Литературный портал / Блоги.Казах.ру — блоги Казахстана, РК
rus / eng / kaz


СМИ могут копировать в свой блог ленту новостей или статей. Дополнительное внимание и комментарии обеспечены. Если у вас уже есть блог в другом месте — можно автоматически транслировать записи из него в нашу блог-платформу Можно ставить записям будущее время. Запись будет в черновиках и в указанную минуту автоматически опубликуется. Статья Корпоративные блоги: Как вести? содержит практические советы и примеры
Любой блог можно сделать коллективным. Для этого надо определенным (или всем) пользователям дать права на запись в него.












Литературный портал



Блог литературного портала КазНета Lit.kz

Блог lit Автор блога
Лента друзей
Войти Регистрация


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

Сағынышым, өр көңілім
Жүрегімді қинап жүр,
Саған деген еркелігім
Тал бойыма сыймай жүр.
Сағынғанда жаза алмай жыр
Алыстайды жақсы күн.
Сенсіз кедей адамдай бір
Қуанышқа тапшымын.


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

Сағыныштан сарғыш тартып жүзі де,
Дәті жетпей мүлде күдер үзуге,
Естен тана жаздағанда жарынан
Бір хат келді қырық төрттің күзіңде.
Ұмыт болды бар қайғысы, өз басы
Тірі екен-ау сүйіктісі, жолдасы,
Хатты оқымай кеудесіне басты да,
Жылай берді тыйылмастан көз жасы.
Жылады ұзақ еш адамға жұбанбай,
Жылады ұзақ дауысын да шығармай,
Кешке қарай талықсыды келіншек
Сол орнынан қайрат тауып тұра алмай.
Жатты талып бас көтеріп отырмай,
Жанарының өшірді енді отын жәй,
Көзін жұмды қысылды да жүрегі,
Үшбұрыш хат қалды солай оқылмай.
Білмейді енді ол, кім жеңіліп, жеңгенін,
Білмейді енді ол тағы да хат келгенін,
Өз көзінің тірісінде, әйтеуір,
Естіген жоқ сүйгенінің өлгенін.
Келіншекті бар халінше ел көмді,
Қу қарағай белгі болып жерленді.
Аянышты бұл өлімге ай толмай,
Жігітген де қара қағаз келген-ді.
Сол қыршын жас елге оралып келмеді,
Сәбиінің ержеткенін көрмеді.
Өз көзінің тірісінде әйтеуір
Алған жарын қара жерге көмбеді.
Бұл соғыста ұмыт болды қаншама ән,
Өшті осылай қаншама арман аңсаған.
Бір-бірінің тірі-өлісін отыз жыл
Өтсе-дағы біле алмай жүр қанша адам.
Мола қанша жапқан мәңгі гүл бетін,
Сақтап әр үй жас солдаттың суретін,
Отыз жылда әкесін бір көрмеген
Жер бетінде әлі қанша жүр жетім.
Не шара бар жүйрік уақыт тапса емін,
Жұбанышы болса әйелдің ақ сенім,
Әр бір үйде отыр бүгін әже боп
Жиырмасында жесір қалған жас келін.
Демесе де жоқтың орны толысты,
Көндікті олар, «шүкір - дейтін - болысты».
Бірақ әлі кешірген жоқ өткенді,
Ұмытқан жоқ қарғыс атқыр соғысты...


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

О, Ақжайық, анам сынды ардақтым,
Демалыста тағы саған бармақпын.
Неткен мұнша қастерлісің мен үшін,
Бір өзіңе бірнеше жыр арнаттың.
Сағынғанда түсіме ендің күнде сен.
О, Ақжайық, анам сынды ардақтым,
Демалыста тағы саған бармақпын.
Неткен мұнша қастерлісің мен үшін,
Бір өзіңе бірнеше жыр арнаттың.
Сағынғанда түсіме ендің күнде сен.
Бала күнгі сенде терген гүл де өсем.
Мен өмірдің түсінбес ем маңызын
Егер сені сағынуды білмесем.
Қай кезде де мен өзіңе баламын,
Сағыныштың саған айтқам бар әнін.
Шайпау жеңге мінезін де көтердім,
Көңілі үшін сенде туған ағаның.
Өр толқының бесігімді шайқаған,
Тағы мені әлдилейді қайтадан.
Мен алдымен өзіңе қыз бола алсам,
Бар қазақтың қызымын деп айта алам.


