Литературный портал / Блоги.Казах.ру — блоги Казахстана, РК
rus / eng / kaz


Если у вас уже есть блог в другом месте — можно автоматически транслировать записи из него в нашу блог-платформу СМИ могут копировать в свой блог ленту новостей или статей. Дополнительное внимание и комментарии обеспечены. Любой блог можно сделать коллективным. Для этого надо определенным (или всем) пользователям дать права на запись в него. Можно ставить записям будущее время. Запись будет в черновиках и в указанную минуту автоматически опубликуется. Статья Корпоративные блоги: Как вести? содержит практические советы и примеры












Литературный портал



Блог литературного портала КазНета Lit.kz

Блог lit
Автор блога
Лента друзей
Войти Регистрация


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

Әр үйдің бір-бір нәні едік,
Ақылға өзге көнбейтін.
Бәріміз онда бала едік,
Ұл-қыз деп ешкім бөлмейтін.
Таласа кешіп көлдерді,
Жарыса шаптық жолдармен.
Бұл күнде мінез өзгерді
Сотқарлық бірдей болғанмен.
Ғашықтық алғаш жырларды,
Жазатын бізге арнап көп,
Ауылдың тентек ұлдары,
Жүрсіңдер бүгін солдат боп.
Шинелін киіп атаның
Жалына тұлпар жеттіңдер.
Толтырып аға қатарын,
Әскерге сендер кеттіңдер.
Қағысып қатар өскен ек,
Ендігі сырды қызғандық.
Қызғалдақ гүлін кестелеп,
Орамал тігіп біз қалдық.
Қол бұлғап шықтық қырларға,
Кең дала жатты жап-жазық.
Шығарып салған ұлдарға
Жолдадық сәлем хат жазып.
Шығыстың өткір ызғары,
Табаннан өте бастады.
Жүрсіңдер ойлап қыздарды,
Достарым, менің достарым.
Ғашықтық алғаш жырларды,
Жазатын бізге арнап көп,
Ауылдың тентек ұлдары,
Жүрсіңдер бүгін солдат боп.


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

Қашан да жеткізбеген асыл арман.
Тұрмаған бақыт құшақ ашып алдан.
Өмірге нағыз ғашық болғандардың
Қайғысы қуаныштан басым болған.
Қашан да жеткізбеген асыл арман.
Тұрмаған бақыт құшақ ашып алдан.
Өмірге нағыз ғашық болғандардың
Қайғысы қуаныштан басым болған.
Тайғанап шыққан шыңның асқарынан,
Көп төніп нөсер бұлты аспанынан,
Әділет жолындағы күрескердің
Дұшпаны артық болған достарынан.
Қайсарды жетелесе үміт тұнық,
Жолынан тайдырмаған күдіктілік.
Маңдайын соқса да олар қара тасқа
Қарсы алған келер таңын күліп тұрып.
Болмаса лаулап жанар жанында от
Осалды жығып кетер дауыл да көп.
Жүрексіз жасықтарға оңай - өмір,
Олардың досы да жоқ, жауы да жоқ.


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

Жан әке, көктем келер, ақ қар еріп,
Жүрер деп сауыққан соң атқа желіп.
Өзіңнің «тұқымы асыл» деп мақтаған
Биеден бір құлынды сақтап едік.
Отырдың заулаймын деп сайдан ағып,
Бәйгеге қоспақшы боп тойға барып.
Біз сені жер көгере сол асауға
Ер-тоқым салмайды деп ойламадық.
Жүйрікте иесіз қалған бап бола ма,
Лайықты қамшыгерін таппады о да.
Ол сені жоқтайтындай кей күндері
Таң алды кісінейді ат қорада.
Қуаты тұқымына тартқан-дағы,
Төздірмей үзді барлық арқандарды.
Ішіне талай жүйрік түнеп келген
Бір күні тал шарбақты талқандады.
Білмеймін қандай өмір еліктірді,
Ойнақтап кеткенін жұрт көріп тұрды.
Еркіндік аңсап шыққан қайран асау
Қайта өзі шарбағына келіп кірді.
Ол қолдан шелектен су ішті бүгін,
Өжеттің кім түсінсін ішкі мұңын.
...Асаудан жуас болдық, өмір деген
Қояр ма мойындатпай күштілігін!


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

(Әбіш Кекілбаевқа)
О Әбеке, не нәрсе алпыс деген -
Азаматқа айбынды талтүс па екен?
Әлде мынау өмірде баяны жоқ
Әділдіктің жолында тартыс па екен,
О Әбеке, не нәрсе алпыс деген?
О Әбеке, алпыс бір өткел ме екен,
Біреу жетпей, біреулер жеткен бе екен?
Әулиедей анаға еркелеумен
Алпыс рет оралған көктем бе екен,
О Әбеке, алпыс бір өткел ме екен?
Оңай сөз бе алпыс жас бір айтуға,
Мерейтой ма өзіңдей тойлар тұлға?
Қайта толғап тербетіп Манас - жырды,
Ақ қағазға түндерде сыр айту ма,
Оңай сөз бе алпыс жас бір айтуға?
О Әбеке, алпыс жас ер жету ме,
Ұялатып ұлылық келбетіңе?
Абыл тартқан күйлердей күңірентіп,
Туған елді қаламмен тербету ме,
О Әбеке, алпыс жас ер жету ме?..
Үлкендікпен алпыс жас достасу ма?
Жақсылармен жайраңдап бас қосу ма?
Еңсеп қазған шыңырау мөлдіріндей
Алыс қалған жастықпен қоштасу ма?
Үлкендікпен алпыс жас достасу ма?
Өзің шыққан шыңы ма мұнараның,
Ойға шомып кезу ме жыр алаңын?
Әке болып, ата боп мейірлене,
Ыстық шәйін күту ме Клараның,
Өзің шыққан шыңы ма мұнараның?..
О Әбеке, не нәрсе алпыс деген,
Азаматқа айбынды талтүс па екен?
Әлде мынау өмірде баяны жоқ,
Әділдіктің жолында тартыс па екен,
О Әбеке, не нәрсе алпыс деген?..


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

Апа, сенде Тәңір бар, Жасаған бар,
Ал біздерде алаяқ, асаған бар.
Тас көше бар, тас үй бар, темір қақпа,
Айқайласаң ашпайды-ау тас адамдар.
Сөзге жауап қатпайды сұрағанмен,
Әділдіктен қашқақтап тұрады әрмен.
Бәрібір, апа, мені жан жұбатпас
Сен өлді деп шыңғырып жылағанмен.
Шындықты айтсаң «нақұрыс, тентек» дейді,
Жүрегіңді жұлып ап көрсет мейлі.
Мейірімнен айрылған ортада, апа,
Көз жасқа да көп адам селт етпейді.


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

Менің мына хатымды алыпты анам:
«Кезім бар жүрегімді жан ұқпаған,
Достарым да алдаған кезден бері
адамдарға сенуден қалып барам.
Ақ көңілім үшін де күйем енді,
Аңқаулығым шекеме тие берді,
ешкім менің басымды әкем өліп,
Еңіреген кезде де сүйемеді.
Өз бетіммен жол тауып келем енді.
Менің мына хатымды алыпты анам:
«Кезім бар жүрегімді жан ұқпаған,
Достарым да алдаған кезден бері
адамдарға сенуден қалып барам.
Ақ көңілім үшін де күйем енді,
Аңқаулығым шекеме тие берді,
ешкім менің басымды әкем өліп,
Еңіреген кезде де сүйемеді.
Өз бетіммен жол тауып келем енді.
Қарапайым болсам да елемеді,
Адамдарға қашанғы жаям құшақ
Сүрінгенде ешбірі демемеді.
Жалғыз саған жазамын сырымды, ана
Сен ғана жақын едің бұрында да.
Адамдар емес мені сүйеп жүрген
Құлатпай келе жатқан жырым ғана».
Сырласуға қол тимей бара алмағам,
Жауап күтіп сол хатқа алаңдағам.
Немересін қасына отырғызып
Хат жаздырып салыпты анам маған.
Былай депті қолымен немеренің:
«Мен саған жалғас өмір неге бердім?
Құлыным, жақсылықтың нышаны емес,
Жаманның жамандығын елегенің.
Білмеп ем мұнша жаның күйрек пе еді,
Адал дос, рас, қызым, сирек тегі,
Басыңды сүйемеуі адамдардың
Өзің мықты болуға үйреткені.
Тегіс жолдан тұрмайды өмір деген,
Адамға ең керегі сенім дер ем.
Бар адамға, қарағым, баға берме,
Бір ақымақ қалдырған көңілменен.
Түн қарасы қашады таң атқанда,
Ақ пейіл де ұқсас ақ парақтарға.
Ешуақытта өзгені орға жығып,
Өзім көш бастаймын деп талаптанба.
Жүрегіңді ұқпаған кейін ұғар,
Өзіңнің ниетіңе сыйынып ал.
Күндеме өзгелерді, кінәлама
Әркімнің лайықты биігі бар.
Өмір ғой кездесесің наданға да,
Жақсыны ауыстырма жамандарға.
Сен маған жазба, қызым, бұдан былай
Сенбеймін деген сөзді адамдарға.
Дос болмайды алдыңда күліп түрған,
Қаталдау көзқараста үміт тұнған.
Алдымен адамдарға қарыздарсың,
Солар саған жыр жазар сыр ұқтырған».
Мен содан қайта күліп, шырқадым ән,
Қаламды қайта ұстадым жыр сағынған.
Немереге жаздырған мынау жазу
Ұялтқандай ертеңгі ұрпағымнан.


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

Анау көрші сөз ұқпас қиқар адам,
Шаруа баққан, өзінше үй қараған.
Мандайына біткені - бір машина,
Мүлкі болды ерте-кеш сипалаған.
Келеді айдап, қабағын қалындатып,
Дәл осы деп ойлайды нағыз бақыт.
Нәрестедей әйелге өбектетті
Ақ матамен күнгейін жабындатып.
Балшық тисе көрсең-ау дірдектеуін,
Соны жуып өткерді бұл көктемін.
Тіршілікте бұл сорлы сезе ме екен
Қанша адамның көңілін кірлеткенін.


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

Қалмадым бірге жаныңда
Болмадым сенің ермегің.
Шаршап бір жүрген шағыңда
Дайындап сусын бермедім.
Ауырып көп түн қиналдың
Қасыңда тағы болмадым.
Алыстан қатты сыйладым,
Алыстан хаттар жолдадым.
Сен үшін білем тым ауыр,
Көп көштің кеттім ішінде.
Мен үшін аз ғой бір ауыл,
Сөкпеші, мені түсін де.
Өмірім сенен мүлде өзге,
Жолдарды тану көп керек.
Қинама мені бұл кезде,
Қинама «алыс кетпе» деп.
Биіктік болса қаларым,
Төменді маған ұсынба.
Құстар да балапандарын
Баулиды биік ұшуға.


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

Өзіңді, анам, өмірде
Ренжіткен жерім көп.
Әжем «келін» дегенге
Мен де жүрдім «келін» деп.
Кейде шексіз еркемін.
Сөзін естіп атаның,
Құрдасыңдай мен сенің
Атыңды да атадым.
Қандай ыстық сезімің,
Мен бір көңіл бөлмедім.
Мол екен-ау төзімің,
Сонда да жек көрмедің.
Ене сырын ұғып шын,
Өр көңілін қия алмай,
Он екі жыл жүріпсің
Өз қызыңды сүйе алмай.
Ескертуді білмеген,
Тентектігім көп дейтін,
Таяқ жедім бір сенен
Мәңгі есімнен кетпейтін.
Ұрдың мені амал жоқ
Қателік боп ісімде,
Ұрдың мені «анам» деп
Айтпағаным үшін де.
Батса да тым жаныма
Неге ұрасың дер ме едім.
Қайталашы тағы да
Қайтпай жүрсе еңбегің.
Ес білгелі сөзің жоқ
Айналудан жаңылған.
Бірақ менің кезім көп
Қаталдықты сағынған.
Бойға шаттық дарыған
Білмен қапалануды.
Осы күні сағынам
Сенің шапалағыңды.
Зулай берсін ай, апта,
Тек еске алып өтем ғой.
Сенен жеген таяқ та
Тәтті болады екен ғой!


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

Аналық ауыр парыз атқардың да,
Атыңа қыз қалдырып батқан мұңға,
'Есімің жер үстінде өшкен жоқ деп
Әкеме барған бетте мақтандың ба?
Аналық ауыр парыз атқардың да,
Атыңа қыз қалдырып батқан мұңға,
'Есімің жер үстінде өшкен жоқ деп
Әкеме барған бетте мақтандың ба?
Іргесін салып аулақ надандардан,
Сатқын мен жағымпазға жаға алмаған,
«Баласы әй-кәпірдің» дегізбейтін
Өлсең де, бақыт шығар, балаң қалған.
Әкеме айт, кеудесін ән-күй кернесін,
«Өмірді қызым менше сүйген» - десін!
Намыссыз ұлы қалған біреулердің
Алдында сөйлей қалса, именбесін.


