Литературный портал / Блоги.Казах.ру — блоги Казахстана, РК
rus / eng / kaz


Если у вас уже есть блог в другом месте — можно автоматически транслировать записи из него в нашу блог-платформу Можно ставить записям будущее время. Запись будет в черновиках и в указанную минуту автоматически опубликуется. Любой блог можно сделать коллективным. Для этого надо определенным (или всем) пользователям дать права на запись в него. Статья Корпоративные блоги: Как вести? содержит практические советы и примеры
СМИ могут копировать в свой блог ленту новостей или статей. Дополнительное внимание и комментарии обеспечены.












Литературный портал



Блог литературного портала КазНета Lit.kz

Блог lit Автор блога
Лента друзей
Войти Регистрация


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

(Әңгіме)
Нағима шошыған кісідей ұйқысынан оянғанда, қараңғы түнді таң жарығы жеңіп, терезе бозара бастап еді.
Бір нәрсесі ұмыт қалғандай асығыс тұрып беті-қолын жуып, дәрет алды. Түнгі астан аякка салып алып койған орта тостаған суынған бөртпе мен бір аяқ кара көжені әкеп «сахар» ішуге кірісті.
Таң жарығы ұлғайып, үй іші каракөлеңке жарыққа бет түзеді. Нағима «сахарын» ішіп, жиып, кешке шейін ораза екендігіне ниет етіп бетін сипады. Бұл ниеті - патшалардың заң-законынан да катты, өліп бара жатса да тамақ ішуге болмайтын - ант аралас ниет. Өз еркі өзінде, дені сау бола тұрып,адамның өзін-өзі ауыздықтап қатыруы, женсіз ашығуы не үшін,кім үшін, негеділгер?.. екенін Нағимаойына келтірмейді.
Кеше кешке жақын қарны ашып, жүрегі қарайып бара жатқанда осы ой Нағиманың басына келсе де оның себебін тереңіректен іздеуге Нағима көңіліне ерік берген жоқ, ішінен:
- Кұдай бұйрығы, бенденің оны тексерерлік кақы жоқ, -деп ойлап, өзін жұбатқан болды. Бірақ, әлдене нәрсе жүректің қараңғы түкпіріне тығылып, бірдеме айтқысы келіп қыстайтын секілденеді. Нағиманың жүрегін лоблытып, мазасын ала береді.
Таң жарығы ұлғайды. Терезеден түскен сәулемен үй іші тегіс жарык бола бастады.
Нағима ойдан серпіліп, дәретінің барында таза ниетпен таң намазын окып алмақшы болды. Байының қара бөкебейын жайнамаз ғып жайып, білген дүға-сүрелерін оқып, намазға кірісті.
Үй іші құлаққа ұрғандай тынған. Үн-дыбыс жоқ. Табиғат дәл сол минутта кірсіз көңілмен «ғибадатқа» кіріскен Нағиманы қоштап, Нағима үшін бәрі де қол көтеріп, тілек істейтін секілді...
Мына төсекте сақалы ербиіп жатқан қара кісі - өсы Нағиманың ері. Кәсібі ағаш шабу. Күн ұзаққа қара балта, қашауы қолынан түскен емес. Түс әлетінде тары көжеге сығай бір тойып, кекіріп отырғаны. Ораза, намаз дегенің бүл кісіден аулақ. Ғибадатың былай тұрсын, қызулау кезінде құдайды боқтап жіберемін деп, Орман аксақалдың таяғы мұның шекесін жарған болатын. Содан бері Орман қартпен екеуі удай өш...
Жасы елуден асса да байының ғибадат істемегеніне Нағима кейіп те алады. Бірақ, сөгіс естіп қалармын деп қорқып, бұл туралы жұмған аузын ашпайды. Жалғыз-ақ қолынан келетіні - байы үшін де тілек тілеп, соның күнәсін жеңілдетуді сұрау.
Нағима намазды бітіріп, батаға кірісті. Қолын жоғары көтерді. Бәрін де тіледі. Бәрін де сұрады... Кәп тілектің ішінен «дұшпан алдында мерейімді үстем қыл!» деген тілек ұшырады. Бұл тілек аузына іліксе, Нағиманың көзіне Рақила елестейді. Рақила мұның дұшпаны. Дұшпан болғанда қаны қас...
Рақила байдың қатыны. Нағимамен замандас болса да, бұдан өзін жоғары ұстағысы келеді. Ондай-мұндай жиында, той-томалақта Нағимамен бірге отырып, табақтас болуға арланады.Араздық бір басталған соң ұлғая бермек. Екі аразды табыстыратын да, айыратын да арадағы кісі. Нағима мен Рақиланың арасындағы қатындарда туралық жоқ: Рақиланың жазғы қымызына, қысқы етіне сатылады. Рақиланың түйедей мінін жасырып, Нағиманың түймедей мінін айдай әлемғе жайып болады. Нағима мұны ойлағанда өртеніп кете жаздайды: «Құдай-ау,осы ғибадатым барабарына жұмағыңды бермейтін болсаң да, дұшпанымның алдында мәртебемді үстем қыл!» деп талай жалбарынған. Бірақ, тілегі қабыл болған емес.
Бұған қарағанда Рақиланың істеп отырған ізгілігі жоқ деуге болады. Емшек баласын сылтау қып екі жылдан бері ораза да ұстаған жоқ, «сәждеге» басын өміріне тигізіп көрген емес. Оның үстіне, Нағиманың намаз оқып, ораза ұстағанын есітсе: «Әдіра қал, оңбаған күң, жұмаққа бармақ шығар?.. Оған қайдағы жұмақ!» деп кекетеді. Сөйтіп отырса да, оның тілегі қабыл, мерейі әлі үстем, мал мен басы бірдей түгел!
Ой зымырап осы жерге келгенде Нағиманың көтерген қолы үмітсіздікке айналғандай салбырап төмен түседі. Көкіректі ыза кернеп, көздің жасын еріксіз шұбырта бастайды.
- Құдай! - деді, - кұдай! Қанша құлдық қып жалбарынсам да, ішуге тамақ, киюге киім таба алмай отырғаныма қарамай ғибадатынды істесем де, әлі бір тілегімді қабылдап көрген жоқсың. Құлдық қылмасада, байлардың қатынының тілегі қабыл...Әділдігің қайда?!
Үйқыда жатқан байы оянды. Керілді.
- Қатын, уа, қатын! - деді.
- Ә, - деді Нағима.
- Байғұс-ау, қой деп едім, әлі қоймап па едің? Аштан өлейін деп жүріп ораза, намаз сенің не теңің?.. Байларға-ақ берсейші, жұмаққа солар кіріп қарық болсын!
- Бердім, бердім, - деді Нағима. - Аштық, жалаңаштыққа қарамай бір-аз жыл азаптандым. Көрген бейнетімнен басқа дым жоқ. Мен кіретін жұмаққа Рақила да кіретін болса, бәрібір тыныштық көрсетпес. Салатын тамұғына сала берсін!
Таң тегіс атты. Қыраусыз терезеден кекжиегін күмістеп қызарған күннің сәулесі көрінді.
Үстінен ауыр жүкті алып тастағандай бөп, Нағима еркін тыным алып, күндегі үйреншікті жұмысына кірісті. Тезірек ниетін бұзып, шай қойып ішпек болды.


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

(Әңгіме)
Күн түнеріп, тұлданып, шарасына сыймай тұрған тәрізді... Даланың өңі қашып, қурап, семіп бара жатқан сияқты. Тұман ба, буылдыр ма - ел үстін басып, жыбырқайланған қара бұлдыр-бұлдыр көрсетеді, бұлдыраған қалың топ, кең алқаптың о шеті мен бұ шеті иін тіресіп тұр. «Бұл не - мал ма? Адам ба?» Топ жыбыр етті. Үйірден қуылып шыққан саяқ ат құсап бірен-сарандаған қаратоптан жырылып шығып қуылып жатыр. «Апырым-ай, бұл не болды екен?» деп Шермек атын қамшылай түсіп, Кенжебайдың шоқысын бетіне ала келе жатты.
Дүр ете қалды. Сатыр-сұтыр найзағай ойнаған тәрізденді. Топ теңселіп, толқып, үн шығарды: топтың үні әлемді жаңғыртып, аспанда шыңылдап, құлақты жарып бара жатқан сияқтанды. Шермек атының басын тежеп тоқтала түсті. Жүрегі қобалжып, денені қорқу билеп қалтыратты. Аспан төніп төбесінен басып қалатын сияқтанды. Айқайлайын деп еді, үні шықпады... Аты бір нәрседен белең алып, жалт бергенде, Шермектің ебедейсіз тақымы қолбаң етіп, ер-тоқымды құшақтай аттан қалпақтай үшқан секілді болды...
-Ұстадық, ұстадық!..
Ұнамсыз дауысқа Шермек шошынып басын көтеріп алса, әлем жүзін қара түнек басып тұрған сықылды болды. Буыны қалтырап, тынысы бітіп, жан алқымға келіп қалыпты... Темір аяқтанған қатты саусақ оң жақ білегінен қапсыра ұстаған екен, кесіп тастамаса айрылар емес... Ызғарлы ашу, уытты кек маңынтүгел қоршап алғандай...
-Апырмау, кісісіндер, аясандаршы?!.
-Әкеңбіз!.. Танытармыз!.. - деген ашулы дауыстар шаңқ етіп, құлақ тұндырғандай болды...
Әлдеқайда: алыста ма, әлде, мына қыбырлаған қалың топтың аяғының астында ма - ыңырсыған дауыс естілген секілденді. Таныс дауыс! Бұл дауыс - Шермектің құлағына тиісімен бойын тітіркендіріп, жүрегін тіліп жібергендей болды. Абайлап қараса әкесі Сейпен! Қалың топтың аяғының астында қарны теңірейіп, үйілген оба құсап жатыр.
-Шермекжан, мен адамдықтан қалдым ғой! Қарным жарылып қалды, қарнымды тіліп кетті, - дейді әкесі.
Жан ұшырып Шермек әкесіне қарай ұмтыла берем дегенде, маңдайының алдын ала сілтеген қылыш жарқ етті... Шермек сескеніп кетіп, басын кейін қарай тартып қалам дегенде, желкесі бір нәрсеге тарс еткендей болды.
-Ойбай! - деді.

II
... Бұл Шермектің түсі болып шықты. Ойбайлаған өздаусынан өзі шошып оянды. Басы жастықтан асып, кроватьтың теміріне барып соққан екен, шекесі зыңылдап, қызып бара жатқан сияқтанды.
Үй қараңғы. Терезе болар-болмас қана бозарып көрінеді.Өзінің бөлмесінде кроваттың үстінде жатыр. Тұла бойы аққан тер, денесі қирап қалған секілді. Аунап түсіп жатайын деп қозғалып еді, кроваты шақыр-шұқыр етті. Қалтырауы басылған жүрек бұрынғыдан да бетер тітіреп сала береді.
Бірсыпыра уақытқа шейін Шермек аң-таң болып жатыр, бір кезде есін жинады. Көрген түсін ойлады. Болған уақиғаны көз алдынан өткізді: ойлаған сайын ол өрісі тарылып, белгісіз бір қара бұлт бүркеуге дайын тұрған тәрізді... Мұндай қысыламын, дағдарысқа ұшырап, басын тау мен тасқа ұрамын деп Шермек ойына алған емес. Шермек - «Бақыттан бақытты» көкседі. «Бақытты адам жалғыз өзіммін!» деп жүрді...
Бұдан бірер күн бұрын осы кровать, мына екі терезелі сырлы бөлме Шермекке жұмақ сияқтанып көрініп еді. Шермек төсегінде маужырап жатып, өткен өмірді бір шолып еді. Сонда азды-көпті көрген өмірінің ішінде қабақ шытарлық қара күнді кездестірген емес: анасынан шырылдап жерге түскелі үлде мен бұлдеге оранып, төрт жағы құбыла болумен келді. Аталы тұқымның, дәулетті байдың баласы болды. Малдың күшімен орыстың ірі мектептерінде оқып, қынама киім киді, жылтырауық түйме тақты. Өзгеріс болды. Шермектің «бақыты» онда да тайған жоқ, онда да үдей түсті: ұр да жық ұлтшылдардың бірі болып шыға келді. Қайда барса да орны дайын, беті қайтып көрген емес... Кеңес үкіметі орнаған кезде «Шермек бәсендеді» деп жұрт өсек тарата бастап еді, ол өсектен де құтылады: бұқпантайлап жүріп кеңес жұмысына араласып, әлдекімдердің қолтықтауымен жасырынып партия қатарына да кіріп алды... Сол бетімен әлі келеді. Құбылмалығы ескен желдей: біресе оңнан, біресе солдан шығады, «бойына шыр жұқтырмауға келгенде Шермектен шебер адам жоқ» деп, бірге жүрген жолдастарының күндейтіндері де бар.
Бүгін Шермек жынынан айрылған бақсы сияқты. Күлімдеген көзін қара бұлт қаптаған сияқты. Асқындаған ырысын, аспандаған бақытын әлдекім келіп жоққа шығарып, күлін көкке ұшырған сияқты... Күні кешегі тәтті төсек, жұмақ сияқты көрінген көк мәнерлі бөлме - бүгін аждаһа сияқтанып аузын ашып, обып қоятындай болып тұр... Кеше -түнгі өмірінің таңындай болған, ләззәтті шырын балдай болған қара көзді майысқан сұлу, бүгін - бұрқылдап қайнаған ой қазанында қуыршақ сияқтанып бұлдырайды... Өмірінде селт етпеген жүрегі қобалжып қалтырап, алқымына кесек тығылғандай қылғындырып, тынысын тарылтып тұр.
«Апырмау, қайтем? Қалай құтқарам?!» деп Шермек тістеніп, бұлдырлаған ойын бір жерге жиып қорыта алмай бірсыпыра уақыт жатты.
- Болмас, енді өлместі қамдау керек! Тар кезең келді: жолды да, занды да, абыройды да өзіріне жиып қоя тұрып, құтқарудың шарасын істеу керек!
Шермектің басындағы мың кұбылған ой осымен түйілді. Кроватынан секіріп түсіп, үстелінің үстіндегі электр шамды жаққанда, Шермектің басында жоғарғы ой шыңылдап қайнап тұрды, әлдекімдерге, әлденелерге ызасы келіп, бойды ашу кернегендей болды. Көзі сықсиып, езуі қисайып, ауызы жыбыр-жыбыр етті. Біресе өкпелеген бала секілденіп, қаймақшыған жұқа ерні түртие қалды. Орындыққа отырып қаламды қолға ұстағанда жазуға ойлаған ойы тасыған судай тасқындап келіп қалды. Қағазының жоғарғы жағына «Әке» деген сөзді жазып астын сызып қойды да, ар жағын түйдектетіп соза берді.
Екінді әлетінде, Тасыбай шоқысынан асып, өзендегі елге бет алып үш салт атты келе жатты.
ЬІлдида, өзеннің кемерінде қалың ауыл көрінеді: қатарлай тіккен киіз үйлер, көлбей ұшқан көк түтін, жыбырлаған мал, аңдаған адам.
Өріскей бет қара құрттай қаптаған мал! Адырдан шұбап түсіп сиыр келе жатыр; жер қайыстырып жайылған мыңдаған қой жатыр; тай-құлыны еркелеген балаша ойнақтап, ауылдың үстін шаңмен бүркеп, жауға аттанған қалың әскердің қосынындай болып, өзеннен су ішіп шыққан жылқы, үйір-үйір болып топтанып қабаққа қарай беттеп жайылып барады. Екі жылқышы, қайың құрығын сүйретіп, бас білмейтін асау байталдарды қыл-жақтатып, бытырап жайылған бірен-саран саяқтарды қуып алдыңғы қалыңның ішіне қосып, жылқыны иіре түсіп жүр...
- Ой, Дариға-ай, елдің көркі мал екен ғой! Жаңағы Әлімбайдың ауылы, баяғы толықсып тұрған кезінде жұмақ сықылданып көрінуші еді, енді, мал кеткен соң қыңырланып, ыпындары кетіп-ақ қалыпты, - деп, қырдан құлап келе жатқан салт аттының оң жақ шеткісі, кырықпа сақалды қара кісі басын шайқай түсіп күрсінді.
Бұл - Қожан дейтін еді. Аузының ебі бар пысық, ат арқасына мінгелі байдың қосына еріп, шашпауын кетеріп үйренген кісіңіз.
Ортада келе жатқан семіз сары бұжыр кісі - Сейпен дейтін бай. Сонау күнмен шағылысып тұрған ақ үйлер осы Сейпеннің үйі. Мына қара құрым болып өрісте жатқан малдың ішінде Сейпеннен басқаның малы кемде-кем-ақ-ау.
Сейпен, күрең жорғаны қамшылай түсіп, біразға шейін үндемей ауылдың үстіндегі жер қайыстырып жайылған малға қараумен болды. Осы байлықты, осы салтанатты бұрын көрмей, көрсе де сезбей жүрген сияқты болды. Қараған сайын жүректе бір нәрсе топтанып, белгісіз бір қорқыныш бұлдырланып, ішті жалап бара жатқан сияқты болды.
-Әй, Қожан-ай, заман бұзылды ғой, - деп Сейпен ауыр күрсінді.
Салмақты денесін қозғаңқырап қойғанда, ауыр дененің екпініне шыдамай күрең жорға аяғын әлтек-тәлтек басып, жорғасынан жаңылып қалды. Сейпен жорғаны шаужайлап, қамшымен тартып-тартып жіберді.
-Рас айтасыз, заман бұзылды, елдің баққаны пәле. Үлкенді сыйлау, аруақты сыйлау деген жоқ. Сіздің есігіңізде жүретін Дәуқараның баласы атқа мініп, ел билеген соң не оңбақшымыз? «Көменеспін» дегенді шығарып алыпты. Осы Шермек те көменес емес пе? Елге келгенде, Шермек ешкімге соқтықпай-ақ тең құрбысымен ойнап-күліп қайтып жүр, - деп, Қожан да күрсінді.
Қожанның есіне ел түсті, елдің кедейлері, кедейдің ұйымшылдығы, қит етсе «байдың құйыршығысың, атқа мінерсің» деп тап беретіндігі түсті. Бәрінен бұрын Дәуқараның баласы Сұлтан дейтін бұған мықты жау. Бірер қылмысын сезсе, тіпті қитарланып алып ерік бермейді. Бірақ, Қожан бұған шейін абыройсыз болған жоқ. Мына келе жатқан қара шал оңайлықпен жолдасын сүріндіретін шал емес:өткен жылы Қожанды пара алды деп Сұлтандар сотқа бергенде де осы қара шал қалаға бір қатынағанда зым-зия жаптырып келген. «Әй, қара шалым-ай, тірі бол!» дегендей болып, Қожан Сейпенге қарап қойды. Сейпен далбайды баса киіп екі ұрты салынып, ауыр ойға шомумен келе жатыр еді.
Адырдың бауырын бөктерлей жүріп отырып, бұлар шұбап бара жатқан топ жылқының соңғы жағынан соқты. Сейпен жылқышыны шақырып алып:
- Жаным, абайла, ит-құс бар көрінеді, ұйықтамай күзет, күндіз ұйықтарсың, - деді.
- Үйықтамай өле алмаспыз, - деп, жылқышы, түтіккен пішінді жас жігіт күңк етіп, атын борбайлай желе жөнелді.
- Мынау иттің сөзін қарашы! - деп Қожан шытынады.
- Қайтерсің, бұл да құдайдың ісі шығар, - деп, Сейпен ауылға қарай атының басын бұрды.
Сейпен үйіне келгенде, Жамал бәйбіше биенің кешкі сүтін құйдырып, емізіктеген қара сабаны Тұтқыш деген малайына пістіріп жатыр еді.
- Шермекжаннан хат келді, қауқылдақ қалаға барған екен, содан беріп жіберіпті: «Әкемнен басқаның қолына бере көрме» депті... Мә, оқышы, - деп бәйбіше қалтасынан алып хатты берді.
Сейпен, Шермектің хатын бастап оқығаннан-ақ тіксініп, сұрланып сала берді. Орта жеріне келгенде қолынан хат түсіп кетті. Безгек болған адамдай тұла бойы қалш-қалш етті. Аузы-басы жыбырлап, иегі кемсендеп, екі көзден ыстық жас бұршақтап ыршып ата берді.
Үй іші қара көлеңке. Абажадай үлкен үйдің есігінен төріне шейін сірескен жүк: оюлап тастаған сандық, тең-тең қылып буып тастаған асыл кілем, бұйымдар. Үйдің қақ ортасында, сары ала кілемнің үстінде, екі аяғын көсіліп, екі қолымен жер тіреп, басы бүгіліп, көз жасы сақалының арасынан сорғалап Сейпен отыр. Не болғанын, не қылып отырғанын нақ сол сағатында өзі де білген жоқ. Іш-бауыры өртеніп, от болып жанып бара жатқан сияқтанды.
- Жаным-ай, не болды? - деді Жамал бәйбіше кіріп келіп.
- Қайтесің, қатын, біттік! - деп, Сейпен солқылдап жылап жіберді.

