса?
- Жақсылық хабар демекші, әлгіде Ыбырайды көріп едім, Салыққа жолығып ауылына қайтып барады екен, сол айтып тұрды: Салық айтты - «Қазақтан салдат алмаймын» деп ит терісіне жазып берген патшаның уәдесі бар дейді, сонысын, әлі де болса да, орындаса керек деп айтты деді...
- Уәде беруі өтірік қой. Уәде берсе, өзі патша болып, екі сөйлеп жынданып па?
- Патша емес дейді ғой, мұны істеп отырған патшаның министрлері дейді ғой.
- Ендеше, жұрт неге ізденбейді? Патшаға барып неге айтпайды? - орта бойлы сары жігіт қоржандай қозғалып қалтасынан жарғақты суырды да, алақанын толтырып насыбай атты. Аузынан шашыраған темекіні тілімен үйіріп жинап, баптап бір рет түкірді де, жұрттың сөзіне кірісті:
- Мен сендерге айтайын ба, - деп, соны хабар айтатындай жұртты аузына қаратты: - мен білсем, осыны шығартып отырған біздің Ыбыраш болыс. Ыбыраш болыста дін жоқ; Құдайқұлдың шағымымен Жоламанды арыстауыт қылдырған Ыбыраш емес пе еді? Жоқтан пәле салып, дау туғызып, жарлының жалғыз шолағын «айыпқа» деп алып отырған ЬІбыраш емес пе еді? Алпыс үйлі әжімнің әжетке жарайтын қызын нөкеріне қатарға ұстап, ажары тәуір әйелді байынан айырып, екі күннің бірінде шырылдатып сатып отырған Ыбыраш емес пе еді? ЬІбырашта дін жоқ. Ыбыраш мұны істейді...
- Қой, шырағым, Ыбыраш - бізге Ыбыраш шығар. Патшаға тілін алғызуы қиын болар, - деп екінші бір жігіт оған қарсы түсті.
- Ыбыраштың тілін алмайды деп отырғаның ба? Тілін алмаса, омырауын толтырып патша оған медаль неге береді! «Почот кираждан» деп жұрттан бөліп ат неге тағады? Тілін алғызатындығын, міне, осыдан білу керек! Ыбыраш тілін алғызады. Баяғы патшаның тойы болатында, хан қалпақты киіп барған Ыбыраш емес пе? Сол жолы патшаның тойына шашу деп ат басындай жамбы апарыпты дейді ғой. Патша қатынымен екеуі Ыбыраш ты қарсы алып амандасқанда, патшаның қатынының қолын сүйіп, жамбысын беріпті дейді ғой.
- Бай-бай, Тасберген-ай, ағызасың-ау, - деп тағы бір жігіт оның сөзін бөлді.
Тасперген сөзін бөлгендерге наразылық көрсетті. Сүзеген сиырдай көзін алартып жан-жағына қарап қойды.
- Ал, менікі өтірік-ақ болсын, өздерің айтындаршы, - деп сөз қарқыны бұрынғысынан бәсендеп, күмілжи түсіп, таза сөзді доғарды.
ІІІетке таман отырған бір жігіт кенет бұрылып, ауылдың алдыңғы жағына қарап шұқшиды. Жұрттың бәрі елеңдесті.
- Немене, жай ма?
- Мына бір салт атты төпеп келеді...
- Апырым-ай, жай болса игі еді?! - десіп, жұрт орындарынан ұшып-ақ тұрысты.
- Жігіт алуға қаладан әскер шығып қалған болар ма?
- Болыстың ауылдарының жігіттері бүгін жиналып жатыр деп еді, әлде солар бір нәрсе істеді ме екен?..
Бір минуттың ішінде жұрттың басына мың түрлі ой келді. Қылаң атты біреу төпеп келе жатыр. Желбейінің құлағы делдиіп, етегі жайылып, астындағы атының сауырын жауып келеді. Үрпиіп тұрған жұртқа жақындай беріп:
- Уа, сүйінші! - деді.
- Опырым-ай, не болды?
- Жақсылық болды!
- Қандай жақсылық?
- Патшаның қатыны ұл тауыпты, соның қуанышына қазақтан жігіт алмайтын болыпты... «Манапас» болыпты...
- Құдай-ай, бере көр!
- Ия, аруақ!..
- Қарақтарым-ай, көздің жасын иді ғой! - деп жыламсырап кемпірлер жүр.
Дағдарған жүздерге қуаныш белгісі жүгіріп, күлімдеп сала берді. Дабыра айқаймен ауыл ың-жың болды. Қалтаға қол салынып, сылдыраған күмісті сүйінші сұраушының алақанына басып жатысты. Құдайы деп қолындағы жүзігін суырып берген кемпірлер де болды.
Ауыл той түсін алды. Ауылды басқан қайғы біртіндеп, бұлттай ыдырап тарап бара жатқан секілді болды. Бозбаланың біреуі жекерек шықты да:
-Құдай берді ғой, қуанышты құр өткізбейік, алты бақан істейік! Түн бойына асыр салып, бүгінгі түнді сауықпен өткізейік! - деді.
- Болады!
- Жинандар бақаңды!
Бала- шаға үйді-үйге жүгіріп ошақ басында жатқан бақандарды, сырықтарды ауылдың сыртындағы белес басына қарай сүйретті. Біреулердің өредегі бақаны алынды, біреулердің үй бастырылулы тұрған арқандары шешілді, жайшылықта бақылдап үйінің маңына жолатпайтын кемпірлер бұ жолы мүлде жадырап, балалардың сұрағанын өз қолдарымен беріп жатты.
Алты бақан құрылды, белес басы бозбаламен шоғырланды. Екеу-үшеу бас қосып қыз-келіншектер де жинала бастады. Іңір шапағы жамырады. Ауыл үстін қара көлеңке жапты. Жер ошақта жылтылдаған от сөнді. Түндік жабылып, жұрт төсекке бас қойды... Бірақ жастар жағы «алтыбақан» басын айырықша бір дүние қылып өлең айтып, ән салып, тынық түнде дауыстары әлдеқайда естіліп, асыр салумен жатты.
III
Болыстың ауылы ығы-жығы адам, топтанған ат, арба; біреулер келіп жатыр, біреулер кетіп жатыр, екеу-үшеу бас қосып күбірлесіп сөйлесіп отырғандар бар. Жұрттан белегірек бір топ адам отыр. Иықтары түсіңкі, түстері сұрғылт, ыстық күннің күйдіруін елеместен, еріндері кезеріп, есі-дерттері бір ғана әңгіме болып отырған секілді.
Топтанған аттың қасына арбаларын қоя салып Бөлкебай мен Сәрсенбай осы топқа жақындай бергенде:
- Болыстың көнуі керек. Болыс көнбесе, елдің де көнуі қиын болар. Түбінде екі талай іс болып, ел басына қиын күндер туса, соған жауапты болатынын да болыстың ұмытпауы керек... Қазақ баласы бұл күнге шейін салдат болып көрген жоқ. Енді бүгін мал орнына айдалып соғыс табанына бара қоймас, мұны да болыс ойласын! - деп сирек сақалды, жалақ қара кісі қамшысымен жерді бірер нұқып қойды.
Тындап тұрған жұрт иықтарын көтере түсіп:
- Жәкең дұрыс айтады, бәріміздің де айтатынымыз осы! -десті.
Бөлкебай мен Сәрсенбай бұл топтың кеңесіне түсіне алмай, шеткі біреумен «манапес» жайын сөйлесіп еді, ол салқын күлді де:
- «Манапес» деген өтірік алдау көрінеді; елден олжа түсіру үшін қулардың шығарып жүргені ғой, - деді.
- Ыбырай мен Кәрім екеуің барындар. Болыстан біздің жалғыз-ақ тілегіміз - бізге орыспен бірге жау болып тимесін?! «Ел тілімді алмайды» деп өз басынан кінәні аударсын да қарап отырсын. Сосынғысын өзіміз білейік. Осыны барып айтып келіндер! деп, Жарықбас, түйінді сөзін шіміркене сөйлеп, екі адамды болысқа жіберді.
Қалған жұрт өзара күңкілдесіп, есіткен-білгендерін біріне-бірі айтып жатты.
- Он бес күннің ішінде адамды түгел жиып беремін деп болыс қолынан подписке беріп келіпті ғой.
- Боқты жияр, орысқа әлі келмегенмен де осы көптің болысқа әлі келер ғой!
- Мұның амалы мынау: бозбалаларды жиып жіберіп, іспейсокті болыстан тартып алып өртеу керек!
- Уа, таптың ақылды, болыс шетіңнен ұстап Сібірге айдасын; одан да болыстың өзін жою керек десейші...
Жарықбас басын көтеріп алып:
- Тәйт, ауыздарыңа ие болсандаршы! Шіркін, бала болып кетесіңдер ме? Сондай сөзді сарапталға салатын жер осы ма екен? - деп, кейіп қалды.
Болысқа барған Кәрім мен Ыбырай, жүндері жығылып, топқа қайтып оралды.
- Болыс беттететін емес, өзімізді боқтап, үйінен айдап шықты. Он күннің ішінде списокті дайын қылып бересіндер, әйтпесе қаладан әскер шақыртам! - деді.
Отырған жұрт тіксініп, сұрланып-ақ алды.
Жарықбас назаланып, қамшымен жер шұқыды...
- Апырмай, болмады-ау... Екі талай жұмысқа шынымен аяқ басатын боламыз ба? - деді ол басын бүгіп.
Ұйлығып отырған жұрт аттарын мініп, бет-беттеріне тарай бастады.
Болыстың үйінде бала оқытып тұратын Иманберді дейтін учитель болатын. Бөлкебай онымен таныс еді, амандасып кетпекші болды.
Иманберді үй көлеңкесінде кітап оқып отыр еді. Бөлкебайды күлімдеп қарсы алды.
- Е, мұғалымбысың, қал қалай?
- Қал шамалы.
- Неге? Сенде ілігетін болдыңба?..
Бөлкебайдың сөйлеуін күтпей-ақ Иманберді үгіттеу түрінде сөз бастады:
- Оқа жоқ, бару керек. Қазақ баласы баяғыдан бері соғысқа бармай жүргенде де бітіргені шамалы, қайта, соғысқа барса, жол көріп ысылады.
- Оныңыз дұрыс қой, бірақ қазақ баласын нақ осы соғыс тұсында алуы қате емес пе? Көре, біле өлімге кім барады?
- Бармайды деп ойлайсың ба?
- Бармас, бостан өлетін болса, үйінде отырып соғыспай-ақ өледі.
Бөлкебай бұл сөзді қалай айтқанын өзі де сезбей қалды, жаңағы Жарықбасты көрген соң, солай болады-ау деп өзінше болжап еді. Иманбердіге айтқаны осы болжауының қорытын-дысы болды.
Иманберді Бөлкебайдың бетіне бірсыпыра қарап отырды. Бір мезгілде ауыр күрсініп, алыстан толғағандай пішінмен тағы сөз бастады:
- Мұғалімдердің мұндай сөзді айтуы жарамайды, мұғалімдер елдің көсемі болуы керек. Соғыс екенін, қырғын болып жатқанын бәріміз де білеміз, бірақ, барма деген сөзді айтуға батылдығымыз жоқ, айтуға болмайды. Үкімет құрығы ұзын; ел көнбейтін болса, әскер жібереді де қырдырады; елге әскер шықса лаңы жалғыз жастарға ғана тиіп қоймайды, қатын-бала, кемпір-шалың босып, тозып кетеді... Міне, осы жағын еске алу керек!
- Әй, учитель-ай, осы сөзінді-ақ коймайды екенсің? - деді біреу жұлып алғандай.
Иманберді де, Бөлкебай да бұл сөйлеушіге жалт қарады; үсті-басы жалба-жұлба, еңгезердей сұр жігіт, үйге арқасын сүйеп бұлардың әңгімесін тыңдап тұр екен.
- Әй, Қайрақпай-ай, сен де қоймадың-ау! - деді Иманберді оған.
- Мен неге қоямын? Қазақтан салдат алса, байлардың, болыстардың баласы барар дейсің бе? Мына біз сияқты сорлылар кетеді. Баяғыдан бері еңбегімізді байға жегізумен келіп, енді, мал құсап айдалып кете алмаспыз!
- «Байға еңбегінді жегізбе» деген сөз - менің үйреткен сөзім емес пе еді? - деп Иманберді күлімсіреді.
- Әлде болса үйрет! Бізді баста, көп болар дейсін бе? - Қайрақпай сөзін аяқтап үлгірмеді, үрген тұлыптай семіз бәйбіше үлкен үйден ырғала басып шықты да, Қайрақпайға шаптыға сөйлеп:
- Немене, құдайдың атқаны, байланысып жатқаның? - деді.
Қайрақпай ашулы көзімен бәйбішеге тесе қарады. Тұла бойы қалтырап ашу кернеп кеткендей болды.
Қайрақпай кеткен соң, Иманберді, өзінен өзі ойланып, басын шайқады:
- Өте қызу бала, бір сойқанды шығармаса игі еді... Болыста өзінің тісі де бар екен: жас күнінде осының шешесін болыс біреуге сатып, бұл осы үйдің есігінде жетім болып өсіпті. Мен жайшылықта өзін аяп, «біреудің жұмысын ақысыз істеуді қой» деуші едім. Мына хабар шыққаннан бері өзінен шоши бастадым. Түнде маған келіп: «нақ кететін болсам, болысты бауыздаймын да өлтірем. Соғысына барғанша түрмесінде отырсам қайтеді?» - деді. Мен шошып, жағамды ұстадым... Саған тапсыратыным - ел жігіттерін үгіттеп басуға тырыс. Бұйрық шықкан соң адам алмай қоймайды. Қарсы келсе, ел намыт болады. Ел ішінде соғыс шығарып, жас баланы найзаның ұшына ілгізудің жөні жоқ.
Бөлкебай қоштасып жүріп кетті. Жол бойы Жарықбастың кеңесі, Иманбердінің үгіті, Қайрақпайдың қайраты - бірінен соң бірі ойына түсіп, басын даң қылды, қайсысы жөн екенін айырып біле алмады...
IV
Ауылдың қотаны ызы-шу, қым-қуыт: шапқан ат, жүгірген адам, жылаған дауыспен құлақтынғандай.
- Уа, не болды?
- Аттанындар, аттан!
Етектері делегейленіп екі салт атты ауылдың басынан кіріп, аяғынан шықты. Ешбір үйге кідіріп тоқтаған жоқ, бірақ ауыл адамдары бұлардың жұмысын айтпай біліп отырған секілді еді. «Аттан» деген дауысты естісімен ер азамат өре тұрып, жүген алып жылқыға жүгірісті. Түскі ыстықта бүгелектеп, жыландай шумақталып тұрған жылқы быт-шыт болып бөлінді.
Шапқыншының біреуі желі қасына келіп кідірген соң Бөлкебай оған жақын келіп, жұмысының жайын сұрады. Бұжыр бетті қара жігіт екен, самайының кірі айғызданып ағып, ат үстінде тұрып демін зорға алады. Ақ көбігі ағып терлеген қара дөнен тыпыршып тұрғысы келмейді.
- Бес жүздей жігіт жиналып, ішінде Жарықбас бар, екінші ауылға келіп қалды. Сол жерге жиналып, содан болысқа барып, списокты алып, өртейміз, - деді ол.
- Списокты өртегенмен бармай қалуға болар ма екен? - деп Бөлкебай желкесін қасыды.
- Болады дейді, список өртенсе, қайтадан жазып бермесе, адамды қайдан тауып алмақшы?
Бөлкебай ойланып, тағы сөйлегенше, шапқыншы жігіт қаракер дөненді борбайға салып жіберіп жөнеп те кетті.
Ауыл жігіттері аттарына мініп, ауылдың тұс-тұсынан андағайлап шыға бастады.
- Атынды ерттедің бе? - деді біреу Бөлкебайға.
Бөлкебай недерін білмей апалақтап калды; бармаймын деу қиын соғып, шарасыздан бұ да еретін болды.
Алды-артын жиып алған соң, бұл шыққан жігіттер аттың басын қара томарға қарап түзеді. Желе шоқытып жүре бергенде, алдыңғы жақтан:
- Бас қамшыны! - деген дауыс шықты.
Тобылғы сапты қамшы ат бауырына орала тартылды. Шапқан аттың тұяғы жолдың тозаңын уыстап аспанға атты. Жайлаудың жазық даласы аска жиналған адамдай болып қыбырлап кетті. Қайғылы жастар, ат үстіне мінген соң серпіліп, уайым-қайғы, қорқыныш ойдан кетіп, бет алған жұмысын қайтсе де орындайтын күйге мінді. Оннан, жиырмадан бөлініп, лек-лек болып жүріп келеді. Үн жоқ, бірінің ішіндегі сырды екіншісі айтпай сезіп келе жатқан секілді. Бірі бастаған жұмысты екіншісі аяқтайтын сияқты. Ел үстін басқан қара тұман, азамат басына іліккен тұзақ осы жолы быт-шыт болып үзіліп, ел жастары содан былай еркін тыныс алатын секілді...
Шапқан аттың екпінімен алдағы белеске шыға келгенде күлімдеген көлдің аңғары көрінді. Қосынның алды иіріліп тоқтады.
- Уа, не бар?
- Кеңесеміз дейді. Сөзді бір жерге байлаймыз дейді...
Аттарын шарт түйіп тастап, ортаға келіп бәрі де отыра қалысты. Алқа-қотан отырған жұрттың қақ ортасында Жарықбас отыр. Боз желбейдің бір құлағын жымқырып алыпты. Самсаған жасқа тегісінен бір көз салып өтіп, Жарықбас сөзін бастады.
- Уа, балалар! Жасымнан тентек болып, басымды жардырғаннан Жарықбас атанып едім. Мен тентектікті елге емес, елдің басты адамдарына істеуші едім. Олардың қанжығасында жүруді өзіме ар көруші едім. Енді жасым алпыстан асып, сақал-мұртым тегіс ағарған кезде, үйде тыныш отырсам да болатын еді, бірақ, сендердің басыңа төнген қара күн мені амалсыз атқа мінгізіп отыр. Сендер үшін өзімді құрбандыққа атап шығып отырмын. Болыстың хабарын өздеріңде есіткен шығарсыңдар, жастарды матап списоктап жатқан көрінеді. Бұрысына күйдірсе, онда да бір сәрі ғой. Болыс жалмауыздығын бұрынғыдан да асырып «топалаң кезіндегі қойдың» кебін келтіріп отыр. Азамат жаннан, ел малдан түңілетін күн туғанда, болыс абыройды, арды, ел қамы дегенді былай қойып, құлқынын тойдырудың қамына кірісіп отыр. Елдің «игі жақсылары» болыстың көңілін тауып, балаларын амалдап алып қалмақшы дегенді де естіп отырмыз. Ал, жастар, көп айта беріп қайтейін, біз бет алып шықтық қой, барармыз; барғанда не істемекшіміз, осыны ойлағандарың бар ма?
Жұрт біріне-бірі қарап, күбір сөзге кіріп, аз-кем бөгелді. Бір мезгілде арт жақта отырғандардан:
- Болысты өлтіру керек! - деген дауыс шықты.
Бөлкебай жалт қарап, тани кетті: Қайрақпай еді, ол қамшысын бүктеп, қайраты бойын кернеп, жүгініп-ақ алып еді.
- ІІІын айтасындар ма?
- Шын айтамыз: өлтіру керек!
Отырған жұрт бірден қозғалып, теңселіп, дабыр сөз басталды. Сөйлеген сайын көпшілік «өлтіру» деген сөзді пысықтап, одан басқаны ауызға алмады.
- Өлтіргенде бір адамға бәріміз бірден жабыспаймыз ғой, осы көптің ішінен белсеніп шығатындарың бар ма? - деді Жарықбас.
- Мен шығамын! - деп Қайрақпай ұшып тұрды.
Жұрт селт еткендей болып, бәрі де соның бетіне бажырайысты.
- Жаман айтпай, жақсы жоқ, түбінде ондай-мұндай іс болса, осы отырған бәріміз де жауапты боламыз, «мен өлтірген жоқ едім» деп ешқайсың бас тартпайсындар. Ондай ойларың барларың осы бастан ашып айтындар! - деді Жарықбас қалың топты көзімен бір шолып етіп.
Отырған жұртта бас тартушы болмады. Тілектің бірлігіне бата қылысты. Атқа мініп, иә аруақ деп қамшыны басып жібергенде, аттың дүрсілімен жер күңіренген тәрізденді.

V
Ыбыраш болыс жастыққа шынтақтай түсіп, жанында жатқан күміс сауыттан шылымын алып тартты. Шырайы ашық. Бұрынғыдай зілденіп тұнжырамай, үйде отырғандардың әңгімесіне араласып, шүйіркелесіп отыр. Төңбектей боп семірген қызыл жүзді Биқасап бәйбіше, болысқа оқта-санда күле қарап, быртиған қолымен болыстың әміркен етігінің қонышын сипап қояды. Үй іші қара көлеңке. Түндік жабулы, түрулі есіктен болар-болмас кана самал ескен секілденеді. Дала шықылдаған тамыз ыстық. Жердің шөбі сарғылданып қурай бастаған.
Қамшыларын сүйретіп есіктен екі-үш адам сәлем беріп кіріп келді.
- Жоғары шығыңыздар! - деп болыс күңк етті.
- Е, жол бола берсін!
- Әли болсын. Бүгін өзіміз де осында келмекші едік. Оның үстіне, осы бір-екі күннен бері елдің өсегі көбейіп барады. Болыстың бұдан хабары бар ма екен, хабары болмаса хабарландырайық деген ойымыз да бар еді... - деп, болысқа таяу отырған жуан қара кісі шіреніп барып жүкке арқасын тіреді.
Бәйбіше үрейленіп, тіксініп тындады. Болыс бастапқы кезде елендесе де, арт жағынан жай қалыпқа түсіп, күлімсіреді.
- Уай, Тасеке-ай, жоқтан қауіп қыла берудің не жөні бар, есікте жүрген құл емеспін ғой, бір аймақ елді басқарып отырған кісі емеспін пе? Менің басым нағып ойыншық болып кетті? Түсіне алмаймын. Өлтіреді екен деп айылымды да жимаймын. Маған қол көтеретін кісі бұл маңнан табыла коймас. Табыла қойғанда да, оңайлықпен өлмеспін: бір өзімде үш мылтықбар, жанынан безген адам нешеу дейсің, өлсем де жастығымды ала өлермін!
Ыбыраш болыс мұны қорықпаған пішінмен айттым деп ойлады. Бірақ, жүзі қуқылданып, тұла бойы түршіккендей болып, дауысы қалтырап шықты.
Толқындаған көңілін басайын дегендей, болыс шылымға жабысты. Аузынан, мұрнынан көк ала түтінді будақ-будағымен шығарды. Артында тұрған ак жастыққа шалқасынан керіле жатып, аз-кем ойланғандай болды: жасынан орыс мектебінде оқығаны, мектеп бітіріп уезге тілмәш болғаны, одан еліне келіп болыстыққа сайланғаны; жиырма жасында болыстықты алып, он бес жылдай ұдайымен болыс болып, бетіне жан қаратпағандығы, тағы-тағылар бірінен соң бірі жіпке тізгендей тізбектеліп көз алдынан өтіп, өмірдің есте қалғандай қызықты жерлерін алдына ашып салды.
Есік алдына біреу келіп қалтиып тұра қалып, ауылдың алдыңғы жағына қарап шұқшиды.
- Апырмау, бұл қалай? Тұс-тұсынан қаптап келе жатқан қара құрым адам ғой? - деді ол үрейленіп.
Үйдің ішіндегі адамдар селк ете түсті.
- Құдай-ай, пәле болып жүрмесе игі еді! - деп, бәйбіше бебеу қаға бастады. Төрде отырған қонақтар қуқыл тартқан пішінмен біріне-бірі қарасты.
- Қанша екен, көп адам ба? - деп болыс басын көтерді.
- Келіп қараңызшы, мен сескеніп тұрмын...
Болыс келіп есіктен қарағанда, лек-лек болып топтанған жұрт шанды аспанға бұрқыратып белестен жөңкіп түсіп келе жатыр еді. Болыс шошып кетті.
- Опырмай, түрлері жаман екен, тегін болмас, сақтану керек! - деді түсі қуқылданып.
Ыбыраш болыстың бұл өмірінде бірінші қорыққаны еді. Қызыл шырайлы ажары өзгеріп қуқыл тартты. Быртық қолы қалтырап, едірейген жебесін сипай берді.
Кеңседе отырған бірсыпыра адамдар, бастығы писарь Иван болып, асып-сасып олар да келді.
- Енді қайтеміз? - деді болыс.
- Сандықтан мылтықтарды алдыр. Төрт-бес жігітті қасымызға алып, есікті бекітіп отырайық. Адам салып жұмысын сұрармыз. Мәмілеге келсе, сұрағандарын беріп, құтылған жөн. Нақа болмай бара жатса, мылтықтың астына алармыз. Жанынан безген жындылар қанша дейсің, екеуі-үшеуі оққа жығылса, былайғылары өздері-ақ қашады, - деп Иван ақылын үсті-үстіне түйдектетті.
Иванның ақылын болыс теріс деген жоқ, дереу сандықты ашқызып, мылтықтарын алып, оқтатты. Көңілі бірленіп, жиналған дос-жарларына Тасбергенді бас қылып, қаптаған көпке елшілікке салмақшы болды.
- Тасеке, әйтеуір, аузыңыздын, ебі бар еді ғой, сөзге келсе тоқтатудың жайын қарастыр, не сұраса да, болмайды деме, бәрін де берем. Аман құтылсам болды, - деп болыс сөзін қайта-қайта пысықтады.
... Қаптаған топтың алды дүркіреп ауылдың шетіне кірді. Аттың дүрсілі, сойылдың тарсылы, бұрқыраған шаң, шаң-шұң дауыс адамның үрейін аларлық. Кішкене мылтығын қымқыра ұстап сабаның есік жағында Ыбыраш болыс тұр. Босағаның екінші жағынан сығалап Иван тұр. Екі жігіт қатарласып жабулы есікті басып тұр. Ыбыраш болыс есіктен сығалап қарап еді, төніп келген қалың топты көріп, тұла бойы бұрынғыдан бетер түршікті. Топтың алдында - мандайы күнге қасқайып Жарықбас тұр еді.
- Сен керек емессің, болыс керек! Баяғыдан бергі басынғаны жетер енді. Адам деп бізді елейтін болса, өзі шықсын, ауыз екі сөйлесерміз. Оны істемей, жұмысты кісі арқылы бітірем десе, мен жастардың міндетін ала алмаймын. Ондағысын жастардың өзі біледі, - деді Жарықбас.
- Шықсын болыс!
- Неге елемейді?
- Шықсын!
- Неге шықпайды? - деп әр жерден де өршеленген дауыстар біріне-бірі жалғасып шыға берді.
Есіктен сығалап тұрып Ыбыраш аз-кем ойға шомғандай болды; «Шынында да шалдың сөзі рас-ау, жұмыстары менде. Мен айыпты да шығармын: бұл күнге шейін ешкімді менсінбей келгенім де рас. Жұртты бір шыбықпен айдадым, адал-арам дегенді есіркемедім. Бірақ, осыным қате ғой. Бұл мінезіммен елді өзіме жау қылғаннан басқа бітірерім жоқ қой. Елмен араласып, қоян-қолтық отырып, кеңеспен іс істесем, менде жұрттың не жұмысы бар? Қайта екі талай күн туса, мына самсап тұрған азамат мені жауға алдырмаймын деп, ақтық қандары қалғанша алыспас па еді? Апырмау, менің ісім қате екен ғой! Ісімнің қате екенін қазір сездім ғой. Алдарына барып, «қате менен» деп бас ұрсам қайтер еді? Қазақ баласы ғой, ағайын ғой, мені аямас дейсіңбе?!.»
- Ойбай, болыс, ату керек, - деп Иван мылтығын ыңғайлай бастады.
Ыбыраш селт етіп, тәтті ойын бұзып жіберді. Көзі бұлдырап кетті. Қыбырлаған топ жауатын бұлттай болып түнеріп төнген. Есіктің саңылауынан самсаған аттың тұяғы, шоқпардың жұмырланған басы көрінеді.
- Болыс қайда?
-Шық бері!
- Жаның керек болса далаға шық!
Сатырлаған сойыл үйдің үстіне жауды. Күшті дауыл соққанда мызғымайтын ақ үй сықыр-сықыр етті. Сырлаулы уық қаламдықтан шытырлап сынуды шығарды.
Иван мылтығын ыңғайлап, құлағын аша берем дегенде, Ыбыраш барып ұстай алды:
- Атпа, өшігіп кетеді, бұрынғы кінәм да аз емес. Оның үстіне енді, адам өлтірсем, мені сау қоймайды.
Сырттан ұрған сойылдың екпінімен қатарлап жинаған жүк сусып барып құлады. Иван сасқалақтап, Ыбыраштың көзін ала беріп, құлаған жүктің арасына кіріп кетті.
Бір минуттың ішінде Ыбырашқа мың түрлі ой келді. Сатырлаған сойыл, айқай салған дауыс - бәрі де Ыбыраштың ойынан шығып кеткендей болды. Қазіргі минутте оның ойлап тұрғаны -өзінің істеген шексіз қиянаттары, астамшылықтың ұшына шыққандығы; езілген елдің бас көтеріп, жауар бұлттай түнеріп, айбынымен жер сілкіндіріп тұрғандығы еді. Бұл көп - күні бүгінге шейін Ыбыраштың елемеген көбі. Мұндай көп бар екен, мұндай бас қосып құдіреттенеді екен деп Ыбыраш еш уақытта ойлаған емес еді. Ойда жоқ нәрсе болды. Көптің түрі жаман, мақсаттары не: «Ыбыраштың болыстығы ма? Әлде майданға жігіт жіберме деп өтінбекші ме? Өтініші талай болып еді, Ыбыраш оның бірін де тыңдаған жоқ еді, соны күшпен тыңдатпақ-шы ма екен?..»
Босаға жақ жабық тілініп кетті. Екі көзі қанталаған біреу тілінген жабықтан басын сұқты. Бас таныс, Қайрақбайдың басы! Қайрақбайдың басын көрген соң, Ыбыраш қуанбақшы да болды. Бірақ, кенет өзгерді, өткендегі ісі есіне түсе қалды. Бұдан 20 жылдар бұрын Ыбыраштың оқып жүрген кезінде, Қайрақпай жетім қалған болатын, Қайрақпайдың шешесі -Айғаным нәті кедей демесе, ажарлы әйелдің бірі болатын. Айғанымды әркімдер-ақ алмақшы. Бірақ Айғаным баласын тастап, туған-туысқанын тастап, бай іздейтін болмайды. Сосын Айғанымды көндіре алмағандар Ыбырашты жағалайды, Ыбыраш «тырнақ алды» қылып жұмысқа кіріседі: Айғанымды он қараға сатып, Қайрақпайды бес жасар күнінде босағасына жатқызып, құлдынтаң басын басады... Сол Қайрақпай осы! Жиырма жылдай қолында өскен. Жиырма жылдай салпақтап Ыбырашқа еңбегін сіңірген осы!
- Қалқам Қайрақпай, керегінді айтшы, не айтқанынды орындайын! - деді Ыбыраш қалтырап.
Қайрақпай тіл қатпады. Босағада тұрып, қанталаған көзін Ыбырашқа қадаумен болды. Кішкене келтекті оң қолына қымқыра ұстапты. Тістеніп, бойын ашулы ыза кернеп тұрған сияқты. Бір-екі басып Ыбырашқа жакындаған секілді болды. Ыбырашта құр сүлде. Не қыларын білмейді. «Аяғына жығылып, жалынсам ба екен? Құшақтап сүйсем бе екен?» - деп те ойлады. Сүйткенше болмай, кішкене келтек ербең етіп көтеріліп еді, Ыбыраштың көзінің оты жарқ етті: басы ауырған сияқтанды ма, біреу су құйып жібергендей болды ма? Әйтеуір теңселіп құлап бара жатқанын бір-ақ сезді. Одан арғысын бұлдыр біледі... Біреулер құшақтағандай болды... Біреулер аяғынан тартқан сияқтанды. Жылаған баланың, әйелдің даусымен әлем жыңылдап кеткен секілденді. Жабықтан түскен жігіттер аяғына қыл шылбырды салып үйден сүйрей жөнелгенде Ыбыраш көзін жалтыратып бір рет ашты. Бірақ, не қылып жатқандарын айырып біле алмады. Қатты тартқан екпінмен үйден сүйретіліп шыға бергенде, табалдырыққа басы тақ етті. Осыны ғана сезді. Осыдан арғысын сезуден Ыбыраш қалды...
Биенің бір сауымы кезінде, қара құрым топ тұс-тұсынан ыдырап, болыстың ауылы босады. Топ ыдырасымен, жаңбырдың ашылуын күтіп отырғандай, үйде тығылып отырғандар тысқа шыққанда - алдымен көзге шалынған нәрсе - көлдің жиегіндегі теңкиіп жатқан болыстың денесі мен жалыны басылып бықсып жанып жатқан кеңсенің орнындағы күлі еді. Басы аман жұрт жағаларын ұстады; бірін-бірі хабарландырып, ауыл-аймақ ә дегенше мың түрлі мәнермен сырлап Ыбыраштың өлімін жыр қылып үлгірді...
... Бөлкебай үйіне келген соң сандықтағы книжкасын алып күнделік жазды. Сондағы жазғаны мынау еді:
«... Мен де бардым, болысты Қайрақпай сүйретіп алып шықты. Үйден шыққанда жаны шығар деп едім. Шыққан ыңғайда бірнеше шоқпар қабатынан тиді. Бас сүйегі мылжа-мылжа болды .. Көлдің басына апарған соң, Қайрақпай атынан түсіп, қонышынан бір семсерді суырып алып, болысты жарып жіберді. Адам қарауға бата алмайды екен... Мен де іштерінде болдым... Іштерінде болғанымның өзі мықты ерлігім деп білемін... 4-інші июль».