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

Қуанды ана, жалғыз ұл алды келін,
Қарау үшін көз керек, сәнді керім.
Жиырма бес жыл күттірген арманы осы
Сол табардай жүректің барлық емін.
Екі жастың той-думан жүрген жері,
Жарасады наз-әні, күлгендері.
Қуанды ана, жалғыз ұл алды келін,
Қарау үшін көз керек, сәнді керім.
Жиырма бес жыл күттірген арманы осы
Сол табардай жүректің барлық емін.
Екі жастың той-думан жүрген жері,
Жарасады наз-әні, күлгендері.
Бірақ ана ұлының үйленген соң,
Алыс тарта түсерін білген бе еді?
Соған айтқан бесіктен бастап әнін,
Тілемейтін сол жанар жасқанарын.
Ойламапты бірақ та баласында
Үйленген соң басқа өмір басталарын.
Балалықтың есінен шығып бәрі,
Ұл есейді, тек ана ұмытпады.
Елестейді көзіне тентегінің
Оған қымбат бір тәтті қылықтары.
Амал қанша, көнді енді, алшақтады
Керек ұлдың үй болып, жар сақтауы.
Ана есінде ұлының еркелеп кеп
Омырауын сипаған саусақтары.
Осы еді ғой асылы, ар-намысы,
Ол ауырса шығатын жан дауысы.
Осы еді ғой ауыр күн-жесір мұңның
Қуат берген тірегі, алданышы.
Осыны ойлап, салқындап күз қабағы,
Өз-өзінен себепсіз сызданады.
Жек көрмейді-ау келінді, бірақ ана
Жалғыз ұлын еріксіз қызғанады.
Жаутаңдайды жігіт те елеңдейді,
Салқын тартты қабағы неден дейді.
Ал келіннен сұраса оңашада
«Мені жақсы көрмейді енем», - дейді.
Ана үнсіз. Налиды ұл, күйреп келін.
О махаббат, сен де бір бейнет пе едің?!


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

Әрдайым татулықтан көңілі өскен
Ешқашан бір-бірінен бөлінбестен,
Ертеде бір ауылға аңыз болған
Бір үйде екі абысын өмір кешкен.
Екі әйел тату болған шынында да,
Жүз шайып ұрыспаған ғұмырда да.
Тел еміп екі ананың ортасында
Өсіпті еркін ерке - бір ұл бала.
Өскен ұл өзі ақылды, арманы асыл.
Көргенде келбетіне таңданасың,
Ер жетіп, аң аулауға шыққан кезде
Ажалдан құтқарыпты ол хан баласын.
Хан барып өжет ұлды көрмек болған,
Сый сұрап жігіт өзі келмепті оған.
Батырдың анасына алғыс айтып
Ғажайып сарай салып бермек болған.
Қайтар ма пейілінен бір ауса хан,
Қайтару жақсылығын құмар-саған.
Қайсысы екі әйелдің анасы деп
Уәзірден кешіктірмей сұрау салған.
Туғалы ешнәрсені бөліспеген,
Екеуі не істе десе соны істеген,
«Екеуі менің туған анам» десе
Хан жігіт жауабына келіспеген.
«Анаңмен - уәзір - ханға жүр» дейді екен,
(Бұл халық татуды да күндей ме екен?)
Туғанын екі ананың қайсысынан
Жігіттің өзі де анық білмейді екен.
Бұл жайлы тіс жармаған бәле тіпті
Айтпапты екі әйел де төрелікті.
Шынында қайсысынан туды екен деп
Сол кезде ел де гулей жөнеліпті.
Бұл сауал қос ананы қапа қылды
Жігіт те ханға талай апарылды.
Сыйдан да, сарайдан да бас тартып ол
Жалынды ханға «қой - деп - шатағыңды».
Бір кезде татулықтың өлшемі еді,
Енді ол үй қасіреттен теңселеді.
Өжет ұл туған әйел қайсысы деп,
Білуге жағдайды хан өршеленді.
Бір күні ханның үні жаңғырықты.
Ел жинап сарай алдын шаң қалыпты,
Жігіттің қол-аяғын байлатқызып,
Сол жерге екі әйелді алдырыпты.
Депті ол: «Қысқартыңдар бұлдануды,
Жалындым, айтпадындар шындарыңды.
Енді мен екі сарай салғызам да,
Екіге бөліп берем ұлдарыңды».
Екіге хан жігітті шабам депті,
Айбалта әкелуге адам кетті.
Сол кезде бірінші әйел «мен келісем
Жігіттің жарты жағын алам», - депті.
Еңіреп енді бірі зар жылаған
Бөліске түспесін деп сорлы балам.
« - Мен үшін бөле көрме, жер бетінде
Құлыным аман жүрсе болды маған».
Ол солай қолын жайып алға шықты,
Көз жасы ақ тілеуге жалғасыпты,
Босатқан қол-аяғын жігіт келіп,
Сол жерде анасына жармасыпты.
Сол жерде толқып кеткен халық қатты,
Сонда ана ұлын көріп талып қапты.
Тағында мәз-мәйрам боп отырған хан
Қулықпен ұл анасын анықтапты.
Шынымен хан бөліске салады деп,
Үрейден қалған екен бала жүдеп.
Өлшеусіз мейірім мен махаббатың
Өзгеден бөлексің-ау, ана жүрек!


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

Махаббат, сені қиын жырлау бүгін,
Сен жайлы жоқ-бар деген жүр даулы ұғым.
Болды екен қанша ғұмыр саған қарыз,
Болды екен қанша ғұмыр құрбандығың?
Ән болдың таңдайдан бал тамызғанша,
Мұң болдың көзден жасты ағызғанша.
Мәңгі жас сен жайында дастан бар-ау,
Мәңгі өлмес сен туралы аңыз қанша?!
Махаббат, сені қиын жырлау бүгін,
Сен жайлы жоқ-бар деген жүр даулы ұғым.
Болды екен қанша ғұмыр саған қарыз,
Болды екен қанша ғұмыр құрбандығың?
Ән болдың таңдайдан бал тамызғанша,
Мұң болдың көзден жасты ағызғанша.
Мәңгі жас сен жайында дастан бар-ау,
Мәңгі өлмес сен туралы аңыз қанша?!
Жалындап жас жүректің бар қызуы,
Жастықтың басталғанда бал қызығы,
Ертеде сұлу қызға болған ғашық
Ананың әлпештеген жалғыз ұлы.
Сол қызға жолығатын батыл әлгі
Бір күндер төсек тартып жатып алды.
Ұйқыға кетсе шошып аласұрып,
Анасын айқай салып шақырады.
Гүл өңі алау тартып жайқалмайды,
Сауығу мынау халден байқалмайды.
Ол бірақ ішін өртеп жатқан жайды
Ашылып анасына айта алмайды.
Қыз атын айтса ауыздан зар шығыпты,
Құс жастық аққан жасқа малшыныпты,
Дертіне сағыныштың шыдай алмай,
Жас жігіт құр сүлдер боп таусылыпты.
Қинады қыздың шарты, бөлек екен
О сұлу, неткен қатал керемет ең?!
«Анаңның жүрегін ап келген күні
Мен саған жар боламын», - деген екен.
Сол қызға есі ауған жігіт мүлде,
Бүк түсіп жата алмады құрып күнде.
Ұйқыда бейқам жатқан сорлы ананың
Жүрегін жұлып алды тұрып түнде.
Сүюдің серті ме еді соның бәрі,
Ол міне, қыздың шартын орындады,
Сүрініп кетсе жігіт келе жатып,
Жүрегі түсіп кеткен қолындағы.
Ананың кезі бар ма кекті болған
Оқыста жүрек түсіп кетті қолдан.
Ұмтылса, топырақта жатқан жүрек
«Құлыным, байқасаңшы», - депті оған...
Осындай аңыз қалған халық ішінде,
Кім білсін махаббаттың даңқы үшін бе?
Болмаса жоқ нәрсені болғыз дейтін
Қыз кездің тәкаппарлық салты үшін бе?
Осы аңыз естігенге қатал-ақ тым.
Дәстүрге қарсы анадан бата алатын,
Кім білсін дәлелдеуге шығарды ма,
Ананың айнымайтын махаббатын?