III
Сәске түс кезінде ауылдың іші жаңа хабармен толды. Біреуден біреу есітіп, есіткенін неше саққа жүгіртті:
- Елге әтірет шығады екен дейді...
- Малы барлардың малын алады екен дейді...
- Қызы барларға налок салады екен дейді...
- Байдың үйіне Тұрсын барған екен, бәйбіше жылап: енді жау шабатын болды, қымызды ішіп қалындар депті...
- Қой, бекер, Жамал бәйбішенің бейілі ашылды дегенге нану қиын болар.
- Жамал өлгенде де сабасын құшақтай кетер... - деген сияқты сөздер түйдек-түйдегімен шығып жатты. Су тасыған қатындар, от басындағы кемпір-шалдар есіткендерін үлгіртіп, өздерінше жорумен болды. Бірақ бұл жорудың бәрі де үстірт, ешкім тереңге бара алмай, болашақ оқиғаның өрісінен әзір аулақ жатыр еді.
Осы ауылда әңгімеге үйірлігі жоқ адамның бірі Қуандық болушы еді, есігінің алдына қара тоқымды төсеп алып, шолақ тоны тыртысып, ұзақты күн тықылдатып ағаш шабумен отырушы еді, ал бүгін о да желікті: балтасын белдеуге қыстырып, белін құр жіппен байлап алып, бір нәрсеге әзірленген сияқтаныпты. Өткен-кеткенді қол бұлғап шақырып, «не хабар бар?» деп, соның аузына телміретінді шығарды.
Шүйкесін шынтағына іліп, ұршығын иіріп, Бәтима үйінен шығып еді:
- Әй, Бәтима, құрып қалғыр, мында келші! - деп Қуандық оны шақырды.
Қазан қырып жатқан Қуандықтың қатыны айғызданған бетін есіктен шығарып, байына ала көзімен қарады да, қайтадан жұмысына кірісті.
-Немене, мені не ғып керексініп қалдың? - деп жасының кырыққа келіп қалғанына қарамай, жас әйелдерше сызылып Бәтима бұрылды.
- Байғұс-ау, сені керексінбеген күнім бар ма еді? - деді Қуандық, өзінше қулық істеген боп, Бәтиманы көңілдендіріп содан тіл тартпақ болды.
- Әбден... Сенікі құр тіл ғой...
- Байдың үйіне барып кайттың ғой, бәйбіше не айтады?
- Бәйбіше жылап отыр, екі көзі былаудай ісік. Мен барып отырып едім, бұрынғыдай жиырылған жоқ, сабасын бірер толғады да, үлкен қара аяқты толтырып қымыз құйып берді.
- Қымызын қоя тұршы, не айтады, сұрадың ба? - деп, Қуандық жақындай түсті.
- Өзі айтпаған соң, сұрауға батпадым, аяқтағы қымызымды ішіп болып едім, «тағы құйып берейін» деп сабасына жармасты. Мана бір торта жеп, шөлдеген соң, шалап істеп ішіп едім, сол құрып қалғыр жүрегімді алып іше алмағаным... Жер ошақтың басында жылқышының қатыны Несібелі отыр екен, бәйбіше неге жылап отыр деп сонан сұрап едім, «бұларға бір тықыр таянған шығар, кешеден бері бұлініп жатыр; түнде көрші ауылдағы ақсақалдарды жиып, таң атқанша кеңесті, не айтқандарын білгенім жоқ» деді. Рас-өтірігін білмеймін, әйтеуір бірдеме бар.
- Ақсақалдарды жиып алды дейді?
- Ия.
- Ал, сосын?
- Сол...
- Ой, құрып қал, әдейі сұраған соң анығын біліп келмессің бе?
- Мен әңгіме бағып жүрмін бе, еркектер - сендер білсендер де жетеді ғой.
Бәтиманың сөзінен пәлендей маңыз шығаруға болмағанмен, Қуандықтың құмарын бұрынғыдан да есірді. Сондықтан ол тыпыршып тұра алмай:
- Қой, сенен жарымаспын, Арыстанға барайын, - деп, қайың таяқты қолға ұстап, асығыс жүремін деп, көрінген нәрсеге бір сүрініп, Арыстанның үйіне келді. Арыстанның үйі толған адам екен. Арыстан есіп сөйлеп отыр.
- Оның анығы мынау, - деді Арыстан Қуандық есіктен кіргенде. - Байлардың малын алып, өздерін жер аударады.
- Апыр-ау, сұмдық қой, - деп бір жылтыр қара ыршып түсті.
- Бәсе, Жамал бәйбіше бетін тырнап жылап жатыр деп еді-ау, сондай бір сұмдығы бар екен ғой...
- Ау, тұра тұр, малын алғандай байлардың жазығы не? -деді, көл бақаша шермиген біреу, көзі ежірейіп.
- Жазығы барлығы: кісі еңбегімен мал жиғандық, кісінің еңбегін жегендік!
- Бәрекелде, сөз-ақ-ау, Сейпенге қайсың тегін еңбек сіңіріп едің? Маған еңбектеріңді сіңіре көр деп Сейпен қайсынды зорлап еді? - деп әлгі шермиген қарын түтіге түсті.
- Ол жағын қойшы, сол алынған малды қайтеді екен? - деп Қуандық кимелей келіп, нақ Арыстанның жанына тақалды.
- Саған берер дейсің бе, қазынаға түсіретін шығар, - деді біреу.
- Жоқ, қателесесің, - деп Арыстан оның сөзін бөліп жіберді. - Байлардан алынған мал артельге, малсыз кедейлерге бөлініп беріледі.
- Әй, бола қояр ма екен?!
- «Не қылған батпан құйрық, тегіннен-тегін жатқан құйрық?»
- Оңайлықпен бола қоймас. Сейпен де өлмес қамын істеп жатқан көрінеді, түнде ақсақалдарды жинап, солардың қолына бірсыпыра мал сақтауға бермекші болыпты: қара қасқа айғырдың үйірін Таңатардың жылқысына апарып қосты деп жаңа жылқышысы айтып отырды. Баласы еншісін басқа дегізіп ауылнайдан куәлік алыпты. Қаладағы баласы да қарап жатқан жоқ білем, ақылын айтып хат жазып жіберіпті ғой, - деп, Шауыпкел дейтін имек тұмсық есіткенін айтып, Арыстанды тұқырта сөйледі.
Шауыпкелдің хабарын жұрт ынтыға тындады.
- Бәсе, солай болар, - деп бастарын изесті.
- Өкірікте Шермекті тындамайтын «төре» бар дейсің бе?
- Шермек қала жағына ие болса, Сейпен елге ие: ақсақалдарға бір-бір аттан мінгізсе, «Сейпен жақсы адам» дегізіп піргіуер жиғызады да береді.
- Бәсе десейші, қаладан келген адамның жайы белгілі ғой, мөр басқан бір жапырақ қағазды көрсетсең, желкесін қасып жөнеледі, - деп, жұрт бірсыпыра даурығып алды.
- Кім береді піргеуірді? Мен берем бе? Мә, аларсың! - деп Қуандық кенет ашуға мінді.
- Сендердің осыларың құрысын! Бір нәрсені естісендер, бет-беттеріңе жайылып, қараспанды суға алдырасындар да отырасыңдар. Сөз емес қой: бай малын қалай тыға алады? Ауылнай мөрді қалай береді? Біз не бітіріп отырмақшымыз? Малын тықса, өтірік куәлік алса, тиісті орынға айтпаймыз ба? Тыққан малын қазып шығармаймыз ба? Біз жұмылып ұрлығын айтып отырсақ, күлманы ашылып, масқара болып қалмай ма? - деп Арыстан ашулана сөйледі.
- Ойбай-ау, соны істеуге кедейің бірігіп отыр ма?
-Бірікпейтін несі бар? Бірікпей отыр ма? Былтыр сайлау болғанда, бастығы Сейпен қылып ылғи байларды сайлаудан бір қуып шықты. Биыл жер бөлісі болғанда Сейпеннің барлық жерін бөліске түсіріп, өзін шетке қақтық. Мұның аты не? Мұның аты бірігіп іс істегендік болады!..
- Жарайды, бірігіп шық, мен сөзімді қойдым, - деп Шауыпкел қиқайып теріс қарап кетті.
- Арыстанның айтқаны рас, Шауыпкел, сен ылғи осы бар ғой - кер тартумен боласың, - деп сөзге Қуандық та кірісті.
- Ау, Қуандық-ау, қойсайшы, біз екеуіміз бұлікті қайтеміз. Біз сол арба істеп сатып тамағымызды асырауды білейік те, -деді Ысқақ сонадай жерде сомадай боп жатып.
- Керекті жерінде неге кіріспейін, Сейпеннің малын алатыны рас болса, арбам содан әрі істелмей қалса да мен кірісем, талай еңбегім сіңген, жасырған малын алдымен өзім шығарысып берем, - деді Қуандық.
- Әй, Қуеке, жарайсың! Биылғы жер бөлісінде де еңбекті сіңіріп едің, осы жолы да қайратыңды көрсет, - деп Арыстан жайрандап күліп қалды.
Қуандық көтеріліп жымың-жымың күлді.
- Шырағым, Арыстан, осы сен шыныңды айтшы: байдың малының алынатыны анық қой, ә? - деп бет-аузы сақалмен қапталған қара кісі Арыстанға қарап жылыса түсті. «Сен кіріспесең болмас» дегендей маңындағылар ығысып оған жол берді. Әлгі кісі, сақалын сипап азырақ ойға шомғандай болды да:
- Ендеше, бұл істі үкімет бастап отырған болса, Сейпеннің күлін аспанға шығарып тұрған біз. Сейпенге менен көп еңбек сіңірген адам сирек шығар. Мен не көрмедім? Бала күнімнен құлдығында болдым, талай таяғын да жедім. Шынын айтсам күні бүгінге шейін құлдығынан құтылған жоқпын, әлі күнге жұмысын тегін істеумен келем. Басқасын қайтейін, 20-жылы, мен -жеке өмір құрмақшы болып, Сейпеннің қолынан шықтым. Сей-пен оныма жаман ашуланды. 21-жылы аштық болды, аштық нені тындады. «Тірі болсам төлермін, маған азығыңнан қарас» деп, осы Сейпенге барып жалындым ғой. Әй, иттің бейілі жаман ғой, төрт қабат көрпенің үстінде шалқасынан жатыр екен, сөзімді елеместен, көсілген аяғын жинамастан қалды... Шермекті осы күні кеменес болып, үкімет жұмысына араласып жүр деп есітем. Үкімет кедейдікі болса, сол Шермектердің кедейдің үкіметінде не жұмысы барын білмеймін. Шермектің кедейге жаны ашиды дегенге өлсем де нанбаспын. Мен сол тамақ сұрап түрғанымда, Шермек пешке арқасын сүйеп, кітап оқып отыр екен, әкесінен түңілген соң мен сол Шермекке жалынған болармын. Сонда Шермек аузы-мұрны қисаймастан: «өлсең борыштанбай өлсеңші, ненді бересің?» деді-ау.
- Қасқырдан бөлтірік тумасын ба.
- Мен Шермектің қалай коммунист болып жүргеніне таңмын.
- Кедеймін деп алдап кірген ғой, енді алдай алмас: еңбекшілердің көзі ашылып, санасы өсіп келеді. Қас пен досын айырарлық күйге жетті. Міне, кәнпеске науқаны орынды жүргізіліп отыр. Осы науқанның тұсында талай Шермектердің бет пердесін жыртып, жұртшылықтың алдына сүйреп салармыз! - деді Арыстан жайрандаған пішінмен.
- Бәсе, сүйтсендерші, кедейден шығып сендер коммунист болғанда көретініміз не? Тым болмаса осы байлардан кегімізді алып беріндерші! - деп, Қуандық бұрынғыдан да өршеленіп, беті қызарып, көзі жайнандап, көтеріңкі көңілмен шын тасып отырған адамның қалпын көрсетті.
- Байдан кек алу үшін, байды ортамыздан аластап қуу үшін, кедей болып күш біріктіруіміз керек, осыны істейсіңдер ме? - деді Арыстан.
- Істейміз!
- Ендеше, біріктірсек, партияның, үкіметтің шын қолқанаты болсақ, бітпейтін жұмыс жоқ. Ол естерінде болсын!
Ұзамай аудан өкілі келді. «Кәнпеске» деген сөз тарады. «Кәнпескенің» не деген сөз екенін ел бірінші рет есітті. Бірақ, жат көріп, оғаш көріп тұрған ешкім жоқ. Бала-шағаға шейін ауыздары жыпылдасып айтып жүр. Мағынасы да түсінікті болып қалды. Бірер сағаттың ішінде бұл ауылдың бұрынғы төл сөзінің қатарына да кіріп үлгірді. Ауыл адамдарының көбі келген өкілдің қасында. Үйде қалғандар екі араға кісі салып, солар арқылы хабарға қанып жатыр.
- Құбылған заман-ай, есітпегенді есіттік-ау, - деп бір бүкір шал, үйге арқасын сүйей отырып, ауыр күрсінді.
Сары ала төбет жол бойында шоқиып отырып ұлып еді.
- Кет әрі, мына ант ұрғанның ұлуын! - деп бүкір шал оған да кейіп қалды.
- Жамандығы болса, Сейпеннің үйіне болсын! - деп екінші біреуі сықақ қыла күлді.
Сүйткенше болмай, сары ала төбеттің дауысына жалғаса сарнаған ащы дауыс шыңылдап аспанға шықты. Жұрт селт етіп, құлағын тіге қалды:
- Ау, бұл не?
- Бәсе, бұл не?
- Бұл дәу де болса бәйбіше шығар, ұлығанның басы болар! - деп, Қуандық жымың-жымың етті.
Отырғандардың бәрі де біріне-бірі қарасып: «бұған қуану керек пе, күйіну керек пе?» дегендей сұраулы жұмбақ кейбіреулердің ажарыңда айқын тұр еді...

IV
... Үш ақ үй қатар тігулі, оған таяу жапырайған қараша үй.Қараша үйдің сыртында күбідей болып, бетін құбылаға бұрып Сейпен отыр. Басы салбырап, еңсесі түсіп кетіпті. Беті-көзі ісік. Сирек сақалының арасында жас тамшысы көрінеді. Қараша үйге арқасын сүйеп, үрген торсықтай болып тырсылдап бәйбіше отыр. Беті жара - айғызданған тырнақтың ізі. Түсі түтігіп, қарайып кеткен. Көзі қанталап қызарып тұр. Маңайындағы нәрсені бұлдыр ғана көретін секілді. Өткен күй, ұшқан «бақ», аспаннан түскен секілді кенеттен болған оқиғаны есіне алып, сең соққан балықтай мең-зең қылып жіберген. Оқтын-оқтын күрсініп «аһ!» дегенде жүрегі қарс айрылады.
- Шал-ау, Шермекжаннан не хабар бар? Баяғыдан бері оқып еді, ат арқасына мініп адам болып еді, тым болмаса осындай қысылғанымызда сүйей алмағаны ма? - деді бәйбіше.
- Болмайды ғой, кемпір... Бізді сүйемек түгіл, өз басына зобалаң туып жатқан көрінеді. «Байдың баласы, әкесін сүйейді» деп соңына түседі білем. Түнеугүнгі маған жазған хатын да мыналар тауып алып, сотқа беріпті... Тым болмаса сол аман болсын деп тіле, одан басқа таянар кіміміз бар? - деп, Сейпен назаланып, солқылдап жылап жіберді.
- Қайтейін, тілемей отырмын ба? Қақбас құдай біздің қай тілегімізді беріп отыр, - деп бәйбіше шіміркеніп көз жасына булықты. Нақ сол сағатында құдайыңның өзі қолына тисе де түтіп жейтіндей еді.
Ақ үй жағы базардай қайнап жатқан адам: біреу шығып, біреу кіріп жатыр;сампылдасып сөйлеседі, сакылдасып күліседі.
- Ал, Арыстан, сөйле!
- Не сөйлейтіні бар: тыққан малдарын, бұйымдарын тегіс таптық!
- Тұтқыштың айтқандары тура шықты ма?
- Тура болғанда қандай.
- Маладес, Тұтқыш! Сенің кім екеніңді ауданға жазып жібердім, - деп өкіл Тұтқышты арқасынан қақты.
Тұтқыш жымың етіп, жайрандап қалды.
- Ау, Несібелі қайда?
- Мен мындамын.
- Кел, сабаны пісіп қымыз құй, дәурен қолыңа тигенде, сары ожаумен құлаштап бір сапырсайшы!
Несібелі сөлекеттеу қозғалып, піспекке жабысты. Қозғалуы немқұрайдылау: бәйбішеден биліксіз сабаның қалай құйылатындығын әлі ұғынып жетпеген секілді.
Жұрттың басы қосылған соң біртіндеп сандықты ашып, асыл бұйымдарды есепке алу басталды. Тізбектелген көп кілт Несібелінің қолында. Әшекейлі сандықтардың шандуын босатып, біртіндеп ашып, ішіндегі бұйымдарын ортаға алып тастап жатыр. Бір сандықтың ішінен Сейпеннің әкесі Жантай бидің патшадан сыйға алған сары ала тонын Несібелі суырып алды да, жерге бірден тастап жібермей, не қыларын білмегендей, жағасынан ұстап таңырқап тұрды.
- Сары ала тон! - Үйде отырғандар шу етті.
Тұтқыш орнынан тұрып барып, Несібелінің қолынан сары ала тонды алды. Олай бір, бұлай бір аударыстырып қарады. Жағасынан ұстап тұрып күлімсіреп өкілге бұрылды.
- Бірдеме айтайын дедің бе?
- Осы тонды киіп ауылды бір қыдырып келсем деймін.
- Әйда, ки, Тұтқыш!
- Ки, байдың іші бір күйсін! - деп үйдің ішіндегілер ду күліп, көтермелеп кетті.
Тұтқыш сары ала тонды киіп, алтынды медалды төсіне қадады. Аяғында жыртық етік, басында жалбаланған құлақшын. Өзі жайнандап, жымың-жымың етеді. Аяғын керіле басып, қараша үйдің жанында отырған бай мен бәйбішенің алдынан кесе-көлденендей жүрді. Бай бір рет қарады да, басын төмен салды. Бәйбіше жанын тартып сұрланып, көзімен Тұтқышты атып жібергендей болып қарады.
- Неге қарадың, бәйбіше? - деді Тұтқыш бұрыла түсіп.
- Келіскеніңе қараймын.
- Сендерге келіскенде, маған келіспес дейсің бе?
- Ки, киетін заманың! - деп, бәйбіше жүрегі жарылардай болып күрсініп, теріс қарап бұрылды.
Тұтқыш сары алатонды киіп ауылды аралағанда, бала-шаға, қатын-қалаш жиналып соңына ерді.
- Бәтір-ай, би атамның патшадан сыйға алған тоны осы екен-ау! - деді кекселеу келген бір сары қатын.
- Келін-ау, осы ауылға келіншек болып түскеніме жиырма жыл толған екен, сонан бері осы тонның атын есіткенім болмаса, көрген жоқ едім, қақбас бәйбіше осқырынып, маңына жолатпайтын еді ғой, оған бұ да әлі аз! - деп, еркек пішінді, имек тұмсық қара қатын самайынан шыққан шашын жаулығына тығып, кирендей басып балалардың арасына барып кірді.
- Киелі тон дейтіні қайда? Киелі болса, Тұтқышты неге соғып кетпейді? - деді бір жас әйел.
-Соқса соғар, жынды неме желігіп несіне киді екен?
-Қойшы әрі, тонда не бар дейсің, әшейін лақап қылып жүрген ғой, аруақты шаңырақ деп біз ғана қорқамыз, әйтпесе түгіде жоқ көрінеді.
-Бәсе десейші, бірдемесі болса ендігі бір белгісін бермес пе еді?
Адырақ көзді қара қатын емпеңдей басып Тұтқыштың жанына барып, сары алатонды жағасынан ұстай алды:
-Қағынғыр, тұра тұршы, анықтап көрейік.
- Ал, көре ғой, сен көрем десең мен немді аяр дейсің, - деп Тұтқыш кеңкілдеп күлді.
- Бәтір-ай, мына сап-сары не десем, алтын екен ғой, - деді бір әйел.
- Шешей-ау, мына суреті несі?
- Ол - патшаның басы, - деді Тұтқыш.
- Тоқташы көрейік, патшаның басы қандай болады екен, - деп, қатындар жапырласа түсті.
Жұрт бірінен-бірі хабарланып тайлы-таяғына шейін қалмастан сары ала тон киген Тұтқыштың маңына жиналды. Боз үйдің жанында ұршық иіріп отырған қатпар бетті сары кемпір ауыр күрсініп көйлегінің жеңімен көзінің жасын сүртті.
- Шеше, неге жылап отырсың? - деп Қуандық жанына жетіп келді.
- Әй, шырағым-ай, не жақсылығы бар дейсің, аруақтың иеленген тоны еді ғой, отанымызға бір зияны тиіп жүре ме деп қорқам, - деді кемпір.
Қуандық ішек-сілесі қатып күлді.
Ауылдың сол күнгі кеңесі: сары алатон, медал, байдың жасырған малы, бәйбішенің жоқтауы болды.
Қара қатын төсегіне жатқалы шешініп, сары ала тонның әңгімесін тағы бастады. Байы тындаудан жалыққан соң, ұйықтағалы іргеге қарай түсіп еді.
- Әй деймін, бері қарап жатшы, әңгіме айтайын, - деп байын иығынан тартып, қара қатын өзіне қаратып жатқызды.
... Түн қараңғысы әлемді бүркеп, жан біткен демалысқа шомды. Жалғыз-ақ Жамал бәйбіше қараша үйдің босағасына сүйеніп, екі бүйірін таянып жылаумен болды.

V
- Жүрейін деп жатыр ма?
- Жүрейін деп жатыр!
Қойшы мінетін шабан торы атқа ағаш арбаны жегіп, қиқайтып жүк тиеп, Сейпен үй ішімен көшкелі жатыр. Бұрынғыдай «көш көлікті болсын!» деп тұс-тұсынан андап келетін көрші жоқ, жабырласып жүк тиесіп жүрген бозбалалар да жоқ. Жұрттың бәрі де сырт беріп, Сейпеннің көшкелі жатқанын ұмытқан секілді. Ұмытпаса да, елемейтін секілді.
Ак таяқты төсіне тіреп, арбаның қасында жүгініп, Сейпен бірталай ой ойлады. Алдағы өмір қараңғы. Баратын жері қандай: «қазақтығы» ұстап, мейірім қылып, Сейпенді қонақ деп қарсы алар ма екен? Әлде осы өз ауылы құсап сырт беріп айналып кетер ме екен? Ойлап-ойлап келіп:
-Әй, болмас! Ондай күн қайда? Ағайын-тума аластап қуып отырғанда, танымайтын ел бізді не қылсын. Енді біттік қой! -деп Сейпен солқылдап жылады.
Бәйбіше бүк түсіп талықсумен жатты. Иығы түсіп салбырап арбаның қасына баласы келді.
-Не дейді?
-Бармаймын деді.
-Тоқал ше?
-Тоқал да...
Бәйбіше, жан ұшырған адамдай елеуреп, басын кетерді:
-Тоқалдікі тоқал болсын, Маржан ішімнен шыққан қызым емес пе еді? Үлде мен бұлдеге орап өсірген жоқ па едім? Өзім күйіп отырғанда, ол жұрымы құрғыр неге күйдіреді? Ойбай, бұл қорлықты көргенше өлемін! - деп, бәйбіше жұдырығымен өзін мандайға қойып-қойып жіберді.
-Қой, сорлы, жетер, өле алмаспыз, көресіні көрмей көрге кіру жоқ. Әйда, арбаға мініндер, - деп Сейпен мықшиып таяғына сүйеніп, орнынан тұрды.
Ат ақырындап қозғалды. Қаусап тұрған ағаш арба жолсыз жерде ырғалып, шақыр-шұқыр етті. Сейпен артына қарап:
- Қош, елім... Жұртым!.. - деп, көз жасына булығып, сөзін аяқтай алмай, сылқ етіп отыра кетті.
- Жылама, «елің» алдында, барасың, - деді Қуандық.
Қош жолға түсіп, белестен асып кеткенше, ауыл адамдары үйлерінен шығып, самсап қарады да тұрды. Кемпір-шалдар күрсініп:
- Кетті! - десті.
... Күрең жорғаны болыскей ер-тұрманмен ерттеп мініп, Тұтқыш өріске қарай теңселдіріп бара жатыр.
- Уа, Тұтқыш, жол болсын!
-Өрістегі малды айдап келіп, қазір бөліске саламыз!
Білектей қамшымен күрең жорғаны жамбасқа тартып жібергенде, жорғаның тұяғы жұмсақ топырақты уыстап лақтыргандай болды...


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

Оразаның іші еді.
Менің қонып отырғаным Қалабайдікі. Бүкіл ауыл жеті-сегіз үй. Екі қатар қонған. Алдыңғы қатар Қалабай тобы бес үй. Артқы қатарда Секембайлар. Үш үйдің оңтүстік жақ шеткісі Ыбрайдікі, алты қанат қоңыр төбел үй, алдыңғы үзігінің жартысы қара күңгірт, жартысы бозғылдау.
Кешке жақын қонақтың далада отыратын әдеті. Арбаның түбінде отырып бой жаздық. Менің екі көзім Ыбрайдың үйінде болды. Кәрі кемпір шешесі үйдің сол жақ қабырғалығында бірдеме істеп отыр. Қызыл пүліш қамзолы бар. Шашақты жаулық кестелеп салынған бір келіншек үй менен жер ошақтың арасында ерсілі-қарсылы жүгіріп жүр. Сыртқы пішіні, жүріс- тұрысы бір түрлі таныс секілді.
Мен қысты күні де келгем. Ыбрай онда әл үстінде науқас еді. Кәрі шешесі, былтыр алған жамағаты Зейнеп екеуі де бірдей мойындарына бұршақсалып, Ыбрайдың тірлігін құдайдан зар жылап сұрап отыр еді. Ыбрай өлсе жасы жеткен кемпір де, жас балдырған Зейнеп те дүниеге қош айтысатын түрлері бар еді.
Мен солай деп ойлаушы едім.
Ыбрайдың сауында да көргем. Зейнеппен екеуінің арасындағы сүйіспенділік адам баласында болмаған дерлік еді. «Қарақтарымның қызығын көрдім, осылардың алдында өлсем, дүниеде арманым жоқ!» деп кемпір де құдайына мың-мың шүкір ететін секілді еді.
Ыбрай өлген соң да көргем.
Қараңғы жер үйдің калаусыз пешіне арқасын сүйеп, иығын-
да шоқпыт күпі, көзінің жасы көл болып отыр еді. Басына Ыбрайдың қара бөкебайын бос салып, белі мықтап буулы екі бүйірін таянып:

«Душар болдым дерт қатты,
Науқастанды - дерт батты.
Алғанын тастап сарбазым
Алыс жолға жөн тартты!..» -

деп, Ыбрайдың жанынан артық көретін жары Зейнеп отыр еді. Қайғысы күшті еді. Жылағанда көзінен қан таматын еді. Мен көңіл айтқанымда:

«Кестелі көйлек етегім,
Келмеді жайым, кетемін.
Қалқадан қалып, құрдас-ау,
Қайырын сұрап нетемін...» - деп еді Зейнеп.
Мен де жылап едім. Зейнептің кайырын сұрамасына көңілім бекіп еді.
Ыбрайдың үйіне барғым келді. Қайғылы сорлы шешесінің, қан жылаған жары Зейнептің аз да болса сөйлесіп көңілін көтергім келеді. Ауылдың ортасынан қақ жарып жүретін жолдың үстінде төрт-бес кішкене балалар құм үйіп ойнап жатыр екен. Менен қорықты... біріне-бірі жалтандап қарап: «Орыс келе жатыр...» деп тұра қашты. Біреуінің ат қып мінген талы қалды. Біреуінің шуда жіптен бау таққан құрығы қалды. Мен балаларға күлдім...
Үйдің қасына келгенімде, басын көтеріп алып, кемпір тесе қарады.
- Қарағымның құрдасы екен ғой, - деді.
Бет ажарына қайғының ізі жүгіріп, көзінің жанарында мөлтілдеген жас та көрінді. Мен отырып амандастым.
Үйдің ішінде шырылдаған дыбыс шықты. Сыбдырлатып әлдекімнің жүргені білінді. Сықырлауық «шықыр» ете қалды. Шылдырлаған дыбыс үйден шыққандай, кемпір маған жақындағандай болды. Мен бұрылып қарадым. Көзіме сенгім келмеді.
Кестелі жаулықты аршын жарымдай қылып салынған, қатарлап ораған алтын үш тұмаршадан көрінбейді, пүліш қамзолдың омырауы алқым бау, ілгекпен толған - Зейнеп келіп төніп тұр.
- Мына кісі екен ғой, - деді.
Қылмиып күлді. Екі беті қып-қызыл нарттай, Ыбрайдың тірісіндегіден де әдеміленген.
Кемпір жаутандап келініне бір, маған бір қарады. «Мына кісі екен ғой...»
Бұрын, Ыбрайдың тірісінде келгенімде Зейнеп:
- Құрдас екен ғой...- дейтін.
Көк шолақ атқа желқом ерді салып мінген, имек тұмсықтау қара бала жігіт қыстау жақтан келеді. Үйдің жанына түсті. Зейнеп сылқ-сылқ етіп бұрала басып, қарсы алып, тағы қылмиып күлді.
- Әй, - деді.
Қара бала күлімсіреп қарады.
- Бұзау жоқ, жамырап кеткен шығар, атыңмен тауып әкелсең кайтеді?!
* * *
Күн түнерген бұлт, минут сайын қараңғы тартып барады...Желсіз тып-тынық. Бірен-саран сары масалар бетке, қолға қонып мазаны алады...
Қаламбайдың үйінің сыртына, қара желенді бос салып, омырауында жылтыраған күміс сағаттың бауы, молда шықты. Олай-былай қарады. Төс қалтасынан сағатын шығарып, құлағына апарып тындады. Бірер таранып сыпайыланып алған соң, екі қолымен құлағын ұстап азан айтуға кірісті.
- Алла әкпәр...
Барылдаған даусы тынық әуемен жаңғырығып бүкіл елді басына көтергендей болды.
Мен тұрып кемпірмен қоштастым.
- Келіп тұр, қарағым, - деді.
Мөлтілдеген жас еріксіз көзінен шыға бастады...
Зейнеп жер ошақтың басында тұр еді, тұсынан өте бергенімде бұрынғыдан бетер қылмиып күлді...
Дүниедегі бақытты адам жалғыз өзі секілденді.
Дүниедегі сүйіспендік қара баламен екеуінде ғана тәрізденді...