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

(Әңгіме)
Байқан молданың екі-үш жылдан бері көрген күні өзінше айтқанда итке берсін дерлік еді: мал азайды, түсім кеміді; ел бұрынғыдай сайлауды қойды, бұрын кез келгенде «тақсыр!» деп шұлғып, шариғат айтқызатын сопылар да осы күні «қүдай сөзінен» гөрі кәсіп қылуды, тамағын тоғайтуды ойлап кеткен.Ишанның он мың таспық алып күндіз-түні шүлғитын Ыбырай сопы сәлдені көйлек қылып киіп, соқаның ағашына жабысатынды шығарған.
- Ой, құдай-ай, бүл жұрт не қылып кетер екен? Ақыр заманның болып қалған-ау!.. - деп Байқан молда күрсінеді.
«... соңғы әзірде қамсамал дегені шықты. Қамсамал дегені жалғыз көзді бірдеме шығар десем, өзіміздің ауылдың жаман балалары!.. Соның бірсыпырасын бұдан бес-алты жыл бұрын өзім оқытып едім... Құдай-ау, менің аузымның дұғасы шынымен кеткені ме? Соларды діншіл қып-ақ тәрбиелеген жоқ па едім?.. Енді кернейлетіп, сырнайлатып дажалдың құралы болып отыр!..»
Байқан молданың ойының көбін комсомол алады. Өйткені бастығы мұғалім болып, комсомол дінге қарсы үгіт жүргізеді. Молдаларды мазақ қылып спектакль қояды. Тақпақ айтады.Ойындарына бармаса да, онда не болғанын Байқан сырттан естіп,іші өртеніп кете жаздайды. Ең арғысы ойнап жүрген бес-алты жасар балалар да комсомолдардың такпағын айтып жаттап
алып:
«... Еңбексіз ит жер,
Бейнетсіз бит жер,
Берсендер бер молдаға!» -
деп сықақ қылады.
- Құдай-ау, бұл қорлықты көргеннен өлгенім артық емес пе еді? - Байқан молда кейде зарланады.
Жақын арада Ідірес үйінің жанында жиылыс болады. Жиылыста комсомолдар да бар екен. Комсомолдарды бастап жүрген Кәрім деген жігіт. Мұғалім мен Кәрімді катар салғанда, Байқан молда, әсіресе Кәрім десе жарылып кете жаздайды. Өйткені биыл Тынымбайдың шешесін, асығыс болып, ауылнайға хабарламай көме салып еді. «Сен рұқсатсыз намаз оқыдың» деп Кәрім протокол жазып, сотқа беріп қойыпты. Содан бері өзінше қорытынды шығарып, «неше азғын болса да осы мұғалім жаман жігіт емес. Заттың тұқымы шығар» деген ойға келетін. Олай деуіне тағы бір себеп, Байқан молдамен кездескенде мұғалім көбіне шаруашылық жайын сұрайды:
- Кәсіп қылуыңыз керек қой, кәсіпсіз отырмаңыз, - дейді.
Бұл ақылын теріс деп кім айтар?!
Ідірес үйіндегі жиылысқа байқамаған болып, Байқан молда да барды. Мұғалім сөйлеп түр екен. Байқанның көзі Кәрімде болды: мұғалімнің сөйлегеніне Кәрім шыдап отыра алмай, біресе орнынан ұшып тұрады, біресе отырады: «Ия, ия, солай... тап өзі» деп екі сөздің бірінде мұғалімге кабаттасады да отырады. Байқан мұны көрген соң Кәрімге бұрынғыдан жаман өшікті: «Мына шіркін оңбас. Мұның өмірлік ісі біреудің шашпауын көтеріп, соның шылауында жүру болар», - деп қорытынды шығарды.
«Біреу болмаса біреу молда басымен жиылысқа келіп тұрғанын қарашы деп айтар» деп қуыстанып, жиылыстың аяғын күтпей үйіне қайтып кеткен. Көңілі жарымданып үйіне келсе, екі қара домалақ баланы екі жерде жылатып, үйдің ішін азан-қазан қылып, бурадай бұрқылдап қатыны жүр.
- Таң атса таяғын алып, басы қақшиып кыдырумен болады.Үй ішінің аш-жалаңаш екені ойына кіріп те шықпайды... - деп жүреді.
- Апырым-ау, мен таппайын деп жүрмін бе?.. Жай садақа атымен жоқ. Бірен-саран әлік болса басына шығарылған бірер қараны Көдебай ауылнай «аштарға, пәленге...» - деп жырмыштап берекесін кетіреді. Жалғыз табыстыңт үрі бұлай болған соң, мен жоқты қайдан таппақшымын?..» - дейді.
Осының бәрін өйлай келгенде молданың каны қызады, ашуы келеді. «Осының бәрі діннің азғандығынан, ақыр заманның жақындағанынан...» дейді, жер үстінде жүрген адамда, молданың ойлауынша бір мұсылман жоқ, бәрі де азғын; азғындардың сөзін тыңдайды. Бірақ қанша наразы болса да, заманның ағымына, тұрмыстың илеуіне көнбей кетерлік өзінде құдірет жоқ...
Соңғы кезде Байқан молданың ойын жеген бір қиял: керемет иесі болу. «Керемет иесі болып адамның акылына келместік істерді істесем жұрттың бәрі менің айтканымнан шықпас еді, айдай әлемді аузыма қаратар едім. Кәрімің қамсамолдықтан безіп менің соңыма ерер еді: мен оғаз сөйлегенде: «я... дұрыс» деп қабат айтып қостап тұрар еді...» дейді.
Мұғалім туралы ойлағанда: «Ол кәпірдің діні мықты ғой, маған ере қоймас еді...» - дейді.
Кей кездерде қиялдана келе - Мұса пайғамбардың кереметіне ие болса, қағазсыз неке қидырмайтын, өлік жаназасын оқытпайтын Көдебай мен Кәрімдерді перғауын сықылдандырып суға қарқ қылып жібергісі келеді. Нұқ пайғамбар секілді өзінің жек көрген адамын тас қылып тастағысы келеді. Мұның бәрін де істеу оңай, жалғыз-ақ кереметке ие болу керек. Сондықтан ол жамаулы қара кітаптардағы «қасиетті» күндерді бәрінде де ұзақты түнді нәпіл оқытумен өткізіп, керемет иесі болуды тілеуін коймайтын еді...

* * *

Қадір түні еді. Байқан молда бүгін өзгеше әзірленді. Неше түрлі «Ісім ағзам» дұғасын оқып отырып бабына келтіріп дәрет алып, жаназаға барғанда киетін көк ала сарт шапанын киіп, жаңа сәлдесін басына салып, жайнамазды жайып жіберіп барып отырды. Ишаннан алған ұзын қара таспықты шектей шұбалта колға алып, «сұкпан алданы» судырлата бастады. Киял әлдекайда кетті: ескі пайғамбарлардың түрлі кереметтері, істеген істері
ойына түсті. «Сондай болсам!..» деген жүрегіндегі ескі тілек бұрынғыдан жаман күшейіп, әлдекайдан біреу: «Бүгін тілегің қабыл болсын!..» дегендей болды.
Ояу екенін де, ұйқылы екенін де білмейді, маңайы кенет өзгеріп кетті: төбесі аспанмен таласқан, іші неше түрлі дұғалықтармен безелген үлкен мешіттің мехрабында таспық тартып отыр екен. Таспығы бүрынғы ишаннан алған таспық емес, кілең асыл тастан тізілген. Маңайы толған ақ сәлделі мүриттер. «Я, шайхым!...» деген дауыстары жер жарады.
Байқан молда «өңім бе, түсім бе» деп басын көтерді. Әлде қайдан жұмсақ, майда дауыс естілді:
- Азған дүниеде азапты кеп тартқан құлым едің... Сен болмасаң, дүниені әлем-тапырық қылып жіберейін деп едім, бір сенің құрметің үшін қалдырдым. Енді мына азғандарды тура жолға салу үшін сені бас қылдым: елінді үгітте, мұсылмандыққа шақыр!.. -дейді.
Дінге үгіттеуді есіткенде, молданың ойына комсомолдар түсті. «Дін - апиын» деген комсомолдар сезі шыңылдап құлақты жарып бара жатқан секілді.
- Құдіреті күшті құдай. Тапсырған жұмысынды толық орнына келтірер едім, бірақ комсомол дегендері іске керте болады, дінді мазақтап ойын істейді, мені мазақтап тақпақайтады...-деді.
- Оларды көндіріп берейін, - деген дауыс естілді.
- Кәрімді ше?
- Кәрімді қолыңа берейін.
- Мұғалімді ше?
Дауыс біразға шейін семіп барып:
- Мұғалімге құдіретім жетпейді: менің қол астымда емес,оның құдайы басқа... - деді.
Байқан молданың тасыған көңілі азырақ бәсеңдейін деді.«Жер жүзін билейтін жалғыз алла» дейтін сенімнің жалған екендігін жаңа сезгендей болды. Бірақ көпшілік осының колында ғой. Көптен иемденіп тіс қағып калған карт кұдай ғой. Жаңа көтеріліп келе жаткан комсомолдардың құдайы да өздері сияқты жас шығар. Күшсіз шығар, - деп көңілін жұбатты.
- Әкеле жатыр, әкеле жатыр...
Кәрімді екі жендет ортаға салып айдап келе жатыр екен.
- Тақсыр, күнәлі құлыңды әкелдік, не жаза бұйырасыз? - деді періштелер.
Кәрім солқылдап жылап отыра кетті.
- Мен жазықты, тақсыр, айыбымды кешіңіз! Мен сізге протокол істегенде, қастықпен істегенім жоқ. Көдебайдың айтуымен істедім... - деді Кәрім жылап.
- Қамсамолға неге кірдің?
- Ойбай, тақсыр, күнім үшін кірдім. Мен шын камсамол емеспін... Мен дінді сөккенде мұғалімге кез қылып қана айтушы едім. Оңашада намазымды тастаған жоқпын. Нанбасаңыз Жамақтың қатынынан сұраңыз, соның үйіне барып талай бесін намазын оқығам...
Сұлу мұртты, қарны шермиген - Бестөбенің Омары секілді біреу қол қусырып жетіп келді:
- Тақсыр, Кәрім сөзі рас. Биыл қамсамол айты болғанда Кәрім оларға ермей біздің арбамызға мініп кеткен... - деді.
Молда күнәсін кешірді... Намаз артынан Кәрім мысыр мақамына салып қүран оқыды...

* * *

Үй төбесі кенет ашылып кетіп, маңайы нұрға толған тәрізденді. Жан-жағына қараса көз тұнады. Бұл не ғажап дегенінше болмады, аттан кішірек, Сырдың есегінен едәуір қалқыңқы, құлағы ондай салпы емес, ықшам ғана бір жылқыны біреу алдына әкеп ұстап тұр!..
Әлдеқайдан дауыс естілді:
«Құлым, саған пырақ жіберіп отырмын. Міне, сегіз қабат аспанды сайрандап, көңілінді көтер!..»
Дін бастығы болған соң мұндай құрметті Байқан молда өзіне көпсінбеді. Кұдіретпен дидарласып көңіліндегі мүдделі сөзін айтуды Байқан көптен керексініп жүр еді. Әсіресе комсомолдар: «Молдалығың зорайды», - деп салықты басыңқырап салып жібере ме деп қылпылдап жүр еді...
Пырақтың үзеңгісіне аяғын соза бергенде, бір жұмсақ қол келіп қолтығынан сүйеді. Жалт қарап еді, есінен тана жаздады. Айдай сұлу бір қыз жымиып күліп тұр.
- Хордың қызымын, сізге қызмет кыла келдім, - деді.
Молданың көңілі әлденеге ауытқып кеткендей болды...
Қыздың қанаты бар екен, жетектеп аспанға ұша бастады.Көзді ашып-жұмғанша сегіз қабат аспанды өтіп, бір әдемі бакшаға кез болды.
- Бұл жұмактың бакшасы, сіз секілді қадырлы қонақтар сайрандайтын жер, - деді қыз.
Бақша қалың ағаш. Ағаштарының бұтақтары саусаған жеміс, «мені же!» дегендей төніп тұр. Түрлі құстар құбылтып ән салып, бақшаны басына көтереді. Түрлі ағаштың түбінен бұрала басқан қыздар шыға бастады: сұлулығы ай мен күндей. Сыңқылдап күлген дауыстары жанды өртеп жібергендей.
- Осының бәрі хордыңқызы. Бәрі де сіздің жүптіңіз! - деді ертіп келген қыз.
Сұлу қыздар төмен қарап тағызым қылды. Біртіндеп жылжып жақындай бастады. Байқан молда шеткі біреуіне жакындап сүйейін дей бергенде:
- Құлым, не мұңың бар? - деген дауыс естілді.
Сұлу қыздарды көріп бойы еріп тұрған молда кенет есін жиып алды. Жүректі жеп жүрген ескі шерді ағыта бастады.
- Ауылнаймын, қағазсыз неке қидырмаймын, жаназа окытпаймын, - деп Көдебай бір дікіңдейді.
- Селсөбетпін, лау берсін, - деп Тобақабыл екі дікіндейді.
- Молда азғын, молданың сөзіне нанбандар, молдаға садақа бермендер, - деп қамсамолдар ол жүр.
- Мал азайды, садақа жоқ...
- Кеп тындауға уақытым жок, қорытындыңды айт! - деді дауыс.
Бұл соңғы дауыс - Байқан молдалыққа қағаз ала барғандағы кеңсе басында отырған бір жігіттің: «Ертегіні қойыңыз, уақытым жоқ, қыска айтыңыз» дегеніне ұксаңқырап кетті...
Молда пырақтың жалын кұшып жылады:
- Жалғыз-ақ тілегім бар, - деді.
- Айт, қабылдайын.
- Мені керемет иесі қылсаң екен!
Көктің жүзі күркіреп, дірілдеп сатырлағандай болды. Байқан молда қорқайын деді.
Қыз күлді:
- Ұлы періштелер жиналып жатыр, бір іске әзірленіп жатса керек, - деді.
Сөйткенше бөлмай қалың әскерше сау етіп періштелер жетіп келді:
- Не әмір қосасыз, сіз жер тәңірісі болдыңыз! - деді.
Молда насаттанып кетті. Жанындағы қызға қарап еді, ол құрғыр жымиып молданың іші-бауырына өтіп кете жаздады. Молдекең қызға қарап күлім қақты. Құшақтайын, сүйейін деп ұмтыла бергенде, пырақ бұлтарып кеткендей болып, жүрегі зу ете калды... Ә дегенше болмай, бір жанып тұрган оттың ішіне топ еткендей болды...
- Сорлы!.. Өлдің ғой! - деп біреу жұлмалап жатыр.
Пырақты жетелеген хордың қызы ма деп көзін ашып алса, өзінің қатыны Айжан! Басындағы сәлдесін жұлып алып уқалап жатыр... Үй іші сасық түтін. Жерде бірдеме заулап жанып жатыр...
- Бұл не? Бұл не? - деді молда.
- Сорлы-ау, төсегіңе жатып ұйықтасаң қайтетін еді?.. Таспық түбіңе жетеді ғой. Шамның үстіне құлап жер майының жанып жатқаны анау, сәлдеңнің қоңырсып күйіп жатқаны мынау!.. - деді Айжан.
Атасының басындай сақтап жүрген сәлдесінің ортасы шұрқ-шұрқ. Ала шапанының етегі жер май сасиды.
- Кереметті көп көрдім... Құрысын қатын, жатамын, - деп қара таспықты молда ырғытып жіберді.


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

(Әңгіме)

I
Біз елден шыққанда күн де сәскелікке жақындап еді. Ұшпалы сұр бұлттар көшкен керуен сықылды, тіркесіп оңтүстікке карай жылжып ұшып, күннің көзі біртіндеп ашыққа шығып, жылы шырай нұрын шаша бастады. Әйткенмен солдан соққан салқын жел өзінің өткірлігімен жұқа киімнен ызғарын өткізіп, тоңдырып, сентябрь айының жеткендігін жолаушыға еріксіз ойлатарлық еді.
Біз екеу едік.
Менің астымда жортақылау тапал торы ат; жүргіштеу. Ер-тоқымым ескілеу, байлардың малға мінетін ер-тоқымы. Үстімде қонған үйімнен сұрап киген шидем күпі. Қолтығымдағы жыртығынан жел өтіп мазамды алыңқырап келеді. Жолдасым отыз-кырықтардың шамасындағы жер ортасы адам, сиректеу сақал,мұрты бар; кара бұжыр, күлімсіреп дөңгеленіп тұрған қара кезді, пішініне карағанда бір түрлі сөйлемпаз адам секілді.Астында қойшылар мінген қаракер бесті, үсті-үстіне ұрып отырмаса кейін қалып қала береді.
Жел артымыздан еді, ауылдан он-он бес шақырым шықтық. Жаздай жайлап елдің шаңын шығарып тастаған жайлауын қақ жарып құбылаға бет алып келе жатырмыз. Жанды қарға жоқ.Бірен-саран шалшық сулардың басында ұйлығып отырған топ-топ қаздарды көресің. Елдің жұртында жер ошақтың араларындағы сүйек-саяқтарды, елдің сыртындағы ескі апандардың маңайына тасталған бірен-саран әлімтікке он-он бесі жиналып қарақұс, қарға, өгіз шағалалар той-тойлап жатыр...
Жүрген сайын жер өнбегендей, сол ұшы-қиыры жоқ елдің жайлауы бітпейтіндей көрінді. Бір белеске шықсаң алдыңда екінші белес. Мен шықтым. Манағыдай емес, атқа жортқан соң денем жылынып, ептеп мандайымнан тер де шығайын деді. Жолдасымның басында желпен. Елден шығарда бауын мықтап байлап алған. Шабан қаракер үсті-үстіне ұрғызған соң о да бусанайын деді білем, желпенін шешіп алып беліне байлады. Милығына түскен бөркін жоғарырақ көтеріп қойып, қаракерді бір тебініп шаужайлап жіберіп маған қатарласып:
- Тым бері бұрыла бермеңіз, күнбатысқа таман жүрейік, - деді.
- Сіз кейін қалған соң мен алдыңызды орағыта беремін.
- Жамандатқыр мынау бір ит екен, тіпті жүрмейді, - деп қамшымен салып-салып жіберді.
Менімен қатарласып алған соң қаракердегі ашуы біткен тәрізденіп, азырақ жадыраңқырап маған қарады.
-Мынау алдымыздағы үлкен көл «Қамысақты» ғой: осының сол жағын ала жүріп ана шаңырқай көрінген Обаның белесінен тура ассақ алдымыздан бір кішкене сүрлеу келеді. Сол сүрлеумен барып Шұғаның белгісінен қара жолды қиып аламыз, - деді.
Әңгіме азырақ ой бөлейін деді. Аттың жортысына шайқалып ауырып келе жатқан іш те ұмытылғандай болды. Жол қысқарту үшін жолдасыммен сөйлесуді мен өзім де тілеп келе жатыр едім. Бірақ бұрын сырлас адамым болмаған соң әңгімеге қандай жайының барын анық біле алмай сөз ашпап едім. Және менің бір әдетім жолда келе жатқанда өзім сөйлегеннен де, біреуді сөйлетіп тындауды артық көруші едім.
Жолдасым жол әңгімесін бітірсе «тағы да бар, тағы да бар» деген кісі тәрізді сөз сөйлеуге ыңғайланып тұрды. Мен әңгімені неден бастарымды білмедім, жол жайын айтып өткен «Шұғаның белгісі» дегені бар еді. Одан пәлендей сөз туады деп дәмеленбесем де, бастауға себеп болсын деп ойлап:
- «Шұғаның белгісі» дегеніңіз не нәрсе, тау ма, - дедім.
- Жоқ, әшейін, бір обашық, - деді. Кейін қалып бара жатқан соң тағы тебініп қатарласып:
- Шұғаның белгісін сіз білмейтін шығарсыз-ау, - деді.
- Мен қайдан білейін, бұл жаққа бірінші келуім, - дедім.
- Білмессіз... сіздер жассыздар ғой, - деді. Маған қарағанда өзі недәуір көпті көрген үлкен адам болып көтеріліп қойды.
- Сіз білмейтін шығарсыз, жассыз ғой. Уақытында Шұғаның әңгімесін бұл өлкенің баласына шейін біліп болып еді...ой, шіркін, өзі де Шұға десе Шұға еді-ау, - деді.
Жолдасымның бұл сөзінен мен Шұғаға ынтықтым. Анығын сұрап білгім келді.
- Шұғаның әңгімесін айтсаңыз кайтеді, жол қысқарсын, - дедім.
- Айтайын, - деді.
Қаракерді тағы тебініп қатарласты. Жалпылдап жайылып келе жатқан етегін жинап тақымына басып, ерніндегі насыбайын тастап бір-екі түкірініп алып, ыңғайланып:
Бұл қызық әңгіме, тыңдаңыз, - деді.
Сөзді бастап та жіберді.
II

... Бүгінгі шыққан ауылыңызды «Ерекең» ауылы дейді. Содан ары қарай өзеннің бойы жалпағынан ел. Бір атаның баласы жүз елу-екі жүз үйлер бар. Қыс қыстаулары басқа болғанмен, жаз көбіне бірігіп отырады. Мынау алдымызда көрінген «Қамысақты» дейтін көліміз. Осының маңайы жыбырлаған шұқырынды томар. Августан бастап осының басы елмен толады. Әр томарға төрт-бес үйден қонып бөлек-бөлек отырғандары. Ой, дариға-ай, талай кызықтар өтті ғой.
Бала күнімізде анау көрінген төбенің басында талай асық ойнап едік... ол да бір дәурен... ия... бұл ауылдың күзге қарай қонатын жері, жазғытұрғы авгусқа дейін отыратын жайлауымыз, бұл кел де Шұғаның белгісі атанды, бұрын «Тарғыл өгіз сойған» деуші едік. Үлкен көл, маңайы толған шорқынды су...ол уақытта жердің берекесі қандай. Өзіміздің ел қаншама... оның үстіне ту Сырдан келіп жаппастар да қонады... кейінгі кезде ғана жаппас келуін қойды ғой. Біздің Беркімбай дейтін жақын ағаларымыз болады. Бұрын бай еді, болыстыққа таласамын деумен-ақ малын құртып алды. Осы күні кедей. Сол Беркімбайдың әкесінің нағашысы - жаппас Есімбек дейтін болды. Өзі бай еді, жаппастың алды деуге боларлық. Беркімбайға арқа сүйеп, Есімбек сол «Өгіз сойғанның» ең шұрайлы жеріне қонушы еді.Өзі де жомарт, қонақпаз еді. Елге жағымды болып тұрды. Мал мен басы бірдей, құдай тілегін берген бір адам: ортан қолдай төрт ұлы болды - шетінен қасқыр. Сол төрт ұлдың ортасында бұландап ескен Шұға дейтін кызы болды. Шұға десе Шұға. Шұға, өй, шіркіннің өзі де келбетті-ақ еді... ақ құба, талдырмаш, көзі қап-қара, осы, үріп ауызға салғандай еді. Ажары қандай болса, ақылы да сондай. Жеңілдік дегеннің не екенін білген бала емес. Сөйлеген сөзі, жүрген жүрісі қандай, бір түрлі паң еді-ау, шіркін... Бұл күнде ондай қыз қайда. Ажары тәуірлеу біреу болса, соны көтере алмайтынын да білмейсің, ешкіге құсап шошандап жүргені. Заман бұзылған ғой... иә...
Осы күнгілердің бір тапқаны, қызды оқыту керек дейді. Сол Шұғалар хатты зорға танушы еді. Сонда да осы күнгінің оқыған он қызына бергісіз еді. Айнала айтқанда құдай сана берсін десейші...
Ол кезде менің жиырмаға жаңа келген кезім. Есімбектің үйіне араласып жүрдім. Менің бір Базарбай дейтін інім сол Есімбектің койын бақты. Озі бала күнінде епті-ақ еді, былтыр қайтты. Сол баланың арқасында ерте барам, кеш қайтам. Жаз көбіне сонда болушы едім. Шұғаның сонда он алтыдағы кезі шығар деймін. Елдің бозбалалары ертенді-кеш қылжақтап сол ауылдан шықпайды. Ептеп сөз салдыратындары да болады. Бозбалалардың хатын таситын менің інім, Шұға біреуіне жауап қайырмайды.
Бозбалалар кейіп: байдың қызы болған соң іріленгені ғой, тәкаппар десуші еді.
Менімен құрдас біздің ауылда Кәрім деген бар. Сол уақытта да өзі есерсоқтау еді. Біз мазақ қыла береміз. Шұғаға қылжақтайтынның біреуі сол. Бір күні бір жазған хаты менің қолыма түсті. Өлең жазған болыпты... немене еді, тәйірі, соның өлеңі...