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

Бірінші бөлім

- Кіріңдер! Ну! - деді Мюлгаузен ауызғы бөлмеден бір бөлек кісінің аяқ тықырын естіп.
Бұл шиыршық атып дызыққанмен, бірақ аналар асығатын емес. Кірер алдында күйбектеп шала жабылған есіктің арғы жағында күбір-күбір сөйлесті. Қайсы бірі құдды ән айтатын кісідей суыққа шалдыққан өңешін қырнады. Біреулер темекісін сөндірді. Қызыл шоғы жылтыраған темекі тұқылын тақасымен басып ырғап жатыр... Сонан бір кезде қорбиған киімдерінің сыртынан айқұш-ұйқыш қару асынған бес-алты кісі тақтай еденді топырлап басып кіріп келе жатты. «Аника воин»,- деді Мюлгаузен ішінен. Қолдан істеген орындықтар мен столдан басқа түк дүниесі жоқ аңырайған жайдақ бөлме.
Кісілеріңді даярлаңдар, аттанамыз.
Қайда?
Жем бойына.
-Астыққа кеткендерден хабар болды ма? - деді Ознобин. Ішінен сыбырлағандай үні шықпай қалғаны соншалық, өз даусын өзі әзер есітті.
Жәрдем сұрап жатыр.
Тағы да Дутов па?
Ну, барыңдар! Тездетіңдер!
Бөлімше командирлері жүгіре жөнелді, тек қарт жұмысшы қозғалмады. Мюлгаузеннің назар аударғанын күтіп, қысы-жазы басынан тастамайтын қара май кепкасын шеңгелімен сығымдап қысып апты. Еңкіштеу келген үзын бойы аласа үйде амалсыз иіліп, кешкі көлеңкедей салбырап тұрған-ды. - Жағдайлары қалай екен?
- Ол арасын білмедім.
- Оқ-дәрілері аз еді. Сен... дивизияға хабарластың ба?
- А-а?
- Дивизияға.
Мюлгаузен үндемеді. Ал Ознобин қайта сұрауға жүрегі дауаламады. Өзі бірдеңе десе, жігіттің әрқашан тыжырына қалатын түрін ұнатпайды.
- Дивизияға хабарлас. Жем бойына бізден гөрі олар жақын ғой,- деді қарт жұмысшы.
- Иә, тағы не айтасың?
- Менің естуім бойынша Жем бойында біздің кісілерден де басқа астық жинап жатқан тағы біраз ұсақ отряд бар көрінеді. Қазіргідей қысылтаяңда бәрінің басын қосып топтап жіберсе, біз жеткенше олар Дутовқа қарсы табан тіреп соғыса алар еді...
Мюлгаузен орнына отырды. Столда жатқан қағаздың бірін қолына ұстады да, бірақ оқымай ары ысыра салды. Әлденеге мырс етті.
- Бізге сырттан комиссар іздеудің қажеті жоқ қой...
- Мен ойнап тұрғам жоқ.
- Мен де шын айтам.
Ознобин ләм-мим деместен бұрылып жүре берді. Кепкасын да кетіп бара жатып киді. Иығының басы салбырап, екі қолы жең түпке тек әншейін іле салғандай жанында салақтап барады. «Қәрі қырт»,- деді Мюлгаузен.
Ознобин шыққан есік іле-шала қайта ашылып, ішке ақсары қыз кірді.
- Бізге комиссар келе жатыр,- деді қыз.
Мюлгаузен қыз өңіне қабақ астынан қадала қарады. «Дура! Комиссар күйеу тауып беретіндей мәз болуын».
Қыз телеграмманы стол үстіне тастай салды да, жүгіре басып шығып кетті. Оңаша қалғасын да Мюлгаузен телеграммаға одырайып алыстан көз тастап түр. «Хромы сықырлап келеді екен ғой»,- деді ішінен. Темірдей саусағымен телеграмманы бүріп алды да, умаждап-умаждап лақтырып жіберді. Сырттан біреу келе жатқандай болды. Мюлгаузен кілт тоқтады. Желке жағы күдірейген қысқа мойны құяң болғандай бұрылмайтын. Бұл жолы да ол бар бойымен бұрылып, қасқырша еңсеріле қарап тұрды да, қайта жүріп кетті. Көшеге қараған қос терезенің алдына келді. Сыртқа көзтастады. Екі қабат үйден бойы асып, қысы-жазы терезеге жоғарыдан төніп тұратын терек қазір тіпті қатты шайқалып тұр. Жапырақтары сыбдырлаған бұтақтарда маза жоқ; әсіресе, жел астында сықырлап майысқан жуан теректің ық жақтағы бұтақтары тынымсыз жалпылдап жер сабалап жатты. Алыста паровоз айқайлады.
Мюлгаузен дивизия командиріне хабарласқысы келді. Көк сукно жапқан столдың үстіндеп телефонға қолын соза түсті де, шоқ тигендей тартып алды. Бұрынғы командирі Ембі түбіндегі ұрыста қаза тапқан-ды. Оның орнына келген кісімен көңілі жараспай жүр. Екеуі әлі кездескен жоқ. Иттің аты қалай еді: Хан-Дауров! Ал, телефонмен сөйлескен сайын теке-тірес кеп қала береді. Көбіне оның ін түбіндегі аюдай гүрілдеген даусын есіткісі келмей, трубкадан кұлағын бұрып әкететін-ді. Құдай біледі, айтқанына көнбегесін ендігі жерде уысынан шығармай тізгіндеп ұстап отыру үшін мына комиссарды әдейі жіберіп отыр. Келсін. Тежеп көрсін.Хромын дал-дұл қылайын. Хан-Дауров. Өзі офицер көрінеді. Патша құлағаннан кейін кызылдарға өткен. Бізге қайбір бауыры бітіп барады дейсің. Күні құрығасын амалсыздан келіп жатыр. Жаңадан келген кісі бұндағы жағдайдан бейхабар. Халыққа нан, әскерге қару жетіспейді. Атаман Дутов Орынборды басып алғаннан бері бұлардың халі бұрынғыдан да киындады. Петроград, Москвамен қатынас үзілді. Азық-түлік пен қару-жарақтың келер көзі байланып онсыз да аш-жалаңаш отырған халықтың жұтқыншағын буып тастады. Ала-бөле жұмысшылар семьясы ашыға бастаған соң төрт-бес күн шамасында бұлар шағын отряд ұйымдастырып, Ознобиннің шолақ қол баласын бас қып, Жем бойына астыққа жіберді. Ертең-бүрсігүні келіп калар деп отырғанда, әне тағы да бір пәле тап болды. Бұлар жетем дегенше бейшараларды қырып тастамаса қайтсін.
Мюлгаузен не істерін білмей тұр еді; дивизия штабынан телефон соғып, Дутовтың айдап салуымен Ақбұлақ, Мартөк маңының халқы бүлік бастағанын хабарлады. Сонан соң «Тез аттаныңдар! Қиын боп жатыр»,-деп әмір етті.
Мюлгаузен станцияға жүгірді. Жаз бойы ыстық боп тұрған-ды. Кешеден бері күннің райы шұғыл бұзылды.Терістіктен соққан салқын жел іштен шьіққан кісінің ығын алып, қойны-қонышын кеулеп ызғытып жіберді.
Топырағын үрлеп тақырлап тастаған жер тақтайдай. Аяғыңды басқан сайын дәл бір мұз үстімен келе жатқандай тақыр жер табаныңа соғьп, зың-зың етеді. Сары топырақ сусылдап борап жатыр. Қасы, кірпігі қапелімде топырақ-топырақ боп қалды. Тісі шықырлады. Тездету керек. Қазір адам ашуы бетіне шығып түр. Бұндай заманда бүліншіліктің үлкені, кішісі болмайды. Үюлі жатқан дәріні тұтату үшін ұшқын да жетеді. Бүгін бір жерден бұрқ еткен бүліншілікті сол сәтте дереу басып тастамасаң күні ертең өрттей лаулап етек алып кетеді.
Желге қарсы қарап жүре алмаған соң, Мюлгаузен көбіне бір қырындап келеді. Әлгіде бөлімше командирлерін жүгіртіп жібергені ақыл болған. Соның арқасында әне, станция алды абыр-сабыр. Аттанар алдындағы қарбалас: қысқа-қысқа әмір-бұйрықтар. Сасқалақтаған шолақ дауыстар. Даңғаза, дабыр. Котелок, флягалардың салдыры. Жәшік-жәшік патрон көтерген, пулемет сүйреткен жауынгерлер абыр-сабыр эшелонға тиеліп жатты. Ұзын эшелонның кейінгі жағындағы жайдақ вагондарға жайғасқан зеңбіректердің жотасы қарауытады.
Мюлгаузен вагондарды жағалап жүр. Маузері салақтап санына соғады. Маңдай жағына қиғаштап қызыл шүберек байлаған дөңгелек бөрікті бір шекесіне қисайтып осқырта киген. Шыдамсызданып, әлсін-әлі сағатына қарап қояды. Көзіне түскен командирді шақырып ап «тездет» деп дігерлеп жүрген-ді. Дивизия штабынан тағы да жарлық алды. Бағанағы әмірін аяқ астынан өзгертіп жіберіпті. Мюлгаузен дивизия командиріне дереу телефон соқты. Бірақ бұл аузын ашам дегенше трубканың арғы жағынан гүрілдеген жуан дауыс киіп кетті:
- Сендер қозғалмаңдар. Бүліншілікті басуға Ташкент отрядын жіберіп отырмыз.
- Біз де әзірленіп...
- Дутовтың атты әскерінің аяғы ұзын. Қазір мұнда болса, ертең сендерден шығуы мүмкін.
- Бұл жаққа мүлде соқпауы да мүмкін ғой.
- Иә, мүмкін.
- Сонда да отыра береміз бе?
- Не бұйырсам - соны орындайсың. Солай! - деді. Хан-Дауров. Сонан соң біраз үнсіз тұрды да,- отрядыңда тәртіп нашар деп естуші едім,- деді.
- Енді жөнделер, комиссар жіберген көрінесің ғой.
- Ол әлі барған жоқ па? Алло! Ал-ло, жолда бірдеңе боп қалмасын. Дереу іздеу сал. Ал-ло..: алло! -деді Хан-Дауров ана жақтан айқайлап.
Мюлгаузен трубканы лақтырып жіберді. Сыртқа жын ұрғандай жүгіріп шықты. Есік алдында бір топ жауынгер тұр екен. Өзіне жалма-жан ілтипат білдіріп,екі айрьілып жол берген жігіттерге көз салмай ортасын жарып өтті. Қолын қалтасына сұғып жіберген. Түйіп
алған жұдырығы қалта сыртынан бадырайып білініп барады. Отряд орналасқан екі қабат үйге тақай бергенде, бұған салт атты біреу қатарласты. Күпісі мен тымағына қарап, сен де мұңы-мұқтажы бітпейтін емінсек ел қазағы боларсың деп ойлады.
- Салаумалейкүм, Петька.
Мюлгаузен тоқтады. Ат үстінде әзер отырған күпілі қазакқа көзі түскенде таңданып қалды. Жел өтінде қалған ат құйрық-жалы суылдап ықтап кеткен сайын бұл құлап қала жаздап, қамшы ұстаған қолымен шоқтыққа жабыса қалады. «Ауру ма?» - деп ойлады Мюлгаузен.
Саған келдім.
- Вот, чудак!
- Отрядыңа ал.
- Менің түйем жоқ саған баққызатын,- деді де, Мюлгаузен жүре берді.
Қүпілі қазақ қатқыл жерді дүрс-дүрс бастырып кеп, Мюлгаузенмен катарласа бере аттан асығыс домалап түсті. Осы арада ол шыңғырып жібере жаздап, көгеріп тістене қалды.
Мюлгаузен оны құлап кетеді екен деп қорықты. Бір қолымен сыртынан құшақтай сүйемелдеп, екінші қолымен күпінің омырауын жұлқып ашып жіберді. Сол жақ иығының тұсында шыт көйлектің сыртына өткен қанды керді.
- Мынау не?
- Жай...
- Жараланғанбысың?
Күпілі қазақ маңдайынан білінген терді сүртті. Бірдеңе дегелі кезерген ернін қинала ашып келе жатыр еді.
- Сөзді қой. Емдел! - деді Мюлгаузен.
- Мені... отрядыңа ал.
- Соңыра тағы да тебелесіп жүрмейсің бе?
Еламан басын шайқады. Мюлгаузен емделгесін келерсің деді. Еламан атын жетелеп, көше қапталымен ақырын ілбіп келеді. Былтьірғы жылы теңіз жағасындағы ауылдан аттанып шыққанда бірден ат басын Шалқарға түзесе де, былай барғасын толқи бастады. Мюлгаузенмен төбелесі есіне түсті. Көрместей боп ат құйрығын кесісіп кеткен кісімен тағы да қайта кездесудің қиындығын ойлады. Балықшылар аулына қайтып барудың да мүмкін емес екенін біліп, айдалада ат үстінде былқ-сылқ етіп келе жатқанда бұған бір топ қалашы кездесті. Ұлықұм бойын қыстайтын бір ауылдың ер-азаматтары екен. Ел қыстауға кіргесін бала-шағаға қыстық азық қамдамақ боп Қоңырат, Шымбайға базар базарлап қайтқалы шығыпты. Соқа басын жер бетіне сыйғыза алмай жүрген Еламан қалашыларға ілесіп кете барды. Жат жерде бір жыл тентіреді. Әуелі Қоңыратта болды.Алғашқы төрт-бес ай ештеңені талғамай қолына түскен жүмыстың бәрін істеді. Сонан соң тұрақты кәсіп тапқысы кеп Хиуаға, Хожеліге, Үргенішке барды. Бірақ бұл өңірдегі аты шулы бес қаланың біріне тұрақтай алмай, осы биыл жаз шыға Адай еліне келді. Бұл жақтан да ыңғайлы кәсіп табылмады. Екі қолын алдына өңгеріп қарап жүру тағы қиын болғасын салт атты жолаушы ел жағалап Шалқарға қарай қиястап келе жатқанда, айдалада бұған ұрылар кездесті. Атыс үстінде иығына оқ тиді. Қолға түсетін қауіп төнгенде астындағы күрең қасқа атпен қашып құтылып еді. Былтырдан бергі көрген бейнет, шеккен азаптың бәрі салауат.