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

Сағындым сені
Сағыныш сырын,
Мейірім жырын
Жаныма құйдың күрсінсең.
Көктемнің гүлін
Ұсынып бүгін
Түсіме еніп жүрсің сен.
Ақ жарқын тілек,
Бір маған тілеп
Тұрдың сол бала кезімдей.
Қиналып жүрек,
Науқастан жүдеп
Шықтың ба екен көз ілмей?
Кездесу арман,
Көз алмай жолдан
Кешкірмей күткен күндерің.
Сарғайтып барған,
Түспейтін қолдан
Хатымды сүйіп жүр ме едің?
Үмітпен жақсы,
Емін сен тапшы,
Кездерді кешір жүдеткен.
Көзіңнен ащы
Бір тамшы жасты
Көрсетпе маған дір еткен.
Қалғам жоқ жасып,
Көңілім тасып
Сый алып барам ән-жырдан.
Сүріне басып,
Кеудеңді ашып
Сен шығып тұршы алдымнан.


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

Ақбоз үй Ақбақайдың жағасында,
Жастардың Мұхит отыр арасында.
Құрбыға қатар өскен ән арнайды
Ұқсатып ақсұңқардың баласына.
Көрші етіп ақсұңқардың балапанын,
Әнмен ол қарсылайды дала таңын,
Көршісін қалағанға бере алмайды
Осса да қайыс белбеу алақанын.
Сезгенмен жүрек ысып, мұздағанын,
Білмейді меншіктерін, қызғанарын.
Серті жоқ, тек әйтеуір намыс қысқан
Алдында мәрт болуға қыз баланың.
Осылай өткізгенде түніңді ойнап,
Ешкімге ішкі сыры білінбей қап,
Қазақтың қыздарының ұяңдығы
Тастаған Мұхиттың да тілін байлап,
«Жастарға болған қазақ салты қатал»
Деп кейде кінәлайды кей күнәһар.
Сезім мен әнге кедей болмаған ол,
Ойнаған ақсүйек пен алтыбақан.
Сұлуға жүрегі ынтық жас-кәрінің,
Ән салса ұмытылған бастағы мұң.
Қуанған сүйген жарды бір көргенге,
Жұбанған сылдырына шашбауының.
Кербездің елжіреткен пәк жүрегін,
Әндегі теңеу неткен сәтті керім.
Алыс бір армандайын айтады екен
Көрінген жең ұшынан ақ білегін.
Ішкен су сүйген қолдан бал татыған,
Нәр алған берсе жалғыз малтасынан.
Аяғын баса алмаған, естен танған
Ынтық жан жанап өтсе сәл қасынан.
Шын ғашық ес-түс қалмай құмарланған,
Мәңгіге серт беріскен, жыр арнаған.
«Қалқаның судан қайтқан ізін көрсе»,
Атына жігіт қайта міне алмаған.
Көңілі алай-дүлей, астан-кестең,
Кеудеде қаз қиқулап, аспан көшкен,
Мұит та солай сүйген дала қызын,
Мұит та сондай халді бастан кешкен.
Сауықтап жүрді үйіне кеш келіп те,
Уақыттың тез өтерін ескеріп пе.
Жар сүйді, әке атанды, кейін ол күн
Айналды ел айтатын естелікке.
Ол, сірә,жасамады қолдан бақыт,
Өлмейтін ән шығарып ойдан қатып.
Өмірде қарсы болды қыз сатқанға
Бағасын махаббаттың арзандатып.
Сезімді әнге қосып мұнданатын,
Толқитын, сәнденетін, ырғалатын.
Тек қана махаббаттың жолы мәңгі
Ұрпаққа мұра болып жыр қалатын.
Уақыт та Мұхит айтқан әндеріндей,
Зуылдап жатыр өтіп мән берілмей.
Ал жастық, адал сезім адамзаттың
Екі рет қайталанбас дәуреніндей.