«... Қаладан алып келген боз белбеуім,
Болса да жаман, жақсы өз белбеуім.
Көп айдың көрмегелі жүзі болды,
Жүрмісің аман-есен, көз көргенім», - деп жазыпты.
Бозбалаға ермек керек. Мазақ қылу үшін Шұғаның хаты қылып өлеңмен жазып Кәрімге тапсырдық. Кәрім ашып оқығанда төбесі көкке жеткендей болды. Біздің сонда Шұға болып жазған өлеңіміз:

«... Алаштан асып туған сымбаттым-ай,
Базардың пұлы жетпес қымбаттым-ай.
Арманым бұл жалғаңда болмас еді,
Күн болса қосатұғын саған құдай...»

Ой, алдай, қызық заман екен-ау, ә...
Шұғаның әке-шешесінің бір артық жері, он алтыға келгенше Шұғаны күйеуге бермейді. Осы күні байлар, қызы шырылдап жерге түсісімен біреудің малын алады ғой... Уақытында талай мырзалар айттырды, бәріне де нәсіп болмады. Ат жетер жердегі бай балалары мүлде түңіліп болды. «Есімбек қызының бағын байлады. Енді бұған тәуір күйеу кездеспейді» деп жұрт өсек қылып та жүрді. Ол әшейін бір сөз ғой, құдайдың жазуынан артық не болмақ...
Артынан есіттік, Есімбектің бермеудегі мәнісі, өзі жас кезінде Қали дейтін құрдасымен серт байласқан болса керек: «Бірімізден ұл, бірімізден қыз туса, екеуіміз кұда болайық» деп.
Сол сертін күтеді екен ғой... Ия...
Қамысақтының басына түсіп, азырақ кідіріп ер-тоқымымызды дұрыстап ерттеп, тағы да жүріп кеттік. Қаракерді бір-екі бауырлап алып жолдасым тағы сөзге кірісті.
III

... Ол кезде заман қандай, жер әдемі, мал көп, орыстың иісі де жоқ.
Жазғытұрғы майдың айы бітер-бітпесте, шала-шарпы егін салып жайлауға жеткенше асығамыз... Бір жылы майдың 20-сы күні жайлауға барып қондық. Жаңбыр көп. Шөптің шығысы да жақсы еді. Бозбаланың басы құралған соң ертеңді-кеш асыр салып ойнау, есі-дертіміз жаппас. Есімбектікі қашан келеді?..Етке қашан тоямыз дейміз...
Бір күні қызойнаққа барып таң ата келе жатсам, ұйықтап қалған екенмін, әжем оятады:
- Жаппас келіп қонып жатыр. Базарбаймен көрісіп қарағымды сүйіп келдім, - дейді.
Жалма-жан тұра сала далаға шықсам, сәске түс болып күн ыси бастаған екен. Көлдің оң жақ беті жыбырлаған мал: қой, түйе... шоқиып-шоқиып жаппастың кішкене үйлері тұр. Көзімді ашып-жұма мен де жөнелдім. Мен келсем менен әлдеқашан бұрын жұрт жиналып қалған екен. Тоқты сойылып, қазан асылып, қайнап та жатыр.
Есімбектің үлкен үйі лық толған адам, қымыз ішіп айдай қызды-қызды болып жатыр екен. Мен тегіс араладым. Бір отауда Шұға кездесті. Көрісіп амандасқаннан көзімді ала алмадым. Апырым-ай, адамзатта ондай сұлу болады екен-ау!.. Акқудың көгілдірігіндей осы аппақ. Үстінде шетін кестелеген ақкөйлек, омырауын неше түрлі ілгіштермен безеп тастаған қызыл пүліш қамзол, басында үкі таққан түлкі бөрік, өзі сұлу адамды мүлде одан жаман жандандырып, құбылдырып тұрды.
Маған қарап Шұға күлді.
- Мезгілімен келіп көрістіңіз-ау, - деді. Мен не айтарымды білмедім. Бұрын әзілдесіп сөйлесе беруші едім, бұл жерде тілім байланды.
- Мынау аттан түсіп жатқан кім? - деді Шұға.
Артыма жалт қарасам екі жігіт түсіп аттарын байлап жатыр екен. Біреуі орысшалау киінген.
Тани кеттім.
- Әбдірахман ғой, - дедім.
- Әбдірахманың кім?
- Қазақбайдың баласы.
- Ия, әлгі учитель баласы ма?
- Ия.
- Жап-жас жігіт екен ғой, - деп бірер қарады да, Шұға отауға кіріп кетті.
Мен Әбдірахманға амандасып, үйге ертіп жүрдім. Отаудың сықырлауығынан Шұғаның бізге сығалап қарап тұрғандығы білінді.

IV

- ... Сіз білмейсіз ғой... - деп жолдасым қарекерді шаужайлап қатарласты.Сіз білмейсіз ғой... бізбен ағайын, жасы менімен түйдей құрдас Әбдірахман деген болды. Жасында болыстың үйінде бұзау бағып өсіпті. Ол уақытта болыстың үйінде ауылнай учитель болатын. Балалармен араласып жүріп учительден оқып, төрт жылдан соң мектепті бітіріп шығыпты. Әбдірахман өзі айтатын: «күндіз қозы мен бұзау бағам, кешке келгенімде, учитель бір шын мұсылман жігіт еді, «байлардың балаларынан да маған сенің окығаның керек қой» деп түннің бір талайына дейін оқытушы еді. Ақырында сол учительдің тырысуының арқасында мектепті бітірдім... Менің учительге бітіре алмастық борышым бар», - деді.
Әбдірахманның әкесі өте кедей болған адам. Ауылнай школынан шыққан соң да, Әбдірахман малайлықтан құтыла алмады. Ақырында, он екі-он үштегі шамасы болса керек, тұрған байынан қашып дуанға барып, бір ноғайға жаз қызметке тұрып, қыс оқуға кірді. Бұл екі жылға шейін жаз жалданумен болды.Берірек келген соң жаз байларда орысша бала оқытты. Ақырында әйтеуір мектепті бітіріп шықты.
Әбдірахман мектепті бітіргенде дыбысы жер жарды. Өте зерек болған ғой, учительдері де мақтаса керек. Дуандағы нәшәндік «тілмаш» бол деп өтінген екен, болмай елге келді. Нақ сол кезде болыстың песірі өліп песірсіз тұр еді. Әбдірахманға песір бол деп жабысты, оған да болмады.Жамантік болысындағы бір байдың школына барып бала оқытты. Содан бері қыс сонда бала оқытып, жаз елде болады. Сол жылы июньнің бас кезінде келіп еді. Содан бері Әбдірахманды көргенім. Маған: «Маған көріспейсің бе» деп қалжыңдады.Әзілдесіп үйге кірдік. Төр алдында Қажыбай әңгімені көсілтіп отыр екен, бізді көрген соң жым болды.
Үй ішімен Әбдірахман тегіс амандасты, Есімбек бай онша жақсы көрмеген адамның қалыбын істеді.
Бұрынғы сөздерін тастай беріп «оқығандар анау, оқығандар мынау» болады деп шатпа тілге айналды. Мен ғажапқа қалдым.Артынан Әбдірахманнан себебін сұрасам, өткен жылы бұрынғы қалыбымен, күзгі астыққа бай киізін сатқанда, Әбдірахман тілін алар адамдардың біріне де алдырмапты: «Әзір асығып екі бағасына алғанша, астықтарынды жиып алған соң шалқайып отырып жарты бағасына аласындар» деп. Әбдірахманның тілін алғандар бірталай пайда қылыпты. «Мені олжамнан қақты» деп байдың тырсиып отырғаны осы екен. Ретінде Әбдірахманға:
- Еліңді қыстан шығардың ба, бала, - деді бай.
- Шүкір, шығардым, - деді Әбдірахман.
- Жарайды, жарайды, ел қамқоры болған соң солай болу керек, - деп сөзін доғарды.
Түс ауа берген мезгілде ет жеп болып, жұрт бет-бетіне тарай бастады.

V

Мен ауылға қайтқанда Әбдірахман Есімбектікінде қалып қойып еді. Менің артымнан іле-шала келіп Беркімбайдың үйіне түсіпті. Қымыз ішкен адам ұйықтап қалған екем, екінді әдетінде далаға шықсам, ауылдың сыртындағы белесте ішінде Қажыбай ақсақал бар, бірталай адам сөйлесіп отыр екен. Мен де келдім.Әңгіме Әбдірахман турасында екен, жақындап келгенімде-ақ «Әбдірахманның өзі шынымен бұзылған ғой»деген Қажыбай қарттың сампылдаған даусы құлағыма сап ете қалды. Өзі сөзшең адам бірінен соң бірін тізбектетіп, не бар пәлені Әбдірахманның үстіне үйіп отыр. «Оларды мұсылман деуге болмайды. Айтатыны ылғи құдайға қарсылық сөз. Молдамен, хазіреттермен, ел бастаған басшылармен қас. Құдайдың барлығына шәк қылады. Байға мал жиып беріп отырған кұдай емес, өзіміз дейді. Құдай сақтасын, шын болса осы әлгі қазақты шоқындыратындардан көп ақша алған дейді ғой. Нәшәндікке тілмәш болмай, болысқа песір болмай бала оқытуы да сол аздыру ретімен болса керек...
Шалдың сөзін онша ықыласпен тыңдай қойған адам көрінбейді. Жастар бір бөлек әзілдесіп отыр екен, мен де соларға қосылдым. Бәріміздің ермегіміз Кәрім болды.
- Биыл Есімбектікі Қара кұмды жайлап қалады деп еді, Кәрім үшін-ақ келген шығар,- деді бір жігіт.
- Сендер байқадындар ма, Кәрімді көрген соң Шұға бір түрлі құбылып кетті-ау, - деді қу жігіт.
Бұл екі арада қысты күні Шұғаны сағынып жүргендегі Кәрімнің шығарған өлеңі деп біреуі өлең айтты.
«... Мінгенім астымдағы күреңденен,
Қашады таудан түлкі сүмендеген.
Ойымда үш ұйықтасам бар ма менің,
Айырылып, қалқам, сенен жүрем деген...»
Жұрт ду күлді. Кәрім ашуланып кетіп қалды. Мен тұрып Беркімбайдың үйіне бардым. Әбдірахман шынтақтап домбыра тартып жатыр екен.
- Жоғары шық, - деді.
Әзілдесіп отырдық. Көп ұзамай әңгіме Шұғаға көшті.Әбдірахманның ойын білу үшін, мен - Шұға қалай екен, көрдің бе? - дедім. Әбдірахман күлімсіреді.
- Көрейін деп барып едім, көре алмадым, - деді.
- Ия, сен атынды байлап жатқанда отаудың есігінің алдында тұр еді ғой.
- Сыртынан көрген бола ма, ауызба-ауыз сөйлеспеген соң.
- Ендеше бүгін алтыбақан құрады. Ауызба-ауыз сөйлесем.
- Шын айтасың ба, - деп Әбдірахман басын көтеріп алды.
- Есімбектің келіндерімен қалжындасып сұрағанымда, кешке алтыбақан құрамыз десіп еді, - деп анығын айттым.
- Бәтір-еке, барайық, - деді.
Замандастың тілін кім алмайды, мен ертіп бармақ болдым.
VI

-... Сізден несін жасырайын, - деді жолдасым, - сізден несін жасырайын, өздеріңнің бастарында да бар нәрсе ғой... жастық не қылғызбайды. Уақытында бәрі қызық.
Есімбектің үш баласы үйленген. Біреуі бойдақ еді. Ең кіші келіні Зәйкүл мына тама Қаржаудың кызы еді. Заманында дүниені кешкен адам. Өзі де ажарлы, бозбала сүйетін қызыл шырайлы еді. Азырақ мінезінің жеңілдігі болмаса, ақылға да жақсы еді. Күйеуі Ыбырай Есімбектің балаларының ішіндегімомыны. Үн жоқ, түн жоқ, ертенді-кеш мал соңында жүреді де қояды. Күйеуінің қалпын оң жақта жүргенде-ақ сезіп, Зәйкүл бұзыла бастаған. Өздерімен бір жамағайын Сейіт дегенмен көңіл қосып, шығамын деп жүргенінде елі сезіп қалып, жібермеген. Ол кездегі болыс Құрман Есімбектің туған құдасы. Есімбектің жесірі кетсе, «кыпшақпын» деп қанға тарту жоқ - Құрман жаппастың арын арлап тұрған. Болыстың ызғарының күштілігінен, Қаржау қабыл-құбыл Есімбекке хабар тигізіп, аман-есенінде қолына берген.
Зәйкүл ұзатылып келген соң көпке шейін кетемін деп жүрді. Бірақ кете алмады. Айтқан сөзінен табылып, көңілдегі мүддесін орнына келтіретін жігіт сирек қой. Шынында Зәйкүлге тең жігіт табылмады. Сізден несін жасырайын... ертенді-кеш үйінен шықпаған соң мен Есімбектің үйінің бір адамы құсап кеттім. Жүріс-тұрысымда ешбір ерсілік болмады. Ақырында Зәйкүлмен жақындасып көңіл костым. Бойдақ кезім ғой, ол «тиемін» деді, мен «аламын» дедім. Бұл сөз алғашкы кезінде бір-бірімізді жақындастыруға дәнекер есебінде болды. Шынына қалғанда екеуімізде де ойнап күлгеннен басқа ескі сөзді, уәдені қозғайтын ой жоқ еді. Ойдың болуы да мүмкін емес Есімбек бай, мен кедей, келінін тартып алсам, ертеңгі күні шаңымды аспанға шығарады. Кедейлік не қылмады!.. Зәйкүл сөзшең қатын еді. Кей кездерде мені қалжындап өлең айтады:

«... Қасымжан, серт байласкан сен емес пе ең,
Ұстаған етегіңнен мен емес пе ем.
Болса да не киындық басты тартпас,
Жүретін кол ұстасып тең емес пе ем...»

Мен өлең шығара алмаймын. Ауылда Текей дейтін бар-ды, өзімнің өлеңім қылып, соған өлең шығартып алдым:

«Деген соң сұлу Зәйкүл, сұлу Зәйкүл,
Айтуға сымбатынды жетпейді тіл.
Басымды тау мен тасқа ұрсам-дағы,
Ешбір іс ретіне келмей-ак жұр...»

Уәй, дариға, талай қызықтар бастан өткен екен-ау!
VІІ

...Ас-су ішіп Әбдірахман екеуіміз үйден шыққанда елдің алды жата бастап еді. Түн тастай қараңғы. Аяндап келе жатырмыз. Есімбектің ауылының сырты ызы-шу, қым-қуыт, Әбдірахман жылдамдай басып менің алдымды орай береді. Біртіндеп жақындаған сайын асыр салып ойнаған балалардың, әзілдесіп ойнап күлген қыз-қатындардың дауыстары айқындала береді. Әлдекімнің арт жағымыздан сыңқылдап күлген даусы естілгендей болды. Әбдірахманды иығынан тартып тоқтатып, күтуге айналдық. Қарандаған екі-үш адамның бойы көрінді.
- Қойшы, қарағым, әурелемеші!
Біреу дауыстаңқырап:
- Қалқажан!
- Әу!
- Менің манағы айтқаным бола ма?
Қыз күлді:
- Жарар, болады...
Жақындап қалды. Дауыс таныс - Айнабайдың қызы. Ауылы Есімбек пен біздің ауылымыздың орталығында, он шақты үйлі керей. Біз ауылының тұсынан өткенде қатындарының дабырлап жүргендері білініп еді.
- Күлзипа келеді, - деп күлдім.
Әбдірахманның Күлзипа десең шамы.
Ағайын арасында аз үйлі керей болғанмен Айнабай деген бірді-бірге соғып, екі елдің арасына от салып тұтандырып жүретін бір қызыл көзді бәле. Ел ішінде Айнабайдың істемеген бұзықтығы жоқ. Анау-мынау адамдар өзінен сескенетін де еді. Қызы Күлзипа сонда 17 шамасында шығар деймін. Орта бойлы, қара сұрлау, тік қабақ, сұстаныңқырап тұратын адам еді. Айнабай өзі кедей уақытында күйеуге беріп, соңғы кезде шел бітіп тәуірленген соң айырғысы келетін. Ел ішінде көзге түсетін жігіт ол кезде Әбдірахман. Айнабай өзі ат арқасына мініп жүрген соң қызын тәуір жігітке бергісі келіп Әбдірахманнан үміттенген:«...Әбдірахманның жайына қараймын ғой. Азын-аулақ мал берсе де үйлесер едік...» деп айтады-мыс деген сөз қашып жүрді.Жеңіл ауыз қатындар Әбдірахман ауылына келсе, «күйеу» деп мазасын алады. Жалпы жұрт - Күлзипаны Әбдірахман қайтсе де алады деп өздерінше сөзді біткенге есептейді. Сол жылы қыс Әбдірахманның әкесі шөп іздеп жүріп Айнабайдың үйіне келсе, Айнабайдың катыны қос қазыны бұзбастан салып етпен сыйлап, ақысыз-пұлсыз бір шана шөп беріп жібереді. Айнабайдың қызының ержеткендігіне және дәулетіне қызығып, Әбдірахманның әкесі құда болуға өте құмарланады. Бірақ Әбдірахман ұнатпайды: «Тіпті сүймеймін, сүймеген адамды не қып аламын» дейді.
Әбдірахманның бұл сырын заман құрбысынан басқа ешкім сезбейтін еді... Әлдеқалай бір жерде кездесе қалса, Күлзипа ұялып, қызарып, тәңірге жазады да алады.
Күлзипа екенін білген соң Әбдірахман жүруге ыңғайланса да, мен жібермедім, қалжыңдасып барғанды жақсы көрдім. Дабырласып сөйлескен күйлерімен бізге төніп келді де, бір келіншек:
- Ибәйі, көтек, мал десек, адам екен ғой, - деді.
Одағайлап шеттей бастады.
- Маржанбикемісің, бері кел, - дедім.
- Мұнысы кім, мені таниды ғой...
- Бар, кім екен, - деді Күлзипа.
Әбдірахман жүре берді. Мен олардың жанына бардым.
- Анауың кім? - десті.
- Әбдірахман.
- Күйеу екен ғой, бізден неге қашты, - деп Маржанбике күле сөйледі. Күлзипа тәлімсіп жеңгесінің құлағына сыбырлап, сыңқылдап күлісті. Аяндай басып Әбдірахманның артынан жеттік. Бізбен жұмысы жоқ, есі-дерті алтыбақанда.
- Амансыздар ма, - дегеннен басқа еш нәрсе айтпады. Күлзипа сызылып жеңгесінің артына таман жүріп отырды.
Алтыбақанға жақындадық. Сөйлеген сөз, ойнаған ойын, қарандаған адам - бәрі де анық көріне бастады. Нақ біздің келуімізді күткендей екі қыз арқанға асылып ырғалып ән салды.
Шұға құдашаларың әнді бастады, - деді Маржанбике. Нақ сол минутта шыққан ән шынында Шұғадан басқаға лайықты емес еді. Сондағы айтқан өлеңі әлі құлағымда.

«... Не мұндық, бұл дүниеде қыздар мұндық,
Атадан болып мұндық неге тудық.
Атадан мұндық болып тумас едік,
Бұрынғы ата-баба жолын қудық...»
VIII

...Жас кездегінің бәрі қызық қой, әсіресе, сол Әбдірахманмен бірге ойында болған түн менің әлі күнге есімнен қалмайды; бір түрлі көз алдымда елестейді де тұрады.
Біз келгенде ойын жаңа басталған екен. Шұғалар өлендерін тоқтатып, арқаннан түсті. Жай әзілмен көп уақыт оздырдық.Домбыра алдырып Әбдірахман ән салды. Бишара, жігіт еді ғой.Ондай ойындарда бір түрлі ұстайтын арқасы бар еді. Өлеңді түйдектетіп үзбестен соқты. Жұрттың бәрі Әбдірахманның аузына қарады. Жатып қалған бірен-саран кемпірлер шапандарын жамылып келіп өлең тыңдасты. Ойын-күлкінің қызығымен таң атқанын да білмей қалдық. Жұрт біртіндеп ыдырай бастады. Маржанбике маған жақындаңқырап сыбырлап:
- Қайтпайсыңдар ма? - деді.
- Жүр, қалқажан, - деп Күлзипаны ертіп о да жөнелді. Уақ-түйек балалар, Шұғаның жеңгесінен басқасының бәрі кетіп бітуге айналды.
Шұға жәй сөйлескені болмаса, Әбдірахманмен онша ежіл-қозыл бола алмады. Мен Зәйкүлмен сөйлесіп, Әбдірахманның Шұғаға ынтықтығын айттым.
- Қайдан білейін, оқыған жігіт қой. Оқығандығына қызбаса, бұрын мұның әкесіндей жігіттерге де барған жоқ еді... мен қолымнан келгенін аямайын, -деп күлді.
- Жеңеше, қайтамыз ба, - деді Шұға.
- Неге асықтыңыз, - деп Әбдірахман жанына жақындады.
Біз қашығырақ отыр едік. Күбірлесіп сөйлесті. Оқта-санда Әбдірахманның «жас жүрек...» деген дауысы естілді. Әлдене уақытта Әбдірахман:
- Кош болыңыз,- деді.
Жалт қарасам, Шұға үйіне кетіп бара жатыр екен.
- Тентекжан-ау, мені тастап бара жатырсың ба, - деп Зәйкүл де тұра жөнелді.
IX

...Әбдірахман ойыннан көңілсіздеу болып қайтты. Шұғамен сөйлескен сөзін, жай-күйін айтып мұңайды.
- Осы менің кедейлігім-ау, бай баласы болсам, Шұға сөзсіз қабыл алар еді, -деді.
Әзілдесіп тұрып Әбдірахман көңілін білдірсе, Шұға түсінбегенге салыныпты. Салған жерден бола қоймады деген мұныкі де тентектік қой...
Қалтасынан бір бүктеулі қағазды алды да:
- Мына хатты Шұғаға жазып отырмын. Менің ойым, Шұғамен көңіл қоссам, алып қашып кету еді. Болмаса, мың жылда Есімбек маған қызын бермейді де, және оған беретін менде малда жоқ. Не жауап қайтаратынын кайдан білейін, - деп күрсінді.Ажарында бір түрлі кейістік бар еді. Хатты ашып оқыды. Құдай берген өлеңді аясын ба, ұзыннан-ұзақ жазған. Сондағы Шұғаға жазған хаты:
«... Сіз бір айсыз нұрландырған аспанды,
Буландырған, уландырған жас жанды.
Біз бір ғаріп паналаған саянда,
Жас жүректе мықты жара басталды.
Кірді нұрың, отты жақты ішіме,
Көтерем деп сене алмаймын күшіме.
Бірінші зар шықты тілден мұнданып,
Бұдан бұрын айтылмаған кісіге.
Жас жүректің жалқынды деп тілегі,
Жарамдысын сізден қалап тіледі.
Әзіріне үміт қаптың тауындай,
Жазмыс түрін жауап қайтса біледі.
Минут, сағат, күндік, айлық қол емес,
Тілейтінім, жүдейтінім ол емес.
Көрсе қызар, антын бұзар кылжақбас,
Тұрлауы жоқ әсіре қызыл мен емес.
Бір көргенде сикырланып ақыл-ой,
Бал сөзінде қалды ынтам бір қанбай.
Қырық бүктеліп келсе хатың тұмардай,
Жылы жүзбен көңілді жай кылардай.
«Болад» деген жалғыз ауыз сөз тапсам,
Көңіліме сақтар едім құрандай...»
Түсте қойдан келгенде Базарбайды шақыртып алып хатты бердік. Шұға жауап жазса тоқтаусыз әкеліп жеткіз дедік.
Әлі есімде. Біздің үйдің сыртында бір кішкене көгал бар-ды. Ауылға келген қонақтың бәрі ат арқандап шалғынын жапырып тастаған. Көгалдың түстік жағында ыстықтан шыбындап жатқан қойлар. Бірен-саран кісілер шыжыған ыстыққа қарамай қойын құрттап, жабағысын қырқып жатыр...
Әбдірахман қайда кеткен деп іздеп жүрсем, қойдың қотанының жел жағында шалғынға бауырын төсеп, көгалдың ортасында жатыр. Қасына келіп:
- Батыр-ау, мұның не? - дедім.
- Қайтейін, үйде отырғым келмеген соң жатқаным ғой, - деді.
Бір түрлі қалың ойға шомып, екі көзі елдің сыртында, бірдемені күткен адам секілді. Не күткені белгілі - Базарбайдың келуі. Шұғаның хатты қалай қарсы алары белгісіз. Бұрынғы қалпын істесе, оқымастан жыртып тастайды. Оны Әбдірахманның өзі сезетін. Хат жіберуге екі оқты болған соң, мен демеп жібердім, өйткені - ойында оңаша сөйлескенімде:«Атаққа шыққан жігіт қой, хат жазып көрсін, онша теріске кетпес» деп Зәйкүлдің айтқаны бар-ды. Жаңа бір сөзінің ретінде «тентекжан осы жігітті аузынан тастамайды» деп сездіріп еді.Әйел жайын әйел біледі ғой. Әрі сырлас жеңгесі, бір амалын табар деп мен Зәйкүлге сеніп едім.
Әбдірахман көпке шейін үндемей жатты. Күн ыстық. Жұрттың бәрі көлеңкеде... мен сөз бастадым:
- Шұға кайтер екен.
- Қайдан білейін, - деді. Күрсінді. Үміт аралас уайым көз
жанарында ойнап тұрды.
Біз орнымыздан тұра бергенде Есімбектің ауыл жағынан жүгіре басып келе жатқан Базарбай көрінді. Әбдірахман бәйек тауып тұра алмады. Жақындаған сайын Базарбайдың бет-ажарына қараймыз... Арсаландап күліп жетіп, етігінің қонышынан бір жапырақ қағазды шығарып Әбдірахманға берді. Қолы дірілдеп Әбдірахман ашып оқыды:
«Құрматлу мырза Әбдірахманға сәлем соңында айтарымыз: хатыңызды алдық, қазір пәлендей жауап бере алмаймыз, айыпқа бұйырмаңыз. Жазушы Шұға».
Әбдірахман тұнжырап отыра кетті, баладан ауызекі сұрай бастадық:
- Үлкен үйінде отыр екен, жеңешем шақырады деп далаға шығарып алып хатты ұстата беріп едім, «қағынғыр, мұның не?» деді.
-Оқысаң білесің деп едім, бетіме қарап жымиып күлді де, ашып оқыды. Сосын қалтасына салып отауға барды. Мен қалмадым. «Қағынғыр, кетсейші, жұрттың хатын тасып осы сен-ақ мазамды алдың ғой» деп тағы күлімсіреді. Бұрын хат бергенімде ашуланып жыртып, бір-екі күнге дейін маған қымыз бергізбей жүретін. Бұл жолы ондай ашу шақырмаған соң дәмеленіп, «апеке, жауап жазып берсейші, ешкімге сездірместен апарып берейін» деп жалындым... Кішкене отырды да, осы қағазды жазып берді, - деді Базарбай.
Хатында ашық жауап бермесе де, баланың айтуымен Шұғаның ыңғайын байқадым.
- Енді Шұға құтылмайды, - дедім.
Әбдірахманның ажары кіріңкірейін деді...