ІІ

Еламан лазаретті ұзақ іздеді. Біреулердің сілтеуімен көл жақтағы қисық көшелердің біріне түсті. Басында «табам ғой» деген тәуекелмен жөндеп сұрап алмағанына өкінді. Мезгілдің қай шама болғанын болжау қиын, кешеден бері көк жүзін бұлт басып түнеріп тұрған. Бір кезде батыс жақта шоғырланған қап-қара бұлт-
тардың сонау көкжиекке тірелген жері жалтылдап шоқтай қызара бастады. Еламан қараңғы түскен соң таба алмаспын деп қорқып, тезірек жүріп кетті. Қүпісі мен тымағы ат үстінде ыңғайлы болса да, жаяу жүргенде бойын ауырлап ырсылдай бастады. Сеңсең тымағын қолына алып, пысынаған басын желге қаққызды.
Темір жол бойында тас барақтар болатын. Лазарет солардай көп бөлмелі, еңселі, биік үй болар деген оймен көзіне түскен кіші-гірім үйлерге назар салмай келе жатқан. Кенет далада өскен кісі дағдыланбаған бір жаман күлімсі иіс қолқасын атып жіберді. Сүйтсе, сыртын ақтаған аласа үйге ық жағынан келіп қалған екен.Бұндай лазареттің түрік жерінде талайын көрген. Жаралылар, ауру-сырқаулар әдетте жалаң матрац үстінде сұлап-сұлап жататын. Қолын асқан, басын таңған кіркір кісілер. Қолқа атқан күлімсі дәрі исі, ыңқыл-сыңқыл... Еламан осының бәрінен өлердей жиіркенетін.Ұзақ жатып калмасам қайтсін деп, қорқып келіп еді. Құдай оңдап лазаретте орын болмады. Ұрыс үстінде қанын тоқтату үшін оқ тиген жеріне киіз күйдіріп басқанды. Қазір сол арасы қарақошқылданып долбарып ісініп, иістене бастаған екен. Ақ-халатты қыздар ұрысқаны әлде аяғаны белгісіз, әйтеуір «ай-ай»,- деп басын шайқап жүріп жарақатын жуды. Дәрі-дәрмек жақты. Таза шүберекпен таңып байлады да, екі-үш күннен кейін қайта кел деп қоя берді.
Еламан сыртқа шыққанда ымырт үйіріліп қалған екен. Бағанағы салқын желдің ептеп зәрі сынғаны болмаса, әлі азынап тұр. Үй алдындағы терек басы суылдап шайқалады. Ақ шүберекпен қатты таңған иығының басы ауырғаны болмаса, осы қазір көңілі сергек.
Жан-жағына жылдам көз тастап, ширақ басып келеді. Осыған дейін дүниеден түңілгендей боп жүр еді; әсіресе былтыр түрікпендер шауып кеткеннен кейін тірлік таусылғандай көрінді. Енді қазір сонысына күліп келеді. Адам баласы қызық қой. Қейде кішкентай нәрседен көңілің күйген терідей құрыса қаласың. Сол кезде осынау айдай әлем тарылып басы-аяғы бір-ақ уыс боп кетеді. Тар дүние тас шеңгеліне алып, қол-аяғыңды жазғызбай сыға береді. Сыға береді. Шыдамаған кісі шөлмектей сынып жатады. Өзі де сына жаздады. Көкірегі қарайып, көзіне кан толып жүрді. Жүзі ыстық жарық дүниенің әлі қызуы сөнбегенін, аспанда ай мен күннің барын, адам баласы мен жан-жануарға нұрын төгіп тұрғанын сезбеді... Енді қазір көңілі орныққан соң қараса... о, тоба, кәрі дүние бәз-баяғы қаз-қалпында. Ай орнынан атып, күн орнынан батып тұр. Біреу бақытты, бай, өрісі толған мал. Үстінде - үйі, құшағында - қатыны. Біреу - бақытсыз. Еңбек үшін жаралған екі қолы мен бойындағы күшінен басқа бұл өмірде сенері де, сүйенері де жоқ. Тауыққа шашқан тарыдай, таланына біткен там-түм несібесін теріп жеп, осы дүниеде о да тірлік кешіп жүр. Жер басқан адам түгіл, ұшқан құс жүгірген аң екеш аң да езінен кейінгі ұрпақ үшін күн-түн қатып жортады. Тірлік - тартыс. Ендеше тайсақтаудың жөні жоқ.
«Келіп қаппын ғой»,- деді Еламан отряд орналасқан үлкен үйдің алдында тұрғанын көріп. Кешкі асын ішіп алған жауынгерлер өздерінің жатар алдындағы ұсақ-түйек шаруаларына кірісіпті. Біреу шинеліне түйме қадап, біреу шалбарының темекі шоғы күйдірген жеріне жамау бастырып әлек. Біреулер әңгіме айтып, енді біреулер ыңырсып ән сап отыр. Ат қорадай кең барақтың шам жарығы шала түскен, әне бір арғы басында бес-алты жауынгер бір темекіні бөліп шегіп, қызыл шоғы жылтыраған кұттай тұқылды қолдан қолға жағалатып қыдыртып жатты.
Еламан ауылдағы күй талғамайтын әдетпен мол күпінің бір шалғайын астына төсеп, киімшең бойымен қисая кетті. Шаршағанын жамбасы төсекке тигесін ғана сезді. Ұйқы жеңіп көзі ілініп бара жатқанда да сақал-мұрт өскен жүдеу бетінен бағана қараңғы көшемен ке-
ле жатқандағы аяң күлкі айықпады. «Әлі сол сүмелек сарының үйінде тұра ма екен. Мүмкін, басқа үйге... жә, жә, ертең сұрастырамын. Қазір ұйықтау керек... ұйықтау керек... ұйқы... ұйқы! - деп күлімсіреп жатып көзі ілініп кетті.
Ертеңіне таң қараңғысынан оянды. Ұйқысы қанбапты. Неше күннен бері ат соғып қалжыраған денесін қозғай алмай, сүйек-сүйегі сырқырап жатыр. Барақ ішіне көз тастады. Оянуын оянса да, бірақ басқалар да төсегінен тұра қоймапты. Кейбіреулері есінеді. Кейбіреуі темекі тұтатты. Ұйқылы-ояу көзбен көк түтінді қомайғалана сорып, қақалып-шашалып жатыр.
Топырлап біреулер кірді. Жауынгерлер апыр-топыр түрегелді. Ұйқысын аша алмай жатқан Еламан қалай атып тұрғанын білмеді. Босаға жақта соқыр шам сығырайғадаладай кең бөлме іші кенет ерейген-серейген кісілерге толып кетті. Еламан күпісі мен тымағын былай алып қойды. Ештеңенің мәнісіне түсінбесе де, абыр-сабыр боп жатқан кісілердің ыңғайымен айналып олар не істесе, бұ да соны қайталады. Желең бойымен жүгіріп, сыртқа шықты. Тар есікке үш-төрт кісі қатар кеп қап, таласып иық қағысып өтті. Қорада сарылдап ағып жатқан мұздай суға көппен бірге таласып-тармасып жуынды. Онан күпісі мен тымағын киіп, көппен бірге аралас-құралас сыртқа шықты. Онан жауынгерлердің бойына қарай сапқа тізіліп жатқанын көріп, саптама етік киген аяғы күпінің шалғайына оралып сүріне-қабына кеп өзіндей өңкиген ұзын бойлы біреудің қатарына тұра қалды. Несі дұрыс, несі бұрыс шығып жатқанын ойлаған жоқ. Оны ойлауға шамасы да боп жатқан жоқ. Қазіргі халіне өзі де қайран. Қазір дәл бір ағынды суға салған қайықтай. Бір дегеннен бас еркінен айрылып, тезі қатты бір өмірдің ағынына түсіп табанын жерге тигізбей дедектетіп ала жөнелді. Қайда апаратынына көзі анық жетпейді. Осы мына шым-шытьірық дүниеден жөн тауып, қашан оң мен солыңды айырам дегенше
ықтырып апарып бұрын-соңды көрмеген, білмеген беймағлұм бір жағадан шығарып тастамасын кім білген.
- Ендігі жетпегені осы еді.
Еламан селк ете қалды. Төніп келген Мюлгаузенге жалт қараса да, көзіне тіктей алмай назары ауып кетті.
- Марш отсюда!
Еламан лажсыз саптан шықты. Мюлгаузен бір сызық бойында тізіліп тұрған отряд сапын жағалап келеді. Жем бойындағы кісілерден кешегіден кейін хабар болмай кетті.
Атаман Дутовтан аман құтылу қиын. Дәтке қуат қылатыны: Ознобиннің шолақ қол баласы. Ірә бір ажалына көрініп қан тартып тұрмаса, талай соғысты басынан кешкен тәжірибелі жауынгер бұл жолы да бір тәсіл тауып, адамдарын аман алып шығар деген үмітте.
Мюлгаузен әскер сапының алдында ақырын басьіп жүр. Комиссар да кешігіп, жынына тиіп тұр. Кешегі күні келіп қалар деп тосып отырғанда оқшау бір хабар алды.
Ақтөбеден поезға отырған комиссар жолшыбай Ембіге келгенде аяқ астынан қатты ауырып, поездан түсіріп ап қапты.
-Кісі жіберейік,- деді Ознобин.
Мюлгаузен үндемеді. Есітпей қалды ма деп ойлаған қарт жұмысшы жаңағы ойын қайталап айта бастап еді, Мюлгаузен:
- Со жақта арам қатса да жіберетін кісім жоқ,- деді.
Жұрт таңырқап қалды. Мюлгаузеннің ығын алып үйренген кісілер, бірақ, бұл жолы да тіл қата алмады. Ознобин түк сезбеген кісідей жапырайған май-май кепкасын көзіне басып киіп төмен қарап отыра берді. Отряд командирінің арғы ойын біледі. Шамасы келсе осы жігіт қолындағы билікті басқа біреумен бөлісуге ырза емес. Әсіресе, комиссарға жұлдызы қарсы. Кейінгі кезде дос пен дұшпан аузында ілтипатпен атала бастаған осы бір шетінен мейлінше ұстамды, инабатты кісілер, оның ойынша қызу қанды командирлерді тізгіндеп, тежеп отырғаннан басқа қайраны жоқ. Комиссарлардың басы мен аяғына қара сүрік киіп сықырлап жүргеніне дейін Мюлгаузеннің жынына тиетін. Телеграфта істейтін ақ сары қыз жүгіріп келді. Өңі құп-қу. Анталай қалған кісілерге түк айта алмай, шиедей қызыл ернін қырқып тістелей берді. Жұрттың онан сайын зәресі ұшты. Мюлгаузен қыз қолынан телеграмманы жұлып алды. Көзі түскен бойда:
- Ну вот... откомиссарились! - деді.
Ознобин екі ұмтылып шаққа тұрды. Мюлгаузенге жеткенше бірнеше рет сүрінді. Ол қағазға қолын созам дегенше долылық буып алған Мюлгаузен уысындағы
телеграмманы күлдей қып жыртып-жыртып шашып жіберді. Қарт жұмысшы бірдеңе дегелі аузын аша түсті де, ерні жуыспай аңырып қалды.