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

(Әңгіме)
Алғашқы ерімен екі жыл отасып, ері өліп Күлтай жесір қалды. Ері өлгенде Күлтайдың қолында бір ат, бір бұзаулы сиыр, жазғы-қысқы үй, салқамданған сайман қалды. Күлтай осы үйдің босағасын аттап кіргеннен Жұмабай дейтін қайның бар деп естіп, бірақ жүзін көріп танысқан жоқ. Жеңгелі болған екем-ау деп, Жұмабай қайнысы іздеп те келген жоқ. Ағасы да оны елеп еш уақытта аузына алмайды. Тек күзге қарай соғым кереккенде, ауылнай сбор жинап ақша тап деп қысқанда ғана ағасы әлгі Жұмабайды іздеп барып, тұрған жылының еңбек ақысын алып, алдағы жылға тағы шегелеп кетеді. Күлтай кейде осы қайнысы туралы ойланып:
«Я асқан данышпан шығар да, я дым білмейтін милау шығар», - дейтін.
Күйеуі өлген Күлтайға ие көбейді. Қатыны бар тұрса да, «жақындарының ішіндегі бой-басы түзуі мен ғой» дегендей боп Бірмағамбет қырындап Күлтайды өзіне икемдей бастады.
Ата жөнінен тым жақын болмаса да «Нұрпейіс ақсақалды риза қылсам маған керте болатын кім бар», - деп, қатыны өлген Әжігерей мырза иемденді. «Қарындасымды ешқайсыңа қолжаулық қылмаймын, алам дегенің менімен сөйлесіп аласын» дегендей боп, Күлтайдың елдегі ағасы да келіп жағалады. Жұмабайды есіне алған, о да осы үйдің адамы ғой деген жан болсайшы...
Абдол дейтін Күлтайдың немере ағасы мына Нүрпейіспен шек-қарыны араласып жатқан адам. Нұрпейістің өкшесін баса атқа мінген бөлтірік қой. Сондықтан Нөкеңнің нұсқағанынан ол қайда кетсін, қарындасын Әжігерей мырза демдеп, үгітке кірісті:
- Аш-жалаңаш болмайсың, өзің би, өзің төре боласың!.. - дейді Абдол кызықтырып.
Күлтай бұлардың мұнысына ғажаптанып:
- Апырым-ау, осы үйдің тағы бір адамы бар емес пе еді? - десе:
- Ойбай, атама, ол саған тең емес, онымен күн көре алмайсың! - деп Абдол без-без етеді.
Күлтай абысын-ажындарымен сөйлесіп, Жұмабай туралы сөз тартып көрсе:
- Жуас бала еді, үндемейтін еді, бұл елден кеткелі көп жыл болды ғой, - дейді.
Абдол ағасы жымындап, Әжігерей мырзаға икемдеген сайын Күлтай шалқая түседі. Абдолдың мақтаған сөзі Күлтайға шаншу болып қадала береді.
Күлтай қыз күнінен Абдолға қарсы болып өсті ғой. Күлтайдың бірге туысқан ағасы бар еді. Сол кезде оқып жүруші еді. Күлтайды өлердей жақсы көріп, жас күнінен баулып хаттануға себеп болып еді. Сөйтіп жүргенде Абдол ағасы Күлтайды бір кедейге бермекші болып малын алып еді. Арада бірер жыл өткеннен кейін «қаталасыппыз, күйеуің кедей екен, жасы да қырыққа келіп қалған екен, тегі саған ол тең болмас, басқа біреу табайын», - деп сонда Абдол ағасы бір азғырып еді.Әлгі Күлтайдың оқып жүрген ағасы бұған қарсы түсіп, «бермесің бар, ол кедейді неге әуре қыласың? Малын неге аласың?» - деп, Абдолдың мұнысына қарсы түсіп, «осы жеріңе бар, өлмессің, күнде бір сатылатын мал емессің ғой», - деп Күлтайды үгіттеп еді. Күлтай сол ағасының демдеуімен осы үйдің босағасын аттап еді.
Ауыл әңгімесінің көбі Күлтай маңында болып, дәмелілердің саны күн сайын өсе беретін болған соң, Күлтай жұрттың бетін қайтара жауап береді:
- Ешкімнің керегі жоқ, мен өз қайныма тиемін, - дейді.
- Бәрекелді, кісі екен, шаңырағын бұзбайын дейді-ау, - деп кемпір-шал жағы риза болып қалады.
- Мына қатын Жұмабаймен бір күн де отырмайды, мұнда бір сыр болу керек, - деп атқа мінерлер сенімсіздік көрсетіп, бастарын шайқасты.
- Жеңгесін қосамыз, - деп Жұмабайды адам жібертіп шақыртса:
- Ақысын бұрын алып қойған, күнін толтырмай бара алмайды, - деп Жұмабайдың қожасы барған кісіні тәлкек қылыпты.
Жұмабай бір ауыз сөз айтпастан қала беріпті. Күлтай Жұмабайды жібермеген байға бір ашуланса, басына билігі келмеген Жұмабайға екі ашуланды: «Саған кейігенде мыналарға тиіп кетсем қайтеді?» деп те ойлады. Бірақ Жұмабайды сыйлағандықтан емес, ағасына, ауыл-аймақтың пысықтарына ерегіскендіктен Күлтай бұл ойдан аулақ болды.
Жұмабайды Күлтай өзі іздеп барды. Шегір көзді үрпек бас сары жігіт еді. Үндемейтін ынжық, момын еді. Күлтай өзін таныстырып, сөйлесіп тұрып, ауыр күрсінді.
- Байым болса өлді, бір үйде жалғызбын, қайнымды босатып алуға келдім, - деді Күлтай байға.
Қызыл шырайлы келген жап-жас әйел. Сөзі мірдің оғындай. Мұндай әйелдің байы өлсе, ақсақалдардың мұралы болып, қатын алам деген мырзалар бір жабылып қалар болар еді. Жұрттың осы әдетіне бағынбай, «адамдыққа сән жоқ кайнысын» іздеп жүргені адам таңқаларлық жұмыс-ау деп бай бір ауыз сөзге келместен Жұмабайды босатып берді.
- Сенің ниетің арам, соның жылтыраған бетін көрген соң малайынды босатып отырсың, - деп, байды бәйбішесі бұрумен болды.
Күлтай Жұмабаймен қосылды да, шаруашылығын істеп, көп кедейдің бірі боп жүре берді. Ешкімге қолжаулықта болмады, ешкімнің тәлкегін де көтермеді.
Мына жаманды байым бар деп отырады дейсің бе, осының өзі «жігітшіліктен» құр емес шығар деп қыңыр жақтанғандардың меселі қайтып болды.
Төңкеріс болғаннан кейін Күлтайдың баяғы оқыған ағасы ел аралап жүріп, осы ауылға тап бола кетті. Бірін-бірі көргеніне екеуі де жаман қуанды. Ағасы коммунист екен, жауапты орында екен, Күлтайға бірсыпыра кітаптар беріп кетті. Содан былай Күлтайға тұс-тұсынан газет, журнал келіп жататын болды.Қасымжан сияқты ауылдың хат танитындары Күлтайдың үйін жағалап:
- Келін шырағым, жаңада келген газетің бар ма, үйге апарып оқиын, - дейтін болды.
Кейде Жұмабай жұмыстан келіп, төсегінің үстінде ұзыннан сұлап жатса, үй түйтігін бітіре салып, Күлтай оны жағалайды.
- Шаршап келдің бе, мен де баратын ем, апармаған өзің ғой. Өлең тындайсың ба, өлең оқиын, - дейді.
Жұмабай «тындаймын, тындамаймын» деп бір жауап бермей ыржиып күліп жата береді. Жұмабайдың бұл мінезіне Күлтай әбден үйреніп болған ғой. Сондықтан о да кектемей кітабын оқуға кіріседі. Көрші үйде Ыбырайым шал бар. Кітап сөзіне құмар-ақ, Жұмабай жоқта келінге келіп кітап оқы деуге ұялады. Жұмабай келсе, кітап басталып оқылса, күлімсіреп Ыбекең де жетеді. Көрші-қолаңның боз балалары да жиналады.
- Әй, Мәкен, мұнда кел, өлең тыңда, - десе от алып жатқан
Мәкен:
- Сендерден бұрын тыңдағамыз, - деп күледі.
Ақтам деген бір жылмаң бір-екі жылдан бері, Жұмабаймен құрдас болып шығып, осы үйді жағалайтын болды. Құрдаспын деп Күлтаймен де ойнайды.
- Осыдан сайлау болса ма, сені ауылнай сайлатамын-ау, - дейді Ақтам тәлкектеп.
- Мені қайтесіндер, әкімдік өздеріңе жетсе болмай ма, - дейді Күлтай әзілдеп.
Ауылдың кеңес сайлауы болғанда, Ақтам жоғарғы сөзін шынымен орындамақшы болып жабысып еді, жұрт оны бет бақтырмады.
- Ақтамның не үшін жан салып жүргенін білеміз, - деп өздерінше бал ашқандар да болды.
Байғасқа мен Нұрғожа осы сайлауда болыстыққа таласып, ел екі жік боп, екі жағы қопақтап тұрған. Болыстық сайлау орыс поселкесінде болып, екі партия ел қаланың екі жағын алып, сөз тарту, болыстық съездің өкіліне таласу сияқты жұмыс шегінен асып қызып тұрған. Екі жағы күшін теңдессе Нұрғожа жағы басым секілденеді. Ашық күреске түсіп Нұрғожадан жеңілу Байғасқаға әлім емес пе, сондықтан, ол Нұрғожадан бұрын қайлаға кірді.
- Болыстықты Күлтай келінге байлаймыз, 8-ауыл бізге қосылсын, - деп ол кісі салды.
Сегізінші ауылдан сайланған алты өкілдің бастығы Әжігерей мырза. Әжігерейді бас қып басқасын белгісіз адамдардан сайлаған. Сол «белгісіз адамдардың» ішінде Күлтай да бар. Бұлар елдің ойлауынша, Әжігерей қайда болса, сонда болуы керек.
Байғасқаның ұсынысын есіткенде, Әжігерей мырза сықақ кып күлді.
- Қатынға күніміз түскендей болған жоқ, ол мазағыңа еліге алмаймыз, - деді.
Бірақ, 6-ның өкілдерінің арасынан күңкіл шығарушы болды:
- Ау, мұныңыздың қандай жөні бар? Болыстықты беретін болса неге ала қоймаймыз?..
Ақтам бір жағынан астасып толқып тұрған өкілдерді үйрілтіп барады:
- Көнбесе Әжігерей кетіп отырсын, бесеуің тұтас қосылсаң Күлтайды сайлаймыз да шығарамыз! - дейді ол.
Өкілдердің ішінде Досақай дейтін шалдау кісі бар.Әжігерейден бөлінсе, басқаратын осы секілді.
- Балалар, Нұрғожаны болыс қылып сайлағанда не мақсұтымыз бітеді? Нұрғожадан көрген жақсылығымыз шамалы еді ғой... Келінді сайлайтыны рас болса, осыған қосылып-ақ кетсек...
Толқи келе Досекең бастаған бес өкіл Байғасқаның жағына шықты. Болыстықты Күлтайға беріп, кандидаттығын Байғасқа жағы алмақшы болды.
- Осымен сайлауды өткізейік, әйел қайдан болыс болсын, кандидаты істі қолға алады ғой, - депті-мыс деген хабар да тарап жатты.
Дегенмен сол сайлауда Күлтай болыстыққа аталып шықты. Бекбосын дейтін аздап орысша оқығаны бар бір пысық Күлтайдың кандидаты болды.
Күлтай істі алмақшы болып кеңсеге келсе, бұрынғы болыс Дүйсенбай дейтін ел ағасы еліне жүріп кетіпті.
- Істі сұрап келуші болса, бере берсін, - деп хатшысына тапсырыпты.
Күлтайдың орынбасары - Бекбосын хатшыдан істі алып, болыстықты өзіне икемдеп барады. Болыстық кеңсеге тұс-тұсынан ағылып жатқан жұрт. Сол кептің бірі сияқтанып Бекбосынның столының бұрышында Күлтай екі күндей жайдан-жайға отырды да қойды. Неге отырсың деп Бекбосын да сұрамады.Келген кісілер болысымыздың түрі мынау ма деген секілді боп жымыңдап күліседі.
«Не істеу керек?..» деген сұрау екі күндей Күлтайдың басын қатырды. Осы әурешілікке іліккеніне өкіне бастады. Осыған іліктіруге себеп болған Ақтамды да қарғап алды...
Бір жас жігіт болыстық кеңсеге келді де, Күлтайды сұрап танысты. Жұмыстың қалай жүріп жатқандығын сырттан қарап, бақылаған сияқты болды. Сөйлеспекші боп оңаша алып шықты. «Ойы бұзық біреу-ау, не айтар екен, көрейін», - деп Күлтайдың оған да ашуы келді. Бірақ бұл жігіт Күлтайдың ойлағанындай «бұзық» болмады, бұл болыстық партия комитетінің хатшысы болып шықты.
- Қаладан түнде келіп ем, сіздің сайланғаныңызды естіп ем. ЬІсмағұл сіздің ағаңыз екен ғой, о да тапсырып жіберіп еді, - деді әлгі жігіт.
Ысмағұлдың атын есіткенде Күлтай жылап жібергендей болды. Күлтай осындай талып тұрғанда Ысмағұл қасында болса бәрін түсіндіріп, жұмысын жөндеп беріп, жөнге салып берер еді-ау...
Болком хатшысы көп сөйлесті. Не істеу керек, жұмысты қалай басқару керек, соның бәрін айтып берді. Бұдан былай да барлық жұмысына басшылық істеп отыратындығын айтты. Күлтай қуанып тасып кетті. Осы қарқынмен кеңсесіне барды. Бірсыпыра жуандар, пысықтар Бекбосынды ортаға алып арыздарын айтысып жатыр еді. Болыстың бұрынғы хатшысы ұры иттей жылмаңдап, Бекбосынға дәйек боп жүр.
- Хатшы жолдас, мен саған жұмыс тапсырайын, - деді оны шақырып алып, - бірінші, маған осы бөлмеге стол қойып беріңіз. Екінші, Дүйсенбайды шақыртыңыз, келіп істі тапсырсын; үшінші, қазіргі сағаттан бастап, маған қол қойдырмай бір қағаз жіберуші болмаңыз!..
«Мынауың қалай?» дегендей боп, хатшы жалтақтап Бекбосынға қарады. Бекбосын қызарандап қысылып қалды:
- Іс алынды ғой, істей береміз ғой, - деді ол күмілжіп.
- Істі ал деп мен сізге тапсырғам жоқ. жазу-сызусыз істі алып Дүйсенбайдың былығын мойныма жүктей алмаймын. Тез шақырт, - деді хатшыға.
Бекбосын төмен қарап, қағазын шұқылаумен болды. Арыз айта келген жуандар бұл екеуінің қайсысы бастық екенін біле алмай отыр.
- Солай, Рақа, тағы бірде соғыңыз, реттеп береміз, - деді. Бекбосын алдында отырған кісіге. Осының жұмысын саған реттетсем бе дегендей боп Күлтай оған ашулы түрде қарады. Күлтайдың болыс болған хабары елге неше түрлі құбылып тарады. Неше түрлі өсек жалғанды.
- Бекбосын мен Ақтамның сайлаттырып жүргені көрінеді, шуларға ермек керек қой, - деп күлісті.
Күлтай болыс болып іс басқарады деп ешкім ойлана да алған жоқ, бәрінің де көз тіккені Бекбосын болды.
- Пысық бала ғой, жұмысты дөңгелетіп кетеді ғой, - десті.
Бірақ Бекбосынға жұмысын істетіп алмақшы болып кеңсеге келгенде екінші күйге кездесті. Төменгі жаулықты басына тұмшалап орап, қағазға үңіле түсіп қызыл шырайлы әйел отыр. Тап тұсындағы үйдің қабырғасын тегісінен алдырып Лениннің суретін іліпті. Көзілдірік киген бурыл шашты хатшы бір кағазды жазып әкеліп, қол қойыңыз десе, әлгі әйел қағазды оқып, қабағын түйе түсіп:
- Бұл қазақшылықты қашан қоясыз, бір айтқан соң болды ғой, - қол қоюдың орнына қағаздың бетін сызып-сызып тастайды.
Қағаздың бетін сызып жатқан адам хатшының бетін сызып жатқанмен бірдей болды.
Арызшы кісі қайтерін білмей бірсыпыра тұрып, бір кезде бөркін қолтығына қысып, үстелге жақындай түсіп арызын ұсынды. Күлтай салқын жүзбен арызын оқыды да, кабағын түйе түсіп арызшының бетіне қарап алды:
- Тоқалыңызды малайыңыз әкеткен екен ғой.
- Сөйтіп арыз беріп отырғаны... Басынып, сізден бір жәрдем болмаса... Тентектің өзін тыйып ұстамасаңыз...
- Неше жыл тұрған малай еді?
- Ойбай, сұрамаңыз, бала күнінен қолымда өскен. Өзім өсіріп адам қатарына қосып ем. «Жаман адамды асырасаң аузы-мұрнынды қан қылар» дегендей... көрмейсің бе, - деп, арызшы шын мүсәпір түрге кіріп сөйледі.
- Жақсы, үйіңізге барыңыз, тоқалың кетсе әйелге бостандық. Малайың алса бірін-бірі ұнатқан шығар. Бұйым әкетсе, мініп кетсе, саған сіңген еңбегі бар... Бірақ қате істеген екен, сот арқылы еншілерін түгел алуы керек еді, - деді Күлтай.
Арызшы шал етіне біз сұғып алғандай боп шіміркеніп, кейін шегіне берді.
Күлтайдың кенет жоғарылап кеткені Жұмабайға ауыр тиді.Үйде жалғыз қалды, Күлтай сияқтанып мұны күтетін адам болмай қалды.
- Байғұс-ау, сен де елмес қамынды істе енді, саған аспандағы бұлт жуық қой, - деп жеңгелері Жұмабайдың «қайғысына» ортақтасатын болды.
Бір күні ауылнай келіп Жұмабайға:
- Сені болыс шақыртып жатыр,- деді.
Жұмабайдың көзі адырайып кетті. Антұрған, болыс шақырады демей-ақ Күлтай шақырады десе қайтетін еді?..
Жұмабай барды. Көк төбелі ағаш үй болыстың кеңсесі. Жүрегі дүрсіл қағып, Жұмабай көпке шейін кіруге бата алмай, есіктен сығалаумен болды. Күлтайдың үстінде таза киім, қолында қалам-қағаз. Жетіншінің ауылнайы кіріп еді, ел ішінде атағы бар тәуір-ақ жігіт қой, Күлтай соны бүріп ала жөнелді:
- Айтатындарың өтірік, істейтіндерің подлог, сөйтіп отырып кеңестің ауылнайы болмақсың!.. - деп.
Бір рет есік ашылғанда Күлтайдың көзі Жұмабайға түсіп кетіп:
- Әй, не ғып тұрсың, кір! - деп дауыстады.
Жұмабай состиыңқырап кіріп еді, Күлтай күлімсіреп жанындағы столға отырғызды.
- Ал, денің сау ма, жүдеген жоқсың ба? Көшіп келсін деп ем ғой, бұратола келдің бе? - деді.
Маңдайынан тер бұршақтаған жетіншінің ауылнайы, әшейінде Жүмабайды көзге ілмесе де, тап сол жерде Жұмабай болмаған екем, - деп күндеді.


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

(Әңгіме)
I
Күлпаштың көңілсіздікке түсіп жүрген күндерінің бірі еді...Үстінде, өрім-өрім болған соң әр жерінен бір түйіп қойған ескі көйлек, оның сыртында тозығы жетіп тулаққа айналған қысқа ескі тон, басында селдіреген көне бөкебайдың жұрнағы. Бет-аузы көнектей ісік; тоңып бүрісіп, үйдің бұрышындағы пешке арқасын сүйеп мұңайып, терең ойға шомған адамша Күлпаш отыр. Жыртық күпіге оранып, бүк түсіп баласы Қали жатыр. Үй суық, жамаулы терезенің жыртығынан кірген ызғырық шекеден шыққандай... үйдің ішін жылытуға - пешке жағатын отын жоқ. Отын табылар жер де жоқ... қара судан баска дән татпағанына бүгін үшінші күн. Алты айғы қыс тартқаны - аштықтың зардабы. Бар сенетіні байы Мақтым ел қыдырып, тілек тілеп, ерте кетіп, кеш келеді. Бірақ, оныңда табары жоқ...
Әйтсе де, Мақтым кеткенде сол бірдеме әкелетіндей көріп, өзін-өзі алдастырумен ұзақ күнді кеш қылады. Бұл Күлпаштың бүгінгі әдеті емес, көптен бергі әдеті. Жағын суалдырып, жүзін сарғайтып адам қарағысыз қылып барып, ақырында ісікке айналдырған осы әдет, осы шыдамдылық.
Күлпаш осы кезге шейін өзінен бетер баласын аяумен келді.Ауыл-аймақ, көрші-қоландарынан сұрастырып алған сорпа суын баласына беретін болды.
Соңғы кезде оның өзі де болмай кетті. Бұл ауылда отырғандардың бірсыпырасы-ақ өлмелі кедей, бәрі де «шықпа, жаным, шықпа» деп отырған секілді. Бұрынғыдай ауысып тамақ беру абысын-ажын арасынан кеміп кетті. Шағын тамақтың үстіне біреу келсе, кірпік шешендей жиырылатынды шығарды. Мұны, әсіресе, Күлпаш сезеді. Бұрынды-соң аш болсын, тоқ болсын тамақ үшін біреуге телміруді ар көретін Күлпашқа бұл оңай болсын ба, көрші үйлерге қатынауды сиретіп еді...
Міне, бүгін ақтық азық таба алмағандарына үшінші күн, іші қабысып, жүрегі қарайып, көзі бұлдырап, өлім сағатын күткендей ыпыны кетіп отыр... Әлі есі-дерті баласында. Ойлап отырьіп-отырып қабағын шытып, кейістік тартқан кісі тәрізді баласына қарап:
- Кұдай-ай!.. Не қылмысымыздан бұл күйге түстік екен? - деді.
Жылап жіберді. Бүртік-бүртік ыстық жас үстіндегі жарғақ тонның омырауынан сырғанай бастады...
II

Аштықтан басқа Күлпаштың мазасын алатын тағы бір ой бар еді. Ол ойдың Күлпашты қинағанына бүгін екінші күн. Қыстың бас жағында, жұртпен қатар соятын малы болмай, жалғыз атты ұрып алып, Мақтым жаяу тілек тілеуге айналған соң, Күлпаштың бірге туған сіңлісі Раушан келіп Күлпашты азғырған:
- Осы жаманмен біраз күн өмір өткіздің ғой. Ендігі қалған өмірінді қорлыққа салма... жыл болса ауыр, осы бастан азбас, тозбас қамынды ойла... -деген.
Күлпаштың көңілін аудару үшін Раушанның ұсынатын адамы Жұмағазы.
- 40 - 50 қарасы бар. Бір ауылдың байы. Бұрынғы қатынынан бала қалған жоқ. Жасы биыл тап 40-та. Оған тисең, өзің би, өзің хан боласың!... -дейді Раушан.
Қыстың бас кезінде ептеп күнделік тамақ тауып ашыға қоймағандықтан «байынды тастап, байға ти...» дегенде, Күлпаштың жүрегі тас төбесіне шығып кетті.
- Қарағым, Раушанжан-ау, аузың барып неғып айтып отырсың! -деп еді...
Арадан екі-үш ай өткен соң аштық шеңгелін қаттырақ салды. Тұрмыс түрі қиындыққа айналған соң, әсіресе, баласының тамақ сұрап жылағанына жаны төзбеген соң, кейбір кейістік тартқан уақыттарда Күлпаштың ойына Раушанның сөзі түсетін болды. Бірақ, ол сөздің өзіне пайдалы, я зиянды екенін бұл уақытқа шейін айырып білген емес. Әйткенмен соны ойлайды,
неге ойлайтынын өзі де білмейді...
Әрі-сәрі болып жүргенде сіңлісі Раушан тағы келді. Күлпашты көріп аяды, жылады...
- Енді өлесің ғой, жазған, мен биыл не айтып едім?! - деді.
Күлпаш үндемей ойға шомды. Жүрегінде таласып тұрған екі ой бар: «Жұмағазыға тисем, тамағым тоқ, көйлегім көк болар еді... Калижанды да ашықтырмауға болар еді...» деп ойлайды; «Жастан қосылған қосағым еді. Оны жылатып тастағанда не оңам!..» деп те ойлайды. Екі ойдың бірі жеңіп шыға алмай, өзі қатып отырған Күлпаштың басын одан жаман қатырады...
Күлпаштың қажығанын, нақ бұрынғыдай қарысып кетпейтіндігін сезіп Раушан сөзді кесіп айта бастады:
- ... Мына күйіңмен ұзаққа бармай өлесің. Сені өлімнен құтқаратын бізде де әл жоқ. Өзіміз де сол Жұмағазыдан күн көріп отырмыз... енді, сөзді қойып, соған ти!.. - деді.
Күлпаш күрсінді:
- Қалижанды қайтем? - деді.
- Ойбай, апа, баланың басы құрысын, әуелі өз қамынды же, артынан алдыра жатарсың, - деді.
Байын ауызға алмай, баласын ғана атағаны - Күлпаштың әбден әлсіреп, ескі қайрат, шыдамдылықтан айрылғандығын білдірді. Жұмағазының нұсқауымен келген Раушан, апасының жайын сезген соң істі біржола бітірудің қамына кірісті.
Күлпашты қызықтыра сөйледі.
-... Не бар тамақ соның үйінде: бұзылмаған қазы, бүрулі ет, шұжықтың саны жоқ... Әлі күнге дастарқаннан наны үзілген емес. Сені алып беремін деп біздің үйдегі күйеуің сөз қылғанда, «одан артық қатынды іздесем де таба алмаймын ғой» деп қутың-қутың етеді...
Бұзылмаған қазы, бүрулі етті есіткенде Күлпаштың аузынан суы ағып, ынтығуға айналды. Бүрліктірген аштық, тамақты есіткен соң, Күлпаштың еркін алып, жеңгендей... жүрегі дірілдеп, көзі қарауытып «тием!..» деген сөз еріксіз аузынан атылып шыға жаздап отырып:
- Әй, қарағым-ай! - деп өксіп жылап жіберді. - Қарағым- ай, өздерің білші... мен естен танған кісі ғой... - деді.
Жамаулы күпіге оранып бүрісіп жатқан Қали жыбырлап:
- Әже!.. - деді.
- Ау, қарағым! - деді Күлпаш.
- Әкем келді ме?..
- Қарағым-ау, әкеңнің қарасы батсын!
III

Таңмен кеткен Мақтым әлі қайтқан жоқ. Күн батуға барып қалды. Боранды ызғырық азырақ серпіліп ашылып, бұлттың жиегінен шыққан күн Мақтымның жамаулы терезесінің көзінен көрініп, босаға жаққа нұрлы сәулесін шаша бастады.
Күлпаш пештің қасында. Жанында бүрісіп Қали жатыр. Ойға шомып біраз отырып, «уһ!» деп ауыр күрсінді. Бұл күрсіну - күн батардың алдында катындардың от жағып, тамақ асатынын еске түсіргендіктен шығып отырған емес, бұл жүректі қаптап топтанып, іші-бауырын елжіретіп, тұла бойын удай жайлаған калың касіреттің, ауыр дерттің ұшқыны еді. Бұл дертті Күлпаштың кірсіз таза жүрегіне салып отырған сіңлісі Раушан. Раушанға қосымша болып ызғарын төгіп бүрліктірген аштық!..Өткен өмірінде ойына келмеген істі Күлпаш істегелі отыр. Байынан айырылып екінші адамға, өткен өмірінде ойына кірмеген адамға тиюге уәде берді... ертең мәңгі кетпек. Бірақ қалай кетпек? Қалай айрылмақ?.. Оны Күлпаштың өзі де білмейді.
Раушан кеткелі ойлағаны жалғыз Мақтым. Мақтымның өзін айттырып күйеу болған шағы көзіне елестейді:
... Жазғы кез... Мақтым ұрын келген. Түксиген қабақ, қушық мұрын, еңкек денелі қара сұр жігіт. Жұртқа қалай көрінетінін өзі білсін, әйтеуір Күлпашқа ұнауы анық.
Күлпаш бір көргеннен-ақ тәуір көріп кеткен. Содан бері екеуінің арасы әлі тәуір: біріне-бірі наз қылып сөйлескенде: «екеуімізді қара жер айырар» деп серттесетін... Мақтым үйде азғана жоқ болса, «қайда кетті» деп келгенше ынтық болатын Күлпаш осы... Сүйткен Мақтымын бүгін тастамақ. Әй, рақымсыз аштық-ай! Кімдерді жылатпады, кімдер жыламады!
Күлпаш өксіп жылап жіберді.
Бүрісіп жатқан Қали қозғалып:
- Әже, - деді.
- Немене, қарағым?
- Әкем келді ме?..
IV