Х
...Хат жазысқан соң көп ұзамай-ақ Әбдірахман Шұғамен жақындасып кетті. Бірін-бірі сүйгендігі сондай, аз уақыт көрмесе, ынтық болып өле жаздаушы еді. Екеуі де менен сырын жасырмайды. Есімбектікіне қымыз іше қыдырып барсам, Шұға жайрандап қоя береді. Оңаша жер болса сұрайтыны Әбдірахман.
- Жолдасың қайда? - дейді.
Өне бойы бір елде жата беру оңай ма? Еліне кетіп Әбдірахман он шақты күн кешіксе, Шұға мазамды алады:
- Не ғып келмей жатыр, хабар білдің бе, аман ба екен? - деп. Әбдірахман мен Шұғаның арасындағы сүйіспендік бірден бірге жайылып, бүкіл ел хабарланды. Жалпы жұрт пәлен демегенмен Айнабай тыныш қалмады. Шұға мен Әбдірахманның көңіл қосқан қалпын есіткенде Күлзипа жылапты деп қатындар өсек қылып жүрді. Үміттеніп жүрген адамы қызын менсінбей тастап кеткен соң Айнабай не қыларын білмей Есімбекке хабар тигізіпті: «қызы бұзылды, Әбдірахманмен бір күні кетейін деп жүр» деп.
Есімбектің үй іші есітіп бұлан-талан болыпты. Шұға не қыла қойсын; таздың ашуын тырнадан алып Базарбайды айдап шығарып жібереді. Мені үйінің маңайына жуытпайды. «Көптен көрші болған ел едік, арамызға салқындық түсірме...» деп шалдар үгіттеп Әбдірахманды жолынан тайдырмақ болды. Әбдірахман бәріне де:
- Шұға айныса амалым жоқ. Егер Шұға сөзінде тұратын болса, не қиындық болса да көрем. Алмай тынбаймын, - деумен болды.
- Орысша оқыған дінсіз неме, көптің сөзін аяқ асты қылды, - деп шалдар Есімбектің жағында болды. Әбдірахманды жақтайтын кілең жастар, жататыны біздің үй. Жұртта да дін жоқ қой, «ақсақалдарға қарсы болған адамды үйінде сақтады» деп, менің басымды іске байлады. Есімбектің жоғалған атын мен ұрлады қылып, бір бұзаулы сиырымды төлеуге әперді. Көпке топырақ шашасың ба, құдайдың салғанына көндік те отырдық.
Көптің талқысы қиын ғой. Соңғы кездерде қорқытайын деді.Есімбектің балалары бірнеше бозбалалармен түн болса аңдитын болды. Қолдарына түссек жоқ қылып жіберуі шексіз еді.
Бұрынғыдан гөрі қатынау сирей бастады. Шұғаны сағынғанда Әбдірахман өлең айтатын болды:

«... Жаным сүйіп жарым деп сеніп едім,
Құрбандыққа басымды беріп едім.
Айтылған сөз, уәде, сертім үшін -
Ат сабылтып, Шұғажан, келіп едім.
Бұрын жақын ауылың алыстады,-
Андып жүрген бір дұшпан қалыспады.
Екеуімізді ынтық қып екі жақта -
Тағдырдың неге мұнша қарысқаны!..»
XI

...Айнабай Есімбекті құтыртқанымен қанағаттанбай Әбдірахманды басқа жөнмен мүдіртуге де кіріскен, «түріктерге жасырын ақша жиып жүр...» деп Әбдірахманның үстінен арыз беріп жүр деген еміс-еміс хабарды есітіп шошынып жүрдік.Әбдірахман ойына еш нәрсе де алмады, біздің үйде жатты да қойды. Ертенді-кеш азабы Шұғаға қалай жолығу, қалай сөйлесу... Бұрынғыдай хатын таситын Базарбай да жоқ, Зәйкүлді екі бастан көре алмаймыз, әй, қиын-ақ болды-ау...
Бір күні кешке жақын ауылдың сыртында белеске шығып отырдық. Бетіміз Есімбектің ауыл жағында, көз ұшында бұлдырап көрінген адамдардың әйел екенін, еркек екенін айыра алмаймыз. Есімбектің үйі ауылдың орталығында. Сол маңайда жүрген адам Әбдірахманға Шұға болып көрінеді... Екеумізде үн
жоқ, ол Шұғаны, мен Зәйкүлді сағынам... Ұзамай өрістегі сиырлар жыбырлап елге қайта бастады. Жаппастардың маңайы лек-лек болып түйемен толы.
Ауыл іші ың-жың дауыс - маңыраған қой, мөңіреген сиыр,шұрқыраған жылқы. Ағытқан құлындар ойнақтап, шаң аспанға шықты... Бәрін де көрдік. Біріне де көңіл бөлгеніміз жоқ. Ой басқа.
Әбдірахман сөз бастап:
- Шұғадан бүгін хат алдым-ау, - деді.
- Не жазыпты?
- Сағындым депті. Үйдің ішінің бәрі де қас көрінеді. «Басым қатты ғой, құтылудың амалы не» депті.
- Жаздым. Кетейік дедім. Хатты жіберетін адам табылмайды ғой, егер анық уәдесін алсам, ұзамай кетер едік...
Біздің әңгімеміз аяқтала бергенде, екі ауылдың ортасындағы ағытқан қалың жылқының арасынан жіңішке жолмен шаңдатып бір пар атты шыға келді. Жүрісі қатты, асығыс адам секілді. Арт жағында жалбандап шоқытып келе жаткан бір салт аттысы бар. Біз сөзді қойып арбалыға қарадық. Жақындаған сайын адамы айқындалды.
Біреуі орыс секілді, менің жүрегім тас төбеме шықты. Қалтырап кеттім. Далада отырғанша үйге барайық деп едім, жоқтан қорқасың-ау, - деп Әбдірахман күлді.
Арбалы ауылға төніп келіп біздің үйге бұрылды. Көшірі бір жас жігіт. Қатар отырған екеудің біреуі орыс.
- Құдай ұрған шығар, - дедім.
Әбдірахман да сұрланыңқырап кетті. Аяндап үйге қарай жүрдік. Орысы қарғып түсіп «осы ма» деген адамға ұқсап бізге қарсы тұра қалды.
- Әбдірахман кім?
- Мен.
- Әйда, киін, болысқа барамыз, - деді орыс. Стражник екен.Мойнында қылышы, мандайында жарқырауығы бар.
- Мені қайтесің, - деді.
- Мен білмеймін, пристоп шақырады.
Қарсыласар дәрмен жоқ, естен танып қалдық. Жалма-жан атты жектіріп мен алып жүрмекші болдым. Ауылдың сексендегі шалы, сегіздегі баласына шейін жиылды, бәрі де тамаша көрді...әй, жұртта да дін жоқ-ау!.. Менің әжем Әбдірахман үшін ботадай боздап жылап жүргенде, айызы қанған адамша табалап насаттанып тұрғандары болды... Есімді білген соң Әбдірахманға біраз жолдас болдым ғой, құдай біледі, қазақ баласына инедей қиянаты жоқ еді. Қадір білетін жұрт кайда?

XII
...Күн бата ауылдан шықтық. Біздің де жеккеніміз пар ат.Делбені өзім ұстадым. Жол Есімбектің ауылының үстінен баса жүреді. Қатты шыққан қарқынымызбен келіп қалдық.Әбдірахманның екі көзі алдында. Алдымызда жүз саржын шамасында Есімбектің үйі тұр, бірақ Шұға көрінбейді. Шіркін-ай, сүйіспендік те қиын ғой.
Жаңа жеккен ат басымен алысады. Енді кішкене жүрсек, өтіп те кетеміз. Бірақ өткіміз келмейді. Аттың басын тежей берем. Кім біледі, бұдан кетсе Әбдірахман Шұғаны мәңгі көре алмас, яки көрсе де біраз уақыт сағынуға тура келер деген ой елестейді. Бірімізге біріміз сөйлеспесек те біріміздің ойлағанымызды екіншіміз біліп келеміз... Бұрын түнде барғанда маңынан жүргізбейтін Есімбектің аю төбеттері үріп алдымыздан шықты.Есіктің алдында бірталай адам жағалай отыр, көздері бізде.Әңгімені соғып отыр. Кім біледі, әлде бізді мазақ қылып отыр ма?! Басына кимешек киген Шұғаның үлкен жеңгесі қараша үйдің белдеуіне ботаны байлап түйе сауып отыр.Үлкен үй мен отаудың арасында бәйбіше теңселіп жүр. Бәрі де маған қуанышты секілді көрінді. Біздің кетіп бара жатқанымызға таңырқаған ешкім жоқ секілді, ұсталып айдалатынын әлдеқашан бәрі де біліп қойған тәрізді. Бәрі де күліп жүр, бәрі де босып жүр...
Бірақ Шұға жоқ...
Әбдірахман кенет:
- Айда! -деді.
Ат тоқтауға айналған екен. Делбені жиыңқырап ұстап, айдай бергенімде ауылдың сырт жағындағы құдықтан келе жатқан екі әйел көрінді. Біреуі Шұға! Апырым-ау, жаман қуандым. Көзімнен жас шығып кетті. Қатарласып келгенімізде бізді танып екеуі де сұстиып тұра қалды. Зәйкүлдің иығында шелек, Шұға жанында бос еріп келе жатыр екен. Әбдірахман арбадан қарғып түсіп жүгірді. Құшақтар, сүйер деп едім, әйтпеді, жұрттын бәрі самсап қарап тұрған соң ибалық қылды білем...бекер ұялды, кұшақтау керек еді, сүю керек еді!
- Апырым-ай! Қайда барасындар, - деді Шұға.
- Болысқа айдап барады, - деді Әбдірахман.
Шұғаның көзінен жас мөлдіреп қоя берді. Арбаның үстіндегі мен де еріксіз жыладым. Зәйкүл шіркін қорқақтау еді, жалтаң-жалтаң қарады да:
- Ойбай, тентекжан-ау, жүр, ауылдың адамдары жүгіріп келеді, - деп шелегін жерден көтеріп-ақ алды.
Айрылмай амал жоқ екенін екеуі де сезеді. Бірінің көзіне бірі қарап қатты да қалды... Арт жағымызда айқай-ұйқай, боқтау, жүгірген адамның аяғының дыбысы. Алдымызда біраз жер барып тоқтап бізді күтіп стражник ойбай салып жатыр.
- Әбдірахман!
- Қош! - деді.
Теңселіп келіп арбаға мінді. Көзінің жасы мөлдіреп ағып бетін жуып кетті. Біз атты айдай бергенде карлыққан дауыспен:
- Қош, қалқам, қалқам!.. - деді Шұға.
Кемсеңдеп жылап отыра кетті.

XIII

...Әбдірахманды пристоп дуанға алып кетті. Мен жылап-жылап қайттым. Жанымда Шұғаға тапсыр деген хаты бар. Елге келгеніме 5 - 6 күн болса да, ретін тауып бере алмадым.
Біз елден кететін күні, кешке жақын далада сөйлескенді шам керіп Есімбек Шұғаны жаман сөгіпті. Ағалары да қатандық қылған білем. Содан бері Шұға жылауда, тамақпен жұмысы жоқ десіп жүрді. Бірер күннен соң «Шұға ауру екен, төсек тартып қалыпты» дегенді есіттім. Ауыл арасы жа


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

(Әңгіме)
I
Кәрібай молда сақарын ішіп, таң намазын оқығаннан бері дәйек тұтып үйде отыра алмады. Күн шығар-шықпастан-ақ азғана сиырын қорадан айдап шығарып, ауылдың сыртындағы шоқ шырпының арасындағы іркілген ауылдардың жілігімен қақпаланып айдап отырып, Құламбай томарының жел жағынан өріске бет алдырды. Ілесе ауылдың басқа адамдары да малдарын айдап өргізе бастады...
Уақыт апрельдің аяқ шені еді. Күн ашық, жылы, тынық.Жердің бетіндегі жаңа тап беріп келе жатқан көк, шықтың суымен малшынып, сәулелі күннің көзімен маржан секілденіп жылтылдап тұр. Аспан жүзі толған бозторғай -шырылдаған үні кұлақ тұндырғандай...
Кәрібай молда қолында қайың таяғы, табиғаттың әдемілігіне сұқтанған адам секілденіп жан-жағына аз-кем қарап тұрды да, томардың күнбатыс жағындағы ескі апандардың басына келіп, үйілген топырағына шықты. Тынық суда емін-еркін жүзіп жүрген үйректер Кәрібай молдадан сескенгендей, сол тыныштықты бұзғандыққа лағнат оқыған секілді. Томардың тұс-тұсынан пырылдап ұшып барқылдап ән қоса бастады.
Кәрібай молда оны ескерген жоқ. Оның есі-дерті ауылда келе жатқан Салқамбайда болды. Апанның басына келгенде де, биік топырағына шыққанда да оның түпкі ойы - Салқамбайға жолығу еді. Биік жерге шығып тұрса Салқамбайды күткендік білінеді. Молдекеңнің күтіп тұрғанын сезсе, Салқамбай сөзсіз қасына келеді...
Салқамбай малын өріске беттетіп, талтаңдап томарға бет алды. Кәрібай молда Салқамбаймен ұшырасудан көп нәрсе білем бе дейді. Ауыл бір болғанмен екі атаның баласы екі тап. Бір таптың бастық ақсақалы Кәрібай молда болса, екінші жағынікі Салқамбай. Екі атаның балаларының татулығынан араздық көп-ті. Болмашы нәрсені сылтау қылып біріне-бірі жала жауып, ақырында басы кетуге айналған соң сыртқы ақсақалдардың қона-түстене жатып айтқан биліктерімен екі жағы да сөзді тастайды... Сонда оқиғаның бірі қыс ішінде болып, алты айғы қыс шабуылдап, «бітімші» аксақалдар етті бітіріп олжа қарастыра бастаған соң өзді-өзі ағайын болып табысып еді.Бірақ, «табыстық» деп біріне-бірі келгенде жылтырап сөйлесе де, іштегі кектері арылып кеткен жоқ. Арылмағандық көбінесе қатын-балалардан белгілі. Қатындардың болмашы нәрсені сылтау қылып ұрысулары, балалардың екі жік болып төбелесуі ескі араздық, ескі кектің әлде болса да тазарып бітпегендігіне айқын дәлел ісі. Кәрібай молданың Салқамбайды күтуі де сол жөнінен еді. Бүгін түнде Кәрібай бір іс істеп отыр. Ол істі шариғат жолымен қарағанда дұрыс деп тапса да, законға қарағанда қилап екенін сезеді, өзінше құдайға кінәлі болмаймын ғой деп белін байлаған соң, адам жағын көріп алармын деп істеп салған. Ендігі қысылатыны - ауыл көршілерінің біліп коюы Салқамбай жағының құлағына тисе, дереу барып сүйінші сұрауы мүмкін, Кәріекең Салқамбаймен кездескенде оның ажарынан, сөйлеген сөзінен ыңғайын танимын деп тұр. Егер Салқамбай сөзшең болса, «туысымыз бір еді, алауыздықты қойып бүтінденейік» деп үгіттегісі келіп те тұр.
II
Ақ таяғын артына ұстап, тері тымағының бір құлағы жымқырулы, ерінінде бұлтиған насыбайы, сиректеу бурыл сақалының көбі насыбай суының түкірігінің шашырандысымен боялып сарғылттанған, кішкене көзі ойнақшып Салқамбай келді. Сәлем берді.
- Жарықтық жаздың нышанашы әдемі-ау, - деп Салқамбай
Кәріекеңмен қатарласа таяғын жерге тіреп таяды.
- Кұдай берер, өне бойы қыса берер дейсің бе?
- Кұдай берер-ау, бірақ жұрттың бейілі түзелмей жүр ғой. Жұрттың бейілі түзелсе береке кірер еді, -деп Салқымбай Кәріекеңе қарады.
Кәріекең қызарайын деді. «Білген екен ғой» деп жүрегі тітіркеніп кетті.
- Жұрт тәубе-таупықтан кетті ғой, шариғаттың бұйрығын істейтін жан жоқ. Егер мұсылман баласы болып шариғаттың жолымен жүріп отырса, баяғы дәурен сөзсіз-ақ қайтар еді, -деді Кәріекең. Өзінше істеген ісінің шариғатқа қилап еместігін Салқамбайға сездірдім бе деп ойлады. Бірақ Салқамбайдың қалай түсінгенін өзі білсін, бұрынғы ізінен танбады.
- Шариғат жарықтықтың жолын жұрттың көбі надандықпен білмейді. Бірен-саран біледі деген адамдар шариғатты аяғына басады, сонысы-ақ жәбір, - деді.
Кәріекең бұл жолы бұрынғысынан да жаман қызарайын деді. Кеуілге күдік кірді. Молдалық жөнін салыстырғанда Салқамбайдың оқуы артық. Кәрібай ауыл молдасынан оқумен ғана молдалық құрып кеткен.
Салқамбай Таңатар қажының медіресесінен екі жыл оқыды. Әкесі дәулетті болған соң, молдалық қалпын кумай, шаруашылығына айналып кеткен кісі. Жас кезінде шариғат салыстырғанда Кәрібайды жеңіп кете беретін. Оның үстіне бұл жолғы істеп отырған ісінің шариғат көзімен қарағанда дұрыс екендігіне Кәрібайдың өзі де күмәнді. Дәлел ғып ұстағаны - жас кезінде оқыған молдасы мен Ақсақ молданың риуаяттары, «кәпірдің және ұрылардың малын алып жеу дұрыс» деп Ақсақ молда талай айтатын. Кітаптан өз көзімен көрмеген соң, оның үстіне Салқамбай баспалатып жіберген соң Кәрібай терлейін деді. Сондықтан қолайсыз әңгімені екіншіге бұрды.
- Заманның, әйтеуір, бұзылған кезі ғой. Ағайынның татулығын сүйетіндер де, сүймейтіндер де бар. Әлден келгенше бірлік-берекеге тырысайық. Осы ауылда екеуімізден үлкен кім бар. Біз әділдігімізді, бүтіндігімізді айтып отырсақ, сырт бізге не қылар дейсің.
Салқамбай екі ұшты жауап берді:
- Ол дұрыс қой, бүтіндікті кім сүймейді. Сені мен маған қалғанда сөз жарасы жеңіл. Бірақ «ер жеткеннің еркі өзінде» деген, кейінгі жастардың міндетін алу қиын ғой... деді.
Салқамбайдың екі ұшты сөзі Кәрібай молданың үрейін алды. «Бұлар сүйінші сұрауға адам жіберген екен» деп ойлады. Бір орында тыншып тұра алмай, қайың таяғымен топырақты шұқып қаза берді. Салқамбаймен әшкере сөйлесіп, сырын айтып жалынғысы да келді. Бірақ, Салқамбайдың ағайыншылыққа көніп, әңгімені бүркейтіндігіне көзі жетпеді. Бәрінен бұрын істеген ісінін шариғат қарауынша дұрыс, дұрыс емес екендігін білмегендік қинады. Жол бойынша айыпты болса да, шариғат қарауында дұрыс болып көрінсе, ең болмаса баяғыдан бері молда атанып садақа алып жүрген атағына кемдік келмес еді. Жұрт анығын білсе де: «Бишара, қайтсін, шариғаттан шыққан жоқ екен ғой» дер еді...
Көкшолаққа жайдақ мінген бір бала шауып келіп:
- Ата! -деді.
Салқамбай жалт қарады.
- Сізді папам шақырады.
- Неге?
- Білмеймін...
Таяғын артына ұстап Салқамбай ауылға жөнелді. Кәрібай молда апанның басында тұрып қалды. Ауыр күрсінді.
- Болмады... іс бұзылды. Кұдай-ай, тым болмаса шариғат қарауында дұрыс болып, абыройым ашылмаса игі еді...- деді.
Қайтты. Кітаптарын ақтарып, бірер риуаятын табуға ойлады.

III
Кәрібай молда үйіне келгенде қатыны Қадиша, ұзыншалап салған пештің қасында, екі аяғын көсіліп, алдында жаюлы ескі тулақ, жүн түтіп отыр еді. Баласы Рақым түнде ұйқысы бөлінген адам секілді, төсегінен жаңа тұрып кішкене бөлме жақта қатынымен екі қара құманнан шай ішіп отыр еді.
Кәріекең ешқайсысына да назар салмады. Оның бірінші жұмысы кітаптарын ақтарып, күмәнді жұмысын адалдайтын бір «риуаят» қарастыру болды. Төсегінің бас жағындағы сөреде шаң-шаң болып қатарланып тұрған ескі кітаптарды біртіндеп алып жерге қоя бастады. Кейбіреулері түрлі түсті сисамен тысталған, бірсыпырасының сыртқы қатырғысы, бірер қағазы -қатыны салақ үйдің жамаулы құманы мен кеселері секілденіп, қамырмен жамалған қырық құрау әлемденген кітаптар төсегінің үстін алып кетті. «Мынау не қылайын деп жатыр» деген адам құсап, өскен жүнін тоқтатып, қатыны қарады. Бұрын-соңды земленкеден киіз үйге шыққанда, я земленкелерге кіргенде болмаса, Кәріекең ұйықтап жатқан кітаптарының мазасын алмаушы еді.
Қатыны шыдап отыра алмады:
- Бірдеме іздедің бе? - деді.
- Нең бар?
Ашулы қалыппен ажырайып қарады. Төр алдындағы сабалақ жүнді тері көрпенің үстіне отырып омырау қалтасынан көзілдірігін алып киді. Ыдырап жатқан кітаптардың өзіне таяуын қолына ұстады. «Қырыққадыс» екен, бір-екі қағазын аударып жіберіп оқуға кірісті. Арапшаның мағынасына түсінбесе
де, қарап отырған қатынына сыр білдірмейін деген адам құсап, тамағын бір-екі қырып алып:
- «Қала» айтты пайғамбар ғалайсалам. «Мән» - бір мән, - дейді. Аяқ жағын аузын жыбырлатқан болып күбірлетіп жіберді. Шынына қалғанда, «қала» деген сөзді әптиек тәпсірінен үйреніп еді. Арапша кітаптарды көрсе, ашып оқыған жерінде «қала» деген сөз болмаса да, қараушылар сезіктенбесін деп, «қала» айтты пайғамбар ғалайсалам...» деу, Кәріекеңнің бұл әдеті қатынына да, бала, келініне де мәлім еді...
Екінші кітапқа жармасты. Ашып жіберген ыңғайында өзінің молда болып жүрген күніндегі оқитын жері кездесе кетті. Тамағын бірер кенеп алып соғып жіберді:
«Көрің қадір-құдіретін,
Білсін даю сұңғатын.
Мұстафаның үмбетін,
Мұндағы тәжрап кылдия...»

«Қалай екен?» - дегендей қатынына көзілдірігінің астынан қарап қойды.
Имандық секілді бір кішкене кітапты ұстады. Бұл - «ісмі ағзам дұғасы» екен. Басынан тегіс ақтарды. Орта шеніндегі бір дұғалыққа тесе қарады. Ол мынау еді:
- Әгәр кім ерсе - бұ дұғаны күніне сексен үш мәртәбә оқыса, не бар мақсаты қасыл болып, жүзі жарқын болғай». Әгәр кім бұ дұғаны мойнына тұмар қылып тақса, дұшманлары аулақ болғай». Әгәр кім бұл дұғаны езіп ішсе, дұшманларынан сөзі үстем келгәй...»
Кәріекең куанып кетті. Дұғалықты алдына қойып, басын жоғары көтерді. Көзілдірікті алып жанына қойды. «Сен не білдің?» деген адам тәрізденіп, қатынына қарады. Тозығы жеткен жамаулы көйлектің етегін, тізесін бүккенде жыртылып кетпесін деп, қатыны түріп отыр еді.
- Әй, мұндар, жапсайшы тізенді, нәмахрамды білмейтін бе едің?! - деді.
- Байғұс-ай, мен келіншек пе едім.
- Келіншек болмай кемпірмісің?! Мен жігітпін деп жүрмін ғой. Кемпірлікті мойныңа ала берме, тастап кетермін, - деп жымындады.
Түнгі окиғадан бері түйткілденіп не қыларға білмегендіктен Қатша да ермек үшін түтіп отыр еді. Байының көңілденгеніне мұның да іші жылыды.
- Тастасаң таста, жесірің дайын ғой. Тек құдай ошақтың үш бұтына есендік берсін, - деп күрсінді. Бірақ молданың неге көңілденіп отырғанын сұрауға батыршылығы бармады.
IV
Кәріеке дұшпанының тісін батырмауға кіріспек болды. Каптаған қалың жау келсе де, «ісім ағзам дұғасы» крепость қызметін атқаратын секілді болды. Жайнамаздың үстіне отырып сексен сегіз рет оқып шықпақшы болды. Ұзыншалау қағазға жазып, оң жақ қолтығына тұмар қылып тақпақшы болды. Бірақ қазіргі сағатында бір қиын жері - Кәріекең ораза. Езіп дұға ішсе аузы
ашылып кетеді. Кешті күтсе оған дейін «дұшпандардың» келіп қалуы да мүмкін.
Апалақтап тағы кітапқа жармасты. Бұл жолғы іздегені «Ғыбадатслам» кітабы еді. Одан оразаны қандай уақыттарда ашуға мүмкіндігін қарамақшы еді. «Ораза пасылын» ашып жіберіп қарай да бастады. Бірнеше заруаттарда ауыз ашуға болады деген, оның ішінде Кәріекеңе дөп келетіні - «жау қамап, жан қысылғанда» деген жері. Кәріекең нақ қазір қысылып тұрмағанмен ұзамай бір тықырдың болатындығын сезіп тұрған секілденеді. Сондықтан осы риуаятқа сыйғызып ауызды ашу керек.
Кітапты тастай беріп шегеде ілулі тұрған сия мен қауырсын қаламын алды.
- Кесе әкелші, қатын! - деді.
Кестелі алашадан істелген жай намазын құбылаға қаратып жайып, шарт жүгініп отырды. Қауырсын қаламды қою сияға малып кесенің түбіне жаза бастады. Қатыны сыртында қараумен тұрды. Қызыл бояумен істелген кесенің ішін қып-қызыл қып бояп, артына карады:
- Су әкелші, қатын! - деді.
Қатыны аң-таң, себебін сұрауға бата алмайды, дереу су әкелді. Бояуды шайып ішуге ыңғайланған соң қатыны шыдап тұра алмады білем:
- Байғұс-ау, ішпекпісің, оразаң қайда? - деді.
- Мен шариғаттың бұйрығынан тыс іс істемеймін ғой, жүнінді түте бер, қатын!.. - деді.
Езілген бояуды ішіп те жіберді. Тілше қағазға тұмар жазып, қатынына тыстатып алып он қолтығына тақты. Жаңылмау үшін алдына ишаннан алған таспиғын қойып, қасиетті дұғасын жетпіс екі рет оқып бола бергенде:
- Салаумалейкүм! - деп біреу кіріп келді. Бұл Тайлақбай еді. Бет-аузы қап-қара болып түтіккен. Пішінінде бір түрлі ашу, ызаланғандық бар.
Тайлақбайды көргенде Кәріекеңнің тұла бойы дірілдеп кетті. «Ісім ағзам» бояуының қасиеті сағатында тимей қалды. Әйтсе де өзін-өзі ұстап, жай намазда отырған күйі бұрылды.
- Тайлақбаймысың, жоғары шықсайшы.
- Мен төрге шығарлық болып жүргенім жоқ. Мандайдағы жалғыз биемді бүгін ұры алды. Соның ізі осы ауылға келіп тіреліп тұр. Я менің биемді беріңдер, я ізімді шығарып бересіндер.
Кәріекең сұрланып кетті. Жүгінген күйінде калтырау күшейген соң, малдас құрып отырды. Сылтың-жұлтың бойына қарап, қатыны да жүнін жия бастады.
- Кәне, Кәріеке, отырмаңыз.
- Барайын, шырағым, Салқамбайларға, ана Дәуіттерге айт.
Тайлақбай жөнелді. Кәріекең аң-таң болып, есінен айрылған секілденді. Бағанаға сүйенген келіні ауыр күрсінді. Қатыны пештің артындағы қыстырулы ала қапты алып жүнін сала бастады. Сабалақ жүнді жуантық тарғыл мысық бөлме жақтан пырылдап келіп, кемпірдің алдына тығылды. Өзінше о да қорыққан, тығылуға жер іздеген тәрізденді, есік сықыр етіп ашылды.Кәріекең де, қатыны да, келіні де, тарғыл мысық та селк еткенді, жүрек те біліп ауызға тығылғандай, барлық дене қалтыраған секілді боп кетті. Қара бұжыр, делдек танау, көзі ұясынан шығып адырайған, ұзын бойлы, сөмпиген бір жігіт үйге кірді. Бұл Кәріекеңнің жалғыз баласы, казақша айтқанда көзінің ағы мен қарасы. Бағанаға сүйенген келіншек соның қатыны. Пеш жанында қапқа жүн тығып жатқан сарғылт түсті, қорқак пішінді кемпір - соның шешесі.
- Құдай-ау, пәле-жаланды жалғызымнан аулақ қыла көр, - деп кемпір жылап жіберді. Енесінен қалмай келіннің көзінен де жас шұбырды.
Кәріекең батырланды.
- Қойындар!.. Немене, жоқ сұмдықты бастағандарың?
Жайнамазды жиып тастай беріп түрегелді. Бірдемеге ыңғайланған адам секілденіп баласына қарады:
- Салқамбайлар қайда екенін білдің бе?
- Үйінде шығар.
- Тайлақбайдың келгенін білдің бе?
- Білдім...
Әлденені ұмытқан секілденді. Кішкене кідіріп жүре берейін дегенде, «Ісім ағзам дұғасының» он алты рет оқитыны қалғаны есіне сап ете түсті. Кайтадан жайнамазын жайды, қайтадан жүгініп отырды. Көңілін жіңішкертіп, тілекті тілемекші болды. Күбірлеуді қойып, ашық үнмен он алты рет саудырлатып оқып шығып, қолын жайып бата қылды.
- Кұдай-ай, құлымдей көр, пайғамбар, үмбетім дей көр, Шадияр, достым дей көр!.. Дұшпанның бетін аулақ қылып, мәртебемді үстем қыла гөр, аллаәкпар!.. - деп бетін сипады.
Пеш жанындағы кемпір, бағанаға сүйенген келіні, қорыққан пішінді баласы - үшеуі де қолын көтеріп, «әмин!.. әмин!..» десті.
Күңгірт тартқан үйдің іші бұлттан шыққан күннің сәулесімен жарқырады. Әлденеге төнген пәле серпілгендей, алдағы күнге үмітпен қараудың керектігі сезілгендей болды.
Төменгі жаулығының ұшымен көзінің жасын сүртіп:
- Бибіпәтимә пірім-ай, қолдайтын болсаң, бүгін қолдай гөр, - деді кемпір.
Келіні күрсінді, баласы түшкірді.
Бәрі бір дауыстан:
- Жәрекмалда!.. - деді.
V
Кәріекең үйден шыққанда ауылдың адамдары топтанып сирек шырпының оңтүстік жағында із кесіп жүр еді. Аяндап басып Кәріекең де келді. Салқамбай таяғына сүйеніп тұрған күйінде қарсы алды. Кәріекеңе тесіле қарады.
- Сақалындағы қан не? - деді.
«Ісім ағзам дұғасының» қасиетті бояуынын шашырандысы сирек сақалын бояп та үлгірген екен.
- Әшейін... әшейін шығар, - деп саусағымен сақалын сипап тарап еді, күйектей сақалға жабысқан нәрсе бола қойсын ба, кетпеді.
Топтанып жүрген кісілердің ішінен Тайлақбайдың ащы дауысы шықты: - Мінеки із, міне көріңдер!
Жұрт жабырласып қарай бастады. Ағаштың жиегіндегі шалшық судың жағасында қатарынан жүрген екі жылқының ізі жатыр.
- Мынаның бірі ұрым; бірі менің бием... - деп Тайлақбай өршеленді. Жиылған жұрт бекер дей алмады.
- Жылқы осы ауылда да бар емес пе?! Көрінген ізді менікі деуіңнің жөні келе ме!.. - деп Кәріекең кеңк ете қалды.
Шеткері тұрған ашандау сары, қырма сақалды ауылнай мырс етіп күліп жіберді.
- Кәріеке, олай десеңіз, өзіңіз ұрының бастығы боласыз. Бұл ізді Тайлақбай ауылынан шығарып келе жатырмыз...Сіздің мұныңыз қарсы дау секілді, - деді.
Жастар өзара әлденеге күңкілдесті, сыбырласты, күлісті, бәрі де Кәріекең «бүліктің басы...» деген көзқараспен қараған секілденді.
- Осы сен ұрлап жүрген шығарсың, - деп шеткі ұзын бойлы жігітті біреу итеріп қалды. Арт жағында екінші біреу бүк түсіп жатыр екен, ұзын бойлы жігіт аяғы көкке қарап, шалқасынан құлады. Үсті балшық болып қалды, ашуланып боқтауға айналды.
- Қойсандаршы, балалар, жөнсіз ойынның керегі не, - деп Салқамбай ақсақал кейіді.
Тайлақбай тыпыршып тұра алмады:
- Қане, ақсақалдар, қайтесіндер?..
- Жақын ағайынсың. Ізіңнің келуі де рас шығар. Енді бізге не қыл дейсің?.. Қайткенде көңілің бітеді!..
- Тінту беріңіздер?..
- Болды. Бастығы молдамыз қылып тінт, біз риза, - деп Салқамбай аксақалдық қылды.
Иіріліп тұрған жұрт ауылға қарай дүрлікті. Көптен қалмай сүйретіліп Кәріекең де келді. Лапасына кіре бергенде ауылнай қарсы шықты.
- Молдеке, сізден бастап тінтеміз.
- Ойбай, шырағым, біздің үйде не бар дейсің, тінтпей-ақ қойсандаршы.
- Жоқ, молдеке, малды біз сіздікінен табамыз ба деп тұрмыз.
- Біреу сілтеу берді ме?
- Сілтеусіз де таптық.
- Қалайша?
- Сақалыңызға жұққан қан бізге куәлік беріп тұр.
- Әй, ақымақ, бұл қан емес, нанбасаң кемпірімнен сұра...Жаңа «ісім ағзамның дұғасын» шайқап ішіп едім, - деп сақалын сипады.
- Ол өтірігіңізді айтпаңыз, Кәріеке, оразада дұғалық шайып ішеді дегенге кім нанады, - деп ауылнай үйге кіріп кетті.Бара кемпірмен бажылдасқан даусы шықты.
- Сарайдың кілті жоғалып қалған, - деп бажылдаған, жыламсыраған келіннің даусы да естілді. Кәріекең келінін де, кемпірін де аяды. Дәйек тұтып тұра алмады, есікті аша берейін дегенде ауылнай қарсы шықты.
- Сарайыңызды тінтеміз, бірге жүріңіз.
- Бара тұрындар, оқитын нәпілім бар еді, - деп Кәріекең үйге кірді. Көзінде мөлдіреген жас, қалтыраған пішінмен келіні қарсы алды. «Атаеке-ау, тыныштықты неге бұздың! Неге бізді пәлеге қалдырдың!» дейтін адам секілді.
- Сорлы-ау!.. Сорлы-ау,- деп кемпірі өкіріп жылап жіберді. Кәріекең босап кетті. Көзінің жанарына тығылған жас біртіндеп ағып сақалын жуа бастады. Жайнамазды жайып жіберіп жүгініп отырып тілекке кірді.
- Әй, құдай-ай, ата-бабамның істемеген кәсібі еді. Жамандыққа өзім де баса қоймайтын едім. Былтырғы жоғалған күрең ат пен ала биемді Тайлақбайдың өзі ұрламағанмен сол ауылдың сойғаны анық. Мен мал алдырғанда ақ малымның төлеуі деп алдырдым ғой... Аққа құдай жақ деп еді. Менің ақ ісім шынымен-ақ қараға шыға ма? Я кұдай, сал оң назарыңды! Жалпы аруақ, әулиелер, әнбиелер, ата-бабамның ұрықтары қолдайтын болсаң бүгін колда!..
Дала жан-жұң, әлдекімді дүрілдетіп ұрғандай, әлдекім «қойындар» деп арашалағандай болды. «Ойбай-ойбай» деген біреудің ащы даусы айқындала берді.
- Ойбай, ене, әлгіні ұрып жатыр білем!.. - деп келіні қалш- қалш етті.
- Жалғызым, құлыным, - деп кемпір де, келіні де тұра жүгірді...
Кәріекең тілектен жаңылды, қорқып отырғанын да, қуанып отырғанын да білмеді. Әлдекім есікке жармасты. Есік ашылатын, тыстағылар үйге кіретін болды. Соларды көрмейін, солармен сөйлеспейін деген адам құсап, Кәріекең намаз оқымақ болды. Дәреті күмәнді болған соң тәйемимді соғып жібергенде, есік сықыр етіп ашылды. Кәріекең сасқалақтап тұр, құлақты қағып қалды. Не деп ниет қылғанын өзі де білмеді. «Сұпханеке» деп еді, аяқ жағы аузына түспеді. «Алқам» мен «құлқуалданың» қайсысын бұрын оқырын білмей жаңылды.
Жұрт дүркіреп кіре бастады.
- Молда қайда, молда қайда? - Тайлақбайдың кіжінген даусы естілді. Кәріекең түрегеп тұрса, Тайлақбайлар кейіп сөгетін сияқты, ұрысың деп бетіне түкіретіндей болды. Солардың бетін көрмейін деген тәрізденіп сәждеге бүгіле бергенде, Тайлақбай келген бойы теуіп қалды. Кәріекең кәсті сүзе құлады.
- «Алла!» - деді.
- Өй, атаңа нәлет! Аллада нең бар! Жалғыз биемді ұрлап сойып отырып, тағы құдайға құлшылық қылмақшысың ба?
Ойбайды салып кемпірі келді.
- Сорлы-ау, өлдің ғой, өлтірді ғой!..
- Жылама, - деді Кәріекең, - мен шариғаттың бұйрығын істедім. Адам қаруында жазалы болсам да, құдай қасында жазалы емеспін... мен - өлсем шаһидпін.
«Кәріекең ұсталыпты...» деген хабар тарағанда, жұрт екіге бөлінді: жастар, әсіресе мұғалімдер:
- Баяғыдан бері өтірік көз жұмып, жұрттың канын сорып болып еді, - деп табалады.
- Шариғатқа қарсы іс істемеген шығар, ұстатып жүрген тік аяқтар ғой, - деп шалдар жағы аясты.
Ауыл-ауылдың ақсақалдары жиналып барып, соттан кепілге алды. Тайлақбайды үгіттеп малының төлеуін беріп бітірді. Басқа келген пәлені жалпы ел боп қақты. Бірақ ұры деген атты жоюға жұрттың әлінен келмеді.
Кәріекең ұры атанды. Қатыны толғатқан қорқақ еркектер, баласы ауырған кемпірлеу әйелдер, зиянмасы бар қатындар бұрынғыдай аттан салып шауып, үшкіруді сиретті. Киімі көп, бай шалдар өлерінде «сүйегіме Кәрібай молда кірсін» деп өсиет қылмайтын болды.
Сөредегі қалың кітаптардың, бой тұмар қылған, езіп ішкен «ісім ағзам» дұғасының шарапатын Кәріекең көре алмады. Ескі атақ, ескі даңқ, ескі абырой көзінен бір-бір ұшты.