ІІІ

Мұнда келгелі Еламанның аяғы жерге тимеді. Бүгінде түске дейін уақыттың қалай өткенін байқаған жоқ. Ертеңгі асты апыл-ғұпыл іше сала моншаға жүгірді. Онан сақал-мұртын алдырды. Онан қала сыртындағы киім-кешек складына жүгірді. Күндіз де қолына шам ұстап кіретін тастай қараңғы складтың бір басында ат-көпір боп үйіліп жатқан ескі киімдерді аударыстырып жүріп бойына шақтап шинель алды. Күпіден құтылған бойы шинель кигенде құп-қунақ боп кетті. Еркін тарлау ма, қалай. Ірі денесіне әдепкіде шап-шақ сияқты көрініп еді; сыртқа шыққаннан кейін қимылдап, қозғалайын десе екі иығының басын құрыстырып қысатынын байқады. Қолы құйттай ілгері созса да, үстіндегі баланың киімі сияқтанып білегі сидиып шығып кетеді.
Еламан мына шинельден бөтен кісінің иісін сезді. Кісі-қара аз көшемен әлдеқандай ән әуенін ыңылдап келе жатып ол қайта-қайта еңкейіп, үстіндегі шинельдің о жер, бұ жеріне қарай берді. Күпісі мен тымағынан құтылғанша асығып жүріп, жаңа ғана иығына сұққан киіміне жөндеп қарамапты-ау. Тарлығын былай қойғанда мына шинель осы тірлікте талай кісінің иінін адақтап кеп, есін тандырьіп тозған шағында бұған тап болған. Жеңінің аузы мен жағасы қиылған. Жаугершілік заманда ылғи жорықта жүріп тәніне су тиіп жарымайтын жауынгерлердің тер иісі ала-бөле жағасында аңқып тұр. Талай мойынның кірі мен шайыры сіңген жағаға қанша қарамайын десе де, көз қиығы шалып қалады. Кір-кір жаға тақым қажаған терліктей жылтырап, жазатайым желкесіне жанасса да мұп-мұздай боп басылады.
Еламан жиіркенетінін байқады. Ойын басқа жаққа аударғысы кеп, балықшылар ауылын есіне алды. Олардан хабар үзгелі, мінекей, аттай бір жыл. Достан көбірек корқады. Рзаның ырқына көнбей балықшылар арасын ушықтырып жүр ме? Әлиза пақыр не күйде, өлі ме, тірі ме? Еламанның ойында осы жайлар тұрса да көзі қайта-қайта үстіндегі шинельге ауа береді. Сұр шинельдің өңіріндегі саусақ сыйғандай тесікке қарап қапты. Оқ тесті ме, әлде темекі шоғы күйдірді ме? «Өліктің үстінен шешіп алған жоқ па екен» деген күдік түйсікшіл көңіліне тікендей қадалады. Бұрынғы иелері кім? Жер басып жүр ме? Не әлде пақырлардың бұл дүниеден татар дәмі, тартар мехнаты таусылып, осы мына ойраны шығып жатқан дүниенің бір түкпірінде белден қазған қос аршын жерде томпайып жатыр ма? Қалай болғанда да мына ит-сілікпесі шыққан сұр шинель талай жанның тірлігін таусып кеп, енді сені тапты. Тас қып қысқан темір шеңгелінен босанып көр. Тынымсыз тағдырдың айдап, дүниенің талай түкпірін шарлаған ізіңнің ендігі жерге қанша тұтамы қалды. Шорт үзілген жіптей, ізіңнің де ақырғы таусылар шетіне жетіп, сұр кебініңді иініңе жамылып тұрмасаң нетсін. Адам ізі бітетін ақырғы межеге аяғының ұшы тиіп тұрса да, дәмелі көңіл әрқашан ілгергі күнде ұзақ сонар тірлігі жатқандай жайбарақат жүретінін айтсайшы. Иә! Қашан жан тапсырар зауалды шағы жеткенше қай солдат үстіндегі сұр шинельді соңыра сүйегін орар сұр кебінім деп санайды.
Көңілсіз ой баурап алған Еламан көше шетінде белуарынан жерге кіріп кеткен бәкене үйлердің іргесімен ілбіп келеді. Басы салбырап кеткен. Енді есіне Рай түсіп, сорлы балаға туған жердің топырағы бұйырмады деп ойлады. Сол, сол-ақ екен, есіне Мөңке түсті. Құлтума түсті, Төлеу түсті. Түрік жерінде қырылған... онан түрікпендер атқан... онан мұз үстінде үсіп өлген кісілер көз алдынан тізбек, тізбек боп өткенде, ту сыртынан, екі жаурынның арасынан шымырлап суық тер шықты. Тілерсегі дірілдеп, теп-тегіс жермен келе жатып сүріне берді. Апыр-ай, мына қара жер неткен тойымсыз. Дүние
дүние болып жаралғалы бұл патшағар жас деп бесіктегі сәбиге жаны ашымапты. Кәрі деп көне көз кәрияң-ақ қабақ шытпастан нелер ықылым заманнан бері маңдайындағы бір-бір тұтам тірлігін төбелессіз тыныш өткізбей, тістісі тістімен, тырнақтысы тырнақтымен ұстасып, жыртқыш хайуандарша қырқысып жатқан есуас адам баласын үйір-үйір, ұрпақ-ұрпағымен жайпап алып кенеусіз құрдым түбіне тығып жатыр, тығып жатыр... Жұмаршағына жұғын болсашы. Қанша да болса көпсінбей қылғып жұтып алады да, баяғы осыдан жүз мың, он мың жыл бұрынғы меңіреу күйінде өз бойындағы бір тасының мұрты шағылмастан бедірейеді де тұрады бұл заңғар. Мына сұрапыл соғыс тоқтап, мына халық титықтап қолынан қару түскенше, мына сұр шинельді солдат иығынан жұлып тастағанша әлі қанша қан төгіледі. Әлі қанша қыршын сыбағасына тиген бір тұтам тірлігін дұрыс жасай алмай, жау оғынан мұрттай ұшып, қай жыра, қай сайда, қай окоптың түбінде қансыраған кеудесін қос қолдап қысып қалары бір аллаға ғана аян.
Еламан өзін жаным сірідей деп ойлайтын. Өзі соған сенетін. Шынында түсі суық ажал бұған талай рет тіктеліп келсе де, әлі де татар дәмі таусылмады ма, бұл бейне шанышқыдан жырылған шабақтай соның бәрінен аман қалып келе жатқан. Ендігі жерге... Еламан сүрініп кеткендей болды. Ойы мүлт кідіріп, салмақты жүзінен сөлекет күлкі білініп қайтты. Ендігі жерге қайдам? Әй,бірақ, неше сірә шыбын жаның сірідей берік болса да, мына сұр шинель үстіңде тұрғанда сенім шамалы. Бір қаныпезердің оқшантайында сенің де сыбағаң сақтаулы тұрған болар. Еламан шинель өңіріндегі оқ түйреп өткен тесіктен көзін тайдырып әкетті. Ақырын басып отрядке келді. Жаңағы жабырқау ойдан кейін жыртығынан жел ызғыған үйдей көңілі құлазып кетті. Бүгін төсектен тұрып жатқандағы ойы басқа еді; киім-кешек алып, үсті-басын жаңалаған соң Ақбалаға барып қайпақ болған. Енді қазір бір нәрсеге зауқы болмай, енжар сүле-соқтық еңсесін басып түр. «Адам тірлікке тек бір-бірімен аңша ауыз салып таласу үшін келе ме. Бітірер шаруаң, тындырар ісің сол ғана ма»,- деп ойлап, көшеде қару-жарағы сартылдап жүрген кісілерге салқын қабақ астынан көз сап өтті. Ана жақта аштықтан ісіп, кеуіп жатқан қатын-баласының аузына ас салудың орнына, құдай-ау, бұл сорлылардың мына жүрісі не. Өмір-бақи көрмеген-білмеген қайдағы бейкүнә біреулерді я өлтірмек, я өзі өлмек боп екі көзі түк көрмей қанына қарайып жүр.
Еламан екі қабат үйдің алдына келіп тұрғанын көрді. Қайтымы жоқ ашудай көмейіне кеп қалған ызалы ащы сұрақты осы арада ол шарасыз тежеп, кейін қарай қайта лықсытып жіберді. Жұрттың көзін ала бере жүк астына жасырған ұрльіқтай, жанын алған жегі сауалды енді қайтып бас көтермейтіндей етіп тереңіне тығып тастады. Сонан соң жұртқа таныс салмақты ажарын бет өңіне киіп алды да, ақырын басып ішке кірді. Ознобин мен Мюлгаузен іште де, тыста да көзіне түспеді. Қалған кісілер тегіс үйде екен. Тек бәрі үнсіз. Бәрінде де түс жоқ, өң жоқ. Бұрын дәл қазіргідей қолы бос кезде казарма іші араның ұясындай адамға сыймай бірі кіріп, бірі шығып сапырылысып жататын. Таң атар-атпастан сартылдап ашылып, жабылған есік те қашан ел аяғы басылғанша тыным көрмейтін-ді. Енді қазір өлік шыққан оттың басындай ана шеті мен мына шеті ат шаптырымдай кең казарманың оқыс жым-жырт боп тына қалғаны оғаш көрінді. Еламан ішке кіруін кірсе де, ары баспай босағада тұрып қалды. Әркімге бір қарады. Жүзі жылы көрінген қартаңдау бір кісіге тілдескісі кеп еді, ол бірақ сырт айналып кетті.
Еламан көшеге қайта шықты. Шинелінің шалғайына жұққан күйеге көзі түсті. Жерден кесек алып, күйенің үстін ысып-ысып жіберді. Өзі жоқта мұнда бір оқиға болды ма екен,- деп ойлады. Тағы неге жорырын білмей, жайлап басып көшеге шықты. Көшенің арғы бетіндегі аласа үйлердің үстінен асып, сол анау ала шабыр бұлт жүзген аспанға қарап тұрған-ды. Кенет бір мұздай күдік көңілін қарып алды. «Әлде, осылар мені жаратпай ма? Солай болар. Не қылса да кісіге жақындаса алмайтын жұғымсыз, жексұрын жан болдым». Көше құлазып тұр. Күлдей майда сары топырақ ығы жоқ аңыраған көшеде сусылдап борап жатыр. Жалаң шинельден жел өтіп бара жатқан соң Еламан ыққа бұрылып жағасын көтеріп алды. Мюлгаузен қайда. Жемге аттанамыз дегені не болды. Жерге сыймай елтең-селтең жүргенше жорыққа аттанғанның өзі дұрыс еді.
Еламан не істесем деп ойлап, жан-жағына енжар көз сап тұрған. Кенет көшенің арғы бетінде кетіп бара жатқан аққұба келіншекке көзін тіге қалды. Алғашқыда Ақбала екен деп қалып еді, түрі, тұлғасы, киім киісі, кербездігі, тіпті аяқ басқан сайын аркасында ақырын былғаңдап, толқып бара жатқан жуан қос бұрымына дейін құдды Ақбаланың бұрымынан аусайшы.
Апыр-ай, біреуге біреу қандай ұқсайды. Мына кездейсоқ келіншектің ғажап әдемі ұқсастығына әлі де болса таң қалып тұр. Әлгі бір сұр шинель жайындағы ойдан кейін бұршақ соққан қоғадай бұның өз ішінде қаусап жапырылып қалған шерлі көңілі қайта еңсе көтеріп, коразданып дүр-дүр сілкініп алды. Ақбаланы көргісі кеп кетті. Шинельдің жағасын қайырып тастады. Желге қарсы тосқан бет әне бір Ақбалаға жаңа үйленген жылдары мұз үстінде балық аулап жүрген кездегідей тоңуды білмей ду-ду етеді. Жаңа ғана еңсе басқан жабырқау көңілі жадырап, қол-аяғы жеп-жеңіл боп жүгіргісі кеп кетті. Адам неге ұшпайды екен деп ойлады. Оған өзі күлді. Осындайда кісі қиялиланып, қайдағы бір оғаш ойдың қайдан келетініне таң қалып, басын шайқады.
Ертеден бері бет түзеп келе жатқан жағын анық-қанық ойлаған жоқ-ты. Ол енді қараса, кішкентай қаланың қазақтар тұратын көл жақ шетіне шығып кетіпті. Қисық көше. Ағашсыз, талсыз, ақталмаған, бірінен-бірі аумайтын бәкене үйлер. Еламан оларға көз тоқтатпай үстірт қарап өтті. Алабұртқан көңіл бұлардан басқа және бір нәрсеге ауаланып, жан-жағына қарап тұрғанды. Кенет иек созымдай ғана жерден кесек дуалын күн мен жел жеп құмын шығарып кебірлеп тастаған жермен-жексен бір үйді көрді. Сол сәтте жүзі жылып қоя берді. Және тыныш жүрегі лүпілдеп қатты-қатты соғып кеткеніне қарап, мынау үйді, мұнда тұратын кісілерді де біле қойды. Бір жыл бойы туған елден жырақта жүріп қайсы бір түндері кірпік қақпай сарылып ойлағанда осы үйді әрқашан сағынышпен еске алатын. О, жасаған, басы жұмыр пендеге пейілі түсіп көрмеген осы мына тас бауыр дүниеден қайта-қайта іздеп тауып ала беретін жер бетіндегі бір ыстық ұясы. Кәрі көңіл маңдайы аумай тауып әкеліп тұр. Бұған Еламан таңданбады. Қөз жанары қаттырақ ұшқындап кетті. Жолында тұрған құман, легендерді салдыратып, қаға-маға кіріп келді. Үш сары бала үрпиіп тұр.
- Бұл үйдің кісілері қайда?
- Әкем жұмыста.
- Ал...
- Апам ба?
- Апам-м? Апаң кім?
- Ақбала.
- Ә, Ақбаланы «апа» дейсіңдер ме?
- Әй-әй апа дейміз.
- Е, тіпті «әй-әй апа» дейсіңдер ме?
- Иә, анау да, мынау да, мен де «әй-әй апа» дейміз.
- Ал, «әй-әй апаларың» қайда?
- Жұмыс іздеп кетті.
Еламан әкесінен аумайтын үш шикіл сары баланы маңдайынан бір-бір сипады да сыртқа беттеді. Еңсесін тіктеп төбесіндегі ала бұлтты аспанға карады. Онан ұзай бере артына қайрылып, жаңа өзі шыққан көрдей үйге қарап еді, іште қалған әлгі үш шикіл сары бала терезеге жабысып бұны көзімен ұзатып тұр екен. Мес түйініндей мұрындарын қырық құрау әйнекке жапсырып тастапты. Еламан бұрылған кезде, әйнектің арғы жағынан бәрі бірдей ыржиып күлімсіреді. Еламан да езу тартты. Ақбалаға кездесе алмағанына өкінді. Осы кезге дейін кежегесінен кейін тартып келген керенаулығын тастап, талпынып жұмыс іздеп шыққанына қарағанда күн көрісі тіпті қиындаған-ау! Екі қолына жалынбаса бұл дүниеде басқа құдыреттің қалмағанына көзі жеткен. Бір есептен бұнысы жақсы.
Еламан өзіне қайран. Кеюдің де, күйзелудің де жөнін таппайды. Бір кезде бір түндік астында бірге тұрған-ақ шығарсың. Бірақ қазір жөнің басқа болғасын, не көрсең де бетіңнен жарылғасын деп тыныш қалдырудың орнына, осы сорлы әйелдің соңынан қалмай қойды. Сондағы көздегені не? Оның да,өзінің де берекетін алғаннан басқа бітірері бар ма. Ойлап қараса: осы әйелмен бірге де тұрыпты. Бөлек те тұрыпты. Жаны үзіле жақсы көріпті. Соның бәрінде де бір байқағаны: осы әйел өлмей құтыла алмайтын еншісіне тиген өмірлік сыбаға ма деп қалды. Бүкіл денесіне көк тамырын жайып емін-еркін иеленіп алған. Сәл-сәл есіне алса, ойласа болғаны сарылып кетеді. Бір жыл бойы ат басы алысқа ауып, ту-ту Қоңырат, Шымбай, Үргеніш жақта жүргенде де осы әйел бір сәт ойын босатпады. Талай рет ашынып та, ызаланып та көрді. Бауыр етін дал-дұл айырып, көк тамырларын пытырлатып үзіп, жадынан жұлып тастағысы келді. Бірақ онысы құр кіжінуден аспады. Күші жетпеді. Әдетте әйелсіреген еркектің әлдеқалай ауаланып жүріп, бірер күн түнеп кеткен сұлулары болады. Бірақ олар жадында қала бермейді. Ал, тегі, сірә, дүниеге келген кісінің бір өмірінде бір-ақ рет кездесетін бір-бір әйелі болатыны ғой.
Еламан қақпа алдында тұрған күзетші жанынан өтті. Іштен гүжілдеген жуан дауыс шықты. «Мені іздеп қалған жоқ па екен?»-деп ойлады. Ішке кіргесін де ілгері озбай, есік алдында тұрған жауынгерлердің сыртын ала тоқтады.
Мюлгаузен түтігіп алған. Үйді ерсілі-қарсылы кезіп зіркілдеп сөйлеп жүр. Бүл білмейтін біреуге қаһарын төгіп, кіжініп-кіжініп қояды:
- Бұның бәрі соның кесірі. Соған бола жіпсіз байлап қойған жоқ па.
- Өзінен хабар бар ма? Қашан келеді екен?
- Ну, подожди ты... Иттің асыраған баласының хромын дал-дұл қылмасам ба...
- Кімді айтып тұр? - деді Еламан жанында тұрған біреудің құлағына еңкейіп.
- Комиссарды.
- Комис-сар?
- Ә-ә! - деді Еламан бәрібір түкке түсінбесе де басын изеп.
- Олардың денесін кашан әкеледі? - деді бір ұяң жүзді жас жауынгер.
- Бүгін кешке.
- Аман қалғаны жоқ па екен?
Мюлгаузен жауап бермеді. Жаңа ғана жалына қол апармай өрекпіп тұрған жан кенет зәрі сынып, су сепкендей сөне қалды. Сұрақты жүздерінен әлі де бір әлсіз үміт үзілмей тұрған жігіттерге көз салмастан ақырын басып шығып кетті.
Еламан төсегіне қисайды. Кірпік арасында қарашығы жылтыраған көзін үй төбесіне тігіп жатыр. Бұл кезде Ақбала үйіне келген болар деп ойлады. Әлгінде қарайлап күте тұрмағанына өкінді. Жұмыс тапты ма екен? Кішкентай балалар «Әй-әй апасына» бұның іздеп барғанын түсіндіре алса жарар еді-ау.
Еламанның ұйқы қысқан көзі кішірейіп, ақырын-ақырын жұмылып барады. Кереует қырында жатқан қолы да салмағымен сырғып түсіп көпке дейін қапталында салақтап тұрды.
Кешкісін отрядты станцияға апарды. Кішкентай қаланың бар халқы осында жүр екен. Кідірмей күн батыс жақтан соңына жалғыз қызыл вагон тіркеген күлдікүйелеш паровоз көрінді. ЬІстық буы бұрқырап ысылдап-пысылдап кеп станцияның алдына тоқтады. Жаңа ғана гу-гулеп тұрған халық су сепкендей тына қалды. Еламан да көппен бірге демін жұтып, үрейлі көзін ілгері тігіп тұрған-ды. Жиынның деңгейіне келе бере тоқтаған паровоздан біреу түсті. Темір басқышты тық-тық басқан аяғы тап бір шекеңе шеге қаққандай шық-шық тиеді. Жұрт шыдамай қозғалақтап кетіп еді; жаңағы кісі қызыл вагонның есігін салдыр-гүлдір ашты. Лап қойған халық үйме-жүйме боп барса да, есікке жете бергенде алдынан жер жарылғандай аңтарылып тұра қалды. Астық тиеген вагонның есігі алдында қылышпен кескілеп тастаған қан-қан денелер жатыр екен. Халықтың есі шығып кетті. Әсіресе, қатын, балалар у-шу. Бір жас келіншек шыңғырып жіберді. Екі жағынан сүйемелдеген әйелді сүйреп, ілгері ұмтыла түсті де, келесі сәтте жан берген кісідей құп-қу боп талықсып кетті.
Еламан жас келіншекті жыға танымады. Бірақ бір жерде көрген сияқты. Әлдеқайдан Ознобин келді. Кешегінің арасында жағы қуарып жүдеп қапты. Көйлек жағасынан мойны сорайып шығып кеткен. Қарт жұмысшы келіншекке қайрылды. Бірақ ессіз-түссіз, талықсып жатқан келіншекке не дерін, не істерін білмей, ұзын бойы иіліп тұрды да, кенет қолын ызалана сілкіп жөнеле берді. Топшысы бүгілген ұзын қолымен алдындағы біреулерді итермелей бастады. Бір жанға көзі түспеді. Ал көзі түскен кісіні таныған жоқ. Есірік көзі әйнек астында ақшаңдап, соқыр кісіше жұрттың үстінен жоғарылап қарайды. Қолтығынан сүйемелдемек болған біреудің қолын қағып тастады.
Еламан қарт жұмысшының түрінен қорықты. Жолында тұрған кісілерді итермелеп, ұмтылып кеп қызыл вагонге қарт жұмысшымен қатар жетті. Келе сала қолтығынан сүйеді. Ознобин оны да көрмеді. Тіпті қарынан тас қып ұстаған қарулы қолын сезбеген сияқты. Қалың киім астынан кәрі дене суықта жаураған малдай қалшылдап ұшып барады.
Еламан мұның тегін емесін білді. Қолын қоя берсе қарт жұмысшы құлап қалатындай. Вагонге мінер жерде оны тағы біреулер сүйемелдеп қолтығынан демеп жіберді. Осы арада ғана Еламан қан-қан өліктердің арасынан жұмысшының шолақ қол баласын таныды.Ознобин де баласын бірден таныды. Бірақ көзілдірігі буланып кетті. Өлік жанына тізерлеп отыра қап, су қараңғы болған кісіше құп-ку жүзін жоғары көтеріп, дыбысын шығармай тістеніп алды. Сонан бір кезде есін жиып, алдында жатқан қан-қан өліктің әуелі шашын сипады. Дір-дір еткен қолы төмен қарай жағалап, басын, маңдайын, бетін сипалап отырып: «Андрюшам...балам... балақайым-ай»,- деді.
Халық теңселіп кетті. Әсіресе, маңдайындағы бір-бір азаматынан айрылған ата-аналар аңырап, өліктерге ұмтылды. Басына қара салған әйелдер дауыс салып кеп, жолын бөгеген кісілерге қарамастан жан-жақтан қолдарын созып жатты. Еламанның есі шықты. Кенет біреулердің солқылдап жылап жүріп, ұзыннан сұлап-сұлап жатқан өліктерді көте