Далада тықыр білініп сықырлап есік ашылды. Қыржиып тырысқан қысқа тон, қаудырлап қатқан жаман тымақ, аяғында қонышысынан басылған жаман етік; мойнында дорбасы бар, жағы суалып, көзі адырайып, адам бейнесі кеткен біреу есіктен кірді.
Бұл - Мақтым еді, Күлпаш жалт етіп қарады да мұңайып кетті...
Қали басын көтеріп алып:
- Әке, келдіңбе?
- Келдім, қарағым!.. - деп кемсендеп, калтылдап жыртық етігін сықырлатып, үйдің ортасындағы бағананың түбіне келіп Мақтым салбырап отыра кетті.
Қали сүйретіліп тұрып, екі көзі Мақтымның мойнындағы дорбада, ептеп басып жақындады.
Мақтым жылап қоя берді:
- Қалқам-ау, дым жоқ!..
Күлпаш та жылады.
Қали ауыр күрсініп, тәлтіректеп басып барып күпісіне оранып, Күлпаштың қолтығына басын тыға бүрісіп жата кетті.
Көп уақыт өтті. Қас қарайып, үйдің ішін қою қараңғылық қаптады. Мақтым бағанаға сүйеніп әлі отыр, оқта-санда уһілейді.
Күлпаш ойға шомған адам тәрізденіп біраз отырып, бір кезде шошынған адамдай кенет басын көтерді:
- Әй,- деді.
Дауысы бір түрлі қалтырап, үйдің ішін жаңғырықтырды.
- Жай ма?
Күлпаштың үні бітті... не айтарын білмеді... көзінен мөлдіреп жас төгіле бастады...
- Қатын, бірдеме айтайын дедің бе?
- Әшейін... бүғін Раушан келіп еді...
- Жай келіп пе?
Күлпаш тағы сөйлей алмай, көз жасына булықты. Әлде не уақытта тағы да:
- Әй, - деді.
- Немене, жазған, айтсайшы!
- Біз осы қайтеміз?
- Қайдан білейін.
- Біз өлмейміз бе?
- Өлетін шығармыз!..
- Біз...- деп тағы тоқталды.
- Біз... біз... айрылсақ қайтеді?!
Мақтым әлденеге қозғалғандай болды. Үй іші тым-тырыс. Жаңа туған айдың сәулесі түсе бастады..
- Қатын, сен не деп отырсың?
- Айрылыссақ?!
- Раушан айтты ма?
- Ия.
- Қалиды қайтесің? - деп, Мақтым кемсендеп, өксіп жылап жіберді.
- Әттең кедейлік, әттең аштық, қылдың-ау!..
Пеш пен Күлпаштың арасындағы қуысқа тығылып бүрсең-
деп жатқан Қали тағы қозғалды:
- Әже, -деді!
- Қалқам-ау, не қыл дейсің?
- Тондым!
V

Марттың іші. Жетіге созылған боран бүгін ғана ашылып, жылы шуақ күннің көзі ықтасындағы қардың бетін жылтыратып, терлетіп жатыр. Жерде де бұрынғыдай ызғар жоқ: арық малдар тысқа шығып, күн шуақтықтағы боқтықты, шөпті тіміскіп жүр.
Ұзыннан созылған ауылдан оқшау, жеке, маңайында бұдыр жоқ, калың күртіктен моржасы зорға көрініп тұрған шеткергі үйге ауыл сыртындағы жіңішке жолмен жастау әйел аяндай басып келе жатыр.
Бұл - Күлпаш еді. Жұмағазыға тигеніне жиырма күндей болған. Аштықтың қанды тырнағы Күлпашты бұған да көндірген. Бірақ аштықтан құтылған екем деп қабағы ашылған Күлпаш жоқ. Жұмағазының үйіндегі жиырма күн жиырма жылдан ауыр болды. Әсіресе Қалиды сағынды. Жұмағазының үйіне барған күннің ертеңіне түнде Қали түсіне кірді: Күлпаш үйден шығарда «қалқам» деп барып Қалидың бетінен сүйгенде, өкпелеген адамдай аузын бүртитып, тұрған орнында қалшиып қалып еді.Түсінде де сол күйін көрді. Аузы бүртиып, көзі әлдеқайда бірдемеге тіреліп қатып қалған... Күлпаш «қалқам» деп бауырына тартса да, тас секілденіп орнынан қозғалмайды...
Бір күні түсінде Мақтымды көреді. О да ренжулі, о да ашулы. «Әй, әй!» деп Күлпаш бір-екі рет сөйлесе де, Мақтым жауап бермейді...
Дүниедегі ең жақсы көретіні байы мен баласын ренжітіп, өзінің бас сауға қылып кеткенін Күлпаш енді ар көре бастады. «Өлсем солармен бірге өлсем болмайтын ба еді?!» деген ой кірді. Бір жағынан Мақтым жайын ойлайды. Ала дорбаны мойнына іліп алып таңмен тамақ іздеп кетсе, тапсын-таппасын кешке бір оралып соқпай қоймайды. Сондағы азаптанып жүргені қатын-баланың қамы, соларды аштан өлтірмеудің жабдығы, сөйтіп жүрген адамның кадірін білмей тастап кететін не жөні бар еді?!.
Күлпаш барғалы қайғы үстіне қайғы жамап, ақырында, бүгін Жұмағазының үйде жоғын пайдаланып, келе жатқаны еді. Күлпаш бұл жолы түрлі ойға мініп келеді. Мақтым ренжімесе, басқа байға тидің деп ашуланбаса, ескі тұрмысқа қайта қайту да ойында жоқ емес.
Аяғын екі-үш басып қайта-қайта сол жақ қойнын сипап қарайды. Қойнында екі кесек ет бар: біреуін Қалиға, біреуін Мақтымға деп жасырып пісіріп алған.
- Қарағым-ай, етті көргенде не дер екен? - дейді оқта-санда.
Ауылға төніп келгенде екі-үш ит үріп алдынан шықты. Күлпаш елеген жоқ, кіре беріс шеттегі Ыбырайдікі еді. Биік қылып соғылған аққаланың басында Ыбырай тұр екен. Күлпаш оны да абайлаған жоқ. Жүрегі алып-ұшып үйіне жеткенше асықты.
Ыбырай танып:
- Ау, келінбісің? - деді.
Күлпаш сәлем қылды да жөнеле берді, Ыбырай бірдеме айтқысы келген кісі секілденіп, аққаладан аяғын бір-екі басып түсіңкіреп барып тоқтады.
Күлпаш үйіне жетті. Лапастың есігіне көзі түсіп, жүрегі қалтырап тіксініңкіреді. Есіктің алды күртік қар, із дегеннен дым жоқ!.. Малтығып басып барып үйдің есігіндегі қарды аяғымен ысырып, есікті ашуға айналды... жүрегі лүпілдеп соғып, көзі қарауытып бір түрлі қорқыныш пайда болғандай тәрізденді. Бірақ неден сезіктеніп корыққанын өзі де біле алмады. Білетін
жайы да жоқ еді...
Жан дәрмен қайраттанып зорға дегенде салдама есікті қозғап, сықырлатып ашты. Суық леп бетке соқгы. Терезеде жарық жоқ, үй тастай қараңғы.
Күлпаш қалтыранып кетті, үйге кірерін де, кірмесін де білмеді. Бір аяғын табалдырықтан ішке салып, есіктен қолымен ұстап қалтырап:
- Қарағым! - деді.
Үн жоқ...
- Қарағым, қайдасың?.. Әй, бармысың?..
Жауап жоқ...
Күлпаш не қыларын білмеді. Жалтаңдап артына қарады.Жүгіріп терезеге барып күртік қарды қолымен қопарып ашты. Нұрлы күннің сәулесі жамаулы терезе арқылы үйге түсіп, жарық қылды. Түс кезі екен, күн тұп-тура пешке түскен...
Қарды тастай беріп Күлпаш жалма-жан сығалап еді, пештің жанында ұйлығып, бүк түсіп құшақтасып жатқан әкелі-балалы екеуіне көзі түсті... Іші елжіреп көзіне жас келді. Ұйықтап жатыр екен деп қуанып, малтыға, сүріне үйге кірді:
- Қарағым, Қалижан, тұр!..
Төніп келіп Қалиды сүйейін деп ұмтылғанда, көзі Мақтымның көзіне түсіп кетті: көзі адырайып, аузы ашылып, тісі ақсиып жатыр екен!..
Күлпаш шошып:
- Әй... -деді.
Бұдан кейін не болғанын өзі де білмей өліп жатқан байы мен баласын құшақтай құлады.


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

(Әңгіме)
Ұзын бойлы, ат жақты, қатпар бет, үрпек бас сары жігіт:аты Асылбек, мінезі ауыр, сөйлегеннен ойлауы көп. Бірақ, кейде қызып кетсе көпірініп те сөйлейтін әдеті бар. Кейде өзі мінезінен ұялыс тауып, құлағына шейін қызарады. Ұялыс тапқандығын есінде сақтайды білем, кейде орынды жерінде үндемей қалатыны да болады.
Өлке бойындағы елде Асылбекті білмейтін адам сирек.Өйткені Асылбек алғашқы кезде ашық пікірлі мұғалім болып елдін көзіне іліксе, кеңес үкіметі жаңа кезде ауылдық кеңестің хатшысы болып кызмет атқарды. Бармаған ауылы жоқ. Кірмеген үйі жоқ. Катындардың тірнектеп жинаған майын қадақтап өлшеп, жиып қойған күндері болған. Асылбек май жинаса жоғарғы орындардың бұйрығымен жинайды, оны қатындар қайдан білсін. Білмегендіктен майы аз қатындар Асылбекті ит етінен жек көріп кеткен. Асылбектің өз атын қалдырып «собал» атандырып жіберген.
Ата дәулетінің арқасында сыланып ерке өскен Зейнеш еді. Шешесі Бикасап Күрдебайдың бәйбішесі. Бес биенің сабасындай тұлға бітісінде өзгеше адам. Зейнеш шешесіндей етжеңді емес, талдырмаш нәзік; бірақ ажары шешесіне тартқан ақ кұбаның әдемісі. Мінезі бәйбішеге тартқан жеңіл деп Зейнешке кінә тағатындар да бар.
Күрдекеме кешегі алалы жылкы бітіп, алаптың бәрін малымен толтырып тасқан кезінде, кімдер қызықпады дейсің. Байға қол артуды екінің бірі мақсат қылатын заман ғой. Талайдан талайды сынай келіп Күрдекең Зейнешті Мақаңның баласына бермек болған. Онда Зейнеш терт-бес жасар ғана кезі. Одан бері не болмады. Макаңның алғашкы баласы өліп, Зейнешті кіші баласына атастырды. Кіші баласы Зейнештен бес жас кіші. Оның артынан Күрдекеңнің өзі ол дүниеге жөнелді. Жетім бала,жесір қатын болып Биқасап бәйбіше, Зейнеш, жас балалар қалды. Озгеріс болды. Аударыспақ, төңкеріспек болып ел іші сапырылысты.
Шұбырған әскердің шалығы елге де тиіп жүрді, бой жеткен кыз, сұлу келіншектерді іздейді екен деген өсекпен Биқасап Зейнештің үстіне тәуір киімін ілдірмей қойды...
Асылбектің Зейнешті бірінші көруі 1920 жылдың жазы еді.Болыстан тығыз бұйрық келіп, ел аралап май жия шыккан.Үстінде тоқыған шекпеннен орысша тіккен, арты жырық пальтосы бар. Баяғы болып жүрген кезінде алған ескі шляпасын жарбитып басып киіп алған Талдыкел ауылынан лау мініп, Күрдекең ауылының қотанына келген кезде, талдырмаш жас кыз алдынан кес-кестеп өте берді. Асылбек карап тұра калды.Арт жағында лаушы жас жігіт келе жатыр еді. Асылбектің ойын сезді білем, жанына катарласа беріп:
- Көрдіңіз бе, - деп күлімсіреді.
- Бұл кім?
- Зейнеш сұлу. Бикасап бәйбішенің кызы осы. Ерке қыз, кербез қыз...
Асылбек аттан түсіп жатқанда, Зейнеш сықырлауықтың арасынан көзін қадап қарап тұр еді. Зейнештің қарағанын Асылбек сезді. Сұлу кыздың өткір көзі қанжардай қадалып, жүрекке таңба салатын сезім секілденді.
Лаушы - жас жігіт, жылмаң, судыр. Кешке жақын Асылбекті тысқа шығарып алып:
- Барасың ба, алып барайын, - деді.
- Қой, болар ма екен, көргенімнің өзі бүгін емес пе?! - деп Асылбек қашырыс салды.
- Ойбай, сен бала екенсің ғой. Ол бойжеткен қыз болса, сен жас жігітсің. Көңіл білдіргеннің несі айып болсын, сендей оқыған жігіттің қолын бұл қыз қаға алмайды, - деп лаушы жеңсік бермеді.
Әйел туралы жеме-жемге келгенде Асылбектің күйі езгеріп кететін әдеті бар: тұла бойы қалтырайды, жүрегі алқынып аузына тығылады. Көзі бұлдырап, құлағы шыңылдап ың-жың болып кетеді.
Асылбек едәуір толқыды. Көрмеген, сөйлеспеген қызға сөз салудың қанша жөні бар? «Мырза» адам болса, өз алдына, бірақ, жап-жас басынан не көрініпті? - деп Асылбек ол жағынан айнып шыға береді.
Лаушы жігіт қоймаған соң Асылбек рұқсат берді. Өзі теңірейіп, бұзау байлаған арбаның жел жағына таман жатыр.Түн түнере түскендей. Ауыл үйдің арасы жылтындаған от. Алаулаған жер ошақ отына ісініп бір әйел біреуді қарғап жатыр,май сүрайды деп Асылбекті қарғап жатыр ма, кім білсін.
- Қазір шығамын дейді, күте тұрсын дейді, - деп аптығып лаушы жігіт келді.
Бір ауыз сөзге келместен көне қалды дегенге Асылбек нанарын да, нанбасын да білмеді.
Үйден біреу шықса Асылбек бүктеліп, көріп қала ма деп қысылады. Көйлегі көлендеп аяқ сыбдырын білдірмей басып біреу жүріп келді де, Асылбекке төне тұрды.
- Қош келдіңіз, отырыңыз! - деп, Асылбек үшін сөзді лаушы жігіт бастады.
Сөздің неден басталғанын өздері де білмейді, бірақ дегенше болмай екеуінің құшақтасып, шөпілдесіп сүйісуі анық... Асылбектың айтуына қарағанда, сол түннен бастап «ғашық» болған секілді. Зейнештің ғашық болғаны, болмағаны мәлімсіз. Бірак алқынған жүрек, айқасқан білек пен екеуінің ақтық айтқан сөздері мынау еді:
- Сертке жету керек!
- Жету керек!
- Солай ғой?
- Ия!
- Әкел қолыңды!
- Мә!..
* * *

Бесіннен төмен түскен кез. Аптап ыстық бәсендеген, көлеңке басын ұзартып, самал есе бастаған. Биқасап бәйбіше көлеңкеге бәстекті төсеп жіберіп, қамзолын желегейлеп жүн түтіп отыр. Мыжырайған қара кемпір жүн шүйкелеп, аяғына орап шүйкені есіп отыр. Оқта-санда алақанға бір түкіріп, бәйбішеге көзінің қырымен қарап қояды.
- Зейнешжан, неғып жатырсың, тұрсайшы, күн кешке айналды ғой.
- Басым ауырып жатыр, - деген жіңішке, нәзік, сыңсыған дауыс естілді.
- Ауырып қалып жүрмесе жарар еді! - деп Биқасап күрсінді.
Қара кемпір үйдің сырт жағына кәзін қадап қарай қалды.
- Неге қарадың, жай ма?
- Мына арбалы осында ентелеп келе жатыр.
- Құдайға жаздық-ау, қонақта конақ, көз ашар күніміз болмас білем. Жетім бала, жесір катын еді деп аяуды да білмейді. Қонақасы бермесең көздерін алартып кетеді, - деп Биқасап кейіп, бірталай сөз айтты.
- Біреуі орыс білем.
- Милиция болмасын...
- Ат жеккізе жүрген шығар.
- Аты жоқ болса үйінде отырса қайтеді екен? Жүрген кұрлы міндетсіп болатындығы несі екен?
Қылышын сүйретіп милиция, боқшасын сүйретіп ауылнай -екеуі қатарласып көлеңкеге келіп отырды.
- Сабалақ қайнымбысың, орысың кім?
- Орыс милиция, жүмысы осында көрінеді.
- Лау жегетін шығар.
- Жоқ.
Бәйбіше селк еткендей болып, ауылнайға қарады. Ауылнайдың ұйысқан сақалын, тарғылданған бетін, аларған көзін көргенде ашуы келіп кетті білем, кейіп сөйледі:
- Лау мінбейтін болса менің көркімді көріп, қызымды айттыра келді дейсіңбе?!
- Қызынды айттырмай әкететін шығар.
- Қой, сандалмашы, жөнімен ойнасайшы! - деп бәйбіше сілкініп сала берді.
Ауылнай жөнін айтты.
Бәйбіше ойбайын салды. Бара Зейнешті құшақтады
- Қалқам Зейнешжан, байым өлгенде де күйігімді басқан сен едің. Інілерің болса жас. Мені өлтіресің ғой. Мені өлтіріп кет! Тілімді алмасаң емшегімді көкке сауам, қолымды теріс жайып қарғыс берем!..
Ауыл адамдары үй ішіне сығылыса толды. Бастарын шайқап төр алдына ақсақалдар отырды. Бәйбішені есіркеп бәрі де көздерін жаспен шылады. Зейнеш көпке шейін үн шығармай бедірейіп отырса да, өзін-өзі ұстай алмады, көзі жыпылықтай, жас мөлдірей бастады.
- Қане, қалқам, не айтасың? - деді шешесі жылап.
- Алданған екем, - деп Зейнеш те жылап жіберді.
* * *
Домаланған қара жігіт жазу столына отырып, омырау қалтасынан тарағын алып, шашын тарады. Мойнындағы ақ жағасын қолымен дұрыстап сипап қойды. Алдында жатқан қағазды біртіндеп ақтарып отырып, көзінің астымен қарсы отырған Зейнеш пен шешесіне қарады. Зейнеш ойында дәнеме де жоқ, шешесі үрейленген тәрізді отыр.
- Кіруге мүмкін бе? - деп қаба сақалды жуан қара есіктен басын сұқты. Көзі түксиіп өтіп барады.
- Болмайды, рұқсат жоқ! - деп, қара жігіт, милиция бастығы, жауапты қысқа берді.
Бір елдің айбынды ақсақалына, қаршадай болып отырып секіріп жауап бергендігін Биқасап ұнатпады. «Азған бала ғой» деп ойлады.
- Бәйбіше, сіз де тысқа шыға тұрыңыз! - деді милиңия бастығы.
- Көтек, онысы несі?.. Қызымды тастап мен кайда бармакпьн.
- Қызыңыз ешқайда кетпейді. Жауап алғанда бөтен адамның болмауы керек...
Биқасап жесірлігін айтып жыламсырай бастады. Сөзге түсінбеген бәйбішеге милиция бастығының ашуы да келді. Әйтсе де қатаңдықка бармай, жайлап түсіндіріп, бәйбішені алдыңғы үйге шығарды. Шығарды деген аты болмаса, Биқасап есіктін алдынан кеткен жоқ, әлсін-әлі басын сұғып қызына қарады.Көзінен таса болды дегенше, қызын кетіп қалғандай көреді.Милиция бастығы қыздан жауап алып отыр.
- Мынау арызды өзіңіз жаздыңыз ба?
- Жок, мен ешкімге арыз бергенім жоқ...
- Асылбекке уәде бергеніңіз рас па еді?
- Жоқ... - деп Зейнеш күрмеліп жауап берді.
Милиция бастығы аң-таң болып, Зейнештің кысылып қызарғанын бақылап отырды.
- Асылбекке мына хатты жазған сіз емес пе?
Зейнеш басын көтеріп, тігулі істің арасындағы жалбыраған бір жапырак қағазға қарады. Таныды. Бетінің қызылы бұрынғыдан да артты. Бұдан бір ай бұрын Асылбекке «сағындым»,«бір кәруге ынтықпын!», «сенсіз өмірдің қызығы жоқ!» - деп өлердегі сөзін айтып жазған хаты осы еді. Хатының ішінде «...қайтсеңде мені жаныңа ал! Баяғы сертті орында!.. Сені күте-күте екі көзім төрт болды... әжем менің ажарыма қарайтын емес, аксақалдармен бірігіп, бір жауызға беріп жібергелі отыр...» деген сөздері де бар еді. Осы хатын негіз қылып, Зейнештің атынан арыз жазып Асылбек ізденіп еді. Милиция елге шыққанда «тұткында отырған» Зейнешті құтқарғалы барған. Милиция бастығының ойы қызды сүйгеніне қосып, әйел бостандығына қарсы келгендер болса, сотқа тарту еді, Зейнештен оңаша жауап алғанда осының бәрінің анығына қанармын деп еді...
- Ия, бұл хат туралы не айтасыз? - деп милиция бастығы Зейнешке күлімсіреп қарады. Зейнеш бір қызарды, бір бозарды. Ерні қалтырап не айтарын білмей састы...
Милиция бастығы қоңырауын шылдырлатып еді, кылышын салақтатып бір милиция кіріп келді. Зейнеш апалақтап калды. Биқасап сұрланып есіктен басын сұқты.
- Бар, Асылбекті шақыр.
Милиция бастығының даусында ашу білінді.
Ербиіп Асылбек кірді. Зейнешке қарап күлімсіреді.
- Зейнешжан, аман ба?
Зейнеш тұқырайып төмен қарап, қолымен ілгегін ұстай берді.Есіктен Биқасап кіріп келіп, Асылбек пен Зейнештің арасына кесе тұрып, Асылбекке шаптыға сөйледі.
- Не қылған иттің баласысың. Ашылмаған уызым, жарылмаған қауыным еді... Өтіріктен өтірік бәле салып, осы қалаға шұбыртқандай не жазып едік?
Милиция бастығы әрі-бері айтып керіп еді, бәйбіше токтайтын болмаған соң, ашуланып жанына келді:
- Бәйбіше, манадан бері қазақшылық қылып сыйлап едім, ол қадірімді білмедің. Бұл тұрған жерің ауылдың қотаны емес, кеңсе, малайға секіріп әдеттеніп калған шығарсыз, назыңызды ауылыңыз көтергенмен, біз көтере алмаймыз. Тіл алсаңыз, мына алдыңғы үйге шыға тұрыңыз, әйтпесе жауап біткенше қаматып қоямын!..
- Ойбай-ау, калқамды тастап, кайда бармақшымын?! - деп Биқасап бәйбіше жыламсыраса да, милиция итермелеп алдыңғы
үйге шығарды...
Серттескен екі жасты бетпе-бет қойып, милиция бастығы арасында төреші сықылданып отырды...
Зейнеш үндемеген соң, Зейнеш басын көтермеген соң Асылбек қызарандап қысыла берді. Мен айыпсызбын, қайтейін дегендей болып жалтақтап милиция бастығына қарай береді. Сөйле дегендей болып милиция бастығы Асылбекке ым қақты.
- Зейнешжан, саған не болды?.. Уәде осылай ма еді?!
- Қане, сөйлеңіз, қарындас! - деді милиция бастығы.
Зейнеш тұқырайған күйі омырауындағы ілгегін, алқым бауын ұстап, бар ынтасын соған аударған адам секілденіп, отырды да койды. Асылбектің, милиция бастығының сұрауын есітпей отырған жоқ, соған не жауап берерін білмей отыр. Асылбекті бір уакыттарда жақсы көрген секілді еді, ауылы болып ортаға алып, бәрі бірдей жамандаған соң, солай шығар-ау деп, Зейнеш
те қосылып, Асылбекке тимеймін деп еліне серт беріп еді. Ауылынан шығарда Асылбекті жек көрген секілді еді... Қазір бетпе-бет көрген соң, ол қалып өзгерді. Мынау солбырайып тұрған Асылбек. Адам қызығатын түрі де жоқ. Әйткенмен о баста бір ұнатқан көңілі тез суи қоя ма, бетіне тура қараса,Зейнештің еркі кететін секілді. Еркі кетсе шешесін жылатып, Асылбектің соңына еру керек!.. Елдің сөзіне карағанда, ата-ананың ризалығын алмай кеткен қыз барған жерінде де оңбайтын көрінеді. «Пәленшенің қызы қашып кеткен екен, барған жерінде пері соғып, аузы-мұрны қисайып кетіпті...» деген секілді өсекті ел көп айтады...
Ілгегін шұқылап отырып, көзінің астымен Зейнеш Асылбек тұрған жаққа қарады. Асылбектің өкшесі қисайған орыс етігі,тізесі қалталанған жамаулы шалбары, арбиған тарамыс қолы көрінді. Оң қолында Зейнештің «өзімдей көріп жүр!» деп берген балдағы салулы тұр...
- Қане, қарындас, уақыт оздырмаңыз, бірдеме айтыңыз!
- Маған не айт дейсіз!
Милиция бастығы сұрауларын бейнелеп тағы бір айтып кетті.
- Бірінші - арызды берген мен емес деп отырсыз; екінші мына хатты кімнің жазғанын айтпайсыз, үшінші - Асылбекке уәде беруіңіз рас па? Осыған ашып жауап берсеңіз екен!..
Зейнеш тұкырайып отырған күйі:
- Еш нәрсе білмеймін, - деді. Даусы естілер-естілмес болып шықты.
Асылбек көзі жыпылықтап жыларманға келді. Милиция бастығы күрсінді.
- Асылбек, қынжылма! Сенде жазық жоқ. Қыз сүйем деген сон, сен аламын дедің. Мені құтқар деп хат жазған соң, сенің ізденуін рас. Мұның үшін біз сені айыптамаймыз. Қазақ әйелінің қолын тендікке жеткізу бәріміздің борышымыз. Осы борышты біз өтейміз дегенде, әйелдер бізге серік болуы керек... Әйтпесе бүгін жылап мұңын айтып, ертеңіне ел сөзінен шыға алмай, түк білмеймін деп отырса, өмірге ісіміз оңбайды...
Қарындас, қаталасып отырсың. Ата-ана ешкімге жолдас болмайтын. Ағайын азғырса мал үшін, сені сатып олжа түсіру үшін қызығады... Асылбекті о баста сүюің рас болса, бұл жерге келгенде бұлтақтауыңның жөні жоқ еді. Бірақ қайтпек керек, амал жок, барыңыз, жолыңыз болсын! - деді.
Мандайынан тер бұршақтап, сүйреліп Зейнеш шығып кетті.Асылбек сөз қатпастан тұрған орнында болбырайып қатты да қалды...