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

(Әңгіме)
Біздің ауылдың жайлауы Қоржынтомар дейтін жер. Қоржынтомар екі жағы қоржын секілді бүйірлі, ортасы үзіліс -алшақ. Томардың ортасы Қүрақты көл; біздің ауыл ылғи күншығыс жағында отырады. Ауыл отыратын жағында томардың кезең суаты бар. Бала-шаға күн ұзаққа сол суатқа суға түсіп, ішіміздегі бойшандарымыз орталықтағы құраққа да барады; ең жаңа көшіп келген әзірде, құрақтың ішінде, ескі қамыс саңылтырларды судың бетіне жинап үйіп, шағала жұмыртқа салады. Өзіме тете ағам бар; менен екі-үш жас үлкен болғанмен, менің бойым оныкінен аласа емес. Суға түскенде көбіне соған ілесіп, қамысқа барам. Жалтыр тайыздап сала береді. Жұмыртқа іздейміз... кей жерлерде су бетінде калқыған ұя, шағып тастаған жұмыртқаның қабықтары кездеседі.
- Балапанын шығарып әкеткен ғой, - дейміз.
Кей кездерде ырысымыз жеңсе, қалқыған ұяның үстінен тап-тарғыл болып жатқан шағаланың кішкене сопақ жұмыртқасы кездеседі.
Ел биыл жайлауға соңырақ көшіп келген. Екі-үш күннен бері Қоржынтомарды аралап бітірдік. Мәз жұмыртқа тапқамыз жоқ. Қоржынтомардың күнбатыс жағындағы өзектің аңғарында Қарақөға дейтін кішірек көл бар. Қарақоғаның суы тайыз, қоғасының арасы түйенің өркешіндей бұйраланып жатқан томар. Сол томарларға шүрегей үйректер жұмыртқа салады. Басқа үйректер де кенже салатын болғандықтан шүрегейдің жұмыртқасы ел жайлауға қанша кешігіп келсе де, уыз болады.Талай аралап алғанымыз бар, томардың қуысына салып бетін шөппен бүркеп кетеді екен...
Карақоға көз ұшында көрінгенмен біздің ауылдан екі-үш шақырым шамасы бар. Оған барған адам кешсіз келе алмайды. Бұрын кол бос кезде кілең бала қосылып, салып ұрып жүре беруші едік.
Биыл олай болмады. Ауылдағы балалардың бірі бос емес, бәріміз де оқудамыз, молдамыз байдың үйінің ұстаған молдасы, түбі қожа ма, сарт па әлдекім. Сұрғылттау келген адам, шоқша сақалы бар. Мұртын тайқита кырып, көзіне сүрме сүртіп төрт көзденеді де жүреді.
Менің тәугі оқыған жылым ғой, молданың қандайының жақсы, қандайы жаман екенін мен қайдан білейін: менен басқа бұрыннан мектеп көрген балалар өзара: «Өте қатаң молда» деп сөз қылысады.
Мен әжемнің кенжесімін. Кенжесі болғандығымнан шығар деймін, бөтен балаларынан гөрі мені еркелеткен секілденетін еді. Киіз үйге шыққан соң мені молдаға тәу апарып бергенде де:
- Молдекесі, кенже балам еді, әзі өте қорқақ, тым ұра бермессіз, - деген. Оның үстіне бейсенбі сайын тоң май болса, жұка нан пісіріп, молдекемді конақ қыламыз. Конаққа ылғи мен өзім шақырамын.
- Молдекесі, шәкіртіңе батанды берші, - деп, келген сайын әжем бес тиындық қара бақырды бармағына қыспай жіберген емес.
Осындай мәпелегеннің арқасында мен таяқтан сау болдым. Басқа балалардың бәрі де жұма сайын шақырады, шақырмайтын жалғыз-ақ Түйебай. Түйебайдың әкесі керші ауылдағы Ермағамбет дейтінде малайлықта. Қатыны, екі баласы біздің ауылда. Жұлым-жұлым қара үйі бар. Ата жөнінен бәрімізбен тумалас.
Қатыны Есмағамбеттің үйінің малын сауады. Түйебайды шешесі молдаға берді. Түйебай тентектеу, көбіне шешесінің тілін алмайды. Сол өшін алайын дегендіктен бе, шешесі молдаға тәу апарғанда:
- Тентек болса, ұрып-ұрып қой, еті сенікі, сүйегі менікі, - деді.
Бәріміз бірге оқыдық, сабақтаспыз, зеректігі бізден кем емес, бірақ бастап оқығаннан-ак Түйебайға молданың қылығы келіспеді. Алғашқы кездерде «ақымақ, хайуан!» деп сөгетін болды. Жүре-жүре құлағын бұрайтынды шығарды. Бірқатар окыған жиырма шақты баланың ішінде Түйебайдан бұрын таяқ жегені болмады. Кешкілік жат сабақ жаттатады. У-шу болып ауылды басымызға көтереміз.
Екінді әлетінде, биені ағытып жатқан шамада, тындатады.Алдымен кезек Түйебайға келеді. Мүдірмей айтып шығып кетсе амал жоқ, әйтпегенде қамшымен сыдырып салады. Бірақ Түйебайдың бір қасиеті, қанша таяқ жесе де, көп жыламайды, мұқап жасымайды.
Жайлауда ел арасы жиі. Бір белестің астында апам ауылы бар. Бір күні әжем екеуіміз сонда барып қонып, ертеңіне келдік.Кешірек келсек сабаққа бармайтын едім, екіндіден жоғары болған соң әжем:
- Сабағыңа бар, - деді.
Бір күн болса да, мойным босап, босаңсып қалған екем, имандығымды қолыма ұстап, еріне басып келе жатыр едім, артымнан біреудің даусы естілді. Карасам Түйебай екен.
- Сабаққа барасың ба, - деді, жаныма ентігіп жүгіріп келіп. -Әжем бүгін науқастанып қалып, бұзау кетіп қалған екен, соны жаңа зорға тауып әкелдім, - деді.
Кешігіп қалған баланы молданың ұратын әдеті. Мен қорықпаймын, әжем кеше сұрап алған, Түйебайдың сылтауы шамалы, сондықтан оның таяқ жейтініне менің де, өзінің де көзі жетеді.
Бетіне қарап:
- Молда сені ұрады ғой, - дедім.
Үндемеді. Келе жатырмыз. Анадайдан балалардың бір шуылдап, бір басылған әндері естілді. Адамның беттегісі келмейді, бірақ амал жоқ.
Мен алдында, Түйебай кейін, сәлем беріп кіріп келдік. Молда тізерлеп, тізесінің үстіне кітап қойып, қауырсын қаламмен бірдемені жазып отыр екен. Көзін сүзе қарап, Түйебайға қадала қалды. Ашуланғанда, ортасын қырқып тастағандықтан делдиіп тұрған мұртының жебесі тікірейіп қозғала беретін. Бұл жолы да солай болды. Кітабын сандықтың үстіне қойып:
- Неге кешіктің? - деді.
Түйебай үндемей тізелеп, бүкірейіп отырып, имандығын аша бастады. Үндемеген сайын молданың ашуы үдейін деді.
- Неге үндемейсің, доңыз, жат бері, - деп қолындағы екі айыр қамшысымен сандығының жанын көрсетті. Түйебай барып жата алмады, сен тіл алмайтын кім едің деп молда қамшымен осып жіберді.
Түйебаймен қатар отыратынмын. Екі айыр қамшының бір тармағы көйлекшең иығыма тиіп кеткенде, ыршып түстім. Түйебай «молдеке» деп өкіріп қоя берді.
Басқа балалар таңсық көргендей, алғашқы кезде баяулаңқырап оқыса да, қамшы тарсылы шыққан соң бәрі де дауыстарын үдете бастады.
Түйебай өксігін баспай кешке шейін жылады. «Оқы!» деп молда құлағын бұрасада, алақанмен шапалақтасада, жылауды үдетпесе, қойған жоқ.
Екінді әлетінде жат сабақ тындатты. Мен білмей қалдым. «Акымақ!» деп молда қамшысын көтеріп алғанда, жаным шығып кетті ме екен деп едім, еңіреп қоя беріппін. Бірақ ұрмады, басқа балаларды жіберіп, Түйебай екеуімізді алып қалды.
Екеуіміз жылап отырмыз... Күн бата босатты. Бәледен құтылғандай жүгіре басып жөнелдік. Түйебай өксігін әлі басқан жоқ. Ауылға жақындай бергенде маған қарап көзін жеңімен сүртіп:
- Сен ертең келесің бе? - деді.
- Сен ше?
- Келмеймін, - деді. - Шоқынып кетсем де, енді молданың алдын көре алман! - деп өкіріп қоя берді. Аяп кеттім, менің де көзіме жас келді.
* * *
Түйебай содан кейін молда бетін көрмеді. Он-он бес күн елде бос жүргеннен кейін әкесі келіп, «оқымайтын болсаң мен сені қойдың соңына салайын» деп апарып біреуге жалдағандығы естілді.
Ә дегенше жаздың қызықты кезі кетіп, жұрт шөп шабуға кірісті. Әлі келетін үйлер қостап шықты. Біздің үйдің қостап шығаратын әлі жоқ. Шөп шабарда жылда өзенге көшетінбіз. Биыл да көшпек болды. Көшумен бірге менің оқу мәселем де қозғалды. Бірсыпырасы: «Байдың үйіне тастап кет, оқысын!» деді; әжем онша сыңай бере қоймайды. Әжемнің қалпын сезген соң «қалмаймын» деп қиғылық салдым. Ақырында менің тілегім қабыл болып, үймен бірге кететін болдым.
Байдың үйінен көшуге пар өгіз сүрап алды. Түс ауа үй жықтық. Бізбен бірге көшетін 45 үй. Бесін кезінде көш женелді. Құлын күнінде жездемдікі берген торы құнанды ерттеп мініп алып, Тәңірберген шалмен екеуіміз сиыр айдадық. Күн ыстық, бұрқыраған жолдың шаңы тіп-тіке аспанға ұшады. Ұзамай Алакөлдің тақырына жеттік. Жолдың күншығыс жағында бір кішкене қара қоға бар. Қара қоғаның басында жусаған қой көрінді. Сиырдың аяңына ішім пысып келе жатқандықтан, құнанымды борбайлап жіберіп, шауып отырып жетіп бардым. Шетте жатқан қойлар дырылдап үркіп жігірісті. Қойдың көл жағынан «шәй-шәйлап» бір бала түре келді.
-Түйебай!..
Шұрқырастық та қалдық. Өзі жаяу, жалаң аяқ, ерні кезерген, тілінген. Үстінде шоқпыт-шоқпыт кима шапанның жұрнағы бар.
Елді, балаларды сұрады. Менің жаныма келіп құнанымды мақтады.
Әлденеге қызығып, телміріп қарады. Көз қарасында «Сен бақыттысың ғой» деген сөз бар еді.
Жазды күні молдадан таяқ жеп, күн бата екеуіміз кайтқанда Түйебай маған осы көз қараспен қарап еді. Онда да «Сен бақыттысың ғой» деген сөзді аузымен айтпаса да, көз қарасы еріксіз білдірерлік еді.
Мен көп тұрдым. Көш ұзап кетті. Мардымды еш нәрсе сөйлесе алмадық. Бірақ, бірімізді біріміз қиып кете алмайтын секілденіп тұрдық
Мен:
- Қойды неге ат мініп бақпайсың, - дедім. Аты болса екеуіміз жарыссақ, адам айтқысыз қызыққа бататын секілдендік.
Ол күрсінді.
- Ат бермеді, - деді.
Молданың ұрып жәбірлегені секілді, байдың да ат бермей, жәбірлегені көрінді. Бірақ «шоқынып кетсемде, молданың алдын көрмеймін» деп айтқаны секілді, «аштан өлсем де, байдың қойын бақпаймын» деп сол сағатында Түйебай айта алмады. Оны айтатын өзінде құдірет жоқ секілденді. Мен жүріп кеттім. Көз ұшындағы белеске шығып артыма қарасам, көлдің кабағына қарай өрген қойының артында, екі көзі менде, Түйебай әлі қараумен тұр екен...