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

Кім өткен, кімдер кеткен кімдер қалған...
Құм дала - білмегенге, білгенге - арман.
Аққулар мекендеген Саралжынды
Ғажайып жағасында гүлдер болған.
Мұхиттың болған талай жолдастары,
Қосылып бірге ән айтқан құрдастары.
Ән қалған, адамдар жоқ осы күнде
Өмір заңы - мәңгіге түрмас бәрі.
Айтады Мұхит әнін жаңа адамдар,
Еңбекпен елге есімі тарағандар.
Келесі ғасырға да жалғар оны
Тараған сол бабадан балалар бар.
Сол жерде баяғыша салынады ән,
Қашан да көңілдерге ән ұнаған,
Қашан да ән тербеткен кең даланы
Ән айтса адам жүзі жадыраған.
Кәрілер тыңдар басын шайқап алып,
Жас жігіт Мұхит әнін айтады анық.
Бабалар кешкен сонау алау жастық
Келеді ұрпақ сайын қайталанып.
Сұлулық - табындырған арман әлем ,
Жазылған табиғатқа заң ба дер ем.
Қазір де Саралжынға аққу қонып,
Жүргені ақын жігіт арнап өлең.
Көргенде бүгін мұны дейді құмдақ,
Ақындар жүр аққу мен гүлді жырлап,
Үңіліп қарағанға айналаға
Ғасырдың дамуының өзі жұмбақ.
Бұл жерге Жұмыр, Қылыш аты аунаған,
Бұл жерде бірнеше көл қатар болған.
Жақсыбай, Саралжын мен Ақбақай көл
Шөптікөл деген содан атау қалған.
Су кеткен, құмдар қалған жағадағы
Іздеген мұнда гүл де табады әлі,
О баста атамекен болғандықтан
Аққулар аз да болса оралады.
Көл көркін көрмеуге адам төзер ме еді,
Жолшының шөлден ерні кезермеді.
Сал Мұхит жағасына ат шалдырған
Өлеңті, Қалдығайты өзендері.
Сонау бір терең өткел - көлдің орны,
Сонау бір көне мола - елдің орны.
Ән салып бара жатқан әнші Мұхит
Өз көзімен осы бір жерді көрді.
Мекені осы дала ғұмырлының.
ертең дастан болады бүгінгі күн.
Кім мұнда шырқамайды Мұхит әнін
Білмейді мұнда туған Сырымды кім.
Көл бейне көк сағымың көлендеген,
Ойлыға жұмбақ күйі терең дер ем.
Аты да, адамдардың ғасыры да
Сақталар байланысты өнерменен.


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

Көп адам айтқан да жоқ оған өкпе,
Мұндайда сөз де шығын қарабетке.
Итеріп балалы әйел, қарт ананы,
Жас жігіт көтерілді самолетке.
Басқалар дегендей-ақ көрді «ерлігін»,
Байқатып өз күшіне сенгендігін,
Керіліп орындыққа, жата кетті
Жеріне жететіндей елден бұрын.
Түрі жоқ тілдесетін ол басқамен,
Қыз үні жалт қаратты:
- Жолдас, - деген,
- Болмай тұр денсаулығым, терезеге
Бір орын жылжысаңыз болмас па екен?
Жас жігіт қыз бойына қарап көрді,
Айнала бос орынды санап берді.
- Билетте көрсетілген өз орнымда
Отырмын, тұрмаймын, - деп жауап берді.
Шалқайды соны айтты да ерегісіп,
(Адамдар көргенсіздеу неге пасық?)
Қанатты лайнерлер ғасырында
Аспанмен қанатсыз да келеді ұшып.