* * *

Сот мекемесінің алдында он шақты арбалы тұр. Жүлделері шыққан, ыстықпен быршып терлеген. Ылғи жуан шоң желкелер үйдің көлеңкесінде, көшенің тақырында ауылдағы секілденіп алқа-қотан отыр.
- Қане, арызды жазып болдыңыз ба?
- Жазып болдым.
- Не жаздыңыз, оқыңызшы!
«Сотқа Қаратау болысы, 3-ауыл, Зейнеш Күрдебай қызынан.


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

(Әңгіме)
Заман кімге күле қарап жүр: мыңды айдаған байды, үріп ішкен мырзаны, керіле басқан кербез сұлуларды табанына салып илеп жүн қылып, ішер ас, киер киімге зар қылып жүр.
Қырық үйлі қарықболдың ішінде Жайлыбайдан артық кім бар еді? Жайлыбайдың әкесі Сырлыбай - «Киелі бай, түйелі бай» атанған төртбақ келген, жұмыр, жуан кісі еді. Сырлыбай өлген сон кырык үйлі карыкболдың ішінде Сырлыбайдың аруағын аттаған бенде жоқ: кемпір-шал намаз артынан бата қылғанда «Сырлыекеме тие берсін» дейді; үлкен-кіші сапарға шыққанда
Сырлыекесінің аруағына сиынады. Жас қатындары басын кесіп алса да «сыр» деген сөзді ауыздарына алмай, «сырлы аяқ» дегенді «бояулы аяқ» дейді. Бала таба алмаған қатындарға емші кемпірлер Сырлыекеңнің таспығын суға шайып береді. Сөйтіп заманындағы Сырлыекеңнің өзі де, аруағы да сыр бере қоймаған.
Оның бер жағында Жайлыбай болды. Аруақты атаның баласы - бай еді, төрт түлігі сай еді. Жұрт айтқанына көнді, айдағанына жүрді. Ел арасында сыйлы мүшесі, әкімдік билігі Жайлыбай колында болды.
Жайлыбай кіріспеген іс - іс бөлудан қалды...
Заман құбылмалы дейді қарттар. Құбыла келе түрлі күйлер шығарды. Жұрттың астын үстіне келтірді, сұрапыл лайсанда аяқ - бас, бас - аяк болуға айналды. Көппен бірге заман шалығы Жайлыбайға да тиді: қоралаған мал бітті, қотандағы қой кетті; мал біткен соң сән бітіп, әкімдік биліктің қызығы қалмады.
Жайлыбай өзінен-өзі сырылып шетке шыға бастады. Бір кезде бас иіп шұлғып, айтканынан шықпайтын жұрт тілін сирек алуға айналды.
Кедейлер басынды.
Жайлыбай басылды.
Оқта-санда өткен күнін көксеп:
- Ой-қой, заман! - дейтін болды.
Бір айналдырған кұдай шыр айналдырады, шыр айналдырса, тым айналдырады. Ата бағынан, мал дәулетінен айрылып, ендігі мақсаты аштан өлмей тамақ асырау болып отырған Жайлыбайға ауылнай мықты кесір болды. Нәлөкті көп салады, жиынның бәрін Жайлыбайдың ауылы істейді.
Жайлыбайдың бәйбішесі кең пейілді-ақ адам ғой, шыдайын десе де жаны төзбеген соң:
- Жұрт құдайды неге ойламайды екен. Бізде не қалды деп жүр екен, -дейді.
Желіккен кедей бетің бар - жүзің бар дей ме.
- Берсең өзімізден жегеніңді бересің. Баяғыдан бері төбемізге көтергеніміз аз ба еді?! Біз үн шығармай-ақ шыдап ек кой, - дейді.
Бұған шараң бар ма?!
Бақ малда деген рас-ау, малы кеткен соң бағы кете бастады.Киелі атаның баласы деп жұрт сыйлауын кемітті... Қойшы-қолаңның қатындары да бояуды «сырға» айналдырды.
- Аруағыңнан айналайын қайран атаекем-ай, киелі атың жаман-жәутіктерге қол жаулык болды-ау! Ой-қой, заман!.. - деген бай мен бәйбішенің жүрегі қарс айрылды.
Өзгерген заман өзгергендігін қылады. Көңілге ұнайтын бір іс жоқ, заман озгерген.
Міне, сайлау, жұрт жиналған. Жиынға келетін кілең жарлылар, ши аяқ балалар жиналған. Бұрынғы кең құрсақ билердің, кербез мырзалардың орнына, тері киген, бұрынғыдай үлкенге сез беріп, әдеппен тыңдап отыру да жоқ; жап-жас балалар сақалы қауғадай біреулерге:
- Жұрт бүлдіргіш, жебір жауызсың, - деп шақ ете қалады. Мынау шетте отырған, арық пішінді, шоқша сақалына ақ кіре бастаған Байқасқа. Бір кезде аруағы арындап жұртты аузына қаратқан еріңнің бірі еді. Ендігі қалпы мүгедектікке айналған.
Көптің сөзіне қосылып бірдеме айтайын деп еді:
- Сізге сез берілмейді, шешендігіңізді ұсталған ұрыны босатуға жұмсамаңыз! - деп біреуі жекіріп тастады.
Бай болмаса да, байдың салтанатын құрып елге бас болуға тырысып жүрген Ерқожа «мен...» деп шығып сойлей беріп еді:
- Ерқожа ұры ұстайды, ұрының серігі, - деп жұрт шу ете қалды.
Қайтерсің.
Заман бұзылған!
Талдырмаш бақа сары жігіт әкімсіп книге көтеріп жүр.
- Жайлыекең қайда?
- Жай сұрадың ба?
- Сөттан қағаз бар.
- Не қағаз?
- Малайыңызға ақы бермеген екенсіз, сөл ізденіп сізге мың сом алтын «решение» салғызыпты...
- Бұл не деген сұмдық! Апыр-ау, құдайдан қорқып, аруақтан ұялмағандарыңба?!. Өгешеден-бүгеше малай ақысын бермеген үшін мың сом алтын айып тартқан кісі көрдіндер ме?!
Жайлыбай жылады. Бәйбіше дауыс қылды. Бір кезде алты алашты тітіреткен «Жайлыекеңнің» кара шаңырағы, көне тартқан құрымы айыпқа төленуге айналды.
Ой-қай, заман, заман!..