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

(Әңгіме)
I
Күн ұзаққа Айдарбектің үйі ұрыспен болды. Ерлі-байлы екеуі бірін-бірі іліп-қағып, бірінің тілін бірі алмай, әлі жеткені өш алу жолын қарастырып отырған секілді. Бұрын мұндай ұрыс болғанда, аяқ жағы таяққа тіреліп, Зейнептің етіне көбіне таңба түсіп қалатын. Зейнеп оны сезсе де, сүйекке біткен қарыспалық еркін алып, бір табанға шейін бас имейтін. Ұрыстарының көбі болмашы нәрседен шығатындықтан, Зейнептің сөзі Айдарбекке кей кездерде үстіп келіп, төбелессіз де жарасып кетісе беруші еді.
Бүгінгі ұрыстары зілдірек. Айдарбек ертеден бері тамақ та ішкен жоқ. Кикілжіңнің кіргеніне бір жеті болып қалған. Содан бері бір-біріне дұрыс жауап бермей, жатқанда Айдарбек іргеге, Зейнеп от жаққа қарап жатады.
Есіктің алдына тоқымды төсеп жіберіп, Айдарбек талдан керіп тор тоқуға кірісті. Зейнеп үлкен бөлмесіндегі пешке арқасын сүйеп отырып ұршык иірді. Әке-шешесі ұрысқа кіргелі бойын жазып ойнай алмай Күләмза да жүдеуге айналып еді, бүгін үйінің ішінде өзгеше жандану, қозғалыс, іскерлік көрінген соң, біраздан бері терезенің түбінде жинаулы тұрған қуыршағын алып, жаулығын жамылдырып, киіндіруге айналды. Қуыршаққа жамылдырған жаулық Күләмзаға ұнап кетті. Өзінің шеберлігіне, ептілігіне қуанып, қуыршаққа кішкене қарап отырды да: - әже, әже!.. - деп Зейнептің ұршық жүгіртіп отырған қолына жабысты. Зейнеп қарамады. Неге қарамағанын Күләмза сезеді. Бұрын қуыршақ істегенде, ел ішінде атаққа шыққан «кәкауыз келіннің жаулығының модасы» деп Күләмзаның куыршағын Зейнептің өзі талай жамылдырып берген. Енді бүгін, Зейнепсіз-ақ қуыршағын өзі жөндеп алған соң қуанышын әжесіне айтпай Күләмза төзе алатын болмады. Бірақ, әке- шешесінің арасындағы салқындықты сезе жүргендіктен, бір рет айтқанына назар салмаған соң, қуыршағын қайта көрсетудің тиіс, тиіс еместігін біле алмай Күләмза даң болды. Әйтсе де тағы бір айтып көрейін дегендей, - әже, әже!..- деп, жабыса бергенде, Зейнептің ұршық иірген қолына қақтығып қалды.
- Таста әрі, қу қатын, қатын болмай қалармын деп корқасың ба! - деп Зейнеп қуыршақты лақтырып жіберді. Көкауыз қатынның модасымен оралған жаулық жерге ұшып түсті. Күні бойы істеген еңбегі зая болғанға Күләмза ызаланып жылап, Зейнептің оң жақ тізесіне жармаса жатып еді.
- Әрі, қу қатын, тіпті иіртпедің ғой, - деп Зейнеп тағы итеріп тастады.
Күләмза даусын шығарып жылауға кірісті. Зейнепті ұрып ашуын тарқатуға, шынында Айдарбек сылтау таба алмай отыр еді. Енді, мына баланың жылағаны өзінше толық сылтау. Сондықтан түпкі ойын жарыққа шығару мақсатымен Зейнепке байланыспақшы болды. Жұмысын тоқтатып, орнынан қозғалып-қозғалып қойды. Делек танау делдиді. Екі көзі құтырған сиырдың көзіндей боп адырайды, қозғалған сайын ашуға тығылып, булығып барып:
- Неге жылатасың?!. Жылатпа баланы, - деді...
Тоқып отырған қорабын тоқтатты. Қабағын бұрынғыдан гөрі қыржитыңқырап, екі көзін Зейнеп отырған пешке қадап, тістеніп тұра ұмтылуға оңтайланған адам құсап отырды. Бұл сияқты жекіргенге Зейнеп сөзсіз жауап қайырады деп ойлады, егер жауабы зілділеу шықса, екі-үш ауыз сөзбен істі бітіріп, тұра жүндемек болды.
Зейнепке Айдарбектің даусының қай түрі болса да мәлім болғандықтан, ұруға ыңғайланғанын сезіп, ол үндемеске тырысты. Зейнептің қулығына Айдарбек те таныс. Ұрмаса ашу тарқамайды. Сондықтан, қайтсе де ұрмай қоймаймын деген оймен сөзді қайта бастады:
- Ит! Қолыңа ұстаған жалғыз қарғаң, қасқыр кұсап қабасың да отырасың, -деді.
Зейнеп шыдай алмады. Көптенгі ашу, кек - бәрі келіп қабаттасып, еріксіз сөйлейтін болды. Тым зілді қып шығарса, сөзсіз таяқ жейді. Таяқ жеймін деп үндемей қалса, жеңілгендік білінеді. Бұрынды-соңды таяқтан қорқып тілін тартпау - үйреншікті әдет секілденіп кеткен. Сондықтан, Зейнепке ендігі лайықтысы сөзге сөз кайыру еді.
Зырқыраған ұршық жүнді созып үлгіртпей үзіліп жерге түсті. Қағілез ерні қалтыранып, пішіні сұрланып, үзілген жіпті жалғап жатып:
- Жаның ашымай-ақ қойсын!.. - деді.
- Енді кімнің жаны ашиды?!. Иттен жаралған шошқаның сөзін қарашы!.. Бірдеме айтса арсылдап беттен қауып алу...
- Бетіңнен алып не дедім?.. Ұрсам өз балам, менде ешкімнің жұмысы жоқ. Әдемі қатыныңның балаларын ұрғызбай есірерсің.
Айдарбектің күткені де осы сөз еді. Енді кідірудің жөні жоқ. Есік жақта тұрған қайың таяқты ала бөлменің есігіне келіп те қалды.
- Не дейсің, әй?..
Есік жақта отырған Айдарбектің дауысы кенет жанынан шыққанда, Зейнеп селк етіп кеткендей болды. Бір тықырдың таянғанын біліп, бетіне жалт қарады да, жүнін созып, ұршығын иіре берді.
Ашумен ызғарланып қалшылдап келсе де, Зейнептің корыққан пішінін, айып менде-ақ болсын, ғафу ет деген тәрізді төмен қарап мұңаюы - Айдарбектің ұруын жөнсіздікке шығаратын секілденді. Әйтсе де бір ұрмай көңіл көншімейтін болғандықтан, құшырланып, түйілген жұдырықпен желкеге койып келіп қалды.
Текшелеп ораған ақ жаулық - Күләмзаның қуыршағы секілденіп ұшты.
- Ойбай-ай, не жаздым?!. - деп Зейнеп ышқынып жылап жіберді.
- Атаңа нәлет!.. - деді Айдарбек.
Бойды кернеген ашу айтуға сөз таптырмады. Қарсыласпаған қатынды ұра берудің тағы жөні жоқ.
- Атаңа нәлет. Сен не қылмадың... Қаранды батыр, кет!..Мен сенен талақ! - деді.
- Құдай!.. Құдай!.. не жаздым, құдай!.. - деп Зейнеп өкіріп жылауға кірісті. Күләмза «әжелеп» келіп алдына тығылды...
Күләмзаны бауырына басып, жылаған күйі бүкшиіп Зейнеп жатып алды. Бұрынғыдан гөрі ашуы тарқап, күн кеш болуға айналған соң, шашылған талын жиып, мал қарауға Айдарбек тысқа шықпақшы болды.
Ұзақты күнге тамақ ішпеген адам - қарны да ашайын деді.Төргі бөлмеге бір-екі рет келсе де, Зейнепке тұр деп айтуға бата алмады. Бұрын Зейнеп айыпты секілді көрінсе де, таяқ жеген соң айыптан тазарып, «тұрмаймын» деп айтуға да еркі бар секілді көрінді.
Үндемей тысқа шығып, малын суарып, қоралауға кірісті. Екі көзі земленкенің моржасында. Бұрын қанша таяқ жесе де, мезгілімен тамағын істеу - Зейнептің әдеті еді. Айдарбек ұрғанда да сол кеп ұрудың бірі ғой деп ұрып еді.
Күн батып, қас қарайғанша Зейнептің қозғалғаны көрінбеген соң далада тұра беруді қол көрмей Айдарбек үйге кірді. Қыраулы терезе кештің қараңғылығына қосаметкей болып, үйдің ішінде еш нәрсе көрінбестік еді.
- Күләмза!.. - деді.
Күләмзаның атын атағанда түпкі ойы Зейнеп жауап берер ме екен деген еді.
- Немене әке? - деді Күләмза.
- Әжең қайда?.. Шам неге жақпайсындар?
- Әжем жылап жатыр,- деп Күләмза Зейнептің бауырына тығыла түсті.
Айдарбек басқа айтар сөз таба алмады. Төсегінің үстіне барып қисайып жатты. Екі көзі пеште, пештің жанындағы Зейнепте, қозғалар ма екен, тұра ма екен деп ойлады. Зейнеп тұрып шам жағып, төсек салып берсе, тамақ ішпеуіне құл, бұрынғы ашу-араздықтың бәрін ұмытып, құшақтап жатқысы келді... Бірінің артынан бірі - түрлі ойлар тізбектеліп, Айдарбектің еркін билей бастады. Таяқ жеген Зейнепті ішінен аяды. Жазықсыз ұрғанына өкінді... Қызыл шырайлы бетінен сүйгісі келді... Ынтыққаннан ынтығып, еріксіз басын көтеріп алды. Зейнепке барып жалынғысы келді. Орнынан қозғала берейін дегенде, кенет тағы бір ой түсті. «Баруым тиіс болар ма екен?..»
Барар-бармасын білмей даң болды...
II
Зейнеп тағы көп жылады.
Айдарбекпен қосылғанына биыл жеті жыл болған екен. Содан бері өткізген өмірінде қызғылықты күн шамалы. Байының мінезі теріс: болмашы сылтау қылып екі күннің бірінде ұрады. Келген кезде таяққа шыдай алмай «қайдан тап келді екен?» деп налып жүргенінде осы Күләмза туған. Тұңғыш баланың адамға ыстықтығы қандай, Күләмза туғалы Зейнеп таяққа да үйреніп, ашу-араздықты да жаба тоқып жүре беруші еді. Жаңа Айдарбектің алмалы-салмалы мінезі Зейнептің тыныштануына себеп болды: түнерген бұлттай бұрқырап бұрқ-сарқ келсе де, сағатына жетпей ашуы тарқап, екеуі ойынға, әзілге кіріседі. Жетісіне бір ұрысу, ұрысқан сайын ұру, екеуінің ойынша да
тұрмыстың заңы, шариғаттың бұйрығы секілденді. Олай ойлауларына себеп жайшылықтан горі, араздасқанның артынан екеуі бірін-бірі айлап-жылдап көрмеген адам секілденіп құшақтайды. Сондықтан екеуі ашуланысқанда бірін-бірі жәбірлеседе, бірін-бірі көрместік сөз айтысса да, ұзамай бір қызғылықты тұрмысқа қайтатындарын сезетін секілденеді... Айдарбек бүгін де солай болады ғой деп ойлап еді.
Бірақ, Зейнепте ой екінші түрлі еді. Бұрынғы қалыппен таяқты елемей ісін істеп, алдағы қызғылықты тұрмысқа әзірлену бүгін Зейнепте жоқ еді. Өйткені желкеге тиген жұдырықтан гөрі бір ауыр, салмақты нәрсе бар, Зейнептің соншама жылауына, бүкшиіп жатып алуына сол себеп болды. Қанша ойласа да ұшына шығу қиын.
Ол талақ еді.
Зейнеп елде жүргенде шешелерінің айтқанынан есітетін: «неке ерлі-байлы адамның тұрмысын бір-біріне байлайтын жіп. Бірін-бірі көрмеген, бірін-бірі сүймеген екі адамды неке сүйдіреді. Неке махаббат жібі, ерлі-байлы адам қаншама бірін-бірі көрместік болып, араздасса да, неке тұрған жерде махаббат үзілмейді. Ал, ерлі-байлы адамның жиренішті тұрмысына дәнекер болып тұрған жіпті үзетін бір нәрсе бар, ол - талақ!..»Айдарбек бүгін кеп ұрған жоқ, бірақ таяқтан он есе артық талақты шығарды. «Мен сені көрмеймін, мен талақ» деп айтып салды. Зейнеп, енді жібі еріксіз үзілді деп жатыр. Байынын бір жетіден бері ұрысқаны, желкеге бірер түйгені әлдеқашан ұмытылған. Есі-дерті жалғыз талақ. Айдарбектен айрылып кетуге сенбейді. Күніне кырық пышақтасып отырса да, дүниеде осыдан артық тұрмыс бар деп ойламайды.
Зейнеп көп ойлады. Бастан өткен тұрмысы біртіндеп көз алдына елестей бастады. Әке-шешесінің қай уақытта құда болып мал алғанын анық білмейді. Бірақ күйеуге берілгенін, келешекте жеңгелері секілденіп біреуге қатын болып, күнде таяқ жеп өмір өткізетінін Зейнеп есі кіре бастағаннан-ақ сезген. Тентек болып жеңгелерімен ойнағанда: «Қой, байыңа айтып ұрғызармын» деген сөз жас күнінен-ақ жүрегіне әліпбидей жатталып, өзінің ұрылатындығына күн бұрын мойын ұсынып қойған.Сөйтіп жүргенде Айдарбек ұрын келіп, бірін-бірі бірінші рет көріп танысады. Бірін-бірі ата-аналары қосқан соң, сүймеске орын жоқ деп түсініседі.
Зейнеп соның бәрін ойлап келгенде, абайсызда айтылған талақ кенет еске түседі. Жеті жылдан бергі қызық тұрмыс сағатында бұзылып кеткен секілденеді. Сол тұрмыс, әлі де болса, бұрынғы ізімен аға берсе, Зейнептің дүниеде арманы жоқ секілденеді...
Зейнеп қалың ойга шомып жатып, ұйықтап та кетті...
III
Көп шыдап жатуға Айдарбектің дәті шыдамады. Зейнептің жанына барғысы, қатадан ұрғандығына ғафу өтінгісі келді. Еңбектеп сипалап пештің қасына келді. Зейнептің басына қолы тиіп кеткенде, бір түрлі бойы еріп кеткен секілді. Зейнеп ұйықтап жатыр екен. Айдарбектің келгенін сезбеді. Айдарбек құшақтамақшы, бетінен сүймекші болып, жақындай бергенде Зейнеп әлденеге қалтыранып, оянып кетті:
- Әй, әй!.. Бұл кім?..
- Мен ғой, қарағым!
Зейнеп басын көтеріп жан-жағына қаранды. Үй іші тастай қараңғы. Дыбыс жоқ, жалғыз-ақ Айдарбектің жүрегінің тынышсыз соққаны, ала мысықтың пеш жанында мияулағаны, Күләмзаның аяқ-қолын бауырына алып бұйығып ұйықтап дем алғаны ғана естіледі...
Ұйқылы көзімен Зейнеп:
- Мұнысы несі? - деді.
- Әлде шам жағайын ба?
- Жоқ, жақпа...
- Жүр, төсекке жатайық, - деп Айдарбек Зейнептің мойнына қол салды.
Зейнеп әлдене есіне түсіп тітіркеніп кеткендей болды. Талақты есіткелі қанша жыласа да, ескі тұрмысын сағынып ынтықса да, Айдарбек қасына келген соң, ашу қайта қозды. Сол қызғылықты тұрмысты бұзатын «талақты» шығарған Айдарбекке лағнат оқығысы, оны сөккісі келді.
- Әрі, әрман кет! - деп Айдарбектің қолын мойнынан алып тастады.
- Қой, қарағым, ашуынды бас.
- Ашуымды басқанда қайтпекпін?
- Жатайық...
«Жатайық» - Зейнепке таныс сөз. Зейнеп жатса, ескі тұрмысқа қайтқан болады, бұрынғы қызықты өмірді қайта көретін болады. Бірақ оған жібермейтін арада кедергі бар ғой. Зейнеп шіміркеніп кетті.
- Өй, бетсіз, не бетіңмен айтып отырсың?
- Е, не қылдым?
- Талақ қылғаның қайда?
Айдарбек шошып кетті. Зейнепті ұрғанның соңынан қаншама ойласа да, ойына түспей жүрген бір нәрсе бар секілді еді, ол - осы «талақ» болып шықты!.. Талақтың түпкі мағынасын айырабілмесе де, ерлі-байлы адамға ұнамды нәрсе еместігін сезеді. Жалпы жұрттың тұрмысында бұл сирек ұшырайтын нәрсе.Қатынымен қанша араздасса да, ұрысып, төбелессе де, талақ қылған ол жоқ. Олай болса, бұл талақ - жөнсіз талақ. Айдарбекке мұны айттырған - еркін билеп кеткен ашу. Бірақ ашу уақытында айтылған сөздің шариғат карауында қанша ауырлық-жеңілдігінің барын айырып білерлік Айдарбекте молдалық жоқ. Талақ жөнінен мұның бар білетіні - бір-екі оқиға:
біреуі - көрші аулындағы Қасым қатынын менсінбей, Қалтайдың қатынын алмақ болып көңіл қосады. Өз қатыны айрылып біреуге тимек болады. Сонда молдалар, талақсыз неке қиюға болмайды деп, ағайыншылықпен айыпты малын төлеген соң Қалтайға да, Қасымға да қатындарын талақ қылғызады. Талақ қылған қатындар тиетін байына бара алмай, үйінде отырып, үш ай «мүддетін» өткізеді.
Талақ жөнінен екінші білетіні ишан хазіреттің үш қатыны болған екен. Кіші тоқал «тентектеу» болып біреумен көңіл қосып қиянат қылған соң, хазірет ашуланып талақ қылады. Сол қатын қартайғанша байсыз отырған.
Және біреулер шариғат сұрағанда Шолақ молданың да айтқаны бар: «Адам өз қатынын бір рет талақ қылса, сол қатынды екінші бір адам алып, ол адам талақ қылғанның артынан үш ай «мүддетін» еткізген соң бастапқы байына неке қиып алуына болады», - деп.
Бұл, әсіресе, Айдарбекке тура келеді. Шариғаттың бұйрығын істеймін десе, Айдарбек қатынын екінші біреуге қосып, ол адам талақ кылғанның артынан үш айдан кейін барып неке қиып алу керек! Олай қылмаса, некесіз қатын ұстаған болады. «Некесіз қатынның үйінің асы арам» деп Шолақ молда екі күннің бірінде қақсайды.
Бірақ, жастан қосылған әйелін Айдарбек неғып басқа біреуге қоспақшы? Көзі тірі тұрғанда Зейнептің басқа біреудің қойнында жатқанын көру - Айдарбекке әлім емес пе?.. Біреуге қосу түгіл өзі жоқта үйіне қалжақпас бозбалалар келіп, солармен бірдеме деп ойнап-күлді ме, Айдарбек жарылып кете жаздайды... Түнеу күні іңірде, шай ішіп отырғанда Сарбас келіп самаурынның түбіне отырып, Зейнеп шай құйып бергенде, кесені ұстай беремін деп Сарбас абайламай Зейнептің колын қабат ұстап қалған. Мұны андып отырған Айдарбек көріп қалып, Сарбасты боқтап-балағаттап үйден айдап шығып, Зейнепті сілейтіп тұрып ұрған болар... Ең арғысы суатқа су ала барғанда да Айдарбек шомның басына шығып, көзінің қиығымен қарауылдап
тұрады...
Айдарбек ойдың ұшығына шыға алмайтын болды. Ойлаған сайын басы қата берді. Шариғаттың бұйрығын істесе, Зейнептен айрылмақшы. Бірақ Зейнепсіз шариғаттың Айдарбекке керегі де не?.. Ойлап-ойлап қорытындысында:
- Шариғатың құрысын, қатынымнан айрылмаймын!.. -деді.
IV

Зейнеп ұйықтаған жоқ. Айдарбектің басында отырып калың ойға кіргендігін, оқта-санда қиналып уһлегенін ол сезіп жатыр. Тұрмысты ескі қалпына қайтаруға қарсы еместік ой билеп жатыр. Ашумен айтылған «талақтың» келешек тұрмыстарына қаншалық өзгеріс салатынын болжап біле алмайды. «Талақ» жөніндегі Зейнептің мағлұматы да Айдарбектен аспайды. Сондықтан Айдарбек қандай қиналса, Зейнеп те сондай қиналып жатыр...
Айдарбектің ауыр ойға кіріп қиналғанын сезіп, Зейнеп аяушылыққа айналды. Ескі ашу, кек - бәрі серпіліп, әлдеқайда, ойға келмес бір түкпірге қашып тығылған секілді болды. Зейнеп қазір байының бетінен алатын Зейнеп емес, бұдан жеті жыл бұрын секілденді. Жатқан күйінде сөйлейін деп бір-екі рет ыңғайланды да, оны ретсіз тауып, басын көтеріп түрегелді. Зейнеп қозғалғанда Айдарбек сескеніп қорқып кеткендей де, қуанып кеткендей де болды.
- Қатын!.. Зейнеп!.. - деді.
Даусында бір түрлі жеңілгендік, өтінгендік сезілді.
- Ә, - деді Зейнеп.
- Жәй тұрдың ба?
- Жәй.
Зейнептің даусы Айдарбекке жұмсақ, майда, не айтса да көнетін тәрізденді.
- Жатсақ қайтеді!..
Зейнеп үндемеді. Қарсы сөйлемегеніне Айдарбек сүйініп, икемдеуге айналды.
- Жеті жылдан бері ерлі-байлы болып күн өткіздік. Содан бері ұрыс та, талас та болған шығар. Қашанда жарасып кете бермейтін бе едік. Бұ да соның бірі ғой. Мені уайымға салма қатын! Менде басқа ниет, бұзық көңіл жоқ. Ашумен кісі не айтпайды, ашумен айтқан сөзді періште жазбайды, - деген...
Зейнеп күрсінді:
- Қайдан білейін... Әжем марқұм айтушы еді: «Ерлі-байлы адамның арасындағы сүйіспендік некемен байлаулы», - деп. Сол сүйіспендігімізге зиян келіп жүрмесе...
Айдарбек әлденеге қуанып кеткен секілді болды.
- Сол ма, қатын, қорыққаның?.. Ол әшейін бос сөз ғой. Некемізді қимай тұрғанда бір-бірімізді сүйген жоқ па едік?..
Зейнеп «дұрыс» деген секілді басын иді. Әңгімені соза беруге -Айдарбектің де сөзге шеберлігі жоқ. Екеуіне де ендігі тиістісі - Айдарбектің Зейнепті өзіне тартып құшақтауы, Зейнептің қарсыласпай бұралып құшағына кіруі еді. Айдарбек мұны да істеді. Зейнепті өзіне тартып құшақтады. Екеуінің де бойлары еріп, еріктері кете бастады... Махаббаттың жібі некесіз-ақ байланды.
V

... Айдарбек пен Зейнептің арасында болған талақты Күләмзадан басқа ешкім білмеді. Оңаша үйде жалғыз өзі қуыршақпен әуреленіп отырғанда, жамылдырған жаулығы, киіндірген киімі ретке келмесе «мен сенен талақпын» деп қуыршақты лақтыратын болды.
Ерлі-байлы адамның арасындағы жібін талақ үзе алмады. Ескі тұрмыс, ескі ұрыс, ескі төбелес - некелі қалыптағы сарынға түсіп аға берді...


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

(Әңгіме)
Ымырт жабылған шамада бір кішірек ауылға келдік. Ауылдың маңайы - басын қоян мүжіп бақартып тастаған, калың күртіктен әр жерде бір тырбиып сирек шырпы қатарлап соққан аққала. Екі-екі үйдің жамаулы терезесінен жылтыраған шамның оты көрінеді. Желсіз тынық кеш. Пештің моржасынан шыққан көк ала түтін тіп-тіке болып аспанға созылып жатыр. Малдын бәрі қораланған. Жыбырлаған жәндік жоқ.
Келген бетімізбен шеткі үйге тоқтап, атқосшымызды рұқсат сұрауға жібердік. Бұрын танымайтын жер болғандықтан сұраусыз кіріп баруға ұялдық. Шыбыртқы сүйретіп кірген жолдасымызды лапаста жатқан кәрі төбет барқылдап үріп қарсы алды. Ширек сағат шамасында қайта шықты:
- Байы түссін, қатыны түспесін дейді.
Қазақ ғұрпында байы тұрғанда қатын сөзі онша елең қылынбайтындықтан секіріп түсе қалдық. Төбесі майысып кұлауға тұрған лапастан еңкейіп жүріп отырып, шала жабылып саңылауынан жарық көрініп тұрған ескі есікті сықырлатып аштық. Үйдің ішін қаптаған түтін аралас бу бетке жылы дымқыл болып тиді. Кетік қара шөмішпен құлаштап қазан сапырып жатқан үй қожасының қатыны есіктен кірген ыңғайымызда көзге түсті. Бізге қабағын түйіп, түнеріп бір қарады да, жүресінен отыра кетіп шыпшамен пештің отын көсеп-көсеп қалды. Сұршалау келген, қабағы тікірейген, танауы делдектеу адам екен, қалпында, пішінінде ашу ызғары бар.
- Тентіреп... келетін болса күндіз келсе қайтеді екен, - деп күңк ете қалды.
Ұзынша үйдің ортасын кірпішпен бөлген екен. Біз кірген есік - асхана жағы. Үйдің төр жағында жалпылдақ шамға төніп, жанында шашы жалбыраған кішкене қыз бала бар, екі аяғын көсіліп үй қожасы отыр екен. Шоқша сақалды, қара бұжыр кісі мұртын таңқитып қырып тастаған.
- Жоғары шығындар, - деп, өзі төсегінің үстіне жылжып отырды.
Біз шешіндік. Кішкене қыз жатқан күйі бізге аз-кем қарады да, жүгіріп шешесіне барды. Ашулы бәйбіше шарт еткізіп баланы салып жіберді.
Үй қожасының жебесі тікірейейін деді. Өлімсіреп отырған адамдай көзін қысыңқырап алады екен:
- Қой-ей, қатын! Уа, ит, балада нең бар? Қонақты шақырып келіп отырған бала емес қой, -деді. Бір жағынан қатынына ұрысқан болып көрінсе де, бір жағы әзіл секілденді. Біз жымиып күлген болып амандастық. Сөзі дыбырлау, әйтсе де көп сөйлеуді сүйетін адам секілденді. Біздің ата-тегімізді, қайдан келе жатқанымызды қалдырмастан сұрады:
- Қаладан шықтық дейсіздер ғой, онда жай барып па едіңіздер? Тері-терсектің бәсін білген жоқсыздар ғой?..
Әңгімені бірден саудадан бастап жөнелді. Биылғы соғымда пәлен тері алғанын, қаладағы Кәкім деген ноғаймен таныс болып, сол арқылы бірталай пайда қылғандығын, тері жиып жүргендегі қиыншылықтарын қалдырмастан айтты. Менің жанымдағы да әңгімеден құр алақан кісі емес, бірақ мынаған тетеп бере алмады. Бұл екінші әңгімеге бұрса, үй кожасы сауданы әкеліп тықпалай береді. Ақырында мен туралы сөз кыла бастады.
- Бұл бала мұғалім.
Мұғалім деген сөзді естісімен-ақ аулындағы мұғалімдерді жамандап ала жөнелді.
- Тәйір, баяғыдай оқытатын молда қайда? Осы күнгілердікі бір әуре. «Арба», «шанамен» балалар не оңбақшы. Сылқымның баласы осы ауылдағы мұғалімнен бес жыл оқып еді, кеше әкесі өлгенде иман айтуға жарамады. Бес жыл оқып иман айта алмады деген не масқара?..
Әрі қарай соза берейін деп еді, әлдене есіне түскендей мүдіріп тоқтады. Менің жөнімді бейнелеп сұрай бастады.
- Бұл кісі елде оқыта ма, әлде қалада ма?
- Қалада оқытады.
- Басқа қызметте де бар шығар...
- Бар...
Басыла қалды. Әлгі айтқан сөзін жұқалап жона бастады.
- Мұғалімдерді айыптай беруге де болмайды. Өзімізден де бар, мұғалім мектеп салып беріндер деп жылда зарлайды. Мен көнетін-ақпын. Бірақ басқалары кертартпалық қылады... - Қарқынды әңгіме басылып, азырақ дем алып отырғанда, «Кеш жарық!» - деп екі жігіт кіріп келді. Жалпылдақ шамның түтіні үйдің ішін тұмандатып, көмескіге айналдырғандықтан, келгендердің қандай адам екенін сырт кісіге айыру қиын еді. Үй иесі соларға бұрылды.
- Қайрош, үйде ме едің?
Сағымайдың келінін, Жамақтың қатынын азғырып қашырғандығы, әкесінің бес қараға сатқандығы, бетін беру үшін содия мен песірінің бір ат алғандығы сөз болды.
- Біздің ауылнай мен Жәкең де бос қалмаған көрінеді. Бір сиыр алыпты ғой, - деді Қайрош.
Сөздің аяғы Сапар мен Сейіттің тамырлығына тірелді.
- Сейіттің қатыны Сапардың баласын құттықтай келді деп еді, не қылған екен, білдіндер ме? - деп үй иесі сұрау қойды.
- Құла атты қалай келіпті.
- Беріп пе?
- Бермейтін шығар. Малымыздың басы деп Сапар безілдеп отыр ғой.
- Әй, бере алмас, бере алмас, -деді үй иесі, -ақылы бар адам құла атты қолдан шығармас болар. Құла мал қасиетті келмек дейді. Пайғамбар ғалайсалам кәпірлермен соғысқанда ылғи құла ат мініп шығады екен. Бұрынғының сөзі де онша теріске кетпейді-ау, әкем марқұм құла аттың қасиеті туралы көп сөз айтушы еді, бәрін де ұмытып қалыппын. Есте қалған біреуі бар секілді еді, айтайыншы, қонақтарға ермек болсын, - деді.
Аяғын жиыңқырап отырып сөз бастады.
-... Баяғыда бір бай болыпты. Жылқысы көп болса керек. Бір үйір қасқыр, ішінде бір басшысы бар, күн сайын жеп жылқысын бітіретін болыпты. Бай ашуланып, елінің адамын жиып, жүйріктігі ұшқан құспен таласатын аттарын мініп қуыпты дейді.Топ қасқырдың ортасындағы басшысы қашып бара жатқан күйі жанындағыларға: «Қандай ат келеді екен, қарандар!» - депті. «Көк ат келеді», - депті жанындағы қасқырлар. Сонда басшы қасқыр тұрып: «Көк ат келе жатса, тау мен тасқа қашындар, табаны тез тілініп мамырлап қалар», - депті. Тау мен тастың арасымен біраз қашып барған соң, тағы қаратса шұбар ат келе жатқанын айтады. «Шұбар ат болса күннің астына қарай қашындар, көзі талып шаба алмас», - депті. Бірсыпыра шапқан соң тағы сұрапты. «Құла ат келе жатыр» десіпті. Сонда қасқырдың бастығы тұра қалып: «... болмады. Құла ат келсе құлатар, бәрімізді сұлатар; енді топтарынды жазып, не көрсендер де бет-бетіңмен көріндер...» деген екен, - дейді.
Үй иесі ертегісін аяқтап, «дұрыс па» дегендей бізге қарады. Менің жанымдағы жолдасым, молданың өкшесі қисық деген адам күнәлі болады-мыс дейтіннің бірі болғандықтан үй иесінің ертегісін шын ықыласпен тындап:
- Жарықтық, құла мал қасиетті болады екен-ау, - деп қозғалып қойды.
Атқосшымыз да жел өкпелеу, сөзге кіріспей қалмайтынның бірі еді, құла аттың әңгімесіне ол да бірдемені жалғастырғысы келді.
Бір-екі рет үй иесіне қарап айтайын десе, ол тері әңгімесіне кіріп үлгергендіктен қыңыржақтап өзімізді айналдырды.
- Апырым-ай, биылғы құла атты тектің қасына саттым-ау...
- Мен сатпа дегенде тіл алдың ба, - деп жолдасым кейіген тәрізденді.
- Сатпасқа амал болмады ғой. Әжем қайтқанда тәрекейіне Жағыпардан азырақ ақша алып жұмсап едім. Екі күннің бірінде сұрап жанымды жағадан алды. Содан қысылғаннан саттым...
* * *
Кұла аттың, үй иесі мақтаған көк сиырдың терісінің әңгімесі біткен кезде бәйбіше бөлме жақтан самаурын әкеліп бағанның қасына орнатты. Құманшаны самаурын төбесіндегі кәмперкеге орната бергенде құманша аунап кетіп, ішіндегі шәйі самаурынның оттығына төгілді. Жайнап тұрған шоқ «быж»... етіп, буы, түтіні төбеге шапшыды...
- Адыра қалғыр! Қараң қалғыр!... - деп қатын құманшаны ұстап алды.
- Ә, атаңа нәлет... - деді байы, - сен-ақ күйдіріп болдың-ау... кісі де кетер. Үйде оңаша қалармыз...
Көзін алартып қатынына байы қарады. «Сандалмашы» деген тәрізденіп қабағын түйіп байына қатыны қарады. Екеуінің де көз қарастары ұзамай бір төбелес, жанжалдың барлығын еріксіз сездірді.


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

Дружно взяться ты за дело
Неспособен,мой народ,
Где против ветра ходят смело
Ты идешь спиной вперед.

Как вороны, дружной стаей
Любишь празднества чинить,
Ловко выклянчив у баев,
Добычу легкую делить.

Уравниловку ты любишь,
К даровитым – нетерпим, -
Все брюзжишь да брови супишь:
Дескать «Что неймется им?»

Самых стойких и толковых
Норовишь ты сбить с пути,
Любишь серых, безголовых,
Чтобы медленней идти.

А когда дойдет до дела,
Суетишься, как дитя,
Правишь лодку неумело,
Навыков не обретя.

Если знающий подскажет,
Возопишь, как на хулу.
Опыт творчества не нажит,
Не привык ценить заслуг.

Разве в том мы заводные,
Чтоб друг другу насолить.
Оттого нас бьют чужие,
Что им готовы мы служить.