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

(Әңгіме)
I
Зылиха бүгін көңілсіз. Көңілсіз болғанда жайшылықтағыдай емес, бүгін өзгеше өңі қашып, жақ жүні үрпиіп берекесі кетіп отыр. Не істейтінін, не істеп отырғанын өзі де білмейтін секілді.Көл сандықты алдына алып ашқанына едәуір уақыт болды. Сандығында көптен жиналып қоқырсыған матаның қиқымын, суыртпағын, ширатқан жібін әлденеше рет ақтарды. Осыларды о баста неге арнап жинағандары есіне түсті. Мына бір қиықша сисаны, осындайдан құрастырып бір жасар баласы Бақытқа көйлек тігіп бергелі жүр еді. Мына біреу ақ жіптің қалдығын қызы Ұлпаға көйлек тіккендей болса, етегін қаюға керек болар деп сақтап жүр еді. Қоқырсыған құрақтың әрқайсысының өзіне орны бар, бұлар сары майдай сақтап жиып жүрген мүлкі. Енді осының бәрі текке қалатын секілденіп көрінеді. Неге олай, себебі не? Коқырсыған құрақты жиыстырып Бақытқа көйлек тігіп берем десе, қарсы келіп отырған біреу бар ма? Келіншек болып түскеніне биыл тоғызыншы жыл екен. Содан бері төрт құрсақ көтерді. Екеуі өлді, тірі қалғаны Ұлпа мен Бақыт. Бір жасқа жаңа толды.
I
Зылиха бүгін көңілсіз. Көңілсіз болғанда жайшылықтағыдай емес, бүгін өзгеше өңі қашып, жақ жүні үрпиіп берекесі кетіп отыр. Не істейтінін, не істеп отырғанын өзі де білмейтін секілді.Көл сандықты алдына алып ашқанына едәуір уақыт болды. Сандығында көптен жиналып қоқырсыған матаның қиқымын, суыртпағын, ширатқан жібін әлденеше рет ақтарды. Осыларды о баста неге арнап жинағандары есіне түсті. Мына бір қиықша сисаны, осындайдан құрастырып бір жасар баласы Бақытқа көйлек тігіп бергелі жүр еді. Мына біреу ақ жіптің қалдығын қызы Ұлпаға көйлек тіккендей болса, етегін қаюға керек болар деп сақтап жүр еді. Қоқырсыған құрақтың әрқайсысының өзіне орны бар, бұлар сары майдай сақтап жиып жүрген мүлкі. Енді осының бәрі текке қалатын секілденіп көрінеді. Неге олай, себебі не? Коқырсыған құрақты жиыстырып Бақытқа көйлек тігіп берем десе, қарсы келіп отырған біреу бар ма? Келіншек болып түскеніне биыл тоғызыншы жыл екен. Содан бері төрт құрсақ көтерді. Екеуі өлді, тірі қалғаны Ұлпа мен Бақыт. Бір жасқа жаңа толды.
Сопақтау келген жер үйдің ортасын бөлу үшін салған ұзынша пеш бар. Сол пештің жанында жұлмаланған құрым киіздің тесігінен шөпті суырып, Бақыт ойнап отыр. Кішкене қолы тырбиып, уысына сыйған бір-екі шөпті сырғауылды сындырғандай қылып сындырады. Терезенің көзінен түскен күн сәулесі Бақыттың бетінен сүйіп, еркелеткендей, ойнатқандай болады.
Шашы жалбырап Ұлпа қуыршақ істеп отыр еді. Шөппен ойнап отырған Бақыт Ұлпаның қолындағы қуыршақты көріп қызықты, «мәм, мәм!» деп қолын созып сұрап еді, Ұлпа оған бере қоймады. Бақыт ызаланып жылап жіберді.
- Әже, әже, - деді Ұлпа.
Терең ойға шомып отырған Злиха, ұйқыдан оянған кісідей басын көтеріп алды. Байбалам салып, еркелеп, жылап отырған Бақытты көрді. Екі беті томпиып, көзінен болар-болмас жас шығып, Злихаға карай еңбектеп келе жатыр еді.
Ұлпа еркелей қарап:
- Әже, қуыршағыма көйлек істеп берейін, ана бір сисаңды бересің бе? - деді.
Еркелеп күліп отырған Ұлпаны көрген соң, өтірік байбалам салып, әжесіне наз қылғалы, жылап келе жатқан Бақытты көрген соң, Злиханың жүрегі елжірейін деді білем, өз-өзінен ызаланып жылап жіберді.
- Құдай-ау, осы пәлеге мені салғалы жүрген кім? Мен неден аздым? Маған не көрінді? Бақытжанды қайтем? Ұлпаны қайтем?!.
Еңбектеп келген Бакыт мамалап бауырына кірді. Ұлпа қуыршағын тастай беріп, әжесінің жылағанынан қорыққандай состиыңқырап тұрды да, иығынан асыла отырды.
- Әже, қарным ашты! - деді.
II
Сары, Кәрібай, Жалмақ үшеуі, Сарының шомының ық жағындағы күртік қарға отырып, кеңеске кірді. Әсіресе Жалмақ күпісінің жағасын жоғары таман көтере түсіп, мақал-тақпағын араластыра, сөзді желдіртіп соғып отыр. Кәрібай көп үндемейді. Жалмақтың сөзіне ырзалық білдіргендей, оқта-санда басын изей түсіп, күлімсіреп қана қояды. Сары қатты қарды таяғымен түрткілей отырып, бірдеме айтып күлімсіреп еді, Жалмақ іліп ала жөнелді.
- Сары, сенің сөзің екі ұшты болып отыр. Кәрібай да бір елдің адамы, сен де осы елдің жігіт ағасысың. Сені басып кететін, сенің сөзіңнен шығатын Қарынбайдан кім бар? Басқа сөзіңді қойып, «жесіріме қимам қышып отыр» десең біз сөзді әлдеқашан доғарамыз ғой.
- Жесірімді бермеймін десем, менің айтуға да қақым бар. Қарынбай тұқымының намысын мен іздемегенде, кім іздейді.Бірақ, мені қамай бергенше, өздеріңді де қолға алуларың керек еді, - деп, Сары күлімсіреді.
- Өй, құрып қал, құлқынынды алға сала сөйлейтін әдетің-ау.
- Мен Кәрібайдан үйренгем. Биылғы, Ұлтарақтың келінін ала барғандағыны мен ұмытам ба екем?
Кәрібай қа-қа-қа-лап күлді. Жалмақ Бейсенбайдың болыс кезіндегі секіртпе күлкісіне салды.
- Ал енді сенің дегенің-ақ болсын, ашып айтшы!
- Мен несін айтайын. Өз басым еш нәрсе дәметпей-ақ қояйын. Араға жүретін жігіттеріміз бар, әкімдеріміз бар, олардың сыбағасын толықтырмай болмайды ғой. Осы күнгі заманның түрін өздерің білесіңдер, біреуді біреу аңдып, атқа мінген жігіттің аяғынан шалып құлатқанша асық. Солай болған соң олардың еңбегін бағаламай болмайды ғой...
- Әкім деп сенен олжа дәме қылатын бұл елде әкім бар ма? Жантайдың баласын өз қолыңнан ауылнай қойып отырсың, көзді бір алартқанда жым болатындарынды алға әкеліп тартпай-ақ қойшы!..
Жалмақтың тұқырта сөйлегенін Сары ұнатпады. Біреудің бақытын, дәулетін меншіктене сөйлеген адамнан жек көргенім жоқ деп, Сары өзінше пәлсапа соғатын. Атқа міну, елге бас болу Сарының ойынша оңай жұмыс емес. Елдің игі жақсылары ел аралай шықса, «адам болған жігіт еді» деп осының үйіне келіп түседі. Азғана малды сатып, соя берсе, ертеңгі күні кедейленіп қалса, Сарының сөзін кім тыңдамақшы? Табысының да сәні кеміп жүр. 1921-22 жылдардағыдай билік айтып олжа түсіретін, ұрлықтың өрбіген заманы емес. Елде дау шамалы, бірен-саран болғандары, Сарының алдына келмей, сотқа тура тартатын болып жүр. Бірен-саран ержеткен әйел балалар кұтты жеріне әлдеқашан қондырылған. Жас әйелдердің де осы қалай дегені аударыстырылып, «мүшелі шапанды» Сарыға кигізген. Сарының актық азықтарының бірі осы болып отыр. Сондықтан бұдан ұтылмау жағына Сары аянбай күш салды.
Жалмақ әрі-бері арбасып бәсеңсіген соң, түлкі тымағының құлағын көтере түсіп, сұлу мұртты бірер сипап алып, Кәрібай сөйледі. Кәрібай Сарыға жай айтуға кірісті.
- Сенен жасыратын сыр жоқ, мен осы қатынды алғанда басқа зар болғаннан алғалы отырған жоқпын. «Ерегіскен жерде өліп қалу керек», - деп өзің айтпақшы, бір ерегіспен болып отырған іс қой. Бір іске бел байлаған соң шығыннан қашуға бола ма? Азды-көпті малым бар, мен қолынды кақпайын, мынау мынаған керек деп жұмса да, жұмысты бітіріп бер.
Сары ажарланып сала берді. Жымыңдап Жалмаққа қарады.
- Әй, Жалмақ-ай, абырой ала алмай-ақ өлдің-ау! Осы сөзді манадан бері сен айтсаң ғой, абыройын аласың да кетесің.
Жалмақ өтірік күлген болып шақшаға жармасты. Сары албарындағы малайын жұмсап Қоржынтайды шақыртып алды. Төртбақ келген толықтау қара жігіт, белбеуді көкірегіне таман буынып, адамсып келіп отырды. Сары оған үстемдік көзбен қарап бұйрық есебінде сөз айтты:
- Мына кісілердің жұмысын бітір!
- Бітіргенде қалай болар екен, өзінің айнуы да көп...
- Айнығанда не дейді?
- Не десін, әйелдің сөзі белгілі емес пе, көрмеген, білмеген адамға не деп барамын, ең арғысы жүзін де көргенім жоқ! - дейді.
- Өй, тәйірі, сол айныған болушы ма еді? Жүзін барған соң көре жатар, бүгіннен қалдырмай жұмысын бітір!
- Қайдам! Кәріекеңнің ебі біледі, - деп Қоржынтай күлді.
Бәрі де жымыңдасты.
- Барған соң бәйбіше боласың, үлде мен бүлдеге оранасың деп соға берсейші, азбайтын әйел болушы ма еді, тәйірі?! - деп Жалмақ пысықтап қойған болды...
III
... Сарымсақ пен Злиха екеуі үйдің қасындағы шыңның басында тұр екен. Сарымсақтың ойына баяғы жігіт күні, жігіт кезіндегі Злихаға ұрын барғаны түсті... Қатындар Злиханы алып келген екен, ынтық болып жүрген Сарымсақ, бөкебайын ашып, Злиханың қызыл шырайлы жүзін, мөлдіреген қара көзін бірінші рет сол жерде көріп еді... Көптің көзінше ашылып сөйлесе алмаған соң, Злиханың ымдауымен тысқа шығып, Қайболдың үйінің тұсындағы терең жардың басына барып тұрған... Жазғытұрғы маужыраған түн; жаңадан тасып, қарқыны басылып жетпеген өзен сарылдап, күрілдеп тынық түнде өзінше тербетіп тұрған сияқты... Ай жарқырап бұлттан шығып жарық сәулесін Злиханың бетіне сепкенде Сарымсақ Злиханы айдан да сұлу екен деп ойлады... Злиха бұралып Сарымсаққа жақындай түсіп ыстық лебімен бойын ерітіп, үнсіз ғана тұрады... Сол күндер есіне түскендей болады... Еске түседі де, еркін алып билеп, Сарымсақ Злихаға бұрылған секілденеді... Злиханы өзіне қарай тарта берем дегенде, әлдекім ар жағынан кеп, итеріп жібергендей болды. Сарымсақ жардан омақата құлап, басын көтеріп алса, ирелендеген біреу Злиханы қолынан дедектетіп әкетіп барады! Әлдеқайдан Ұлпаның «әжелеген» ойбайы, Бақыттың «мамалаған» жылауы естілгендей болды... Сарымсақ күйіп кетіп ойбайды салды:
- Злиха! Злиха!
Өз дауысынан өзі шошып оянды. Бұл түсі екен. Үйдің іші тастай қараңғы. Бесіктегі Бақыт шырылдап жылап жатыр...Бесікке таяу жатқан Ұлпа әжелеп ыңырсып жатыр.
Шошып оянған күйі, тұла бойы қалтырап, не екенін білмей, Сарымсақ аз-кем отырды. Бір кезде есін жинағандай болып, Злиханы оятуға кірісті.
- Әй, қатын, тұр деймін!
Иығынан қозғап оятайын дегенде, созған қолы жастыққа тиді. Бойы әлденеге мұздап сала берді. Ұйқылы көзімен қайта сипалағанда, қалтыраған қолы жылаған Бақыттың бетіне тиді. Бесіктің бет жапқышы ашық, жаңа ғана емізген секілді.
- Өй, Злиха деймін, қайдасың?
Ыңырсып жатқан Ұлпа үрпиіп басын көтерді. Бесігінің бас жағынан жорғалап кеп, әкесінің қойнына кірді.
- Қарағым, әжең кайда?!
- Әжем, әжем, - деп Ұлпа жан-жағына қаранды.
- Злиха, Злиха! - деп Сарымсақ айқай салды. «Әжелеп», «мамалап» Бақыт шыңғырды. Үшеуі қосылып үйді басына көтерді.
Далаға шығып кетті ме екен деп Сарымсақ баста дәмеленген секілденсе де, ұзап кеткен соң қауіп үдей бастады. Апырым-ау, қайда кетпек, ашу-аразы болған емес. Ашуланбақ түгіл, бүгінгі түн - Злиханың өмірінде жайдары болған түнінің бірі: іңірден отырып Ұлпаның көйлегін жамады, Бақытқа құрастырып көйлек тікті, Сарымсақтың ескі тонын бүргіштеп, киюге жарайтын етіп берді... Жататын кез болған кезде Бақытты шомылдырып бабына келтіріп белеп, қайта-қайта сүйді. Ұлпаны төсегіне жатқызып, оны да мандайынан иіскеді. Төсекке жатқан соң, Злиханың жайдарылығынан дәмеленіп, Сарымсақ жақынырақ жатып еді, «әрі, ойбай, шаршап жатырмын» деп жиырылмай, қайта өзі де жақындай түсіп, құшаққа құшақ айқасып жатты. Осыны істеген Злихада жаман ой бар деп кім ойлар? Ендеше, Злиха қайда?
Қанша ойланса да, бұл жұмбақты шеше алатын емес. Далаға шығып іздейін десе «әкелеп» жабысып, Ұлпа жылап жібермейді.
Шам жақты, үй жарық болған соң, сезік мүлде ұлғайды. Злиханың күпісі, бөкебайы жоқ, жалма-жан жастықтың астын қарап еді, киіп жүрген шапаны да жоқ!.. Бір сұмдықтың болғанын жүрек сезді. Бірақ қандай екенін айырып білерлік шама жоқ. Шырылдап жылап жатқан Бақытты бесіктен шешіп алып, бауырына басты. Шашы үрпиіп үрейі ұшып Ұлпа әкесінің тізесіне жабысты. Шамға төніп отырған күйі, сақалына суы сорғалап Сарымсақ жылады, үшеуі де ә дегенше кәріптік күйге түсті де қалды.