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

(Әңгіме)
Күн батып бара жатқан кезде төрт-бес адам бас қосып, Әлекең шомының басына шықты.
Күндізгі салқынның кеші еді. Күн ұзаққа соққан өткір жел кешке қарай баяулап, аздап қана салқын лебі бетті сүйіп өткен секілденді. Ауыл ың-жың дыбырлаған адам, кісінеген жылқы, мөңіреген сиыр, маңыраған қой - бәрі қосылып түбектегі жиырма шақты үйді басына көтеріп барады... Әйелдері сиыр сауып, ересектері өрістен келген қойларын бөліп алысып, қыз келіншектері су тасып сан-сапалақ жүріп жатыр.. Әлдекімдердің «еркенің өспесін, жұлының үзілсін» деп біреуді қарғағаны, жеті атадан козғап біреуді боқтағаны, «әже, нан!» деп бір баланың жылағаны - бәрі де осы ауылда... бәрі де тынышық кеште кайнаған ауылдың ішіне сіңіп жатыр...
Шом басында тұрғандар,бір қарағанда ауылдың осы күйін тамашалап тұрған адамдар секілді. Ауылдың осы күйін жұмаққа мезгеп, бұдан артық тұрмысты көксемейтін, осы тұрмысын Өскенбай өзіне беріп қойса, ырза болатын адамдар секілді.
Ақтаяғын кеудесіне тіреп, қара далбайды баса киіп Әлекең тұр. Екі қолын қусырып, бергеніңе шүкір дегендей насыбайын шырт-шырт түкіріп, нарттай жанып Әлекеңнің мырзасы тұр...
- Сонымен болысты не қылыпты дедің? - деп Әлекең кеңесін соза берді. Жұмағүл насыбайын түкіріп алып, бастаған әңгімесін аяқтауға кірісті.
- Әпербақан Сәрсембайдан кетісімен Омардың Сыздығы қалаға барып, ұлықтарға жолығыпты. Онда әлгі Күрдегей дейтін бар еді ғой. Ана жылғы болыс. Ақрамдарды түрмеден шығаратын... сол осы күні тәуір орында қызмет қылатын көрінеді. Омардың Сыздығы сен содия болып тұрған кезінен таныс екен, сол істерін жөндеп беріпті...
- Жөндегенде түсіретіні анық па екен?
- Анық дейді, ісін кандидатына тапсырады екен білем... Бірақ полкомның хатшысы, бай баласы деп оған істі беруге қарсы болып тұр дегенді айтты.
- Оның кім еді?
- Ол, әлгі Бейсен аулындағы Ыбырайдың баласы.
- Е, білдім... Баяғы Сәтекең үйіне молда болып тұрып, жұртқа ораза ұстатпаймын деп әуреленетін сабаз екен ғой... Ол бір бас терісі келіспеген неме еді. Елді бұлдіріп бара жатқан соң, Сәтекеңді қыздырып, үйінен айдатып шыққамыз... Құдайдың құдіреті, ондырмайын дегенде осылай болады ғой, сан тимеске, сан тиіп, енді Ыбырай баласы ел билеген соң не қыларсың?
Әлекең күрсінді. Әлекеңнің ойына өткен күндер елестеді.Баяғы өзінің би болып, Ахметтің болыс болып, дәуірлеп тұрған кездеріндегі істерін ойлады.
Ойхой, дәурен етті ғой! - деді.
Бай мен мырзаның кеңесін Нұрғали бастан-аяқ тындады.
Нұрғали осы ауылдағы мектептің мұғалімі. Аласа бойлы домаланған қатқан қара. Үстінде тозығы жеткен ескі пальтосы бар. Басында кепка, шашы жалбырап кепкасының артынан дудардай болып шығып тұр.
Болком хатшысы Аманбай дейтін. Аманбай Нұрғалиға таныс. Жасында медреседе бірге оқыған, бірге тәрбиеленген. Бір пікірлес болып, алғашқы кезде бала оқытқанда, араларынан хат үзілген емес... Аманбай не нәрсеге болса да жасынан икем еді Бірге жүргенде де қандай жаңалық болса да, Аманбай бұрын естуші еді. Бұрын есітіп Нұрғалиға өзінше түсініс беруші еді. Нұрғали ол кезде Аманбайды бір ақылгөй, жетекші есебінде санайтын.
Нұрғалида қазір ол көзқарас жоқ. Нұрғали Аманбайды жек көреді. Жек көргендегі өзінше тағатын иықты кінәсі Аманбай өзгерді, бұрынғы жолдастықты, достықты аяққа басты дейді.
Өткен жылы Нұрғали Өскенбайдың аулында бала оқытты. Өскенбайдың ауылы өлке бойындағы ауылдың ішіндегі көңілдісі. Қыз десең осында, қымыз десең осында, ойын-сауық десең сонда, Нұрғали бұл ауылда тұрғанда, өзінше көрмегенімді көрдім деп ойлады. Сол күйін бұзбай тұра бергісі келеді...
Болыстық кеңес комитетіне әлдекімдер жасырып хабар беріпті: «мұғалім бала оқытпайды, андығаны қыз, ойнағаны карта, ішкені арақ...» депті. Болыстық атком ағасы шақырып алып, кінәсін мойнына қойып, басқа жерге аудармақшы болды. Көңілі ұнатқан ауылынан Нұрғали кететін болды. Одан кет-кенде қандай жерден дәм бұйыратыны белгісіз. Нұрғали сасып ескі жолдас еді ғой деп, Аманбайға барып мұңын айтқан: «мені орнымнан қозғалтпа» деп жалынған... Аманбай бұған жәрдем берудің орнына «жолдастық өз алдына, іс өз алдына, мынаны істегендерің рас болса, сенің орныңнан қозғамақ түгілі мұғалімдіктен шығарып тастау керек!» деген... Нұрғали содан бері Аманбайды жек көреді. Аманбайды адамшылықтан шыққанға санайды. Жалғыз Аманбай емес, жалпы коммунист болған адамға сезіктеніп қарайтын Нұрғалида әдет бар. Коммунист болғандары - күні үшін, бақыт үшін, ақша үшін болып жүр деп түсінеді. Оларға қарағанда өзін ұлт қаһарманы сияқты көреді. Өзі сияқтанған адамдар болмаса, ел елдіктен қалар еді дегендей болады.
Әлекең жерден басын көтере түсіп, балықшы орыс құсап қалбиып тұрған мұғалімге қарап, жымиып күлді.
- Молда, осы Ыбырайдың баласы сенімен бірге оқыған жок па еді, онымен таныстығың қалай? - деді.
- Таныспыз қой, - деп Нұрғали күмілжіді.
- Жоқ, құр таныстығыңды айтпаймын, реті келген жерде, сөз тыңдатарлық жәйің бар ма дегенім ғой...
Әлекеңнің сөзінде, жымиып күлген күлкісінде «сен байғұстың қолыңнан не келер дейсің» деген пішін бар еді.
Нұрғали ойындағысын жасырмай айтуға кірісті:
- Жоқ, менімен араз. Мені адамға санамайды. Олар коммунистер ғой, төре ғой, үстен қарайды, - деді.
- Жәй араздығың болмаса, коммунистер мұғалімге қарсы болмаса керек еді. Осы ауылға мектеп ашып беріп отырған Жұман коммунист. Екі күннің бірінде үйіне хат жазғанда: мектептерің дұрысталды ма; мұғалімдерің дұрыс па?» деп қақсайды да жатады... Мұғалімдерді ұмытпаса, оны жазбас еді іой, - деп, Ербосын мұғалім сөзіне қол қоймайтындығын білдірді. Ербосын, манадан бері сақалын сипай түсіп, сөзді тыңдаумен отыр еді. Қостамай да, қарсылықта білдірмей, өзімен-өзі болып отырған адам секілді еді. Енді аяқ астынан мұғалімнің сөзін іле түскенін, Әлекеңде, мырзада, Нұрғали да ұнатпайды, ежірейісіп қарады.
Ерекеңнің білмейтіні жоқ, - деп Жұмағұл кек ете түсті.
-Е, советтің еркесі ғой. Бұлар білмегенде кім біледі, - деп мысқылдады.
Бай мен мырзаның екеуі бірдей іле түскенде Ербосынның қасына келді:
-Еркесі болайық-болмайық, білгенді айтқанға айыпты емес шығармыз деймін, менің қарауымша, коммунистер нақ мұғалімнің айтқанындай болмауға тиіс. Коммунистің бірі Жұман болса, үйіне келгенде отымен кіріп, күлімен шығады. Төрелікке қалғанда, Жұманның отырған орыны ешкімнен кем емес, ірілік қылса, солар қылар еді ғой...
Жұманның ірілігін көре алмай жүрген шығарсың, ірілігі ұқсаса кісіге айналып та қарамайтын мінезі бар. Оны қайтесің? - деп Жұмағұл мұқатпақ болды.
-Ол ірілікті бізге істемейді. Мүмкін, ұнатпаған байларына, мырзаларға істейтін шығар. Оған қарап Жұманды ірі деуге бола ма екен?
-Ай, құрып қал, осы сөзің құрысын-ау, қит етсе, бай, кедей деп бөліне қаласындар. Бөлінгенде не таппақсыңдар? Бөлектің кедейді жарылқағанын да көріп отырмыз?! Бес-алты қараларына налок салғаннан басқа не бітірді? Мал бөліп берді ме ? Құрал-сайман берді ме?!. Былтыр, Жұман ауылдық жиылыс болғанда, судырлатып, жұмақты бір күнде орнатқандай болып кетіп еді. Әлі берген дымы жоқ, жалғыз бітірген жұмысы ауылға школ ашып еді, оған да үй таба алмай, ақырда менің үйіме оқытып отырсындар...
-Үйіңді тегін беріп отырсың ба, ақшамызға беріп отырсың, - деп Ербосын жауапты қысқа берді.
Әлекең кейіп кетті:
-Боқ жеген күшіктің айтып отырған сөзін! Сендерден ақша алмағанда, мен аштан өліп, көштен қалатын шығармын... Жақсылық қылғанның қадырын білу деген жоқ-ау. Менің жазығым сендердің балаларың оқысын деген ғой...
Жұмағүл әкесінің сөзін бөлді. Мұндай сөзді Ербосын сияқтымен сөйлесудің өзі ар деп білді. Ербосын деген кім? Кешегі есікте жүрген малайы! Енді бүгін байға қарсы сөз айтпақшы... Масқарашылық емес пе?..
Әлекең мен Ербосынның сөзін тындап, Нұрғали мұғалім былай деп қорытынды істеді: -Әлекең ел адамы, қайырымды кісі; Ербосын - дәлду, қыздырманың тіліне еріп азып жүрген адам, кісі жақсылығын бағаларлық құдіреті жоқ...
Қас қарайған кезде үйге кірісті. Байдың келіні Күлбарша, лапастың ішінде, лаулап жанған самауырынның жанында тұр еді. Қара көлеңкедегі оттың жарығында тұрып, сырттан қараушыға Күлбарша хор қызындай болып көрінді. Басқаға қалай болғанын кім білсін, Нұрғалиға солай көрінді. Нұрғали көзді қадады. Күнде көріп жүрсе де бүгін бір өзгеше адамды кездестіргендей қалыпқа кірді, ішінен: «Ым... сені ескеру керек екен!..» дегендей болды.
Жұмағұл мен Нұрғали қалаға келіп кіргенде, базардың жаңа қызып жатқан кезі еді. Ел ішіндегі поселке болғандықтан, мұның базарына келушілер де сол маңайдағы поселкенің орыстары мен ауыл қазақтары еді. Орысқа қарағанда қазақ саудасы қызу секілді: мал сойып, ет сатып тұрған да қазақ; темекі өлшеп сатып тұрған да қазақ; ескі-құсқы нәрселерді жиып, сатып тұрған да қазақ. Орыс, ноғайдың саудасы ірірек; олар товармен сауда қылып тұр...
Қала маңындағы ауылдардікі болса керек, бір-екі арбаға піспегін қақитып сабаны байлап қойыпты. Орта жастағы әйелдер, көзінен сорасы ағып, күпісіне қымтана түсіп, қымыз саудасын істеп тұр. Суықта қымызға кім жоласын, маңайынап өткен адамдар ысырылып кетеді. Адырақ көзді кемпір тұсынан өткен адамға бір сөйлемей қалмайды.
- Айдамыр, қымыз жақсы, қымыз тәтті!.. - дейді.
Базар қызу. Бірін-бірі ұтуға құмарланып өліп барады
Әсіресе көперетіптің әлсіз жерінде, поселке базарлары осылай болмақ қой.Базардағы бір қызу нәрсе - ішімдік екен. Екі кісі қол соғып, саудасын бітіре бергенде, жанына жақындасаң:
- Мәгәріш, ішкісезің! - деген сөздері құлағың асап ете қалады
Кейбір орыстар, мал сатқандар болса керек, бірер қазақты ортасына алып, арбаның түбінде отырып, «көк мойынды" сіміріп жатыр. Күннің суықтығы, ұшқындаған қар ойларына кіріп те шықпайды. Қызу, жылы, екі беттерінен қызарып оты шығып тұр.
Базардың шеткі жағындағы брешкенің ығында екі бөтелке арақ. Арақ жанында туралған нан, сарымсақ, қазы-қарта мен кісі. Сыпайылап қырыққан шоқша сақалы бар. Кішкене кеп жымиып, күлімсіреп түрған секілді.
-Әйда, Иван, кетер, дүние екі айналып келмейді, - деді.
Жирен сақалды Иван, стакандағы арағын сіміріп болып, шалып жатып, түсінген-түсінбегені белгісіз:
-Да, да! - деді.
Иван айналып қарады да, бірдемеге қуанып кеткендей болып:
-Ай, Жұмағүл, мұнда кел!.. - деп айқайды салды. Сүріне-қабына орнынан тұрды. Жұмағұлдардың тұсындағы қаланікі, ісмір соғатын ұста еді. Жұмағұлмен әйдік тамыр.
Әйда, ішесің! - деп бір стаканға толтыра арақ құйып берді. Екінші стакан Нұрғалиға берілді. Бөтелке үстіне бөтелке жамылды. Ішіліп жатыр, кетіп жатыр... Қан базардың іші, өткендегі кісілер күліп қарайды. Бұлардың ісіне қызығатынын, әлде мысқылдап күлетінін кім білсін... Бір кезде, бұрыннан ішіп отырған қазақ қызып кетті білем, былтырақтап Жұмағұлға төпей бастады:
-Сен мырзасың... Кәкөй шорт сен мырза... От, мен мырза болсам... Солай ма, Иван?.. Мен мырза бүкіл қарашұнақты бір уысқа сыйдырар едім... Өзім болыс болар едім... Солай ма, Иван. Сіздікіне қонаққа барар едім... Иван! Мен қонақ барсам, сен ас бересің?.. Мен саған арақ берем...
Жұмағұл баста тындап отырған сияқтанса да, артынан қызуланып кетті:
-Мен мырзалықтың жөнін сенен үйренбеймін! - деді.
-Үйренерсің, мен саған үйретуге жарармын...
-Жоқ, жарамассың...
-Сен түгіл әкеңе де үйрете аламын...
-Тарт тілінді!
-Тартпағанда кайтесің?!
Оның ар жағында айтатын сөзді екеуі де таба алмады. Екеуі жұдырыққа ерік берді...
Нұрғали зорға дегенде айырып, Жұмағұлды сүйемелдеп арашалап алып келді. Қызып алған Жұмағұл ақыл айтқанды тыңдар емес, ақыл айтса, ерегісіп кетеді. Нұрғали да бастапқы кезіндегідей емес еді. Көзі бұлдырап, дүние айналып тұрған сияқты еді... Төбелес шыққан соң Жұмағұлдардың арасына түсемін деп жүріп, азырақ есін жинағандай болды. Қан базарының ішінде құлап жатудың ұят екенін сезгендей болды. Әсіресе
аржағынан біреулер келіп қалып жүрсе, мас болғанын көріп, орнымнан шығарып тастай ма деп қорықты... Арақ ішуге отырғанда, арақ ішіп мас болып, төбелеске кіріскенде, Нұрғалидың басына бұл ой кірген жоқ еді, арбаның қасына келгесін қайдан сап еткенін өзі де білмей қалды...
Бір-екі жас жігіт, кім екенін Нұрғали көзі бұлдырап айыра алмады, арбаның тұсынан өтіп бара жатып:
- Мырзаның жатысы жарайды! - деді.
Шынында да Жұмағұлдың жатысы қызық, арбаның жанында ұзыннан сұлап жатыр еді. Екінші біреуі тесе қарады да:
- Мынау сол ауылдағы мұғалім ғой!.. - деді.
Нұрғали айналып сыртын берді. Әйтпесе, сөзден құтылмады.
- Мырзанікі мырзалық болсын, қан базарының ішінде мұғалімнің арақ ішіп қылжандайтын жөні жоқ-ақ екен!.. - деді тағы біреуі.
Осы мен шынымен қылжындап тұрмын ба деп, Нұрғали арбадан ұстаған қолын босатып еді, тәлтіректеп құлап кете жаздады...
Бірдемеден шошып оянғандай Жұмағұл басын көтеріп алды:
- Молда, арақ әкел!.. -деді.
Екі бөтелке қалталарында, аттың басын жолға салып, екеуі арбаның үстінде ішуге айналды. Жұмағұл манағыдан гөрі есін жинағандай... Бастапқы кезде тілі тұтығып сөйлеуге келмесе де, арт жағынан ашылғандай болды...
- Мен, мырза. Менде мал көп. Әкем шал, өледі. Малдың бәрі менікі... екі жүз жылқы бар... Ортан қолдай құр жүрген жиырма ат бар. Әй, молда, сен білесің бе менің қара жорғам... Но жорға! Құла биенің баласы. Болыс болсам, қоңырау тағып үш қара атты жегер едім. Менің пәуескемді көрдің бе?.. Қатыннан келген... Менің қатыным сұлу ғой, молда, ә?.. Мені сүйеді... Мені жанындай көреді... Молда, мен болыс болсам, сен маған кесір боласың ба? Бәлем Ордабайдан кек алсақ!..
Стакан жоқ болған соң бөтелкенің аузынан сімірді. Сімірген сайын шашалып, буынып қалған сияқты болады... Ат тоқтай қалды.
- Шырағым Жұмағұл, сенде жұмысым бар еді, - деп домаланған бір шал арбаға келіп төнді. Жұмағұл тесе қарады. Ұмтылып арбадан түсейін деп еді, Нұрғали басып жібермеді. Түсе алмаған сөң қолындағы бөтелкені жіберіп кеп қалды. Бөтелке шалдың басынан асып барып, арбаға тиіп күл-талқаны шықты...
- Оңбассың, шырағым! - деп, шал арбасына мініп, жүріп кетті... Даланы басына көтеріп Жұмағұл сақылдап күлді. Күлгеніне ме, әлде шалға бөтелке жібергеніне ме, Нұрғали мырзаны жек көре бастады.
-Жынданып не? Тыныш қана отырсайшы! - деп еді, басы қалтактап Жұмағұл Нұрғалиға тесе қарады. Аузы жыбырлаңқырап тұрды да, тіпу... деп былш еткізіп бетіне түкіріп жіберді. Мырзаны сыйласа да, мырзадан корықса да Нұрғали оның бетіне түкіре алмады. Кек те көрген жоқ... Көзіне әлденемелер елестеп, ойын бір жаққа бұрып әкеткен сияқты болды...
- Бұларың не, тұрсаңдаршы!.. - деген дауысқа Нұрғали көзін ашып қалса, қас қарайып кетіпті, ат албарға келіп тіреліпті. Жандарында ашуланған сияқтанып па, күлген сияқтанып па -Күлбарша тұр. Нұрғали бар әлін жиып күлімсіреген сияқты болды. Мырза арбаға ұзыннан сұлап қылжиған екен...
Масқара ғой!.. - деп Күлбарша ренжігендік білдірді.
Жұмағұлдың отауында шай қайнап тұр екен. Нұрғали отырып шай ішті. Қанша ішкенін де білмеді. Аузы аузына жұқпайды, сөйлеп отыр, бірақ не сөйлеп отырғанын өзі де сезбейді... Оқта-санда Күлбаршаға көзі түсіп кеткенде, Күлбаршаның өткір көзін қадап, күлімсіреп отырғанын көреді. Одан сайын сөйлеуді үдете береді...
Күлбарша төрге төсек салып берді. Нұрғали шешініп жатқан соң көрпе әкеліп жапты. Көрпе жауып кете бергенде:
-Жеңгей, бері келші! - деді.
-Неге, жай шақырдың ба?.. - деп жанына төніп еді, Нұрғали білегінен шап беріп ұстай алды.
- Ойбай, ұятсыз... Біліп қалар... -деген Күлбаршаның бәсеңдеу ғана даусы шықты. Одан арғысын Нұрғали есіткен жоқ. Әлдене кезде есін жиғандай болып еді, үй іші тастай қараңғы екен: ит пе, адам ба - бірдеме бетін, мойнын жалап жатқан сияқты болды... Бұл - қойнында жатқан Күлбарша еді... Нұрғалидың есі кіргенін білді білем:
-Маған қиянат қылдыңыз-ау! - деді. Ар жағы тағы сүйіске айналып тарта берді...
Қане, мұғалім, қартаңды неден қойдың? - деп, арық келіп сіріңке қара жігіт, қолындағы қартаны араластырып отырып, ойнақшыған кішкене көзін Нұрғалиға қадап қойды...
-Алды үш, арты екі, бес сом...
-Әлгі бес сом бар емес пе?
Иә, бәрі он сом болды.
- Ақшада бай.
- Тарта берсейші, ақшаң кетер дейсің бе?..
-Болмайды, несиеге берілмейді... Қартаң бәйгесіз, - деп қаратып отырған жігіт екінші адамға бұрылып кетті...
Үй іші толған адам. Тартысқа жиналған бозбалалардың сорпаға шығарлары осында. Жұмағұл да ойнап жатыр. Ауылнай да бар...
Көптің көзінше ақшасы бітіп, ойыннан шығып қалуды Нұрғали өзінше ар көрді. Ақша сұрап дігірлеген «бәнкешіні» ит етінен жек көрді... Ауылнайды тізесінен тартып:
- Маған жиырма сом бере тұрасың ба? - деді.
- Қой, шырағым, болмас, түнеугі отыз сомды да берген жоқсың ғой...
- Жал онжа алған соң берем ғой.
- Жал онжаң отыз сом, артығын қайдан тауып бересің?..
Тындап отырған жігіттер қалжыңға айналдырды. Біреулері есік жақтағы балаларға айқайлап:
- Мұғалімнің ақшасы бітті, езбозшик шақырындар, - деді қалжындап.
Қарта тартып отырған жігіт Нұрғалидың алдындағы екі қартаны алып ашып тастады. Біреуі қиықтың тұзы екен.
- Мұғалімнің ақшасы болмай, «пожар» қор болды-ау... -деп бір жігіт тағы күлді...
Нұрғали ашуланып тұрып кетейін десе де, қарта тарта бастаған соң кідірді. Сегіз қарта ашылды. Ендігі «девятый вал», қарта тартып отырған жігіт ептеп қана ашып қарады да, қуанған немедей жұлып алып, жерге қойып қалды. Киіздің шаңы бұрқ етті... «пожар» екен!
- Әй, мұғалім, таланың жоқ! - деп жұрт шу ете қалды.
Нұрғали күйікке шыдай алмай тысқа шыға жөнелді.
Қысқы аяз, түн, сасық үйден шыға келгенде, таза ауаның бетке келіп соғып, денені жайландырып жібергендей болды. Түймесін ағытып Нұрғали азырақ салқындады. Қайта барудан мағына жоқ. Қарызға ақша беретін адам жоқ. Ендігі әдемісі -тартыс болып жатқан үйге бару, қыздардың арасына отырып, ойнап күлу...
Қыздар есіне түскенде, Нұрғалидың ойына алдымен Ділдә келді. Ділдә Жұманның қарындасы. Аққұба келген, бойжетіп отырған қыз. Мінезі, күлген күлкісі, жүріс-тұрысы да басқа қыздардан бөлек секілді... Нұрғали бұл ауылға келгелі дұрыстап бір-ақ рет көрді. Жұманның әкесі де, шешесі де аңқылдаған адамдар: оқыған адам болса бәрін, Жұманның жолдасы болған соң, оны сыйлау керек, конақ қылу керек... Өткен жұма күні Нұрғалиды да шақырған. Бұрын сырттан көріп байқамайды екен. Нұрғали Ділдәні сол жерде анықтап көріп еді.
Кішірек келген земленкенің есігінен төріне шейін сықылған адам. Кіріп келгенде, ыстық леп мүңкіп бетке соғады. Аспалы шам леппен тұншығып, қалтырап жанып, жарығы көмескі ғана түседі.
Есік алды толған балалар екен, мұғалім келе жатыр десіп, сырылып жол берді. Оң жақтағы пештен төрге шейін қыз-келіншектер қатарынан тізіле отырыпты. Оған таяу бозбалалар...
Мұғалім келді, орын беріңіздер, - деді біреуі.
Жұрттың бәрі қарай қалды. Нұрғали аз-кем қарап тұрды да, Ділдәға қарсы барып отырды.
Алақан соқпақ ойнап жатыр екен. Бір қыз бен бір жігіт белбеуді шиыршықтап есіп алып, жұртты аралап жүр. Кезек Ділдәға келді.
-Қолыңызды әкеліңіз, - деп белбеу ұстаған жігіт Ділдәға ене қалды.
-Ақырын ұрыңызшы, қолымның терісі сойылатын болды, - деп Ділдә күлімсіреп, жеңінен шығарар-шығармас қылып қолын ұсынды.
-Кім?
-Тап мына кісің! - деп Ділдә Нұрғалиды көрсетті.
Нұрғали күлімсіреп қолын соза берді. Еркекке келгенде қыз ұрады екен. Көнтек ерінді баттиған қара қыз, белбеуді мидеңкіреп ұстап, пәрменімен тартып өтті. Нұрғали ыршып түсті.
-Апырым-ай, ұрғаныңыз қалай қатты еді? - деді.
Қыз күлімсіреп:
-Кімде? - деп қысып барады.
-Сол кісінің өзінде!
Ділдә мен Нұрғали екі-үш рет біріне-бірі сілтеді. Алақандары дуылдай бастады.
Ділдә еркелеген пішінмен:
-Бізден біреуге аударсаңыз қайтеді?.. - деді.
Ділдәнің айтқанын екі етерлік құдірет Нұрғалида жоқ екен. Кезекті басқа адамға бұра қойды, бірден-бірге кетіп есікке қарай ұзады.
Жұрт күбір-күбір сөйлесіп отыр, сырласып отыр. Қыз ба,келіншек пе біреу сыңқылдап күліп:
-Айтқаныңыз жаңа, асыққаныңыз не? - деді
Есіктен адамдар бұрылып қарады.
Ділдә мен Нұрғали қарама-қарсы тіл қатыспай едәуір отырып, сөзді Ділдә бастады:
-Сіз қарта ойынынан келдіңіз білем...
Қарта ойынын айтқанда, Нұрғалидың ойына қиықтың тұзы түсті. «Ауылнай жиырма сом бергенде бәнкені көтеретін едім»деп ойлады. Ауылнайға, қарта ойнап отырған адамдардың бәріне ішінен лағнат оқығандай болды.
Ділдә Нұрғалидың жауабын күтпестен, сөзін қайта бастады.
- Сіз осы көменес емессіз бе?
- Неге?
- Әшейін сұрағаным ғой... көменес адам қарта ойнамауға тиіс қой, менің бапамның қарта ойнау, арақ ішумен жұмысы жоқ..
- Менің сопы болғандығымды тілейсіз бе?
- Сопылықтан емес қой, қарта ойнау, арақ ішу деген жақсы мінез емес шығар деймін... Бар тапқанын картаға ұттырып азып тозып жүргеннің не жақсылығы бар дейсің...
Ділдә мұны Нұрғалиға арнап айтқан секілді болды. Өзі ұтылып ашуланып отырған адам, кісі сөзін көтере ала ма? Нұрғали ашуланбақшы да болды, айыбын бетіне басып отырған Ділдәдан бұрылып, сырт беріп кетпекші де болды. Бірақ істей алмады. Нұрғали сол отырысында сиқырланып отырған адам сияқты болды да қалды. Ділдә күлкісімен, жұмсақ майда тілімен Нұрғалиды арбап отырған секілді. Айыбын бетіне айтып, мойындатып, ендігәрі соны істетпеуге тырысатын адам секілді...
- Сіз менің бапамды көрген жоқсыз ба?
- Көрген жоқпын.
- Көріп таныс болуыңыз керек екен!.. Менің бапам жақсы ғой. Ауылға келсе жұрттың бәрі де соның жанында болады. Кеш жұртты жиып алып ақылын айтып үгіттейді де отырады.
Ділдә ағасының жәйін айтты. Ағасының өзі оқытқанын, орысша ептеп хаттанитынын, ағасының жаздырып берген газет, журналын үзбей оқитынын айтты...
- Сіз көрдіңіз бе, «Әйел тендігі» журналында бір оқыған жігіттің қызды сүйем деп алып кеткенін жазыпты... Еркектерде уәде жоқ болады ғой, - деп Ділдә күлді.
- Еркек деп жалпы айтпаңыз, оның ішінен алдаушысын айырып шығару керек.
- Әрине, менде бәрі бірдей сондай демеймін. Көпшілігінде осы мінез бар. Әйелге әлі күнге ескі көзбен қарайды. Әйелді мал орнына ұстағысы келеді. Шынында да әйелге қарағанда, еркектер бұзық қой. Не бұзықтық болса да еркектен шығады
- Сіз, өз басыңыз біреуден жәбір көрген адам кұсап соқтыңыз-ау.
- Өз басымның жәбір көрмегені кемдік емес, әйел атыпа келген кемдікке бәріміз де ортақпыз.
Сөйлесе берсе жеңіліп қалам деп қорықты білем:
- Оныңыз дұрыс қой, - деп Нұрғали сөзін бөліп жіберді..
Есік жақтағы бозбалалардың біреуі ән шырқап, өлең айтты
«Айтамын айт дегенде боз белбеуім,
Болса да жаман, жақсы өз белбеуім.
Көп айдың көрмегелі жүзі болды,
Жүрмісің аман-есен, көз көргенім!..»
- Уай, пәле! - деп жастар жағы қостап қойды.
Үйге таң сәулесі кірген кезде жұрт тарады. Ділдә кетуге ыңғайланып тұрып:
- Ертең біздікіне келесіз бе? - деді.
- Барайын, -деді Нұрғали.
- Келіңіз, менде қызық кітаптар, журналдар, газеттер бар, бірге отырып оқиық...
Үй іші қара көлеңке, төр алдында аяғын көсіліп алып Аманбай отыр, оған таяу Нұрғали, шет жақта Жұман.
- Мен сізді айыптамаймын, - деді Жұман, - сіз адассаңыз біле-көре адасып отырған жоқсыз, сізді адастырып отырған елдің қулары. Елдің қуларына қолжаулық болып кетіп отырды. Олар өз ісін теріс деп еш уақытта да айтпайды. Сол ісін қарыққа шығару үшін оларға құрал керек. Сол керек құралың оқытушылар. Өздеріне баулап, оқу жұмысын ілгері бастырмаса, мектепті ел кедейіне жексұрын қылып көрсетсе, олардын арманы бітеді. Олардың сендерден тілейтіні сол ғана.
- Да!.. - деп Аманбай күрсініп, даусын созып барып тоқтады.
ІІІылымын тартып алып, Жұман сөзіне қайта кірісті:
- Бір жағынан қарағанда, ел мұғалімдері сана-саңылаулары жиылмағандығынан қақпанға түседі. Мектеп кімге тән, мұғалім еңбегі кім үшін болу керек? Мұғалім еңбегін қай жолмен сіңіру керек? Міне, бұл мәселелер мұғалімдердің бес саусағындай біліп отыратын мәселелері. Мұны білмесе мұғалім дұрыс қыз-ме г атқарған болмайды. Бір жұмысты істегенде, сол жұмысың кімнің пайдасына істелетіндігін адамның біліп отыруы керек кой, әйтпесе не болса о болсын деп істеген істен не жеміс шықпақшы. Мұғалім міндеті күшті, мұғалім ауылдағы мәдени күшіміз. Ауыл надан, хат танитыны сирек. Елді социализмге жеткіземіз, социалистік шаруа құрамыз дегенде, алдымен соларды сауаттандырып алмай болмайды. Оны істеу үшін оқыту жұмысын күшейту керек. Бізде бұл күнге дейін мектеп деген құр аты болып келді. Былтыр уездік оку бөлімімен жағаласып жүріп осы ауылға мектеп ашқан болдым. Алты ай қыс балалар бір күн дұрыс оқымаған көрінеді. Оқитын орын жоқ, байдың астық қоймасын жалдап алып мектеп қылған екен, жазға салым, малы төлдеген соң, төлін қамап, балаларды айдап шығыпты. Сөйткен оқудан не шықпақшы?! Ел шаруашылығы көтеріліп келеді. Бұлар сана-сезімі оянып, досы мен қасын, пайдасы мен зиянын айырарлық болып келеді. Мынау саған пайдалы деген істі істеуден ел кашпайды, соны істете білу ғана керек... Мектеп жоқ деп жылаймыз. Салса, мектеп болу қиын ба? Осы ауылда жиырма үй бар екен. Соның он бесі кедей мен орташалар. Байды екі бастан былай шығарып қоямыз ғой, сол он бес үй күшін біріктіріп кіріссе, ә дегенше салып алады. Бірақ ел өздігінен істемейді. Елге басшы, жетекші керек. Міне, осы жетекші, елдегі мұғалімдер болу керек. Мұғалімдер елдің қай жұмысында болсада, жетекші болып отыруы керек. Елдің тап сезімін оятып, тап мақсатын алға тартып отыруы керек. Мұны істемесе, кеңес мұғалімі үстіндегі міндетін атқарған болып шықпайды.
Жұман тоқтап шылымын тартты. Миына қонайын деді ме дегендей көзінің қырымен Нұрғалиға қарады. Нұрғали терлеп-тепшіп қысылып отыр еді.
Аманбай аяғын жия түсіп, Жұманның сөзін тірілтейін дегендей:
- Бәрін айт та, бірін айт - кінәнің бәрі мұғалімдерде де, -деді. - Мұғалімдер жалқау, оқиын, білейін деп тырыспайды, көбі газет алып оқымайды. Биыл газеттің өкілі келіп, газетке жазылыңдар дегенде, екі сом ақшаны қиып біреуі жазыла білмеді. Мұғалімнің білімін толықтыру үшін үкімет қам жемей жатқан жоқ. Жыл сайын курс ашылады, сол курсқа барып, дұрыс оқыған біреуі жоқ. Көбі өтірік ауырдым деп елге келгенше асығады. Елге келгесін, бар өмірін қыдырумен өткізеді. Бірсыпыра мұғалімдердің оңбай жүргеніне екінші бір себеп -ескі көзқарастан арыла алмай келе жатқандығы. Әлі күнге ескіні көксейтін мұғалімдер жоқ емес. Кеңес үкіметін, кеңес тұсында істеліп жатқан істерді шаншу көретіндері де жоқ емес. Соны істегенде мынасы былай деп толық дәлелмен көрсетіп берсе екен-ау. Ол жоқ. Кұр, әшейін соқыр сезім «пәленше жек көреді, түгенше жек көреді, солар бірдемені білетін шығар...» дегендік. Бұл күйге түскен соң не ғып оңсын!.. Мұғалімнің бірі мына Нұрғали. Нұрғалиды білмейтін шығарсың, мен жақсы білем. Бұл менің бірге оқыған жолдасым. Оқып жүрген кезде екеуіміз сырласушы едік: «Тізгін қолымызға тиіп, елді соңымызға ертіп оқу жұмысын дүрілдетсек-ау», - деп арман қылушы едік. Ол кезде мұны істеу мүмкін емес еді. Енді кеңес тұсында мүмкіндік болып отыр. Кеңес үкіметі оқушыларды мандайынан сипап, барың болса, еңбекші елге төк, еңбекші елді тап жолымен тәрбиеле деп отыр. Бұдан артық не керек? Оқып жүрген кездегі арманның өзі осы емес пе еді?..
Аманбай Нұрғалидың бетіне қарады.
- Осы еді ғой, - деп Нұрғали күрсінді.
- Ендеше қазіргіңе жол болсын. Алты ай қыс бір күн дұрыс бала оқытпайсың, Жұмағұл мен Дауылбайдың атына мініп, арыз жазып ат пекеттік қылумен болыпсың... Өткен жылғы істерінде істегенің анау. Сен маған өкпелейтін де шығарсың. Бірақ өз кінәнді ескерсең, өкпелемессің деймін. Мен саған ұрыссам, істеп жүрген ісіңе қарап ұрысам...
-Ой, сен мүлде катты кеттің ғой, - деп Жұман күлді.
-Жоқ, айтсын, айтатын жөні бар. Айып менде, мен соқыр болған екем. Мен адасқан екем. Құр өзім адасып қана қоймай, елді де, өзіме ерген жастарды да адастыра жаздаған екем. Қатамды енді көріп отырмын. Кім екенімді енді біліп отырмын. Жалпы бүгін ғана емес, бұдан бір ай, екі ай бұрын сезе бастап едім. Бір періште мені өзіне баулыды. Менің ісімнің қисықтығын бетіме басты. Мені қанатының астына алып, тәрбиелемекші болды. Енді оның үстіне сендер келіп мынаны айтқан соң, мен бұрынғыдан да бетер бел будым... Мен бірдеңе айтайын, нанасыңдар ма? - Нұрғали біресе Жұманға, біресе Аманбайға қарады.
-Айтып көр, нанайық.
-Нанбасандар, бүгіннен бастап мені бұрынғы Нұрғали емес, жаңа Нұрғали деп санандар! Нұрғали анадан жаңадан туды деңдер!.. Мен анадан жаңадан туғандай болып отырмын... Бұрын сендермен бірікпесем, сендердің істерінді бағаламасам енді бүгіннен бастап қол ұстасып отырып іс істеуге ант берем!.. - деді.
Аманбай орнынан ұшып тұрды.
-Жаса, жаса, Нұрғали! Бәсе, сенен үмітім осылай еді ғой!.. -деп арқасынан қақты...
Есік ашылып, үйге біреу кіргендей болды. Бұл Ділдә еді.
-Бапа-ау, дала әдемі-ақ, азырақ далаға шығып, неге бой көтермейсіндер, -деді.
Нұрғали үстіндегі ауыр жүкті біреу жұлып алып тастағандай, бойы жеңіліп, көңілі көтеріліп отыр еді. Есіктен кірген Ділдәні көрген соң мүлде тасып кетті.
-Мені баулыған періштенің кім екенін білесіндер ме? -деді.
-Білеміз! - деп Жұман күлімсіреді.
-Ол міне! - деп Нұрғали Ділдәні көрсетті. - Мені баулыған періште осы! Менің қатамды бетіме басты. Маған кітабын, газет, журналын беріп, оқы деп қыстады... Осының көңілі үшін оқыған сияқты едім, оқи келе өзім көміліп кеттім. Үзбей оқитын болдым.Осының тілімен Жұманға хат жазып, пікір алыстым, білім сұрадым, ақыл сұрадым. Мен бұл жөнінде Ділдәға мықты қарыздымын!..
Жаңадан салынған мектеп үйі. Үлкен бір бөлме. Төрт терезесі бар. Іші толған балалар отыратын парта. Төрде, айналасын гүлмен ораған Ленин суреті тұр.
Үй толған адам: кемпір, шал, қыз-келіншек қалмастан жиналған, иін тіресіп отыр. Нұрғали орнынан тұрып, қолын столға тіреп, көпке қарап сөз сөйледі:
- Бүгін октябрьдің төрті! Ұлы мейрамымыз. Қазақстан үкіметінің құрылғанына биыл жеті жыл толып отыр... Алдымызда Октябрьдің он жылдық тойы болғалы тұр. Он жылдық тойға тарту есебінде осы мектепті саламыз деп биыл талап қылып едік. Жастардың жігерінің арқасында, елдің көмегінің арқасында мектебімізді салып бітіріп, Қазақстанның ұлы тойы күні ашып отырмыз... Үкімет те бір жағынан жәрдемдесіп, керегіміздің бәрін түгелдеп берді. Тегін ағаш берді, мына парталарды істетті, оқу сайманын түп-түгел қылып жіберіп отыр... Жалпы жастарға, игі жұмысқа ат салысқан ел еңбекшілеріне мектеп кеңесінің атынан алғыс айтамын!.. - деді.
Қатар тізіліп тұрған жас ұландар «жаса!» деп қолды ұрып жіберді...
Үй іші гу-гу әңгіме. Сөйлегіш екен деп біреулері мұғалімге танданып жатыр. Біреулері - мұғалімнің алты айғы жаз дамыл алмай, ел қарасын көрмей, қыстауда жатып, осы мектепті бітіргенін айтып жатыр.
- Сабаз, жігіт екен, іс қылып шығарды! - деседі.
Ербосын орнынан тұрып:
- Маған сөз бересіздер ме? - деді.
- Сөйлеңіз, сөз Ербосынға берілді.
- Менің айтайын дегенім - былтыр байымыз кекетіп: «Советтің бергені қане, керсетші!» - деп еді, өзі де келіп отыр екен. Соған көрсетейін деп едім. Әлеке, көріп отырсыз ба, советтің бергені міне, осы!.. - деді.
- Мен дегенде Ербосынның жыны бар шығар деймін, - деп, Әлекең таяғына сүйеніп, күбірледі.
Ептеп қана Қыстаубай ақсақал орнынан қозғалды.
- Уа, жұрт, бір кезде жастардың ісіне наразы болып жүрдік. Дүние бұлінді, енді жақсылық көрмеспіз дегенді де айттық. Былтыр осы мұғалім ауылға келгенде, мен өзім түңіліп едім. Ол бұзылған жастарды онан жаман бұзады ғой деп едім. Бір күні Алексейде жұмысым болып соған барғалы шықтым. Жолда мұғалім мен мына Жұмағұл мырза кездесті. Кедейдің оңған күні барма, шай-қант алатын ақша сұрап алайыншы деп тұрақалып, Жұмағұлдың жанына бардым. Жұмағұл мырза ақша берудің орнына, өзімді арактың бөтелкесімен ұрып, өлтіре жаздады. Мен сонда осы мұғалімге жаман өкпелеп едім. Мұны адам болады деген жоқ едім... Мен кателескен екем. Заман бұзылған жоқ, түзелген заман мұғалімді де түзеді. Мұғалім түзелген соң елдің жасын түзеді. Жастарды өзіне ертті. Қартаны қойдырды. Ішімдікті тыйды. Жастарды іске үйретті, адамшылыққа баулыды... Мына мектебіміз бүгін салынып бітіп отыр. Салушы жастар ғой, бірақ сол жастарды баулып, игі жұмысты бітіріп отырған - осы мұғалім. Мен бұған шын көңілімнен алғыс айтамын! «Өркенің өссін, ісің жемісті болсын!» деп батамды берем! -деді.
Жастар жағы бұрынғыдан бетер қол ұрып, мектепті басына көтерді. Мектеп тойына арнап, балалар сауық кешін койды, ән салды, тақпақ айтты...
Мәжіліске келген әйелдер де бір өңкейлеу отыр еді. Әйелдердің ортасына Ділдә отырып, оларға әртүрлі нәрсені айтып, түсіндірумен болды.
Бір жастау келіншек сыбырлап:
- Еркежан-ау, осы мұғалімге сені тиеді дейді, рас па?! - деді.
- Тисе қайтеді? - деп Ділдә күлді.
- Жоқ, әшейін сұрағаным ғой, бұдан жігіттің жігіті-ақ озар...
Бұлардың сөзін Күлбарша естіп қалды білем, сұрланып қанын ішіне тартып алды. Ділдәға ала көзімен қарап, атып жібергендей болып отырды...
Ертеңіне сабақ басталды. Үй толған балаларды реттеп отырғызып, сабағын беріп Нұрғали жан ұшырып, жүгіріп жүр еді. Есіктен Ділдә кіріп келді.
- Қайырлы болсын! - деп Ділдә күлімсіреді.
- Айтсын! - деді Нұрғали. - Әйда, кел, жәрдемдес. Бірігіп еңбек сіңірейік! Елді ағарту жұмысына жан салып кірісейік!


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

(Әңгіме)
Боран. Қар бораны... Қар бораны емес-ау, қан бораны!.. Желі ұйтқып соққанда, тұншықтырып дем алғызбайды. Қары майда,жабысқақ емес, тікенектей қатты; бетке тисе қарып, қаны-сөлінді сорып алғандай.
-Қатын-ай, үйі құрғыр азынап кетті ғой, тағы бірдеңе тауып жағасыңба!.. - деді Қайрақбай.
Аласа, тар жер үйдің іші ит байласа тұрғысыз, есігінен, терезесінен жел азынап үйдің іші қырауытып кеткен.
-Қайтейін, байғұс, отқа жағатын не қалды дейсің, лапастың төбесін әлдеқашан жағып бітірдік. Қар астында қалған азын-аулақ саңылтырын Дәмеш екеуіміз әлгіде қазып алып жақтық.
Шырынкүл пештің алдына отырып, сөніп бара жатқан оттыңң шоғын шыпшамен көсеп, тағы бір жайнатып қойды. Жанып біткен қамыстың шоғы қанша ұзаққа барсын, ә дегенше болмай сөніп калды. Шырынкүл шын налыды.
-Құдай-ай, жоқшылықтың да шегі болмайды екен ғой! Қара судан басқа ішетін бір ұрттам тамақ жоқ. Екі күннен бері дым татпай, жүрек қарайып отырғаны мынау! Мұның ар жағында не болмақшы? Не қыламыз? Немен күн көреміз?
Көзінен бүртік-бүртік жасы ыршып шығып, бетін жуып сала берді.
Жақ сүйегі сорайып, екі көзі аларып, еңсесі түсіп Қайрақбай отыр. Екі көзі жаутандап, әкесінің шоқпыт күпісіне орана түсіп, сегіз-тоғыз жасар бала - Таңсық жатыр. Бәрінен де қайғылы, бәрінен де жүдеу, біресе жылаған шешесіне, біресе еңсесі түскен әкесіне қарап, жаутандап Дәмеш отыр. Дәмештің қазіргі түрі адам шошынарлық, бұдан екі-үш ай бұрын адам сұқтанарлық келбетінің ешбір ізі қалмаған секілді.
Дәмешті мүжіген жалғыз аштық емес, басқа қасірет бар. Қайрақбайдың баласы Дәмеш пен Таңсық. Таңсықтың қолынан іс келмейді. Дәмеш бала емес, биыл он алтыға шығып тұр. Жұрттың он алтыдағы баласы кісіге жалданып, я үйінде кәсіп істеп, әке-шешесін асырап отыр. Дәмеш мұны істей алды ма?Балам деп мәпелеген, асыраған, өсірген әке-шешесіне қысылшанда Дәмеш не көрсетпекші. Екі күннен бері дым сызбастан аш отыр, енді неше күнге шыдайды? Шыдамағанда қайтпекші. Ұлтарақтың үйі құсап қол ұстасып шұбырып кетпекші ме? Шұбырып жүріп кешегі Рахымның шомын жастана жатып, қалып қалмақшы ма?..
Дәмеш мұны ойлағанда от боп күйіп кетеді, әке-шешесінің осы күйге түсуіне өзі себепкер болған секілденеді. Құдай-ау, неге ғана еркек болып тумадым екен?! Еркек болып тусам ең арғысы біреудің есігінде жүрсем де, қайыр сұрасам да, әке-шешемді мұндай қысылшаң күйге түсірмес едім!.. деп ойлаған сайын еңіреп-еңіреп алады...
Үй іші қара күңгірт тартып бұлдырлай бастады. Кеш болды білем, жағатын, жарық қылатын шам қайда? Пешке арқасын сүйеп, бүрісіп Қайрақбай жатыр. Қайрақбайдың қолтығын басын тыға Таңсық жатыр. Таңсыққа басын салып Дәмеш жатыр. Жалғыз Шырынкүл байының бас жағында, қазықтай боп қақиып тізерлеп ол отыр... Ой терең, ойлап-ойлап кеп күрсінгенде, жүрегі жарылып кеткен секілді болады.
Дала боран, жел ысқырады, ұлиды. Сақылдап күлгендей болады, сарнап жылағандай болады. Қараңғылық түнеріп, тұлданған күннің ызғарымен әлемді құшағына алып тұншықтырыи бара жатқан секілді!
Есік алды сықырлағандай болды. Сипалап есікті ашып, тәлтіректеп бір адам үйге кірді.
- Уа, бүгімсің?
- Құдайы мейманмын.
- Байғұс-ау, бізде не бар деп келдің? Өзіміз дым таба алмай ұлып отырмыз, байларға барсайшы!
Аяғын сықырлатып мейман аз-кем тұрды да, өлімсіреген дауыспен мұңын айтты:
- Ашпын, жаяумын, ешкім есігінен қаратпады. Тым болмаса түнеп шығуға рұқсат етсеңіздер!
Шырынкүл күрсінді.
- Жата ғой, жата ғой, - деді.