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

Сабыр, Жайық,
сөл кідір,
сабаңа түс.
Көрсеткенің жөн болмас далаңа күш
Қамыстардан балапан өргізетін
Қапылыста ұясыз қала ма құс?
Сабыр, Жайық,
өшікпе қайраң құмға,
Ел ертеңін Ана боп ойландың ба?
Өзі кедей, жаны бай диқаныңның
Қуанышын үрейге айналдырма.
Сабыр, Жайық,
басыңнан не кешпедің,
Жараспайды өзіңе өрескел үн.
Өмір сыйлап тірлікке нәр беруді
Тағдырдан таңдап алған емес пе едің


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

Осал да болма ойыңнан оңай адасқан,
Өжет те болма орынсыз сөзге таласқан.
Алдымен қызға керегі пәктік, адалдық,
Одан соң, жаным, жаз мінез керек жарасқан.
Айтарым тағы берік бол сертке бір сөйле,
Сабырлы таудың мінезі керек күлсең де.
Қыз мінез деген - сұлулық сыры өмірдің,
Жұмбақтай қиын жатқандай болсын бір сенде.
Десек те біздер «жастықтың сырын аз ұқтық»,
Өмірдің жолы болмайды тегіс жазықтық.
Ісіңнен кейін есіңе сақта, жарқыным,
Жеңілмес мықты қаруың сенің - нәзіктік.
Қайғының жүгі жаныштап сені жатса да,
Досыңды «тағдыр талқысы сол» деп тастама.
Дұшпаның саған ойласа алуан қастандық,
Қалай да өзің жақсылық ойла басқаға.
Қадірлер сонда қалтқысыз танып асыл ер,
Өзгелер сені «адамның бірі - осы» дер.
Арыңа тиіп, жолыңды кескен тентектер
Алдыңа келіп өздері кейін бас иер.


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

Тақырыбым «ұсақтау» - бала жайлы,
Әлдилеп ақ сүт берге ана жайлы.
Пәк сезімді жырлау да ескіріпті,
Қазір сөздің ірісін бағалайды.
«Көші-дедік-өмірді пасықтардың,
Махаббат - сандырағы ғашықтардың».
Жоғалды деп арудан нөзік қылық,
Жігіттердің сөз еттік жасықтарын.
Ал мен болсам ризамын ғұмырыма,
Гүл тағамын қызымның бұрымына.
Қарапайым жердегі ана тапқан
Ғашық болдым қазақтың бір ұлына.
Сүйдім қырдың гүлін де, жусанын да,
Жудым сәби жөргегін, қуыршағын да.
Ана болдым көдімгі, мейірленіп
Тыпырлатқан тірлікті құрсағымда.
Отыратын жан-жарын тосып үйде,
Мазалайтын тірліктің көші кейде,
Мен әйтеуір халқымның бір қызымын,
Мына өмірді сүйетін осы күйде.
Қастерлеймін адал, пәк сезімді мен,
Ой кешемін, таң алды көзімді ілем.
Ірі сөзбен сөйлейтін кей пенденің
Ұсақ өмір кешетін кезін білем.


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

Сыйлады досым раушан гүлін құлпырған,
Әр жапырақта сұлулық, жұпар сыр тұнған.
Жанымды менің қуантпай тұр-ау сабағы,
Аяусыз қолмен, өткір пышақпен қырқылған.
Амал не, солып қалары анық бір күнде,
(Керек пе тәйір, тілегін тілеу гүлдің де).
Өзім де осы раушан гүлдей жас дәурен
Зу етіп бастан өтіп кетерін білдім бе?..
Келеді көктем, гүл қайта шешек жарады,
Жасартып тағы құлазып жатқан даланы.
Солғанша өзі қуаныш сыйлап өтеді
Негізгі тамыр туған жерінде қалады.
Жазылған гүлге қайтадан түлеу, жаңарып,
Сан көңілдерге қуаныш-нұрдай таралып,
Гүл екеш гүл де ұзартады екен ғұмырын
Тамыры жатса туған жерінен нәр алып.