Таң атып, үйге сәуле кіре бастады. Бақытты Ұлпаға беріп, әженді шақырып келейін деп, Сарымсақ іздеуге шықпақшы болды. Әжесін шақырып келем дегенге Ұлпа қуанып, Бақытты ойнатуға кірісті.
Сарымсақ шыққан күйі інісінің үйіне жүгірді. Келіні таңнан тұрып пешінің моржасын ашып жүр екен. Тымырсық аязды қыстың таңы жылы үйден шыққан адамның бетін жалап, қарытып барады.
- Келін шырағым, біздің қатынды көрдің бе?
- Жоқ, ойбай!
- Ендеше, қатын жоқ!..
Келіні шоқаң етіп сәлем етіп болып, аузын сылп еткізді:
- Бәтір-ай, сұмдық болмаса игі еді, кеше кешке Тасбақамен аузы жабысып сөйлесуі жаман еді! - деді.
Сарымсақ одан жаман үрейленіп, аяғы-аяғына жұқпай бүкіл ауылды кезіп шықты. Көрген, білген жан болмады, әбден талған соң ат арқасына мінген жігіт еді, бір хабарын осы таппас па екен дегендей жүгіріп Сарының үйіне барды. Сары төсегінде жатыр екен, басын көтермей, жатқан күйі ыңырсып, кейіді.
- Маған не қыл дейсің, мен сендердің қатындарыңа бақташы болам ба?!. Желіккен әйел тұрушы ма еді, қазір «слабоданың» заманы, өз қатыным кетем десе де ұстап тұрар жайым жоқ, - деді.
Талып барған Сарымсаққа Сарының сөзі өңменінен атып жібергендей болды. Сақалына жабысқан көздің жасы сауыс болып қатып, ілгері басқан аяғы кейін кетіп, салбырап үйіне келді. Кішкене күпісін киіп, жарбиып лапастың алдында Ұлпа әкесін күтіп тұр еді, әкесіне жаутандап қарады:
- Әке, әжем келе ме?
Сарымсақтың көзінен бүршіктенген жас ыршып шығып, бетін жуып жүре берді.
Қатын-қалаштар жиналып калған екен, есіктен кіріп барған жағдайда, «мамалап» жылап қолға тұрмай безек қаққан Бакытты көрді.
Кәріп болған балаларды кемпірлер мүсіркеп:
- Мүсәпірлер-ай, қайтсін! Әженің жолы басқа ғой! - деп олар да көздеріне жас алды.
IV
Қысқа тоны қаудырап, суыққа тоңып жаурап, жақ жүні үрпиіп, ашаң жүзді келген әйел сиырдың қорасын тазалап жүр. Жұмысқа мойындамағандығы, жұмысты көңілденіп істемегендігі ісінен де көрініп түр. Бірден бітіріп тастайтын жұмысты күн оздырайын деген кісідей, үнемдеп істеп жүр. Кішкене жүргеннен кейін күрегіне сүйеніп демін алады. Әлденелерді есіне түсіреді. Өткендегі мен қазіргі күнді салыстыра бастаса, өзінен-өзі мүжіліп, ыстық жас көзден тимей-тимей кетеді.
Бұл Злиха еді, Сарымсақтың Злихасы! Сарымсақ сасып, Ұлпа мен Бақыт жылап үйді басына көтерген түні, Злиха Сарымсақтың жылы қойнынан шығып, көрмеген, білмеген біреудің соңынан ерген. Неге ерді, не мұңы бар, жылатып тастап кеткендей Сарымсақтың не жазығы бар? Бұл Злиханың әлі күнгі шешпеген жұмбағы. Бастап, «алтын босағасын» аттап шыққан түні де, бұл жұмбақ шешілмеген еді. Су түбіне кетіп бара ма, әлде адам көрмеген бір бақытқа кездесе ме, бұл - Злихаға караңғы еді... Ендеше, үйін, байын, ішінен шыққан баласын тастап, елеске еріп несі бар еді?..
Күрекке таянып тұрды дегенше Злиханы айналдыратын осы ойлар. Бұл ойды Злиха тәугі үйінен шыққан түні-ақ ойлаған. Сұмдықтың басы Қоржынтайдан ғой. Қоржынтай Злихаға бөле есепті жігіт. Басқадан гөрі, Қоржынтай Злиханы жақын тартып жүрген соң, кез келгенде ашық шыраймен әзілдесіп, Злиха да оны алыс көре коймайтын еді. Злиха келіншек болып түскелі Қоржынтай нелерді айтпады. Сарымсақты жамандап, Злиханың көңілін содан суытуға жан салды. Елдегі бозбалаларды, бозбалалардың ішіндегі Әбдінің баласы секілді мырзаларды мақтап, араға жеңге болғысы да келді. «Жас күнде бозбалашылық істеуден көңілді нәрсе жоқ», - деп қызықтырып та көрді. Бірақ Злиха оның біріне де еліккен емес. Қоржынтай кейде ашуланып, жұрттың қатындарының бәрінің де тамыры бар, осы саған біткен қай әурешілік дегенде, бір күндікке қызыға алмаймын деп Злиха қысқа ғана жауап беруші еді.
Бозбалашылыққа көндіре алмаған соң, Қоржынтай соңғы бір-екі жылдан бері, өмірлік жолдас болатындарды айтып айналдыра бастаған. Соның ішіндегі Злихаға көп айтқаны Кәрібай. Кәрібайды жұрт ағасы, асқан бай, қатыны елген бойдақ деп суреттеген. «Саған сыртыңнан ғашық болып жүр» деген сөздерге шейін айтқан. Бір күні Сарымсақ үйде жоқта Коржынтай түнде келіп оятып, Кәрібай тыста күтіп тұр деп айтқан болатын. «Мен ешкімге қолжаулық бола алмаймын», - деп Злиха үйінен қуып шығып еді. Кәрібайдың даңқына да, байлығынада қызыққандық пішін Злихада болған емес. Әйтсе де неге екенін өзі де білмейді, соңғы кезде бір белгісіз күш итермелеп осыған көн деген сияқты болды. Қашанда болса, Сарымсақтан айрылып, бөтен біреуге қатын болып тию міндет секілденді.
Злиха бір табанға шейін болады, болмайды деп уәде берместен келсе де, нақ қашатын күні кешке Қоржынтай келіп, өлердегі сөзін айтып, уәдесін сұраған, нақ сол жерде неғып жеңілгенін өзі де білмейді. «Жарайды!» деген сөз Злиханың аузынан еріксіз шығып кеткен. «Ауыздан шыққан түкірік, қайтып жұтсаң мәкүрік» деп кемпірлер күнде шариғат соғады. Айтарын айтып қойған, бұрысын-терісін тексерместен, Злиха қашудың жабдығына кірісіп еді. Алғашқы кезде балалары аяныш көрінді. Балаларын қиып тастап кету мүмкін емес секілденді. Бұрынғыға қарағанда аналық махаббаты жүз есе есіп, екі баласының тілегі үшін жанын қиып берерлік күйге жетті. Баланы ойлағанда көзінен моншақтаған жаспен бірге жүрегінен қара қан саулап ағып, ішін елжіретіп кеткендей болды. Байы Сарымсақ елдегі момын екеу болса бірі, біреу болса тап өзі. Жастан қосылғалы араларында көңіл қаларлық реніш болған емес. Злиха не айтса, Сарымсақ соған құл. Сөйткен Сарымсақтың жазығы не?
Міне, осының бәрі тайталасып, қараңғы түнде Злиханың басын қатырып жатқанда, есік алдында тықыр білінгендей болады. Ақырын есік ашылып, әлдекім сипалап, жердегі шөпті сыбдырлатып, жанына келіп төнеді. Бұл Қоржынтай, ақырын сыбырлап қана:
- Қане, жүр, - дейді..
Злиха онда Сарымсақтың жылы құшағында жатқан. Жастан қосылған ері, нақ сол минутта адамның сырттаны, ешкім қиып кетпестік секілді еді. Злиханың қиып кетпегісі де келді. Бір кезде бесікте пысылдап ұйықтап жатқан Бақытын көреді.
Жалма-жан басын көтеріп алып, бетін ашып еді, шырт ұйқыда жатқан нәресте, әжесінің мамасы бетіне тиген соң, ұйқысын бұзып оянып, бесікте таңулы жатқан күйі керіліп есінеді. Мамасынан бірер сорды да, қайтадан ұйықтап кетті.
«Қане, жүр» деп Қоржынтай қысып барады. Қоржынтайдың сыбырын есіткен сайын Злиханың денесі тітіркеніп сала береді. «Менде нең бар, мен байымды, балаларымды тастап әзәзілдің жолына түсе алмаймын!» деп, үйінен қуып шыққысы да келеді. Бірақ, басты тұмандаған қара күш ерікті билеп, ырық бермейді, сүйретіліп орнынан тұрып, не қыларға білмей дағдарғанда, Қоржынтайдың бұрын бір айтқаны есіне түседі, «балаларды бірден ала кетуге болмайды, сотқа арыз бергін, алады да береді. Кәрібайдың баласы жоқ, сенің балаларыңның оған жаттығы болмайды», - деп еді Қоржынтай. Злиха талған көңілге осыны сеп қылғандай, осыны ойлап өзін-өзі айналдырғандай болып ақтық рет балаларын сүйіп, «алтын босағасын» аттап, жөн тартып еді...
Міне, сөйткен Злиха, енді Кәрібайдың тоқалы болып, Ажар бәйбішеге күң атанып, малайдың жұмысын істеп жүр. Келгеніне төртінші ай, содан бері бір жылы сөз естіген емес. Бәйбішенің сөгуі, бәйбішенің берген азары аздай-ақ екі күннің бірінде Кәрібай да ұратынды шығарды. Өмірінде естімеген сөзін естігенде сай-сүйегі босап, іші өртеніп күйіп кете жаздайды. Өткен күн кезден бір-бір ұшып, күрсінгенде жүрегі қақ айрылғандай болады...
V
- Әже-ай! - деп, Злиха ауыр күрсініп, ыңыранады. Ажары сұрғылттанып, жақ сүйегі сорайып шығып, кезі аларып кеткен. Екі иінінен демін алып отыра алмайды. Әлсін-әлсін жөтеліп, мазасы кетіп отыр.
- Әже-ай, келер ме екен?- дейді.
- Қайдан білейін, шырағым, пәті жуас адам еді, сенің бір қатанды кешем десе келер, келсін деп қайта-қайта тапсырдық қой, - деп кәрі кемпір Злиханың көрпесін қымтап жапты.
- Ұлпа ше, Бақыт ше? Оларды да әкеле ме екен?
- Балаларын қайдан әкелсін, күн әлі суық қой, жас балаларды алып жүру оңай ма?
- Қалқам Ұлпа, құлыным Бақыт, - деп қамыққандай болды. Қамықты, бірақ көзінен жас шықпады, жүрегі елжіреп, ішін өртеп кетті.
- Қарағым Ұлпа, қарашығым Бақыт, не күйде екенсіңдер? Азғын жолға түскен, әзәзілдің тіліне ерген әжелеріңе лағнат оқып отырсындар ма?! Күтесіндер ғой... Күтсендер де, бір жағынан ренжіп лағнат та оқитын шығарсыңдар. Лағнат оқитын жөндерің бар, мен айыпты! Сендерге қарайтын, сендерді алдыма алып, еркелетіп сүйетін менде бет жоқ. Мен сендерді ескермедім, сендерді жылатып тастап, өзіме бақыт іздемекші болдым. Сарымсақтың жаман үйінен, жетпейтін кемтар дүниесінен аттап өтіп, ұжмақтың есігін ашпақшы болдым. «Пәлен жерден пәленшенің қатыны қашты» дегенді естігенде, менің ойымша, солар адам көрмеген бір қызықты тұрмысқа кіріп жатқан секілді болушы еді, ақырында сол ынтықты көріп, көңілді бастым... Мен, сендердің бұрынғы жайрандап жүретін әжелерің емеспін, жүрегі жаралы, беті қаралы, қайғы бұлтын үстіне төндірген сорлы болған жанмын... Кәрібайдың үйінен қашып шыққан күні, шананың үстінде келе жатып түс кердім...Аппақ киім киіп өзеннен үйге қарай келе жатыр екем, менің қарам көрінісімен-ақ, Бақытты жетелеп Ұлпа алдымнан қарсы жүгірді. «Әжелеп» айқайды салғанда жүрегім елжіреп қоя берді...Ұлпаны мандайынан сүйіп, Бақытжанды алдыма алып, енді емізе берем дегенде, еңгезердей бір қара кісі арт жағымнан келіп желкеме түйіп келіп жіберді, «лағнат, арам қолыңмен жас нәрестені, күнәсіз періштені не бетіңмен ұстап отырсың!» - деді... Алдым терең жар екен деймін, омақата құладым. Әлдеқайдан Бақыт пен Ұлпаның «әжелеп» жылаған даусы шыңылдап кұлағымды жарып барады. Жардан зымырап бара жатқанда, тұла бойым түршігіп шошып оянып кеттім. Күн ызғырық еді. Жұқа киімнен суық өтіп, денем сіресіп қалған екен. Сол жерде-ақ осы аурудың жабысқанын сездім.
Басынан кешкен оқиғаларды бұлбұлдай сайрап Злиха айтып отыр. Кемпір шешесі егіліп жылап отыр. Злиха тағы да көрген-білгенін айтып түгендемекші еді, болмады - жөтел килігіп мазасын алды. Жөтеле-жөтеле әлсіреп жастыққа қисайып басын салды. Өңі көгілдірленіп, көзі бұлдырап, үй іші айналып бара жатқан секілденді. Бақыт па, Ұлпа ма, әлде Сарымсақ па, болмаса күн-түні ұйқы көрмеген, бағып отырған өзінің әжесі ме - әйтеуір біреудің «қалқам!» деп жылаған даусын естігендей болды.
Талықсып кетті. Әлдене уақытта:
- Злихажан, басыңды көтересің бе, келді ғой, - деген дауыс құлағына тиді. Бұл әжесінің даусы еді. Көзін ашып алса, бетіне бетін тигізіп, біреу жылап отыр. Апыр-ау, бұл кім? Абайлап қараса Сарымсақ! Злиха не болғанын білмеді.
- Қалқам, келдің бе? - деді.
- Келдім, келдім! - деді Сарымсақ.
- Мені кешесің бе? Мені бұрынғы Злихам деп танисың ба?
- Кештім, калқам, кештім!
- Ендеше атыңды жек, маған Ұлпаны, Бакытты көрсет! Олар да кешсін! «Әжелеп» бауырыма кіріп, Бақытжан мамасын сорсын. Ақтық рет, жанымның шығарында Бақытжан мамамды емсе, ұлпа бауырыма жатса, күнәмді кешіп сен бетіме бетіңді тигізсең, одан артық менің тілегім жоқ, ендігі бар арманым осы ғана! -деді...
VI