* * *
-Әй, басынды көтересің бе, - деп Шырынкүл Қайрақбай ды оятты.
-Не айтайын деп едің?
-Манағыны, манағыны қайтеміз?..
Қайрақбай жауап бермей, басын салбыратып отыра берді.
-Сен жаси берме, құдайдың салған ісіне көну керек! Көре біле өлеміз бе, қырыламыз ба?! Сен бата алмасаң мен-ақ айтып көрейін!
Қайрақбай әлдене уақытта барып:
- Мейлің! - деді.
- Қалқам Дәмеш!
- Ау, әже!
- Басыңды көтер. Біз сорлы болдық кой. Біз өлуге қалып отырмыз... Біз енді қайтпекпіз?
- Қайтейін, әже, қолымнан келетін нәрсе болса, басымды құрбан қылсамда, сендерді құтқарар едім, бірақ қайтейін!...
Дамеш көзінің жасына булығып. сөзінің артын бітірмей тоқтады...
-Қалқам Дәмеш!
-Ау, әже!
-Сен білесің бе, бізге өлімнен құтылатын бір жол табылып отыр ғой...
- Әжетай, айтшы! Қолдан келетін іс болса, кұтылып бағайық.Тым болмаса өзіміз құтыла алмасақ, Таңсыкты құтқарайық!..
-Оны істесек бәріміз де өлімнен кұтыламыз.
-Айтшы, әжетай, айтшы!
Шырынкүл біраз күрмеліп отырды да, сөзін бастады.
-Қалқам, өткен жайдың несін айтайын, өзің де білесің, сені жасыңда күйеуге беріп қойып едік. Былтыр күйеуің өлді. Әмеңгерім деп қайнағаң қатын үстіне алғысы келеді, мен де, әкең де төбе шашымыз тік тұрып сені айырып алуға жан салдык. Айналдырған төрт-бес қараны сыпырып байдан алған қалың малдың төлеуін бердік. Нақ ол күнде сені айырып алудан басқа біздің ойымызға ешнәрсе келмеді. Біздің бар тілегіміз сені теңіне қосып, қызығынды көру еді. Бірақ құдай онымызды қос көрмеген секілді. Біз тұңғиық жарға кез боп отырмыз. Бұдан шығудың амалын қарастырмасақ, бәріміздің де өлгеніміз. Бәріміз өлмей, біріміз ғана өлейік десек, ортамыздан сені құрбан қылғалы отырмыз, сені сатқалы отырмыз!
-Әжетай, мен шынымен пұл болам ба? Мен пұл болып әжеттеріңе жарасам, сендерді өлімнен алып калатын болсам, мың жаным болса да қидым, мен садаға?
-Рас айтасың ба, қалқам?!
-Рас айтам, әже, мен құрбандыққа әзір!
-Ендеше сені Тілеумағамбет тоқалдыққа сұрап отыр. Мал бермейді, үй ішімізді қыстан асырап қана шығады.
Дәмештің жүрегі мұздай боп, тұла бойы қалтырап қоя берді.
-Тілеумағамбет!
Тілеумағамбет алпысқа келген шал. Бай. Екі баласының еншісі басқа. Екі қатыны бар еді, тоқалы биыл жаз өлді. Апыр-ау өлейін деп отырып қызды қайтеді екен? Өзі өлгенше қатын үстіне болса да, балаларының біріне неге әпермейді екен?.. Болса да сатылатын болған соң, тым болмаса бір жас жігіттің душар болмауын қарашы!
Дәмеш отырған күйі қалшиып қатып қалды. Еңіреп жылағысы келіп тығылса да әжесі ренжіп кала ма деп кысылып,тістеніп үнін шығармады. Көзден шұбырған ыстық жас үн-түнсіз бетін бояп, қойнына құйылып жатты...
Төр алдында жатқан мейман тіленші ыңырсыды. Түс көрді ме қалай, сандырақтап сөйледі:
-Әй, қатын, наның күйіп барады... Табадағы нанды ал!, Маған бір үзіп берші, - деді.
-Нан!
Нан үшін жұрт не қылмай жатыр. Шұбырып кетіп жатыр, жүрегі үзіліп аштан қырылып жатыр! Әке-шешесі үшін құрбандыққа атап, Дәмеш сияқты қыздар құнсыз бәске сатылып жатыр!.. Әй, аштық, қылдың-ау.
- Қалқам Дәмеш! - деп Шырынкүлдің даусы қалтырап шықты.
- Ау, әжетай!
- Әлгіні қайтесің?
- Көндім, әже, көндім! Сендер үшін, жас нәресте Таңсық үшін бір түгіл мың басым болса да, қидым... Мен - құрбан! Мен аштықтың құрбаны!..


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

(Әңгіме)
Жасым 15-те, күйеуге шығу дегенді әзір ойлағандай болғам жоқ еді... Жұлдыздың 10 күні милиция келіп, «сені калаға алып барамын» деді. Ықтиярсыз келдім. Келген соң аныкталды. Мені алдырушы Асылбек Қалақбасұлы екен. Мен Қалақбасұлына тиемін деп еш уақытта сөз берген емеспін. Милицияға менің атымнан беріліп отырған қағазды подлог деп тануларыңыз керек.
Кеңес өкіметінің әйел бостандығы туралы шығарған заңға сүйеніп, байға тию-тимеуде мен өзімді ерікті деп санаймын.Оның үшін соттан өтінемін: менің сыртымнан подлог арыз берген және мені машақатқа салып, абыройымның ашылуына себепші болған Асылбек Қалақбас баласын заң бойынша жазаласаңыздар екен.
Арыз иесі: Зейнеш Күрдебай қызы».
- Бәрекелде, қалдырмай-ақ жазған екенсің, - деп отырғандар мақтасты. Арыз жазушы көтеріліп, жымындап қойды.
- Мә, шырағым, арызды өз қолыңнан бер! - деп қағазды Зейнешке ұсынды.
- Құдай-ау, сәтін бере гөр, қызымды алмақ түгіл, босағамда отырып бір аяк саумал ішуге жарамайтын Қалакбастың баласының-ақ ызасы өтті, - деп бәйбіше шіміркенді.
- Сәтін сұра, бәйбіше, осы күннің ыстығына шыжып, бәріміз бір намыс үшін келіп отырған жоқпыз ба? Әруақ жар болса, енді, ол бала құтылып кете алмас. Одан да үлкенмен шекісіп көргеміз! - деп шеткі жуан көтеріле сөйлеп, бес батпан кір орамалмен бетінің айғызданған кірін сүртті.
Зейнеш сұрғылданып, талдырмаш саусағымен бүктелген қағазды ұстап, соттың есігіне қарай майда басып жөнелді...


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

(Әңгіме)
-Әй, қоясың ба, - деп Мінайдар басын көтеріп алды. - Жетті ғой... Кісіні орынсыз күйдіресің?!
-Мен бірдеме айтсам күйесің де қаласың-ау, - деп қатыны Маржанкүл, ашулы қарқыны басыла түсіп, күмілжіп сөйледі.
Маржанкүл бәсеңдеген соң Мінайдар да кенет келген ашуды ыдыратып, сұрланған бетіне аздап қан жүгіргендей болып, тікірейген көзін Маржанкүлден аударды. Кішкене үндемей отырды да, ашуының тарқай бастағанын білдіргісі келген адамдай:
-Кісі тіліне көп ересің, соныңа ашуым келеді. Болмаса ұрыс шығаратын осында не бар? Жалғыз мен бе, жұрттың бәрі де барып жатыр, - деді.
Соңғы сөзді айтқанда Мінайдардың ашуы түгел тарап, қалыпты күйіне келіп еді. Маржанкүл осы қалпын сезгендей болып, о да бұрынғыдан жұмсара түсіп:
-Жұрттың бәрінің де барып жатқаны рас-ау, оның үшін ашуланбаймын ғой... Менің қытығыма тиетіні Сары шешейдің үйіне жиылатындарың, басқа үй құрып қалғандай соның үйіне жиналуын қарасайшы?.. Осы бар ғой, ойласам ішім от болып жанып кетеді. Сары шешей айтады дейді: «Қожалық өзімнің әмеңгерім. Қожалық тірі тұрғанда кетіктің басқасына мойын бұра алман» деп айтады, - дейді. Сен үйіне барған соң екі көзін сенен айырмай қарайды да отырады ғой... Соның үшін күйемін, -деп Маржанкүл, жүнін түтіп отырып, Мінайдарға шын сырын айтты.
Мінайдар шынтақтап жатқан күйі, кеңкілдеп күлді. Кетік тісінен тілі жылмаңдап шығып тұрды.
-Ит-ау, кеше ұрысқанда сақалың сапсиып не бетіңмен барасың деген жоқ па едің? Енді бүгін екінші түрлі ғып үлгіртіпсің ғой...
-Оны айтқаным да рас еді. Кеше атам үйінен от алайыншы деп барсам, бірсыпыра кісілер жиналып, сөйлеп отыр екен; Ептеп құлағымды салсам, қауқылдақ үйіндегі қайнаға күліп:»Мінайдардың оқитын кезі ғой,тісі жаңа түсіп жүр» дейді. Соны есіткенде мүлде күйіп кетіп едім, - деп, Маржанкүл бұ жолы күле сөйледі.
Манағыдай емес, екеуі де ашуларын тастап, жадырап сөйлесуге айналды. Шаруашылықтарын да сөз қып қойды: жаздай жұмысқа жегілген жалғыз аттың ыңыршағы айналып, жегуден қалғанын, жалғыз бұзауға айырбастап алған қоңыр тоқтының салмалық етінің біткенін айтысты; Маржанкүл ұнның біткенін, шайының соңын бүгін қағып салғанын айтты. Мінайдар ертеңіне қалаға бармақшы болды.
- Оқуынды қайтесің?
- Ойбай-ау, сол бар екен ғой, бәсе, қайтем? - деп Мінайдар Маржанкүлге қарады.
- Сен қалаға барып келгенше сенің орныңа мен оқи тұрамын, - деп Маржанкүл жымындады.
- Сені оқытпайды ғой.
- Неге?
- Әйелдерді бөлек оқытатын көрінеді.
- Әйел деп бөлектей беретіндері несі екен? Бірге оқыта берсе бірдемесін жей ме екеміз? Әлі күнге кемітулері қалмайды, -деп Маржанкүл назаланғандай болып сөйледі.
Мінайдар тағы кеңкілдеп күлді:
- «Слабода» есіңе түсті ме, «слабоданың» да орны бар шығар, шырағым, «слабода» болғанда әйелдер бетімен кете берсін демейтін шығар.
- Бетімен кеткені несі, оқығанда бетімен кете ме екен. Ондай болса сенің де оқымауың керек қой.
- Біз еркекпіз.
- Әйелдің жазығы не?
- Әйелдің жазығы әйелдігі. Әйелді кұдай о басында кем жаратқан. Еркекпен бірдей болам деу адасқандық.
- Қой, шырағым, мұны өз ойыңмен айтып отырсың. Былтырғы сайлауға келетін көзілдірікті «төре» не айтып еді, есінде бар ма?
- Не айтып еді?
- Әйелдер еркекпен тең адам деген; әйелдер жұмысты еркекпен бірдей істесін деген.
- Жұмысты бірдей істеу ме... жазды күні бел орақпен шөп шапқанда, менің шапқанымды тырмамен жиып үлгіре алмайтыныңды білемісің?
- Күшінді айтып мақтанбай-ақ қойшы, еркектердің күшті екенін білеміз... Төренің ондағы айтқаны - еркектермен бірге әйелдер де ауылнай болып басқара алады деген.
- Бәрекелде, ауылнай болсандар қиратарсындар.
- Несі бар, жаман Несіпбай кұрлы істей алмас дейсің бе, аузынан сөзі түсіп былжырап жүргеніне қарамай, о да ауылнай болып жүр ғой...
- Жарайды, алдағы сайлауда сені ауылнай қоямын. Әзірге тұр, шай қойшы, - деп Мінайдар керіліп барып керегесіне басын тіреді. Маржанкүл түтіп отырған жүнін жиып, қазан пештің алдына барды. Қозға көміп қойған шоқты шыпшамен қазып, жайнатып шығарып, тамызық салып үргіштеп жандырды, үрудің екпініне шыдамаған майда күл бұрқырап, үйдің төбесіне көтерілді.
Мінайдар жатқан күйі терезеге қол созып, көк тысты бір кітапты қолына алды. Бұл - «Бірінші кластың оқу құралы» еді.Сауатсыздарды оқыту үшін ауданнан мұғалім келіп, мектепті інм ауылдан ашқан. Мінайдар да кірген. Жасы отыз төртте. Күре тісінің екеуі қатарынан түсіп, сөйлегенде тілі жылмаңдап көрініп тұрады. Мінайдар оқуға жазылғанда құрбылары қалжыңдап:
-Нағыз оқитын кезің, тісің жаңа түсіп жүр ғой, - деп тәлкектеп еді.
Мінайдар олардың тәлкегін елеген жоқ. Маржанкүлдің қарсылығын да жойып келеді. Оның есі-дерті хат тану, қол қоя білу.
-Қайтейін, обалым әкеме болсын! Жасымда оқытқан болса, жұрт қатарлы мен де қағаз шұқып отырар едім! - деп талай арман қылғаны бар-ды.
Мінайдар кітаптың бірінші бетін ашып жіберіп, сабағына көз салды. Бадырайып тұрған әріптер. Қарасын жеке-жеке таниды. Бірақ, қосып оқу жағына шорқақ. Әйтсе де азаптанып бірінші бетте жазылғанды сүрініп-қабынып оқып шығуға жараған еді. Кітапты қолына алысымен бастап тағы кірісті. Алдымен жеке әріптерді айналдырды. «Аз» деген сөзді қосып даусын созып айта бергенде, қазан пештің аузында отырған Маржанкүл жалт қарап:
-Нені айтасың, отқа салған тамызығым ба? - деп еді.
- Ой, құрып қал! - деп жымыңдап, Мінайдар аунап түсіп жатты.

* * *
... Мінайдардың күндегі әдеті - кешкі шайды ішіп болған соң көк кітапты қолға алады. Шамның жарығына төне түсіп, жымындап жатып оқуға кіріседі. Оқуды бастағанына екі айдан асып кеткен. Әріптің бәрін де таниды. Бірақ бадырайтып ірі жазған жазу болмаса, жыбырқай жазған жазуды айыра алмай, малтығып қалады...
Маржанкүл шыныаяқ, самауырды жинап болып, күндегі қалпымен Мінайдардың жанына келді. Мінайдар кітаптың үстіне қағазын салып, өткен өмірінде күрек ұстаумен секиген қолын қалам ұстауға еріксіз көндіріп, баданадай қып шимайды салып жатыр еді.
-Мұның не? Тағы да өз атың ба жазып жатқаның?
-Бұл «Мінайдар Досақаев» деген сөз болады, - деп Мінайдар жымың етті.
-Атамның аты қайсы?
-Мынау төменгісі...
Маржанкүл үңіліп қарап отырды да:
-Менің атымды жазшы, қандай болады екен, көрейін, -деді.
Мінайдар арбандатып Маржанкүлдің атын жазды. «Маржанкүл» деген жалғыз ауыз сөз қағазының бірсыпыра жерін алып кетті.
-Қаламыңды әкелші, мен жаза алар ма екем, - деп Маржанкүл Мінайдардың қолынан қаламды алды. Мінайдармен қатарласа етпетінен жатып, өз атын жазып көрмекші болды.
-Өй, «м»-ның шоқпарын тым үлкен қып жібердің...
-Қойшы, сенікі де сондай ғой, - деп қызарандап, Маржанкүл мойнына алмады.
Қатарласа жатқан соң бірінің беті біріне тиді. Мінайдар демін жақындата түсіп Маржанкүлдің бетінен сүйіп алды.
-Әне, бұл енді сөйтеді... Бірдеме істеп жатқанда айналдырмай-ақ қойсаң қайтеді екен? - деп Маржанкүл жымындады.
... Түннің едәуір уақыты өткен. Ауылдың бәрі де шамдарын сөндіріп, қалың ұйқыға кіріп жатыр. Жалғыз-ақ Мінайдардың үйінің шамы сөнген жоқ. Маржанкүл екеуі көк кітап пен қарындашты кезек ұстап, бір әріп болсада танығанша құмар болып жатыр. Көк кітаптың ішіндегі баданадай әріптер қазақ елінің қараңғы түкпірінен оқушы тапқанына мәз болып, жымыңдап күліп тұрған секілді...


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

(Әңгіме)
- Айт құтты болсын!
- Айтсын, жақсылығы бірге болсын!
- Жыл он екі айда бір келген жарықтық «айт» қой, бұл күнді көрген де бар шығар, көрмеген де бар шығар...
I
Сәске түс. Желсіз тынық ыстық. Азғана мал ауылдың қорасында көлеңке сайын топтанып, көбі салған түтінге ықтасында тұр... ызындаған маса, сона, шіркей есінді тандырғандай...
Ауылдың адамының бәрі қыбырлап, ерсілі-қарсылы кезіп жүр. Бәрі де киінген. Жүздерінде әлденедей бір куаныштың белгісі бар. Жер ошақ біткеннің көбінде асылған қазан, ақ көбігі бұрқылдап семіз ет қайнап жатыр... Кәрі-құртаң шалдар, кемпірлер екеу-екеу көлеңкеде отыр.
-Жарықтық-ай, бұл күнді де жұрттың көретін күні бар екен-ау!..
Ауылдың орта жеріндегі бір үйдің алдында үйме-жүйме болған кісі. Ішінде кәрілеу кемпірлер, бірен-саран шалдау адамдар да бар...
Біреуі пышақ қайрап, бір жігіт семіздеу қызыл өгізді ұстап тұр.
Шеттен келген адам:
- Құрбандық қабыл болсын, - дейді.
- Әмин, айтқаның келсін! - дейді шалдар.
- Неғып кеш қалып жатырсындар?
- Малдың табылғаны-ақ осы болды... шетінен ұстап соятын бұрынғы дәуір қайда...
Жұмағазы Зәйкүлмен шетте сөйлесіп тұр...
- Сен шалсайшы, мен кәйтейін.
- Қой, ойбай, өзің кір, мен ренжімеймін.
- Кір, кемпір, Жұмекең рұқсат берген соң, несіне тоқталасың.
- Ия, шын айтам. Шала ғой, мен бұрын да шалып жүрмін ғой... құдай қабыл қылса махрұм қылмас...
- Қой, мені әуре қылма...
- Неге?
- Соны қалай шалатынын да, намазын қалай оқитынын да білмеймін.

* * *
Алдыңғы қатардағы ақ отаудан бұралып бір келіншек шықты. Басында шетін кестелеген шашақгы көгілдір жаулық. Неше түрлі асыл тұмаршалар қадаған көк пүліш қамзолдың төсі неше түрлі асыл ілгек, алқым баулармен безелген.
Тысқа шығып біраз тұрды да:
- Еркежан, - деді.
Үйден 16-17 шамасындағы бұралған әдемі қыз шықты. Үсті-басы малынып тұр.
Келіншек күлімсіреп:
- Суға барайық. Айдарлым да келе жатыр екен, - деді.
Қыдырып жүрген бір-екі жігіт арт жағынан келіп келіншекті қытықтап қалды.
- Қойшы, ибай, ұятты...
- Мұнша безеніп қайда барасың...
- Айттаймын...
- Байы үйде жоқ болған соң құтырып жүргенін көрмеймісің, - деп екінші жігіт күлген болды...
* * *
Терлеп-тепшіп, үйінің көлеңкесінде ақ текесін сойып жатқан Молдағалидың қасына Уәли келді.
- Айт кұтты болсын.
- Айтсын...
- Немене, сен тоқтынды саттың ба?
- Жоқ.
- Маған сатшы, әжеме құрбан шалдырайын.
- Ақша дабай.
- Күз аларсың.
- Болмайды.
Уәли кеткен соң Молдағали текенің терісін жұдырықтап жатып:
- Аштан өлейін деп жүріп, айтта несі бар екен, алдап апарып сойып бір тоймақ қой, - деп күлді...
II
Ауылдан оңаша, томардың жел жағында үш қара үй тұр. Маңайында қыбыр еткен мал да жоқ, ызындаған маса да жоқ, асылған қазан да жоқ, кезіп жүрген адам да жоқ... Күнбатыс жақ шеттегі үйдің көлеңкесінде, үсті-басы өрім-ерім болып бүкшиіп он екі-он үш жасар бір кыз бала мен бір орта жасты әйел отыр.Жүздері сарғылт, көздері ісіңкі... «Уф!» деп күрсінеді. Әлденені ойлайды... Айдай әлем қуанып жатқан «айт» оған азап секілді. Бар айтатыны:
- Сорлады-ау, сорладық-ау...
Ауыл жақтан ақсандай басып орта жастағы бір еркек келеді.Киімі алым-жұлым, мойнында дорба.
- Қатын, Бәкен қалай?
- Не қалайын сұрайсың, сорлады ғой.
- Немен, қайтты ма?
- Қайтты.
Көлеңкеге сылқ етіп құлай кетті, жылады.
- Ақыр байдың түбі аштан өлер деген осы екен-ау... Зейнеп ше?
- Кірпігі қимылдап жатыр еді, не болғанын білмеймін.
- О да өлген шығар.
Мойнындағы дорбаны алып жерге тастай берді, ішінде бірдеме бар секілді.
- Бірдеме таптың ба әлде?
- Мардымды нәрсе жоқ.
Тырдай жалаңаш алты-жеті жасар бір ұл, бір қыз бала тысқа шыға келді. Қапшықтан алып жатқан домалақ малдың терісін көріп екеуі бірдей тарпа бассалды. Таласты.
- Қойындар, кұрғырлар. Мә, біреуіңе жүректің құлағы бар.
- Күнімен жүргендегі әкелгенің осы ма, - деді қатыны.
- Е, қайтейін, бермеген соң... мынау текенің ені... Мынау жүректің құлағы... мұны да итке лақтырған жерінен алдым...Жұрттан қайыр кеткен ғой... құрбандарының қанын бер деп едім, Ұлбала бәйбіше айқай салды: «Былтырдан бері асырағаным жетер» деп... не бергенін қайдан білейін...
- Ай, сорлысың-ау, мана өзім барғанда ішек-қарнын аршып бірталай нәрсе әкелетін едім, аурудан шыға алмадым ғой...
ІІІ
Топ-топ болған атты, арбалы адамдар тұс-тұстан ауылға ағыла бастады.
Ауылдың орта шеніндегі ақ боз үйдің маңайында лық толған адам, топтанған арба, ат... кілең бозбала. Бір топ ауыл қыдырып «айттық» алып жүр. Ауыл гу-гу.
- Айт құтты болсын!
- Жақсылығы бірге болсын!
Жер ошақтың басында үш-төрт адамның басы құралып қалды. Бірдеме есітіп бастарын шайқасып отыр.
- Есіл ер-ай, қор болған екен...
Бірден-бірге жайылып хабар ақ боз үйдің маңайындағы көп адамға да жетті.
- Қатыны мен Бәкен кайтыпты...
- Қашан?
- Бүгін.
- Алда, бишара-ай!
- Қайтқандары да дұрыс болған екен, тірідей көр болып еді.
- Айт күні қайтқаны тілеулері дұрыс болған екен бишаралардың.
- Дүние деген осы, жігіттер, - деді ортада отырған бір ақсақалды кісі.
- Едәуір жыл болды-ау. Өгіз өлгеннің басында «айт» болып ат шаптырғанымызда, жиылған адам қанша болса да, бөгелмей- ақ қымызға қандырып шығарып еді. Ақырында бүгін сол Бәкең қатынымен аштан өліп отыр... тұз-дәмін татқан жігіттер, ескеріңдер, еттерінді жеген соң, жаназасын жерге тигізіндер, сауап қой...
* * *
Ет желінді, қымыз ішілді, жұрт жиналып елдің сыртындағы белеске шығып, жалау байлап ойын қылуға айналды. Ақсақал сөзін тындаған жан жоқ...
Ат шабыс, күрес, тоқ бәйге... аштан елген Бәкен мен Зейнепке көптің көрсеткен құрметі «тілеулері дұрыс екен, айт күні қайтты!..» болды.