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

(Әңгіме)
... Көптен сақтаулы сыр еді. Ескірген бір жыл еді. Ел талқысына салып, әлеумет сынына берейін десем де, кезі келмей жүр еді. Бүгін Толқынай бәйбішенің қарғысын естіген соң, сыр ақтарылғалы отыр, жыр төгілгелі отыр...
Қатынға шай қойдырып, жамаулы кеседен ыстық шайды ұрттай отырып хатымды жазуға кірістім...
Толқынай бәйбіше қарғап жатыр деп бала-шаға шулап жүр. Қарғыс жақсы нәрсе емес, «жүйелі қарғыс жүйесін табар, жүйесіз қарғыс иесін табар» деген үлкендердің нақылы бар. Толқынайдың қарғысы қандай қарғыс, бала-шағалардың көбі білмей аптығып жүруі де мүмкін-ау... Қайдан білсін, онда дүние екінші түрде еді. Онда бұл күнгі бала-шағалардың көбі туған да жоқ еді...
Біз не көрмедік! Тоқберлі баймен түйдей құрдаспын. Тоқберлімен жасымда бірге ойнап өстім. Бері келген соң мырза болып атқа мінді де, мен жалаң аяқ қойдың соңына түстім. Сол Тоқберлінің қойшысы болдым, соған міне биыл елу жыл болған екен. Жасым биыл алпыс бесте. Елу жылдық малайлық өмірдің жиырма жылы қой бағумен өтті. Қалған өмірде жылқышы болдым. Биыл мені шығарып жіберді. Шығарғанда, мені жұмысқа жарамайсың, «шалсың» деп шығарған жоқ. «Малай көп болса, бай деп атайды» деп үкіметтен қаймығып шығарды.
... Көктемнің кезі еді. Түс әлетінде жылқыдан келіп, су болған киімдерімді жайып кептіріп жатыр едім. Байдың үйіне орысша киінген бір жас жігіт келіп түсе қалды. Тамағы бар үйге кім келді, кім кетті дерің бар ма, толып жатқан жүргіншінің бірі шығар деп онша назарымды сала қоймап едім, бір кезде байдың немересі жаныма жетіп келіп:
- Жылқышы, сені үйдегі кісі шақырады, - деді.
Орысша киінген адам шақырған соң әдепкі кезде сескеніп те кеттім. Былтыр Ермағамбеттің дауында өтірік куә болам деп бір жеті отырып шыққаным да бар еді. Кемпірім есітіп, о да үрпиіп тұр екен.
- Құрысын, пәлесіне қаларсың, барма! - деп ол сорлы баж ете түсті.
Шақырған соң бармай қиын ғой деп орнымнан тұрып жүре беріп едім, Тоқберлі бай таяғын ұстап қарсы келе жатыр екен. Қабағы шытыңкы, бір нәрсеге қапа болған адам секілді. Маған тесе қарады да:
- Сен білесің бе, төре неге шақырып отыр, - деді.
- Білмеймін, - деп шынымды айттым.
- Ендеше бұл төре малайларды жазып жүрген көрінеді. Жазып не қылатынын білмеймін, менен «малайың қанша?» деп сұрап еді, қойшы-қоландарды жаздырғаңым жоқ; замандас еді, жасы қартайғанда бір нәрсеге кіріптар болып жүрмесін деп ойладым, -деді.
Мен байдың мұнысына риза болып кеттім.
- Тере сұраса, «малай емеспін, баймен бірге өсіп келемін, еншілеспін» деп айт, - деді бай.
«Еншілеспін» деп айт дегені маған жат болды: бір суыртпақ тегін алып пайдалана алмаймыз, сөйтіп отырып еншілестік бола ма?
Төре жас қана жігіт екен. Қағаз салған кенеп дорбасы бар. Байдың ақ жастығын шынтақтап, төр алдында шалқасынан жатыр. Мені көрген соң бұрылып қарады.
- Сіз кім боласыз? - деді.
- Шапай Сандықбаевпын, - дедім.
- Малайсыз ба? - деді.
- Жоқ, - дедім. «Еншілеспін» деген сөзді айтуға аузым бармай-ақ қойғаны.
Жұмсақ жігіт екен, екшелеп сұраған жоқ.
- Жүре беріңіз! - деп иегін көтерді де қойды...
Бұл бұрнағы жыл еді. Содан былай менде аздап өзгеріс бола бастаған секілденді. «Еншілес!» деген сөз көз алдымнан елестеп кетпейтін болды.
«Еншілес» қазақ сөзі. «Еншілестің» мағынасы - бірнеше адамның еңбегімен жиналған мал-мүлікті сол еңбек сіңірген адамдардың бөліп алуы. Олай болса байдың сөзінің жаны бар. Тоқберлінің малына менің еңбегім аз сіңген жоқ. Еңбектің бәрі біз сияқты малайлардікі. Елу жыл ұдайымен есігінде жүрген екем. Қатыным бір жағынан малын сауып, күлін шығарады. Сөйтіп жүріп екеуіміз де бүтін киім кигеніміз жоқ, я тойып ас ішкеніміз жоқ. Елу жылғы еңбек қайда? «Еңбектенеең емерсің» деген бұрынғының сөзінің бекерге шыққаны ма?.. Тоқберліде еншім бар деген қиялға мен имандай ұйыдым. Қашан да болса бір алармын деген тілек пайда болды.
... Қыс еді, сақылдаған аяз. Жер үйіміз отынсыздықтан жүдеп, іші қарауытып кетті. Оның үстіне қартайған сайын өзімді ыңқыл-сыңқыл айналдыратын болды. Суық ұстаса ауырам да қалам. Ойқой, жастық-ай, өтіп кеттің-ау. Күн құлақтанып шаңдатқан аяздарда, арқадан тер бұрқырап жылқыға талай тебін ашып беріп едім. Онда ауру дегенді кім білген...
- Отын азайып қалды деп бәйбіше отын бермей жіберді, - деп кемпірім үйге кейіп кірді.
Күн ұзаққа байдың малын қарап шаршап келген адамда не күй болсын. Оның үстіне бой жадырап жіпсімеген соң, құрысып терім тарылып отыр еді, бәйбішенің отын бермеген хабары маған мылтықтай тиді.
- Сөзінің керегі жоқ, ол отында менің де еншім бар, құшақтап әкел де жақ! - деп кемпіріме ақырдым.
«Енші» деген сөзге кемпірім түсіне қойсын ба, әрі бойбішенің ызғары өтіп қалған ғой, беттемеді. Ашумен өзім кеттім. Мая жондап үйген тезектің бір жағын опыра құлатып бір тастап едім. Құшақтауға келгенде тайсақтай бердім. Біреудің нәрсесіне қол сұққан секілді болдым. Жеңіл қолтық отын әкеліп үйді жылытқыздым. Кемпірім жаққан құрлы жаны шығып, безек болды...
Ертеңіне, сәске кезінде сиырдың қорасын тазалап жүр едім, кішкене баласын жіберіп бәйбіше шақырып алды. Төрт қабат көрпенің үстінде дөңбектей болып отыр екен. Ашуланғанда бетінің тыржандап кететін әдеті еді, кіргеннен-ақ бетін тыржандатты.
- Алжыған қақбас! Пайғамбардың жасына келіп отырып не деп ұрлық қылдың? Баяғыдан бері дәм-тұзымды татып келесің, құдайдан, аруақтан қорықсаң қайтетін еді? - деп бәйбіше шаптығып сала берді.
- Бәйбіше, тілінді тарта сөйле. Мен ұрлық қылғаным жоқ. Тезек алсам, ол тезекте менің де еншім бар, - деп едім, Толқынай бәйбіше көкпеңбек болып сұрланды да қалды. Ашуланғаннан сөз тауып айта алмады. Бірдеме деп былдырлап екі қолымен жерді төмпештей берді...
- Закүн үйрене бастаған көрінесің, біз заңның адамы емеспіз. Кәрі адам ғой, ептеп тамағын асырасын деп жүр едім, енді өз обалың өзіңе, бар, жөнінді тап! - деді.
Елу жылдық еңбегіме Тоқберлі байдың берген ақысы осы болды...
Көрші ауылда мектеп бар еді, сондағы комсомолдар малайларға болысады-мыс деген хабарды есіткен соң, бір күні салып ұрып соған бардым. Сүйесін деген мұғалімі бар екен. Жас баланың ондысын сонда көрдім. «Атекелеп» іші-бауырымнан өтті. Мұңымды бастан-аяқ айтқызып отырып жазып алды.
- Сіз жүре беріңіз, сотқа да берем, газетке де берем, - деп өз үстіне алды. Бірер айдан кейін мен туралы газет шықты деп естідім, бірақ сот жағынан әлі билік алған емеспін. Неше рет шақырса да Тоқберлі бір барған емес. Мен қысқы аязға қарамай салпақтап дуанға үш рет бардым. Әй, ауылнай-ай, оңбассың-ай, әкең Тыржықбайға құйыршық болам деп жүріп өліп еді, сен де соның жолын қудың. Сап-сау отырған Тоқберліні ауру деп қағаз қайтарып, менің жүйкемді құрытады да қояды...
Ия... бұл ұзақ жылдың бір ғана саласы болған, кеңес үкіметі орнағаннан бергі жердегілер ғой. Одан арғыларды айтсам, айтпақ түгіл ойласам, ұйқымнан шошып оянғандай болдым. Жалғыз мен емес. Тоқберлінің есігінде мен секілділердің талайы тұрды. Соның қайсысы игілік көріп шықты дейсің, бәрі де көзінің жасын көл қылып, жүйкесі құрып жөнелетін...
Толқынай бәйбіше отының басын төпеп, қарғысты жаудырып жатыр дейді. Себебі не?
Себебі - байдың малы алынсын! - деп үкімет заң шығарыпты. Алынған мал кедейлерге бөлініп берілсін депті. Әділ занды шығарған үкіметтен айналсаң болмас па!..
Толқынай сілкінді. Үкіметті бір қарғаса, елдің кедейін екі қарғайды. Бірақ дұрысына қалса, қарғайтын не жөні бар? Кедей алса, еншісін алады! Мен алсам - еңбегімді алам! Осы ауылда оннан аса үй кедей бар. Соның ішінде Тоқберлінің жұмысын істеспегені жоқ. Соның бәріне де еңбегі төленіп көрген жоқ еді. «Борыш көркі төлеуде» деген ғой, төленбеген еңбектер жиылып-төгіліп енді төленгелі жатыр...
Мейлі, қарғай берсін, Толқынай қарғады екен деп, еңбегімізді алмай тұра алмаспыз. Баяғыдан бергі шалқып, шаптыққаны да жетер. Дүние кезек деген, біреуге әзірлеген орына өзі де түсіп көрсін...
... Мен хатымды аяқтаймын. Жұмыс басталды. Ендігі күшті елді үгіттеуге, түсіндіруге, бала-шағаларды даурықтырмауға салсақ деймін...


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

(Әңгіме)
Күн көтеріле қаладан шықтық. Жеккен атымыз Тасболаттікі. Тасболат делбе ұстап келе жатыр.
Күн ызғырық, суық. Ұшпалы сұр бұлт аспан жүзін қаптап, анда-санда қиыршық қар қыламықтап қояды. Тоңа бастадық. Қаладан шыққан ыңғайда желге тура қарап отырсақ та жақ жүніміз үрпиіп, іші-бауырымыз қалтырай бастаған соң, ыққа қарай бет бұрдық. Тасболат әуелгі отырысынан танбады. Белін буған сары тон, үзік баулы елтірі тымақ - қандай ызғырық болса да төтеп беретін секілді. Киімі қорған болмағанмен де, алым болып біткен Тасболаттың денесі, сыртына шығып тұрған қайраты анау-мынау ызғырықты елетер емес.
Қаңыраған дала. Үйілген құм. Шоқ-шоқ болып біткен қурай мен жыңғылдың қалдығы қурап, қатып-семіп, өзінен-өзі бітіп бара жатқан секілді. Ойпаң жерлерде, көл жиегінде малдың тезегі жатыр; қазылған жер ошақ, төгілген күл, дөңгелектенген үйлердің жұрты көрінді. Ана бір көгалсымақ бір кезде ел қонған ауыл өмірінің қайнаған жері екендігінде шек жоқ.
Қабырғасы ыржандаған арық тор ат, белестен ойға қарай түскенде бүлкілдеп жортқан болады. Шолақ шыбыртқымен шып еткізіп, Тасболат оқта-санда ұрып та қояды. Адырға кездессе, ысылдаған құмға арбаның тегершігі көміліп, торы ат мимырт-тап барып тоқтайды. Жол жаман ба, әлде біз ауырмыз ба, әйтеуір тоқтап қалса торы аттың танауы желпілдеп, демі пештің мұржасынан шыққан түтіндей будақтайды.
- Аттың демін алдырайық, буынып кетіп жүрер, - деп Тасболат арбадан түсті.
Аттың сырттығын, тамақ бауын қарап болып, бұрылып арбаға қайта келді. Менің тоңып отырғанымды біліп, жел жағыма келіп, арбаға сүйенді. Көзі күлімсірейді. Шоқша сақалды, қыр мұрынды ақ құба кісі; түріне қарағанда онша кәрі емес секілді; бірақ сақалы бурыл тартып қалыпты.
- Нешеге келдіңіз, отағасы? - деп ем.
- Қырықтың нақ бесеуінде тұрмын, - деп күрсінген тәрізденді.
Күннің суықтығын, арық малдың қолға қарай бастағандығын, ел қолында пішен қорының аздығын бірсыдырғы әңгіме қылып өтіп, бір кезде - менің кім екенімді, қай елдің адамы екенімді, жасыма шейін анықтап сұрады.
- Е... Солай еді... «Талсуат» елінің баласы едім де... білуші ем. Көрген жерім еді... біздің Байжаннан үлкен екенсіз-ау, - деді.
- Байжан дегеніңіз кім?
- Байжан деген менің балам еді, жасы биыл нақ жиырмада.
- Балаңыз қайда: шаруашылық істей ме, әлде оқып жүр ме?
- Анығын өзім де білмеймін, шырағым, әйтеуір тірі деп есітем... Жас кезінде молдадан оқыды, - деп еді...
Тасболат күрсінді. Шолақ шыбыртқымен торы атты шып еткізіп ұрып қойды. Бір нәрсе есіне түсіп мұңайып қамықты ма, әлде қарсы соққан жел көзінің сорасын ағызды ма, күсті қолын қолғаптан шығарып көз жанарын сүртті...
Тасболаттың соңғы жауабы маған жұмбақ болып көрінді. Байжан баласы болса, жасы қазір жиырмаға жеткен болса, оның неғып жүргенін, қайда жүргенін білмеуі қалай?.. Мен, анығын білгім келіп, қазбалап сұрай бастадым. Бірсыпыра уақытқа шейін менің сұрауыма ұшынан ғана жауап беріп отырды. Жауабы түсініксіз, күңгірт, бүркеулі жатқан бір астардың барлығын еріксіз сездірерлік еді.
- Шырағым, тым қазбалап кеттің-ау. Қысқа берген жауабыма қанағат қылмай отырсың. Оныңды сезем. Бірақ, бұдан арғысын айтуға болмайды ғой, ешкімге айтылмаған сыр еді. Айтпаспын деуші едім...
Тасболат басын төмен салып, бірсыпыра жерге шейін ойланумен отырды. Ойлаған түріне қарағанда, жанды жеген ескі жараның аузы ашылып, жүректе қан боп қатқан сырдың мұздай жарылып, сең болып ағып кетуге дайын тұрғандығын сездіргендей еді. Түсі бір қуарып, бір қызарып, мазасы кетумен болды. Бір кезде басын көтеріп, ауыр күрсінді. Бұрылып бетіме қарады. Көз жанарында мөлтілдеген жас тұр еді.
- Ұмытылып кеткен нәрсе еді, шырағым. Әлдеқайдағылардың қозғалып еске түсуін қарашы... Сенің елінді есіткен соң, «Талсуаттың» атын есіткен соң, өткен күн, жастық өмір сағымдай мұнарланып ойымды, жүрегімді тартып алып кетті! Мен қазір елде жүрген сияқты болып отырмын. Ойқой, дәурен! Қара көлдің аңғарында - сіздің ел бар, біздің ел бар қара-құрым болып жайлап отырар еді... Ән салып, сауық құрып, ойын-той андып, сайран салып жүруші едік! Қайран жастық! Енді мынау шал болып отырғанымыз.
Тасболат шынымен қамығып, бүртіктенген жас көз жанарынан домалап, бетінің қобысын қуалай жөнелді.
Тасболаттың басынан қандай қайғының өткенін анық білмесем де, бала сияқтанып еңкілдеп жылаған соң, жаман аядым...
Тасболат жылауын тоқтатып, көзін сүртті. Жүрегі жарылғандай болып ауыр күрсінді. Торы атты шыпылдатып шыбыртқымен ұрып қойды. Салалы саусағымен сақал-мұртын сипап өтті.
- Е, солай еді де. Талсуат елінің баласы едім де... білем-білем. Талсуаттың басы талай аунаған жеріміз. Талсуаттың күнбатыс жағында Тәшпай обасы дейтін оба бар еді, әлі бар шығар-ау... Жас күнімізде жиналып алып, сол обаның басында талай асыр салушы едік... Сені де біліп отырмын, шырағым. Сенің әкең Омардың Бермағамбеті ғой. Бермағамбет менен 3-4 жас үлкен еді. Бірге өстік. Мен кеткенде, сен жүгіріп жүрген бала едің. Оны да білем... мен үйіңе барсам «қамшынды бер» деп әлек са-лушы едің, оны білесің бе? - деп күлімсіреп бетіме қарады.
Аң-таң болып мен де күлімсіреппін.
- Білмессің. Онда жас едің ғой. Қазірде білуің қиын болар. Мен елден кеткелі қашан. Мені тірі дегенге ешкім нанбас. Мен елге есепті адаммын ғой... Шынында да құр қарайған түрім болмаса, мен өлікпін ғой. Менің тірі болып осылай жүргенімнен не пайда?!.
Тасболат біртіндеп айта келе сырды шешуге жақындады. Біресе басынан, біресе аяғынан шолып айтып отырып:
- Болмас, бәрібір басталды ғой, саған жұмбақ қыла бергенше, сырдың бәрін ашып алдыңа салайын. Інім екенсің, сен сияқты ініге айтпай сұр қылып сақтағанда не шықпақшы? Ал, тыңда! - деп Тасболат маған қарап бұрылыңқырап отырды. Ашылған омырауын қымтап, тымағының жалбыр жүнді жақтарын кейін сыпырып қойды. Бірер күрсініп алып, басынан өткен оқиғасын бастады.
«... Білетін шығарсың, шырағым, Талсуаттан 15 шақырым жерде, оң тұс жағында, Берден қопасы дейтін қопа бар. Берден қопасын екі ауыл керей қоныс қылған. Сол керейдің ішінде Әлеке, Таңбай дегендер болған. Әлекеден тұқым жоқ, Таңбайдан туған жалғыз бала мен...
... Біздің ауылымызды Әлекенің ауылы дейтін еді. Ұйлыққан он үй шетінен кедей, алдымыздан он қара, артымыздан бір қара зорға шығушы еді. Көрші ауылымыз Қанай шетінен бай. Біздің ауылдың жұмысқа жарағандары Қанай ауылына араласып, көлігін мініп, сауынын сауып, күн көріп жүрді. Қанай ауылы біздің ауылды «қара тобыр» деп атайтын еді...
... Мен - Таңбайдан жалғыз болдым. Мінерлік көлік, сауарлық сиырымыз болды. Әкем шал болған соң, мен жасымнан-ақ жұмысқа кірістім: шөп шаптым, менің жұмыс қылғанымды қуаныш көріп, төбелері көкке екі-ақ елі тимеуші еді...
... Кедейдің баласы болсам да, кемпір-шал еркелеткен соң, адам алаңғасарланып, әуейленіп кетеді екен. Кемпір-шалды арқатану қылып, ойын-күлкі, сауыққа беріліп кетеді екен. Сол қалып менде болды. Болғанда - мықты болды: домбыра үйреніп, ән салдым. Ойын-тойды іздеп жүретін болдым. Бір кетсем, айлар жүріп өлке бойын тегіс аралап шығып қайтатын болдым. Кемпір-шал ұрсуды білмеді, қайта менің сонымды мәртебе көріп жүрді...
... Қанай ауылында Жүсіп деген бар еді. Бай еді. Осы күні қандай екенін сен білетін боларсың. Сол Жүсіптің баласы Амандық, берірек келген соң, мені баулып қолына ұстады. Жүрген жеріне ала жүретін болды. Мен сауыққа, қызыққа, байдың тұрмысына беріліп, үйді ұмытатынды шығардым. Кемпір-шалдың қандай күйде отырғандығын ескермейтінді шығардым... Әй,иманды болғыр әкем-ай, сонда да ренжіп, маған бір ауыз қатты сөз айта білмеді-ау. Бірақ, онысы маған пайда болмады. Сол бетіммен кеткендіктен осындай күйге ұшырап отырмын ғой...
... Амандық дейтін - бұқа көзденген мыртық жігіт еді. Тілін шайнап сөйлейтін. Аздап бақай қулығы да бар. Көкіректік қазан бұзарлықтан да сау емес. Ойын-тойда көбіне жанжал шығарып, айтқанын істетіп жүрді. Бұрыс-терісіне қарамай айтқанын біз бұлжытпай істеп жүрдік... Сол күндерді осы күні ойласам, бетім шымырлап, тұла бойым мұздап кетеді: адамда ұят деген болмайды екен ғой. Ұятты білсек, Амандықтың айдап салғанына еліріп, ағайынға ойран салар ма едік!..
... Амандықтың Айғанша деген келіншегі болды. Әйелдің сұлуы еді. Мен Амандықтың үйіне араласқаннан соң бір жылдан кейін түсті. Амандық ұрын барғанда мен еріп бардым. Тәу көргеннен сол әйелге көңілім ауды. Елестеп ойымнан кетпейтін болды, ұйықтасам түсімде көретін болдым...
... Амандық байдың баласы. Уайым-қайғы көрмей еркін өскен, көкірек. Ол кімнің қадырын білсін. Айғаншаның сымбатын, мінез-құлқын, тәрбиесін ол көзге ілмеді. Айғаншаны көп әйелдің бірі деп санады. Ашуы келсе, ұратын болды. Боқтап сөгетін болды. Айғанша ренжісе, менің жаным күйзелетін болды. Бірақ, мұнымды өзімнен басқа ешкім сезген жоқ. Керек десе Айғаншаға да сездіре білмедім...
... Құдайқұлдың ішінде Үкібас дегеннің ер жеткен қызы болды. Көзі үлкендей, қаны қашқан сұрғылт бетті әйел еді. Бірен-саран бозбалалармен жүргені естілді. Соның несіне қызыққанын білмеймін, Амандық соған сөз салды. Қыз құрып қалғыр, неге қалшаланғанын білмеймін, жіберген адамға жауап қайтара білмепті. Амандық қыздан бетінің қайтқанын ар көрді. Қыздан өш алмақшы болды. Оқас дейтін көшірі бар еді. О да, мен сияқты, әумесерлеу жігіт еді. «Қыздын киімін ұрлап әкеліндер!» деп Оқас екеуімізді жұмсады. Біз қыздың бой-басындағы жылтырағын ұрлап алып шығып, жер ошаққа тығып қайттық. Бұл -Амандықтың, Амандыққа ерген біздің қиямпұрыштығымыздың басы еді...
... Талас штат болды. Ел екі жік. Бір жағы Күржікейдің баласын қолға ұстап шықты. Екінші жағы - Жүсіптің баласын көтерді. Амандық ауылнайлыққа бой ұрды. Ауыл күнде жиын. Күндіз-түн демей партия жию... Сойылған мал, мінілген аттың есебі болмай кетті. Адам мүлде әулекіленіп, көтеріліп кетеді екен. Сол сайлау кезінде ұйқы дегенді білмедік. Амандық екеуіміз екі атты жаратып мініп, күндіз-түні жүрдік те отырдық. Амандық партия жию мен бозбалашылығын қатар жүргізді. Қонған, түстенген жерінде ұнамды әйел болса, соған сөз салмай кетпейтін болды. Әйелдер де бір сорлы ғой, қалай көніп қалатынын білмеймін...
... Бір күні, ел жатқан кезде, ауылға жалғыз келдім. Аттан түсіп жатыр едім, Амандықтың отауының жанында біреу қарандағандай болды. Бұл кім болды екен деп төніп келсем, Айғанша екен...
... Қарсы партия жағына Амандық тісін батыруға ойлайды. Бізбен көрші отыратын Тасқұлақтың аулында Тәпен дейтін атқа мінген жігіт бар еді. Сол, ауылын бастап, Күржікей жағына шығып кетті. Көршілестігін айтып, Жүсіп неше рет адам салса да, Тәпен ықпады. Соған ерегісіп, Амандық Тәпеннің сары бауыр атын ұрлатпақшы болды. Тағы да Оқас екеуімізді жұмсады. Сойылды қарға іліп, алты атарды қойынға тығып, ел жата екеуіміз жүріп кеттік. Түн тастай қараңғы. Көк жиегі бүркеу бұлт. Желсіз, тыншу... азынаған сармаса, әлдеқайда, көкжиегінде бәсендеу болып күн жалтылдап тұр.
- Осы жүрісіміз жақсы емес, тек құдай жамандыққа бастамасын! - деп Оқас күрсінді.
Ешнәрседен беті қайтпайтын қайратты Оқастың уайым айтқаны меніңше келіспей тұрды. «Ойға алғанды істемеген жігіт жігіт пе?!» деп ойладым мен... Сары бауыр атты көргенде, Оқастан бұрын аттан түсіп, өзім жүгендедім...
... Сайлау өтті. Ел қалпына келді. Амандық ауылнай болды. Тілегіміз орындалған соң, біз еш нәрсені елегеніміз жоқ. Бірақ, сары бауыр атты, Тәпен Оқас екеуімізден көреді деген сыбыр естіліп жатты. Амандық ауылнай болған соң, болыс өз партиямыздан сайланған соң, біз несіне қаймығайық, айылымызды да жиғамыз жоқ.
Бір күні үйге барып отырып едім, әкем уайым айтты:
- Кемпір-шал болдық. Төрімізден көріміз жуық. Мал көбейтіп, енді, байи алмаспыз; бір шүйке басты оң жақ босағама кіргізіп бер деп әжең де мазамды алып жүр... Биыл шөп те шапқыза алғамыз жоқ. Екі-үш қараның басы барда сенің аяғынды шырмап, міндеттен құтылсам деп отырмын, - деді...
Не айтайын, үндегенім жоқ. Артынша бес обадағы Сағит дегеннің қызын айттырып қайтты деп есіттім. «Қызы бой жеткен екен» десіп жүрді, бірақ қандай екен деп әуестеніп, оған ойым беліне қоймады...
... Айғаншаның бірінші әзілі - менің қалыңдығым туралы болды. Қалқам-ай, мінезі өзгеше еді-ау, күлімсіреп отырып:
- Қайырлы болсын! Келінді алған соң ағаңның өнерін сен де бастап жүрме. Жарамайды, обал болады, - деді.
Соңғы сөзді айтқанда, мұңайып, төмен қарап терең ойға шомғандай болды. Содан былай екеуіміз ашылып сөйлесетін болдық. Оңашада кездесуді тілейтін болдық.
- Осы біздікі не? Біз не қылмақшы болып жүрміз? - деді Айғанша бір күні.
Деді де, шыдай алмай, өзі күлді...
... Қысты күні калыңдығымды көрмекші болып ұрын бардым. Бойжеткен екен. Қара бұжыр, мыртықтау әйел. Ерні көнтектеу. Бір бастап сөйлесе, сөйлей беретін қалпы көрінді. Мені бірінші көргеннен-ақ, ол ұнатты:
- Сендей жігітке кез болдым - арманым жоқ. Сенің жолыңа жаным құрбан! - деді.
Мен елжіреп бой бермедім. Әкем айттырған соң, санап мал берген соң, амалсыз алатын сияқтандым. Жазға салым үйге алып та келдім...
... Үйде сирек болам. Өмірімнің көбі байдың үйінде өтеді; ел қыдырып, Амандықтың шашбауын көтеріп, сауық құрумен өтеді. Айғанша кейде:
- Үйіңе барсайшы, келінді ренжітпесейші, - дейді.
Айғаншаның сөзі жерде қалмасын деп үйге барам. Бірақ,көңілсіз. Өз үйіме өзім сыймаймын. Қатын мені сағынып жүдеп қалған болады. Мені көргенде жылап жібере жаздайды. Бірер жылдан кейін жүкті болып, ұл тапты. Атын Байжан деп қойдық. Сонда туған Байжан еді-ау!..
... Байжан туған жылы қыс кемпір-шал бірден қайтыс болды. Үйде бір-екі-ақ қара қалған. Ішуге тамақ кем. Емшектегі бала, жас қатын өз бетіне отырып күн көре алатын болмады. Менің аяғымды еріксіз байлайтынды шығарды. Қатынға да бұрынғыдан көрі тіл бітіп, бір жаққа барып келсем: «Қайдан келдің? Не қып жүрдіңді?» шығаратын болды. Ол сұраған сайын, тексерген сайын, менің қытығыма тиіп, әлдеқайда, жүрегімнің түкпірінде соған қарсы белгісіз бір ашу бас көтеріп келе жатқан сияқты болушы еді. Бірақ, ашу қысса да, қатынның өзімді артықша сүйетіндігін ойлап, ұрмаушы едім...
... Амандық шақырған соң үйімді көшіріп соның жанына бардым. Көшіп бармасқа болмады, «Тәпен соңыма түсіп, сары бауыр аттың кегін алуға ыңғайланып жүр» деген сыбыр естілді. Амандықтың қасына барсам, анау-мынаудың тісі батпайтындай көрдім. Бірақ, көшіп баруыма қарай тағы бақытсыздыққа ұшырадым. Тәпендер таратты ма, әлде ауыл-үйдің өсегі ме мені Айғаншамен жақын деген сөз жайылып кетті. Біреуден біреу естіп, күн сайын қойылта берді. Қатын құлақка маза беруді қойды. Бара-бара, ол кісі көзінше айтатынды шығарды...
... Іңір әлеті еді. Жұрттың бәрі үйлерінің жанында салқындап отырған. Оқас бар - бірсыпыра адам Амандықтың отауының жанына жиналып, мен ән салып отырғам.
-Әй! -деді біреу.
Жалт қарасам, қатын екен. Екі көз жас. Басында жаулығы жоқ. Шашы обырап кеткен. Қанын ішіне тартып, қалш-калш етті:
- Жетер енді! Салдақының әуселесін бірсыпыра көтеріп болдың ғой. Сенен басқа бозбалалар да жетер, сен үйге жүр, - деді.
Жұрт ажырайысып қалды. Айғанша сұрланып, сөз айта алмай, орнынан тұрып кетті. Үлкен үйден сұрланып, шаптығып, бәйбіше шықты. Жұрт дабыр-дұбыр болып жатыр. Не айтып жатқандарын байқай алмадым. Орнымнан тұрдым. Сосын не істегенімді өзім бұлдыр ғана білем. Көзім қанталап, ашу кернеп, өзімді-өзім ұмытыл кетсем керек...
- Ой, жындандың ба? Өлтірдің ғой! - деп біреу иығымнан тартты.
- Е, не болды?
- Не болғаны құрысын, өлтірдің... Өліп қалмаса жарар еді, -деп Оқас біреуге төніп отыр.
- Апырмау, бұл кім? Мен не істедім? Мен қайда тұрмын? - деп өзіме-өзім есеп бере бастадым. Сүйткенше болмай Оқас басын көтеріп:
- Сені құдай атты: мынау өліп қалыпты! - деді.
Шошып кеттім. Жүрегім қалтырап сала берді.
- Кім?.. Кім өлген?
- Кім болушы еді, қатының!
- Не дейт? Оны кім өлтірді?
- Өзің жаңа шашынан сүйреп әкеткен жоқ па едің?! Мен, ұрар да қояр деп ойлап едім. Айғанша бар деген соң келіп едім. Бүйтеріңді білсем, әлгінде айырып алатын едім ғой. Әй, әттеген-ай! - деп, Оқас үйдің ішінде теңселіп жүре берді. Есім кіресілі-шығасылы, көзім бұлдырап, қарауытып кете берді. Не қылып, не қойғанымды әлі өзім анықтап біле алмай тұрмын.
Оқас жаныма келіп:
- Сені құдай атты! Сен адам өлтірдің! Енді қолға түспей тез жоғал. Әзір ешкім хабарланған жоқ. Мен кетем. Жұрт ертең бір-ақ білсін! -деді.
Оқас шығып кетті. Құрым үйдің төрінде жалғыз тұрмын. Құр сүлде. Буыным дірілдеп, құлап кетуге таяу тұрған сияқтымын. Аяғымның астында сұлаған дене жатыр. Ол әйелім!.. Әйелімнің денесі! Мені сүйген, мен үшін қан жұтып күйген әйелімнің сүйегі!.. Өзімді сүйген жүрекке менің тартқан сыйым осы болды ма? Мені не қара басты?!. Бүйткенше, нақа ашуға шыдамасам, көптің көзінше қатынымның сөйлегенін бойыма ар көрсем, өзім-ақ өліп кетсем болмады ма? Бұл сорлыда жазық не еді?!.
... Ойлаған сайын елжірей бердім. Екі көзден ыстық жас ыршып ата берді. Жүгініп отырып, бетін сипадым. Көзін жұмдырдым. «Кеш! Мен қарабет болдым!.. Мен қан ішер атандым!» деген сөз аузымнан еріксіз шығып жатты... Қатаны жаңа ұғынғандай болдым. Бірақ, кеш еді. Іс өтіп кеткен. Егер, нақ сол сағатта қатынның кеудесінде жан болса, мен тізерленіп отырып аяғына бас ұратын едім: «Жаңа білдім. Мен - сендік! Жүрегімді де, жанымды да өзіңе жиып ал!» дейтін едім... Осы сөзді салқын денені құшақтап отырып кеп айттым...
... Біреу басымды сүйеп тұрғызды. Таң бозарып, үйге сәуле кіріп қалыпты. Алдымда әйелімнің денесі жатыр. Оң жақта төсек салулы екен. Төсек жанында бесік. Бесікте Байжан белеулі. Байжан шырқырап үйді басына көтеріп жатыр...
- Не ғып отырсың? - деді.
Айғанша екен.
- Әй, еркек, еркек! Сендерден осыдан артықты күтуге де болмайды ғой! - деді.
Төсек үстінде жатқан жаулықты әкеліп қатынның бетін жапты. Бесіктен Байжанды шешіп қолына алды.
- Міне, көрдің бе? - деді, - осындай болатынын мен сезгем. Сезгендіктен сені бойыма жуытпағам. Егер, бойыма жуытып, сенің жүрегінді осыдан салқындатайын деген қиялға кірсем, осы қанның обалына мен де ортақ болмас па едім? Ісің жаман! Басқаға лайық болғанмен, саған лайық емес еді. Мен сенен мұндай істі күтпекші емес едім... Ойлағандай болмадың, енді, тұрма, жөнел. Оқас ат әзірлеп жатқан шығар, мін де тарт! Қайтып ел бетін көруші болма!..
... Тәлтіректеп орнымнан тұрдым. Байжан ұйқылы көзімен Айғаншаның омырауын аймалап, емшек іздеп жатыр екен. Баланы аяп, ішім елжіреп, жылайын деп едім, көзімнен жас шықпады. Сүюге бата алмадым. Қарабет болып тұрып, күнәсіз жас нәрестеге аузымды тигізуім - кешірілмес күнә болар дедім. Үйден қалай шыққанымды сезгенім жоқ, әйтеуір атқа мініп кетіппін...»
Тасболат осы жерге келгенде егіліп жылап жіберді. Аузы сөйлеуге келмеді. Көпке шейін солығын баса алмай отырды.
- Сосын қайттіңіз? - дедім.
- Қайтейін, шыққан бойыммен Ащылының еліне келіп, бауырымды жерге төсеп екі күн жаттым. Үшінші күн көшпелі елге кездесіп, Әлиқұл деген байға жалданып, соның көшімен бірге осы Сырға құладым.
- Содан бері елге барған жоқсыз ба?
- 17-жылы бардым. Туған жер, өскен ел адамды еріксіз тартады екен. Әсіресе Байжанның өлі-тірісін білуге кұмар болдым. Бірақ, ел көзіне көріне алмадым. Шеттеп жүріп жерді көрдім, сағымданған елді көрдім. Жылай-жылай көзім жұмылып кетті. Байжанды нағашысы қолына алған екен. «Дені сау, оқып жүр» деген хабарды бір қойшыдан есіттім.
... Ымырт жабыла Тасболаттың тұрған үйіне келдік. Зейнеп деген жесір әйелдің колында екен. Бір жағынан малай, бір жағынан сол үйдің өз адамының бірі болып сіңісіп кеткен қалпы көрінді. Зейнептің 8-9 жасар ұл баласы бар екен. «Аталап!» Тасболатты шырғалап, соның қасынан шықпай отырды.
- Ата, өлең айт! - деп бала домбыра алып келді. Құлағым елең етіп, мен басымды көтердім.
- Айтсам айтайын, қарағым, қонақта тындасын, - деп, Тасболат домбыраның құлағын бұрап алып, безілдетіп тартты.
Бір кезде әнді шырқап жіберді:
«Талсуат, Берден қопа жерім еді,
Жаста өскен Керей, Қыжык елім еді.
Бұлғандап бозбала боп жүргенімде,
Бұралып сұлулары күліп еді!..»
Тасболаттың әнін, өлеңін тындап отырып, мен елді бастан-аяқ кезіп жүрген сияқты болдым...