Екінді әлетінде, сары белден төмен құлап, бір шаналы келеді. Марттың іші. Даланың қары еріп, қыраң жерлер аламыштанып, көз ойнақ қара жерге айналған. Ылди жақ қалың ауыл. Ауыл үсті қара шоғырланып көрінеді. Кешкі түтіндері мұнартып бұлттай көшіп аспанға созылып жатыр.
- Жеттін бе? - деді Злиха.
Даусы естілер-естілмес болып шықты. Сарымсақ атын айдай түсіп:
- Қазір жетеміз, ауылдың төбесі көрінді, - деді.
- Көріне ме?
-Әне, көрініп тұр.
- Ендеше, тоқташы!
- Неге?
- Ауылды көрейін. Сағындым!.. Ауылдың аңғарын, ауылдың ұшқан түтінін сағындым! Жеткенше дәтім шыдар емес...Шыдай алмай барам...
Сарымсақ атын тоқтатып, қымтауын ашып, зорға дегенде Злиханың басын көтерді. Злиха ауылын көрді... Жүрегі елжіреп кетті. Көзіне әлденелер елестеді. Бақытты арқалап, Ұлпа жүгіріп келе жатқан сияқты болды.
- Қалқам Ұлпа, құлыным Бақыт! - деді. - Көрдім, көңілім тынды. Енді тез жеткіз. Әне, көрдің бе, Ұлпа мен Бақыт мені күтіп тұр... Күтіп тұрған жоқ, қарсы жүгіріп келе жатыр... әне,әне... қалқам!
Жуасиын деген соң, шаршап кетті ме деп, Сарымсақ орнына жатқызды. Қайтадан кымтап жауып, атын айдай бастады. Злихадан бетер үйіне жетуге өзі асықты. Төрт айдан бері күні-түні жылаумен келе жатқан жетімдерді қуантқанша, Сарымсақтың жаны сабыр таппай келеді.

* * *
Ауылдың қотанына кіре бергенде-ақ, Бақытты арқасына жарбитып, екі көзі жол бойында телміріп тұрған Ұлпаны көрді.Сарымсақ атын үсті-үстіне айдап, албарға таяна бергенде Ұлпаға көзі түсті.
- Қалқам Ұлпа, әженді әкелдім.
«Әжелеп» Ұлпа жүгірді. Тірідей жетім болған байғұстар әжесінің жылы құшағына кіріп, мамасын иіскемекші еді, «қалқам» деген жылы сөзін есітпекші еді!..
Бірақ, болмады, ынтығып күткен балаларын Злиха бауырына қыса алмады... Шанадағы Злиханың күр денесі ғана еді, жаны үзіліп кетіп еді...