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

Рас, аға, қазақтың ақын бәрі,
Ақын тойға әр аймақ шақырғаны.
Еркін елдің тірілді неше дүркін
Ұмыт қалған әулие, батырлары.
Жиналып ап шырқадық далаға ән,
Киіз үйде оюын жаңалаған.
Молаларды сәндедік о заманғы,
Жас жігітте пәтер жоқ паналаған.
Дұрыстық пен қатені ұға алмадық,
Көне берді көнтері бүған халық.
Бір жылдайын шуылдап уақыт кешіп,
Жамбылдайын бабаға жыр арнадық.
Екі тоймен қоштастық, екі күзбен,
Бір-біріне көнбеген бетімізбен.
Біріге алмай жамырап әлі жүрміз
Жүз жасқа келетіндей шетімізден.


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

От іші қызыл-жасылдың.
Биші қыз басты бұлғаққа.
Биі де келер ғасырдың
Біздерден бөлек ырғақта.
Кең әлем тарлық еткендей
Қимылы өжет бұлқынған.
Біз болсақ, көңіл көктемдей
Қырларда өстік гүл тұнған.
Қай ару кімге ұнаған,
Қай жігіт кімнің сүйгені?
Ал өмір жолы бұралаң
Қай ғасырда да күрделі.
Денені еркін қозғайтын
Шетінен бәрі өжет тым.
Әдептен қыздар озбайтын
Вальске біздің не жетсін!
Біз үшін меже жақсы үміт,
Жас дәурен кештік әдемі.
Би залы. Албырт жас жігіт
Тербейтін вальс әуені.
Әр ғасыр деген сан арман,
Ұқсастық бәлкім қалмас та.
Әуен де, би де жаңарған
Біз үшін жүрер жол басқа.
Бабаның даңқын мақтаумен
Әкеге өссе жалғас ұл,
Аспаны бейбіт ақ таңмен
Ұқсасын бізге сол ғасыр.


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

Гүліне елеңдеп даланың,
Бойымды әсем ән билеген.
Бір кезде мен аңқау баламын,
Өкшелі туфли кимеген.
Маған жат сауық кеш, би деген,
Серуенге көңіл де бөлмеп ем.
Шашымды реттеп түймегем,
Бұрымды сәнімен өрмеп ем.
Тек қана құмармын ойынға,
Жоқ менде ойлану, жабығу.
Кіріп те шықпайтын ойыма
Апамнан басқаны сағыну.
Он сегіз жас неткен тамаша!
Бір жұмбақ сезімтал күйге ендім.
Ұрланып өзгеден оңаша
Айнаға қарауды үйрендім.
Жүрегім кеудемде тулайды.
Кейде өз-өзімнен қуандым.
Айнала дүние жырлайды,
Махаббат әніне құмармын,
Жүрегім кеудеме сыймайды,
Балалық мінезді ұмыттым.
Жанымды себепсіз қинайды
Жанары бейтаныс жігіттің.
Жігіттер бас иер дедім бе,
Кішіріп алдында басқаның.
Қыздардың қасиеттерін де
Кейіннен түсіне бастадым.


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

Ол рас таласым жоқ,
Өмірге ерте келдің.
Сен жүрдің «баласың» деп,
Мен саған еркеледім.
Айтпай-ақ түсінікті,
Әзілге бой ұрмадым,
Сөзсіз-ақ кішілікті
Мен өзім мойындадым.
Ойыңды білмедім бе,
Шын сыйлап «аға» дедім.
Сен бірақ күннен-күнге
Өзгеріп сала бердің.
Жүзіме таныс көптен,
Шығардың көп қарауды
Жаныңнан алыс кетсем,
Жабығып жоқтағанды.
Жасырмай бар сырымды,
Алдыңда кішіргенмен,
Қиналған жан сырыңды
Көзіңнен түсінгем мен.
Орынсыз қызғанғаның.
Уақыттың өтері бар.
Ертерек қыз баланың
Есейіп кетері бар...