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

(Әңгіме)

(Ескерткіш дәптерінен)

... Мен Сейіт Таңатаровпын, қазіргі фамилиям Сейіт Құдайқұлов; Құдайқұл менің төртінші атам. Одан бергісіне жолауға болмады. Таңатар, Сағымбаевтар заманында қыр мен сырға әйгіленіп болған аттар ғой. «Таңатаров» деген фамилия бір кезде жұртқа қүұдайдай көрінуші еді. Жас кезімде мен де қолданып көрдім. Екінің бірі «Мынау Таңатаров!» - деп сыртымнан таңданып қарап тұрушы еді...
Өзгеріс болғаннан кейін «Сағынбаев» атандық. Аз уақыттыңың ішінде Сағынбаев деген атақта жұртқа әйгіленіп кетті. «Сағынбаев» атағын көтерген студент ағам еді. Кеңес адамы болып, дөкей-дөкей қызметтерді атқарды. Бір уезд елді аузына қаратты... Бірақ арты қайырлы болмады, ағамның табаны тая бастады. «Бай баласы» байшыл деген атақты екінің бірі тапты. «Қазына мүлкін жеп қойыпты...» - деген өсекті де таратты... Біз қайдан білейік, жалонжаны көп алатын шығар деуші едік. Екі-үш жыл қызмет қылып дүрлеп тұрған кезінде үйден мал саттырып көрген жоқ еді... Мал саттырмау түгіл, неше түрлі кымбатты шаруашылық саймандарын үйге алып беріп тұрды... Осының кесірі тиді ме, қайдам, ағам ақырында қызметтен шығарылып, басы сотты болды...
... Мен бұл дүниеден бос қалған адам сияқты едім. Жасымда молдадан сабақ оқыдым. Екі баланы бірдей орысша оқытудың қажеті жоқ деп әкем мені қазақша оқуға салды. Бір-екі жыл ишан қазіреттің медресесінде оқыдым. Оқыдым деген ат болмаса, шынында менікі құр уақыт өткізу еді ғой. Қаланы кезумен болдым. Ақша жетеді. Қайда қазақ болса, соны көруге құмарттым.
Төңкеріс болғаннан кейін былай жабайы адам болып үйде жүрдім де қойдым. Жасым сонда жиырмаға жетер-жетпес еді. Мол дәулет, уайым-қайғы жоқ. Мырза болып бұландауды шығардым, өзіме лайықты жанымда нөкерім болды. Әсіресе Жұмат дейтін жылмаң жігіт бар еді, өй епті-ақ еді-ау... Марқұм өліп қор болды, әйтпесе осы күні кімнен болса да кейін жүрмес еді... Сол Жұмат мені көп баулыды. Өлке бойындағы елде тәуір қыз-келіншек болса, іздеп жүріп сөз салушы едік. Ыңғайдан шығып кететіні сирек болушы еді. Бірен-саран көнбегенін масқаралап, ел бетіне қарағысыз қылушы едік... О да бір заман екен ғой!
... Әкем жасымда қалың беріп қойған төрт төбедей Вахит дегеннің қызы еді. Қалындығымды ұрын көруге бардым. Жанымда Жұмат бар. Қызды алып келді, тырнадай серейген біреу екен. Бөкебайын ашып бетіне қарап едім, келте мұрын, бұжыр бет, көзі үлкендеу адам екен. Ойнап, күлген болып отырдық. Менің ішім онша жыли қойған жоқ.
Одан кеш ілгері қыздарды құшақтап, аузымның тұшып қалғаны бар еді ғой. Қалындығым маған ұнаудың әлегінде болды. Ажарсыздығы болмаса басқа жағынан мен де мін таға алғаным жоқ. Бірақ ен дәулетке жүзіп отырып, жұрт танданғандай бір сұлуды құшақтамаған соң дүниенің қызығы қайсы. Осыны серт қылып, Жұматты қасыма ертіп қыз іздедім. Сонымен, осы күнгі тоқалым Бексұлуды алдым.
... Қазірде жасым жиырма алтыда, сұлу мұртым бар. Әкеме тартып сақалым көп болар деймін, жетісіне бір рет қырып тұрамын, ажарым қызыл шырайлының әдемісі. Ойын-тойда қыз-келіншек үйіріліп, менімен сөйлесуге құмартады. Екі қатын алғандығым болмаса қылшылдаған жас жігіт кезім осы ғой деймін... Қатынды ерте алудың қажеті жоқ екен. Жігіт болып, бойдақ жүріп, дүниені тептіріп өткеннен қызығы жоқ шығар деп кейде өзім пұшайман да боламын. Әсіресе, екі қатын ұрсысып таласса, әкелеп бала жыласа, құйқа тамырым шымырлайды.

* * *
... Ағам ұсталып қалған соң, шығыны көбейді. Әкем ретін білмеген де шығар, әйтеуір кім көрінгенге берінемін деп бірталай малдан айрылды. Оның үстіне салық есті тандырды. Бұрын тісі батпай жүргендер ептеп айналдыратынды шығарды. Жиылыс болса біздің үйде болатын болды. Шығын болса «Сағымбайға салынсын!» дейтінді шығарды. Қарсы келсең жазалысың. Милициясы қақандап бір жағынан мазанды алады...
«Қолыңнан ешнәрсе келмейді, құр нан соғарсың!» деп әкем маған кеюді шығарды.
Мен намыстандым. Қалаға бардым, қызмет қылып әкеме олжа түсірудің жайын қарастырдым. Бірақ кеңес қызметінен маған лайықты орын табылмады. Мен ешқайсысына жарайтын болмадым...
Бәйбіше қатынымның төркіні Қайырлап дейтін бар еді, сол қызметте екен. Аз ғана орысша оқығаны бар ғой, маған қарағанда оның да тәуір болғаны ғой. Орын табылмаған соң, жақын көріп соған бардым. Менің барғаныма мәз болып қалды. Маған орын іздестірмекші болды. Үш-төрт күн күттіріп, ақырында:
- Мұғалім болам демесең, басқа орын жок, - деді.
Мұғалімнің алатыны айына 32 сом, қазақ ауылында тұрған соң, шығын шықпайды. Айға 32 сомды санап алғанымды салып тұрсам, әкем маған қалай өкпелер екен? - деп өзімнен-өзім ойға қалдым. Дағдарған соң:
- Әйтеуір байырақ ауылға сайлата көр! - деп Қайырлапқа жайымды айттым.
-Мұғалім болам, - деп арыз жазғанымда, Қайырлаптың ұйғаруымен фамилиямды «Құдайқұлов» деп өзгерттім. Анкетті орысша толтырады екен. «Ата заты қандай болған?» деген сұрауға келгенде Қайырлап көзін қысып қойып:
- Кедей болған ғой! - деді.
Мен күліп жібердім...

* * *
...Бүйтіп тапқан малы құрысын! Екі қатынның жылап ауылда жатқаны анау, кілең боқташақ баланы алдыма топырлатып шаң-топырақтың арасында мен отырмын. Мектеп дегені Жарылқасын байдың ас үйі. Сығырайған кішкене екі терезесі бар. Екі терезенің бес көзі сынық, жамау. Біреуіне қарын шегелеп койған. Есігінің қиюы қашқан, жабылмайды, қар кіріп, жел ,азынап бүрсеңдейсің де отырасың... Үйдің іші ыс, кір, асты бұрқылдаған топырақ, қоң. Ас пісірсе үйдің іші буға толады. Кейде түтін шықпай булықтыратыны да бар. Өзім тіземді бүкпей, терезеге сүйенумен тұрам. Балалар топыраққа малшынып, тізерленіп отырғаны. Көбі жаурап иегі-иегіне тимейді. Қағаздарын шұқылап бірдеме айтқан болам да, өздерің оқи тұр деп байдың қонақ үйіне кетіп қалам. Қонақ үйі жұмақ секілді. Төсеп тастаған жайнаған кілем, самсаған жарық терезе. Қонақ үйдің бұрышында маған арнап байдың қойдырып берген үстелі бар. Үстел үстінде үйдің керегесіне сүйеулі дөңгелек айна тұр. Бұл байдың қызы Гүлсімнің айнасы ғой... Айналайын, өзі әп-әдемі бала ғой. Кез келгенде жымиып күлетіні бар. Күлгенде көзі-ақ жарасымды. Жүрегінді өзіне тартып тұрған сияқты. Осы айнаны әкеліп үстелге қойып жатқанда үстінен шықтым.
- Рахмет, қарындасым, - десем, қылымсып күледі.
- Сізге қызмет қылуға ерінбейміз! - деді.
Не айтқысы келгеніне түсінбейтін емеспін ғой, бірақ өзімнің жайым келмей жүр. Мал тапқан құрлы мына мұғалімдігі сор болды. Бүйтіп қорлық көріп, алба-жұлба болған кілең кедейдің баласының ішінде отырып, атағыма нұқсан келтіргенше, таза үйге барып жатып алсам қайтеді?
Менің қалай мұғалім болғаныма жұрттың бәрі түсінбейді. Жарылқасын бай келген күні сұрап еді, оған шынымды айтқаным жоқ:
- Қызметке келсін деп қалаға шақыртқан екен. Қалада отырып жұмыс істегім келмеді. Ағамның көрген опасы да шамалы ғой. Одан да амалдап құтылып, ел арасына шығайын деп, осы мұғалімдікке көндім, - дедім.
- «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» деген ғой, мұның дұрыс. Ептеп күн көргенге не жетсін, - деп Жарылқасын онымды қостап қойды...
Келген ыңғайымда Жарылқасын мені сыйлап, осы қонақ үйін босатып бермекші еді. «Кедейдің етегіне бидай салса, төгіп тастайды» деген ғой, кілең кедей болып жиналысып, байдың ағаш үйін алып мектеп қылуды шығарыпты. Оларына болыс көнбепті. Жарылқасын соған ерегісіп қонақ үйін бермей қойды.
- Шырағым, ренжіме, сені аяғаннан осы қонақ үйімді босатып берем бе деп едім, мына кедейлердің қылығы өтіп кетті. Енді берсем, қорыққаннан берді дейді ғой, - деп маған жайын айтты. Әй, кедейлер-ай, баскаңды қайтейін, қит етсе бай деп кіжінгендерің өтеді-ау!..
... Байдың бір қарқыны келген күн екен. Үйеме табақ ет астырыпты. Қазы мен қартаны аямай-ақ салыпты. Сыйлап отырған қонағы Бердібай бақсы. Бақсы адам әумесер келе ме екен, әлде ишанның өзі сол ма екен, Бердібай мені шақырып алып:
- Байдың тоқалының қойнына апарасың ба? - деді.
Қара тоқал көзі жылтындап бөлменің есігінен әлсін-әлі қарайды. Қонақ онан дәме етсе, ол қонақтан дәме етпейді дейсің бе? Бердібай бақсы ірілік қылмай-ақ өзі сөйлессе де болатын еді. Мені жұмсап отырғаны - мұғалім деген ел көзінде ойыншық болғаннан шығар деймін. Әйтпесе менің кім екенімді білсе, Бердібай өзі маған аяқ ұшынан тұрып қызмет істер еді... Ой, заман-ай, өттің-ау!.. Тегінде ақшасы құрсын, осы мұғалімдік менің арымды төгіп болар-ақ...
Байдың сақтап жүрген ескі қысалары бар. Ет жеп болған соң:
- Азырақ көңіл көтерейік, шырағым, қыса оқисың ба?- деді.
«Әзірет Әлінің» соғысын әндетіп оқып шықтым. Байдың айызы қанып тыңдады. Бердібай бақсы арқасы қозып, мүлде көтеріліп-көтеріліп қояды. Көрші бөлмеден бәйбіше, тоқал, бұралып Гүлсім келді. Гүлсім әжесінің сыртына таман отырды. Әжесінің иығынан аса маған қарайды. Мен де көзімнің қиығымен қараймын деп кейде оқып отырған жерімнен айрылып кала беремін. Бай мұнымды сезді ме, қалай, бір жымиып күлді де қойды. Тегінде бейлі кең жақсы адам-ау деймін...
... Үй тастай қараңғы. Дала жел, бораған қар сытырлап мазаны алып тұр...
Мен ұйықтаған жоқпын. Аунақшып жатырмын. Үйді ойлаймын. Ауылдан кеткенде үйді, екі қатынды сағынбаспын деп-ақ ойлап едім. Сағынған да жоқ шығармын, бірақ бір түрлі мазам кеткен секілденеді. Көңіл бос, алданыш жоқ. Ермек табылса жүре бермейтін несі бар дейсің...
Кешеден бергі ойым - осы Гүлсімге қол салып көрсем деймін. Қатынымның барлығы болмаса мен қартайып тұрған жоқпын ғой. Қатының бар деп бетіме баспас. Бәрібір, мен оны түпкілікті алып жатқан жоқпын... Ойлаған сайын еркім кете береді. Бүгін ас үйге балаларды бір көріп шығайыншы деп барып едім, менің артымнан Гүлсім де барды. Мен терезенің қырына сүйеніп тұрып едім, ол пешке арқасын сүйей тұрды, өзі маған қарап жымиып, күледі. Балалардың ішіндегі есі кіргендері біресе Гүлсімге, біресе маған жалтақтап қарайды. Менің ашуым келіп кетті. Ыбырайдың ұзын тұра баласын «көргенеіз неме» деп жаққа салып-салып жібердім. Жап-жас болып сондай нәрсені сезбей-ақ қойса қайтеді екен?!
Бердібай бақсым пырылдап ұйықтап жатыр. Аузы айтқаны болмаса, ар жағында дәрмен жоқ-ау деймін. Қой, құр дөңбекшігенше барайын. Қыз тоқалдың қойныңда жатқан шығар. Тоқал ояу жатты не, ұйықтап жатты не, бәрібір қызды қорымайды ғой, «мұғалімдікке кейіп жүнімді жыққанша, тіріліп тағы адам болайын. Ойын-қызықпен көңілімді көтерейін...»
... Қожық шақырады дегенде ас үйге барсам, балалардың әкелері шығар деймін, он шақты адам қатарласып отыр. Киімдері алба-жұлба, ыбындары кеткен ылғи кедейлер. Ішіндегі бас көергені Қожық қой. Мен биыл мұғалім болып келгенімде мектеп кеңесін сайлаймыз» дегенді шығарып, бастығы Қожық қылып төрт-бес адамды сайлағамыз. Содан бері Қожықтан құтыла алмай-ақ келем. Екі күннің бірінде келіп жоқты айтып, мазаны алады да отырады.
-Мектеп жайын кеңесе келдік, - деді Қожық.
-Мынау үй ме, бұл мал қамайтын сарай! - деп біреулер мұрнын шүйіреді. Өз үйі оңып тұрғаннан жаман сөзінің ащысын қарашы!..
- Мынау үйде балалар оқыған құрлы ауруға шалдығып болатын. Сондықтан я байдың қонақ үйін босаттырып алу керек. Болмаса мектепті мына көрші ауылға көшіру керек, онда дайын тұрған үй бар. Жақын ауыл ғой, балалар қатынап оқыр, - деп Қожық бастап еді, былайғылар ауыз біріктіріп қойғандай:
- Сөйту керек! - деп шу ете калды.
Бұл ұсыныстарының екеуі де маған жағымсыз. Қонақ үйін алсақ бай ренжиді. Мектеп бөтен ауылға кетсе менің күйім келмейді. Қай кедейдің боқтығының арасына барып аунап жатармын. Және Гүлсіммен танысқанымның өзі жақында ғана. Оны қиып кету деген маған оңай соқпас. Мұғалімдіктен таза безуге айналып едім, осы Гүлсімге айналған соң ғана таза шырайым ашылып, табаным тұрақтай бастады ғой...
- Байдың үйін алуға болмайды. Келімді-кетімді қонағы бар. Бір ауылдың қонағын аттандырып отырғаны жарамаған ба? Қайсың қонақ қондырып қарық қылып отырсындар?.. Ал, мектепті басқа ауылға көшіреміз десендер, онда менімен қош айтысасындар. Мен қыс ішінде артынып-тартынып көшіп жүре алмаймын. Және мен мектеп мұғалімі болсам менен рұқсатсыз мектепті кешіре де алмайсындар! - деп ашумен кысқа кесіп айттым.
Қожық бірдеме деп міңгірледі. Былайғылары жалтақтап біріне-бірі қарады. Уа, құдай, қашанғыдан бұрын өлтіріп-ақ болды ғой. Не де болса қолымда дәурен тұрғанда, беттерін тырнап өлейін деп отырмын...

* * *
...Жайнаған жаз, бәйшешегі құлпырып, бұлбұлы сайрап, жанды жеген жараны емдеп жазатын жаз! Сарқыраған сай, күркіреген өзен, желкілдеген көк көңілдің қошын келтіріп тұр. Бір жетіден бері өзім бір жасап қалдым.
Қырсықтан құтылдым, қара сирақ балаларды таратып қоя бердім. Ауылға жүріп кеткендей-ақпын, Гүлсім қимайды.
- Ертең жүрерсің, бүгінше қонсайшы, - деп жабысып, іші бауырымды елжіретеді. Өзіне ашық сөйлесіп көрсем бе екен, болса-болмаса менімен араласты ғой, қатының бар деп кемітпесе, тисе таза өзін алар едім. Үш қатын алған қазақ аз ба?! Заңын көріп алармыз, ауылнай мен болысқа бір-екі айымның жалонжасын берсем, үні өшпей ме?!. Тоқта, келе жатыр, Гүлсім ғой... қалқамды ақтық рет бір құшақтап сүйейінші...

* * *
...Қыстайғы жалонжамды жиып әкеліп едім, әкем қуанып қалды. 180 сом ақшаны бір қолдан берген соң аз емес қой. Ақшаны ойыншық көретін баяғы дәурен қайда. Ойбай-ау, жындылық екен-ау, осы әкем штатта болыс боламын деп партия жиып, 10 мың шашқан ғой.
- Болыс болып алған соң мен де шығынымды өндіре білдім, жылға толмай екі есе болып, пұлым орнына түсті, - деп әкем осы күнге дейін жыр қылып отырады. Ол бір тасқан заман ғой. Осы күні әкемнің теңге түгіл тиынға зар болатын кезі көп...
Бүгін екі қатынның екеуін де сілейте ұрдым.
- Алты айғы қыс бір келіп кетуді білмедің, - деп екеуі бірдей бұрқылдайды. Онысына ашуланбас едім-ау, бұрын екеуі ызғысып бірін-бірі шандумен отырушы еді, келгеннен бері байқасам ым-жымдары бірігіп қалыпты. Менін көзімді алып сыбырласып сөйлесуден де тайынатын емес. Оңбағандар, күңдер, менің көзіме шөп салып көрсін, әкелерің танытып қояйын!..

* * *
...Әй, ойбай-ау, мына қырсыққа не шара? Масқара болып шынымен сол көрсіңе бармақшымын ба? Көріс дегенді қайдан шығарады екен? Жалонжамды беріп тұрса оқытпады деп біз өкпелемейміз ғой. Басқаны білмеймін, мен өзім анығы өкпелемеймін. Бармай болмас, «бармаған адам жалонжасынан айрылады» депті ғой. Қыстай азап шеккендегі ойым осы жазғы айдың жалонжасын текке жеу еді. Оны да дұрыстықпен бойға сіңірмейін дегені ғой... Құрысын, амалын тапсам, бірдеме деп құтылармын, мен енді кеттім...

* * *
... Газет! Міне тағы бір сор! Ақша үшін сорлап жүргеніңмен жұмысы да жоқ, газетке жазыл деп жанымды жағамнан алды. Әкем кедей еді, үй ішіме қарасып тұрмын десем:
- Алдымен кедейдің алып оқуы керек. Үкімет кедей, жұмыскердікі. Үкімет баспасөзімен елді таныстыру мұғалімдердің міндеті, - дейді.
Аузы-аузына жұқпайтын бір батшағар екен, мен бір ауыз сөз айтсам он ауыз қылып жауап береді:
- Мұғалімдік міндетіңізді шын атқарғыңыз келсе, баспасөзден қашпаңыз.Мұғалімнің баспасөзсіз күні жоқ. Газет, журнал оқымаса, баспасөзбен ел кедейлерінің күнделікті жұмыстарына басшылық қылып отырмаса, мұғалім болғандығы қайсы?! - деп өзімді айналдырып, қазбалап барады. Құрысын, шиі шығып кетіп жүрер деп сасқанымнан ақшасын бере қойдым... Тегінде осы мұғалімдік маған қол болмас деп былтырғы бір ой-лағаным дұрысқа шығар ма екен?!
... Мұғалімдер бас қосып, көңіл көтерейік деп айтады деген соң мен де қосылдым. Екі кабат қызыл үйдің астындағысына барып кірдік. Үстелдің үстін шыны қаптап кетті... Қалаға бұрын көп араласпаған соң ішімдіктің жайын білмеймін ғой, басында қызығып ішіп отырып, арт жағынан өзімді өзім тоқтата алмадым. Көп сөйлесем керек, не айтып, не қойғанымды онша біле қоймаймын. Масқара қылып бар сырымды ашып тастаған болмасам жарар еді... Жаңа ана бір қара бұжыр бақа мұғалімді көріп едім, маған қарап күліп:
- Сенің әлі кос қатының бар-ау, - дейді. Оны қайдан есіттің десем:
- Түнеу күні ішіп отырғанда өзің айтқансың, - дейді.
Тегінде бұлдірген болармын деймін. Жалғыз ол емес, қай жағынан болса да бұлінген шығармын. Бір айлық жалонжамды сол күні алып едім, одан бір тиын қалмастан бітіпті. Естің таза кеткені ғой, көзі тұздай жұп-жуан бір әйелді құшақтап сүйе бергенімді білемін. Бақа мұғалім сол әйелден ауру жұқтырып алдым деп бүгін жүгіріп дәрігер іздеп жүр. Маған жұққан болса жатып қарататын да жай жоқ. Не де болса елге барып көрем де...
«... Газет! Түбіме жеттің газет. Ақша бермей қиқаң шығарғанымда осы сойқанынды жаным сезген екен ғой... Батыр-ау, осының бәрінің анығын бұларға кім айтып берді екен?... Мынаны қарашы, бұлжытпастан жазып қойыпты:
«... Әкесі он бес жыл болыс болған, елдің қанын сүліктей сорған жалмауыз... өз күні үшін, ақша үшін мұғалім болып жүр. Бір өзінің уыздай жас екі қатыны бар. Кеңес мектебінде отырып, бала тәрбиелеуге лайықты адам емес. Мұғалім қатарынан қуылу керек!..»
Мә, саған керек болса!.. Өзімді боқтап жазғанымен қоймай, таза қаңғыртудың да жабдығын қарастырыпты... Жазушысы кім болды екен? «Тілші» деп қоя салыпты. Мұны енді қайтем? Тоқта, былай істеу керек болар: «Тілшінікі өтірік. Кедейдің баласымын, кеңес үкіметін жан-тәніммен сүйем...» деп өзімді ақтап жауап жазайын. Сонсоң өтініш хат жазып, мені де тілшілікке ал дейін, мені қаралап жазған тілшінің кім екенін білдір дейін...

* * *
... Құрысын, мұғалімдіктен шығарып тастады. Екі қатын алдың деп сотқа тартып отыр. Сол шақыру қағазын: «Сейіт Таңатаров» деп жазыпты, «Құдайқұловты» іске алғысыз қыпты. Заң білуші еді деп Серкеге жолығып едім:
- Менің баяғы следователь болып жүргендегі заң өзгермеген болса, онда былай еді: екінші қатын алу үшін әуелгі қатынын айыру керек еді. Әуелгі қатынын айырғанға ауылнай болыстан қағаз болса, сот ешнәрсе істей алмайды, сен де осыны істеп көр. Ал, өзгеріп кеткен болса, оншасын мен білмеймін, - деді.
Ауылнай болыс қағазды тегін бере қоя ма, амал жоқ, шығынына көндім, бас қалса болады да, мен де соны істеп көрейін...

* * *
... Түрмедемін. Аға да осында жатыр екен. Мен үстіне келдім. Аз күнгі көрген қызық түс сияқты болып бұлдырға айналды. Алдымда қандай күннің барын білмеймін. Тегінде мықты қатем мұғалім болғандықтан ғой деймін. Ақшаға қызығып қолымнан келмейтін нәрсеге бас сұғуым керек емес еді. Қайта сот адамдары әділ екен, былтырдан бергі үкіметтен алған ақшанды қайтарасың деп айтар ма екен деп састым..
Есіл бақ ұшты. Екі қатын бетімен кетті. Әлдекімді құшақтап жатыр екен? Гүлсім қайда екен? Уай, дәурен, өттің, кеттің, қайтейін!..