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

(Әңгіме)
Айранбайдың үйіне кіріп келгенде-ақ нендей кәсіппен айналысатыны беп-белгілі. Ол басында кірлі қара тақтай, маңайы толған былғары, қайыстың қиқымы; біз, пышақ, қайрақ, қалып, мұрындық қоқырсып жатыр.
Көйлексіз, жеңсіз күртеше тонды жалаңаш етіне киіп алып, Айранбай ескілеу етікті бастап жатыр. Оң тізесін баса жердегі қоқырсыған былғары қайыстың қиқымымен ойнап, шашы жалбыраған бір әйел бала отыр.
Айранбайдың бет ажары онша болмағанмен, таралмай ұйысқан қою қара сақалы барлық бетін қаптап, тәу көрген адам «елуді соққан қу ғой» дейтін. Қабағы бір түрлі тұнжыраңқы. Әлденеге кейігендей, әлдекімді түтіп жеп қойғандай болып отыр. Тарамысты тартып шынтағын көтеріп қалғанда, тізесіне жармасып отырған қызына тиіп кетті.
- Сорлы-ай, іс істегенде жаныма келме дегенді сен де бір тындасайшы, - деп қызын итеріп тастады.
Қызының көзі жаутандап әкесінен ғапу өтінгендей, үйде отыру айыбы өзінен емес екендігін білдіргісі келгендей пішінмен:
- Тіпті... балалар ойнатпайды... Ұра береді, - деді. Ол екі арада шаңдатқан құйындай бұрқыратып, еңгезердей бір әйел үйге сөйлеп кірді.
- ...Қайбір жақының бар еді?! Сенің өлген-тірілгеніңе қарайтын солар ма еді?
Үстінде түйін-түйін көйлектің жұрнағы бар. Аяғында шарық етік, басында заты ақ болса да, кірмен баттасқан қырық құраулы бөкебайы бар, даулы екпініне, ашулы сезіне қараған-да Айранбаймен өштескен, кезі келгенде өшін алайын деген адамның түрі бар. Бұл Айранбайдың қатыны Раушан еді.
Айранбайға ойланбаған жерден он пұт салық түсіп, соны төлей алмайтындығын білдіріп қалаға барып арыз берейін десе, киетін етігі жоқ, ескі қайыс етігінің қонышын бастап қию үшін әркімнің тігінінен қалдырған жамаулығы жетпей қалып, азғана қайыс сұрап кел деп Раушанды Кемелбайдікіне жұмсаған. Кемелбай мен Айранбай аталас. Жоқ жерде бір нәрсеге ділгер болып қалса, берсін-бермесін Кемелбайдікінен сұрау Айранбайдың әдеті еді. Сондықтан ол Раушанды жұмсады, Кемелбайдың қатынымен Раушан Тасқараның тойында әлдеқалай табақтас болып етке таласқандықтан араздасқан еді. Ондағы айып Рау-шанда емес, табақтас болғанына қорланған адамдай Кемелбайдың қатыны етті турамай жатып есік жақтағы балаларға үлестіре бастаған.
Ет кетіп бара жатқан соң жалғыз тал омыртқаны Раушан да алып қызына бергенде, «сорлы жалмауыз, қайдан табақтас болып едің, бір жапырақ жегізбедің ғой» деп Кемелбайдың қатыны омыртқаны тартып алған. Жоғарғы табақтағы кемпірлеу әйелдер де Кемелбай қатынының сөзін қостаған тәрізді, «байғұс, көрген қызығың осы ма еді? Енді болмаса өліпсің ғой» деп Раушанға нос берген. Міне, содан бері Раушан Кемелбай үйінің есігінен де қарамайды. Жұрттың барып ішіп жатқан қымызын да ішпейді. Оның бер жағында Раушанмен сыйластау Тайбағардың қатыны барып қымыз ішіп шыққанда бір мезгілдік өсек алып қайтады: «Шешей-ау, Бақа шешейдің өзі құтырар білем, бір тостаған қымызын ішіп болғанымша құлағымның етін жеп болады. Айтатыны бір сен, мені шаптырып алар. Менікін алар... өзі құтырар білем...» - дейді. Бұрынғы ашудың үстіне бұл қосылып, Раушан күйіп-жанып кетеді.
- Ол бетпақтың бетін құдай көрсетпесін, өлсем де лашығымнан шықпай өлермін, - дейді.
Сөйтіп жүрген Раушанға кенеттен Кемелбайдың үйіне бару оңай болсын ба, «бармаймын» деп қарысқан. Айранбайды ашу қысып кетіп, жанында жатқан қалыпты жіберіп ұрған. Енді бармаса, үлкен тықыр таянатынын біліп, Раушан шарасыз кетіп, содан келгені еді.
Оттың басына отыра бергенде, Айранбай лақтырғанда «тақ» етіп тізесіне тиген қара қалып көзіне түсе кетті. «Сен-ақ қылдың-ау» дегендей қалыпты төрге қарай лақтырып кеп жіберіп еді, үш аяқты жүк аяқтың үстінде, сексендегі кемпір-шалдай тіс біткен қирап бітіп,қурап тұрған жалғыз қара абдыраға қалып барып тарс ете қалды.
Айранбай сескеніп кеткендей басын көтеріп алды:
- Ит, қират, - деді.

* * *
Кемелбайдың қайысты неге бермегендігін, қатынының не айтқандығын Айранбай Раушаннан бейнелеп сұрамады. Сұрамауына себеп - Кемелбайдың қатыны мықты адуын, қайыс берудің орнына мықты сөгіс беруі мүмкін. Оның үстіне Раушан зорлықпен кеткен адам. Кемелбай қатынының бір сөзін он сөз қылып әкелуге беті шылп етпейді. Арадағы қатын-қалаштың сөзін малданып ағайынмен араз болуды Айранбай сүймейді. Ол Айранбайдың Жәкеңнен ұстап қалған өнегесі: әйел ерді азғыратын әзірейіл деп Жәкең марқұмның айтқан шариғаты осы күнге дейін есінде.
Айранбай өзі қатын сөзін малданбаған соң басқалардың да малданбауын қол көреді. Кемелбаймен туысы бірге, Кемелбайдың күн көргіштігі жақсы. Бұл мұқтаж болып сұратқанда, қатыны Раушанмен араз-ақ болсын, Кемелбай бердесе қайтеді... міне, ойы осы жерге жеткенде Айранбайдың іші бір түрлі суынған секілді болады. Бұл оқиға Айранбайдың басына талай келген. Талай ренжіп Кемелбайды көрмеспін-ақ десе де, ұйықтап тұрған соң ұмытып, түсте барып қымызын ішетін. Кемелбайдың өзгеше бір әдеті - Айранбайдың ренжігенін білген тәрізді кішкене баласына: «Ағаңа сәлем бердің бе?», «Ағаңа қымыз әпер» деп өзін бөпелеп отырған соң баяғы ашудың бәрі жоғалып, Айран-бай Кемелбаймен аталас болғандығынан өзін бақытты санайтын.
Бұл ретте де, Айранбай, көптен үйреніскен қалыптың бірі ғой деп көңілін жұбатайын десе де, әлденеге жүрегінің түкпірінен қайнап шыққан кейістік, бұл жолғы ашудың бұрынғыға қарағанда түрі өзгерек секілденді. Ашудың басталу кінәсі, Раушаннан гөрі Кемелбайға ауайын деді. Олай болуының себебі - шықпай қалған егінді жазуға комиссия сайланғанда Кемелбай сол комиссияның мүшесі болып сайланған. Алты айғы жаз, қымыз ішкен сайын жалданып салған жалғыз жер тарысының шықпай қалғанын Айранбай талай айтқан. Он-жиырма жер егін салған адамдар салықтан құтылып, өзінің тұтылу себебін Ай-ранбай Кемелбайдан көргісі келіңкірейтін. Ауылнай келіп салық сұрағанда, Айранбай келіп-кетіп Кемелбайға өмірінде айтып көрмеген сөзін де айтып салған. Оның үстіне мына тарыққанда жерде қалатын бір тілім қайысты бермегендігі - Айранбайды күйдірейін деді.
Ерніндегі насыбайын қолымен секіртіп жіберіп:
- Кемелбай үйінде жоқ па екен? - деді.
- Үйінде.
- Бер демеді ме?
- Ия, бер деді... дымымызды қоймайтын шығар деп сары уайымды салушы сол туғаның... сен менің сөзіме нанасың ба. Бірдеме айтсам боқтайсың. Өзің еш нәрсені де сезбейсің.
Нәлөкті салып отырған осы ініңнің өзі көрінеді ғой. Кеше Маржан келін барып қымыз ішкен екен, сонда інің айтып отыр дейді: «Он бұт астық көп болушы ма еді, тігінмен бар астығымызды жиып алды...» деп. Несін алдық екен, еткен өмірінде тігінін тіктіріп сабақты ине-жіп беріп көрген жоқ.
Айранбай күрсінді:
- Қазақ ит қадір білер ме, - деді.
Сыдырылған тарамысын дұрыстап алып, қайтадан тігуге кірісті. Киялы шарықтап өткенді кезе бастады. Есін білгелі Кемелбайдан, Кемелбай секілді байлардан көрген жақсылық-жамандығы көз алдынан суреттеліп ө тіп жатқан секілді болды.
Өмірдің арты қараңғы. Бір жарық сәуле көрген күні жоқ. Кемелбайға, Кемелбай секілділерге қаншама еңбегін сіңірсе де соның барабарына алған еш нәрсесі жоқ, өткен өмірінен ділгерліктен құтылған да емес. Соншама еңбек махаббаттың қайда кеткендігін, кімге істелгенін де білмейді. Жүйрік қиял өткенді кезіп отырып келіп, бұдан бір жеті бұрын елге келген нұсқаушыға түсті. Жап-жас жігіт тақылдап сөйлегенде бір мүдірмейді. Екі сөзінің бірінде айтатыны: кедейдің еңбегі байға желінумен келген; кедей болмаса, бай сол көп малды баға алар ма еді. Оған шөпті шаба алар ма еді! Бағушы мен қағушы кедей болып, рақатын бай көрген... Енді, кедей, оян, ойлан!..
Дұп-дұрыс айтқан. Айранбайдың жасы қазір қырықта. Кырық жылдың жиырма жылын есепке алмағанда, жиырма жылғы еңбегінің жемісі қайда? Жиырмасынан бері бір тыным алған емес. Күні-түні істеу, бірақ тойыну, бүтіндену жоқ. Өзіндей Кемелбай өткен өміріне шөптің басын сындырған емес. Ол сонда да бай, бүтін, жеткілікті...
Айранбай көп ойланды, ой ұшығына шыға алмағанмен де өзінше істеген корытындысы «кедей еңбегін бай жеген, инспектор сөзі рас...»
Осы ойын жарыққа шығарайын, істеген қорытындысын Раушанға айтып мақтанайын, оның да көңілін жұбатайын деген тәрізденіп:
- Қатын! - деді Айранбай. - Кемелбайдан жүрегім суынып болды. Енді соның есігін ашушы болмайық. Құдай аштан өлтірмес. Ең болмаса кәменеске жазылғандарды қазына асырайды дейді ғой, кәменеске жазылармыз. Өткен-кеткендердің «кедей!» дегенде тандайлары суырылады. Кемелбай құрлы сол кәменестер асырар.
Раушан көңілденейін деді. Жанында отырған қызына:
- Тезек әкелші, қарағым, әкеңнің қарны ашқан шығар, шай қояйық, - деді.
Ауыр жүктен құтылып өзіне өзі жаңа келген адам тәрізденіп, күлімсіреп Раушанға қарап, Айранбай «Көкек» әніне басты.
«Түбінен терезенің көкектеген,
Астымда бір атым бар секектеген...»


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

(Әңгіме)
Дүйсенді ауылының қатындары да, еркектері де «Қара бала» дейді. Қара бала деп атандырып жүрген көбіне қатындар. Дүйсеннің өзінің түрі де қатындардың сөзін расқа шығарарлық. Тышқан көзденген, бет-аузы бір уыс, қатқан қара; бойы жапалтақ, жүрген-тұрғанда ықшам-ақ. Мінезі де бала секілді. Ауыр айттың деп кектемейді, арсалаңдап күліп жүргенін көресің.
Қара балаға қатындар үйір, үйіне қыдыра барса ананы әпер,мынаны әпер деп жұмсап болады. Қара балада арлану жоқ, айтқандарының бәрін істейді. Кейде бұлданып: «Сендердің жалдап қойған малайларың емеспін ғой» десе, қатындар қағыңғырлап қарғап болады.
Іңірдегі шайды ішіп алған соң Қара баланың кәсібі ауылды қыдыру. Бір үйден шығып, екінші үйге барып, кезеді де жүреді. Сол кезумен жүріп ауылды тегіс жатқызып, үйіне жарық сөнген соң келіп, пештің жанындағы ескі тулақты сипалап жүріп тауып алып, қисайып жата кетеді. Жұрттай жанын баптау, төсек салып шешініп жату - Қара баланың әдетінде жоқ. Кейде кәрі шешесі келіп:
- Шешініп жату дегенді білмейсің, биттеп-құрттап жүргенің, сен неғып адам боласың, - деп сөгіп те алады.
Ауылды кезгенде, Қара бала әңгіме бақпайды. Әңгімеге үйірлігі жоқ. Барған үйінің еркектері бір нәрсені сөз қылып отырса, Қара бала оны тындауға жалығып, әйелдер жағын айналдырады. Нан илеп жатқан, от жағып отырған әйелдердің жанына қатарласа отырып аузына келгенін сапырады. Үй оңаша болса, өлең де айтып жібереді. Ондайда көбіне әйелдердің өздері сұрап айтқызады. Қара баланың өлендері ауыл әйелдерінің бәріне таныс.
- Қара бала, өлең айтып жіберші, - десе, оқтауды домбыра қылып ұстап, Қара бала бар даусымен шырқап жібереді.
Мінгенім көш алдында кұла жирен,
Қатындар, ынтық болсаң әнімді үйрен.
Бір көріп дидарынды сөйлеспекке,
Әдейі ат терлетіп келдім үйден.
Құла атым құлынында арда емген,
Бәйгеде мың сан аттан озып келген.
Сақтаулы өлгенімше мықты белгі
Жан қалқа, орамалың өзің берген.
Қатындар, сен де сәлім, мен де сәлім,
Бұл елге сен болмасаң келмес едім.
Қайрылып ақша беттен бір сүйгізсең,
Жетпесе нақ ажалым өлмес едім...
Бұл Қара баланың күнде айтып жүрген өлеңі. Мұның тыңдаушыларға ешбір парыз-қарызы жоқ сияқты. Қара баланың өзіне де солай көрінеді. Бірақ, кейде осы өлеңді айтып отырғанда, Қара баланың ойына бірдеме түсіп кеткен секілденеді. Қара бала ойлаған ойын біреу сезіп қалды ма дегендей, ондайда жан-жағына жалтақтап қарай береді. Бетіне тура қарап отырған адамды көрсе, осы құрып қалғыр сезіп қалмаса игі еді дегендей, бетіне қан жүгіріп, қызара бастайды.
Түн еді, ауылды бірсыпыра қыдырып, енді үйіне қайта бергенде, Қара бала Балғабайдың үйінің терезесіндегі жылтыраған отты көрді. Жатпағанын білген соң барып біраз отырғысы келіп, жарым жолдан бұрылды. Лапастың түкпірінде жатқан сабалақ жүнді қара ит қараңғыдағы дыбыспен азырақ ырылдай түсті де, Қара бала екенін сезгендей үнін өшіріп, қайтадан бүк түсіп орнына жатты...
Үйде жалғыз Балғын еді. Көрші үйіне қонақ келіп, Балғабай сонда ет жеймін деп қыдырып кетіп, Балғын жалғыз отыр еді. Төсегін салып, киімін шешініп, енді жата беремін дегенде, есіктің алды тықырлаған соң Балғабай шығар дегендей мойнын созып қарай бергенде, арсаландап Қара бала келіп кірді.
- Өй, қағынғыр, сен екенсің ғой.
- Е, немене, менен басқа күткенің бар ма еді?
- Бар еді, дұрыс айттың, - деп Балғын күлімсіреп, көрпесін жамылып жата кетті. Көрпеден көзі ғана көрінеді. Көрпеден көрінген көз күлімдеп, Қара баланы тесіп бара жатқан секілді.
Балғын былайша ажарлы адам, қызыл шырайлы, қыр мұрынды, көзі күлімдеп жайшылықтың өзінде де адамды өзіне тартып тұратын секілденуші еді. Қара бала Балғынға үйір болып, араласқысы да келетін. Бірақ Балғабайдың мінезі жаман, үйіне біреу келсе, әсіресе, жастау бозбала келсе, қабағын қарыс жауып түнереді де отырады. Қара балаға да сондай пішін керсетіп жүріп, ыржаңдай беріп жын қақты ма?» деп бір күні жекіріп те тастаған. Содан бері Қара бала бұл үйге сирек қатынаушы еді...
- Қағыңғыр, ауылды кезесің де жүресің, осы сен не іздейсің?! - деп Балғын тағы көзін күлімдетті.
- Ойбай, жеңеше, менің іздейтінім көп қой.
- Ал, немене, айтшы!
- Қазір айтуға болмайды.
- Неге?
- Оңаша айтамын.
Балғын сықылықтап күлді. Күлісі Қара баланың ішін өртеп жібергендей болды.
- Байғұс-ау, осыдан оңаша жер болушы ма еді, бүкіл үйде екеуден-екеуіміз-ақ емес пе? - деді.
Қара бала сөз таба алмай қалды. Жайшылықта әзілдескенде судай сіміретін сөзінің бірі де жоқ, бәрі де Балғынның отты көзінің лебімен әлдеқайда бытырап қашқан секілді.
Етпетінен жатқан күйі Қара бала басын азырақ көтеріп, көзінің қиығымен Балғынға қарады. Балғынның отты көзі көрпеден жылтырап, әлі күлімсіреумен жатыр екен.
- Неге қарадың, бірдеме айтайын дедін бе?
Балғын даусын шығарыңкырап күлді де:
- Жарайды, айтпай-ақ қой, оңашада айтарсың. Әлгі келіп қалар, үйіңе қайт! - деп, көрпесін бүркеніп, іргеге қарай аунап жатты...

* * *
Қара балада мал дегенде торы ат, сынық мүйіз қоңыр сиыр, қара баспақ бар. Қара баспақ та өзіне емес, ұзатқан апасы биыл жаз төркіндеп келіп, соған беріп қойған.
Қораға жапсыра үйген азғана салам, құрақ шөбі бар. Үш мал бірдей бос жүрген соң шөпті белдеулеп, көбін жерге төсек қылып, таптап тастаған. Шашылған шөпті жиып, малдың тұратын жерін күре деп шешесі неше рет айтса да, Қара бала орындаған емес. Орындамаймын демейді, мойны жар бермейді. Таңертең тұрып қыдырса, оралып үйіне келгенше кеш болады.
Байдың үйіне Дуаннан келе жаткан бір төре түстеніп, содан ет асаймын деп отырғанда, күн батып та кетті. Жұрт сан-сапалақ болып малын қамап жатқанын көрген соң торы ат пен қоңыр сиырға рақымы түсіп, қамап тастайыншы деп албарға келді. Қоңыр сиырды қақпалап қораға айдай бергенде, албарының сырт жағындағы үй төбесінде жүрген Балғынды көрді. Пештің мұржасын ашып жүр екен. Мұржаны ашып болып, Қара баланы көріп азырақ кідіріп тоқтаған сияқтанды. Қара көлеңке тартқан кез ғой, көзінің күлімсіреген-күлімсіремегенін Қара бала айыра алмады. Бірақ Балғынның үйіне барғанша асықты. Қоңыр сиырды кіргізіп, қораның аузын жабуға да шыдай алмай, шомнан қарғып түсіп, Балғыннын үйіне жетіп келді. Үй іші қара көлеңке. Пештің алдына жүресінен отырып, Балғын от тұтатып жатыр екен, саңылтырға тиген от лапылдап сәулеленіп, Балғынның бетін Қара балаға жарық еткізді. Балғын бұрылып қарап:
- Сенбісің! - деді, - отыр, тоңып келген шығарсың, отқа жылын...
Балғынға қатарласа жүресінен Қара бала да отырды. Саңылтырға тиген от дүрілдеп жанып, қою түтін кейде лап беріп пештің аузынан кейін тебеді. Ащы түтін көзге, мұрынға кіріп, булықтырған кезі де болды...
Балғын Қара балаға кішкене қарап отырды да:
- Оңашада айтам деген сөзің бар еді ғой, енді айтшы! - деді.
Қара бала келуін келсе де, осыны айтайыншы деп ыңғайланған сөзі жоқ еді, сондықтан мүдіріп қалды.
- Жеңеше, бүгін ағам келмейді ғой, ә?
- Келмес.
-Жалғыз жатуға қорықпайсың ба?
-Қорықсам сен барсың ғой, келіп жатарсың, - деп Балғын Қара балаға қарап күлімсіреді.
Екеуі біразға шейін тағы біраз үнсіз отырды. Малдан қалған ескі саңылтырды Балғын пешке құшақ-құшағымен тығады. Зулап жанған от бетті қыздырып, тызылдатып барады.
-Сен мені «жеңеше» дейсің, өзіңнің жасың нешеде?
-Жиырма екіде.
-Қағыңғыр-ау, менімен түйдей құрдассың ғой...
Пешке саңылтырды сымбалап толтыра түсіп, Балғын тағы да сөзге кірді.
-Жамансың ғой, замандастарыңмен ойнап-күлуді де білмейсің.
- Ұялам ғой! - деп Қара бала күрсінді.
-Несіне ұяласың? Менімен түйдей құрдассың, замандас адамның ойнап-күлгені ұят бола ма екен?!
-Қара бала бұған қарсы айтуға сөз таба алмады. Басы тұманданып, ақыл-ойының қайда кеткенін де білмеді.
Қолы өзінен-өзі барып Балғынның қолын ұстады.
-Өй, ақырын, ауырттың ғой.
Балғын ашуланып қалды ма екен деп Қара бала сезіктене сескеніп те кетіп еді,күлімсіреп отырғанын көрген соң, көңілі орнына түсті...
* * *
...Біреу аңдып тұрғаннан жаман Қара бала сезіктене түседі. Напасқа кіргенде, сыбдырын білдірмеймін деп аяғын ұшынан басты. Буыны қалтырап, аяғы сүйретіліп, жүруге келмейді... Есікке келіп тұтқасын ұстаған соң азырақ тұрып демін алды.Бәрінен қиыны есікті ашу болды. Ашар-ашпасын білмей екі ойланып бірсыпыра тұрды. Есікті ашып қалған ыңғайда жылы жел бетке соғып, бойын жандандырған секілденді... Қалтыранқы күймен ептеп кана басып, пешке келіп сүйенді. Жерде жатқан саңылтыр сыбдыр етсе, Қара баланың жаны шығып кете жаздайды... Пешке таяу Балғынның төсегі.
Мынау қарауытып жатқан Балғын болса керек.
Демін білінер-білінбес қана қылып алып жатыр...
Қара бала тізерлеп отырып, қолымен қарманып еді, Балғынның қолына кез болды. Жылы, жұмсақ қол Қара баланың қолын қысып, күйдіріп бара жатқан секілді...
Содан былай төсекке қалай жатқанын, қалай құшақтасқанын, қалай сүйіскенін - Қара бала бірін де білген жоқ...
Терезенің алды тықырлап барады.
-Ойбай-ай, ағаң болмаса игі еді! - деп Балғын басын көтеріп қалды.
Шақыр-шұқыр дыбыс лапастың ішіне келіп қалды.
- Масқара болдық, ағаң екен, қағыңғыр, қараңды батыр! -деп Балғын жыламсырап сала берді.
Есіктен шығуға болмай қалды. Терезені бұзудың тағы жөні жоқ, Қара бала сасқалақтап:
- Енді қайтем? - деді.
- Жоғал, қараңды батыр, ана пештің қуысына кір!
Жаман тонын қаудырлатып, пешке бетін жырғыза-мырғыза Қара бала пештің қуысына кіріп те кетті...
Қатқан етігі шықырлап, үйді басына көтеріп Балғабай келді. Қалтыранып, сасып, төсекте отырған күйі Балғын қарсы алды. Даусы шығар-шықпас болып:
- Бөтен біреу ме деп зәрем кетті ғой, түнде келетін болған соң айтып кетсең қайтетін еді? - деп Балғын наз қылған болды.
Киімін шешінбестен жанына келіп:
- Қорықпа, мен ғой... Жолдағы ауылға қона кеткенімде де болатын еді, жалғыз жатуға сені қорқар деп қонбай келгенім ғой, -деді.
Балғын қорқыныштан құтылып, еркіндеуге айналды.
- Тоңып келген шығарсың, өзім шешіндірейін, - деп Балғабайдың белбеуін шешіп, күпісін жеңінен тартты. Балғабай етігін қазан пештің қуысына апарып қояйын деп еді:
- Сен шешіне бер, өзім апарып жаяйын, - деп Балғын етікті ала жөнелді! Қуыста бүк түсіп Қара бала отыр еді. Етікті жайып жатып, «дыбысыңды шығарма» дегендей боп, Балғын оны төбесінен басып-басып қойды...
Төсекке жатысымен Балғынбайын құшақтап, аймалап сүйді. Келгеніме қуанып қалды ғой деп Балғабай насаттанды. Бірақ, Балғынның сүюі шын сүю емес еді. Қосылғандарына жеті жыл екен. Балғабай биыл 47-де, содан бері бүйтіп жаксы көрсе қайда қалған?..
Балғын, шынында, Балғабайды Қара баланың орнына құшақтап сүйіп жатыр еді...
Таң қараңғысы кезінде, Балғабай әбден ұйықтады-ау деген шамада, Қара бала сүйретіліп орнынан тұрды. Ептеп есік ашып, тысқа шықты. Үркер құлдырап батуға барып қалған. Аспан жүзі самсаған жұлдыз. Үн жоқ, дыбыс жоқ, тымырсық аяз, тынық түн.
Қара бала құрысқан бойын жазып керілді, есінеді. Манағыдай қорқу жоқ, адымдап басып үйіне келді. Тері тулақтың үстіне кеп етпетінен сұлай кеткенде, Балғын құшақтай алып, сүйіп-сүйіп алған секілденді...


Тип произведения: 
Произведение классика
Добавить закладку 

(Әңгіме)
Желдібай болыстық кеңседен келгенде екпінімен тау құлатқандай еді. Қара құлақшынды желкеге таман баса киген; арты тілік ескі қара пәлте делегейленіп, түйме біткені ағытылып кеткен: ербиген кішкене жебесін ширатып тастапты. Көзі күлім-күлім етеді. Оң қолында сырты кірлеп, майланған, о басында ақ кенептің шумағы екені білінгендей бір дорбасы бар. Кенеп дорбадан керегінің бәрі табылады: көйлек-ыштаны да сонда, үгулі насыбайы да сонда, бірен-саран ескі газеттер де бар. Бәрінен қадірлісі, Желдібайды екпіндетіп жүргені гүбірнадан науқан өткізе келген өкілдің жазып берген мандаты; мандаттың ішінде астын сызып койған «товарыш Жындыбаев» деген сөз бар. Гүбірнелік өкіл сол мандатты беріп жатып:
-Товарищ Жындыбаев, бұл серьезный науқан, мұның политический значениесі бар. Так что мен сенемін, бұл науқанды провалит» етпессіз, - деген.
-Менің командировкаға шыққаным жалғыз бұл емес, талай тығыз науқандарды да дүрілдетіп орындап шыққан көкеңмін, нақа болмай бара жатса мәселені қабырғасынан қойып жіберуден де тайынбаймыз, - деп Желдібай өкілдің қолын ұстап, қысып-қысып қойғанда, өкілдің қолын сындырып жібере жаздады. «Апырым-ай, мына шіркін елге барғанда қайтеді?» -дегендей боп, өкіл аларып бір қарады да, үндемеді.
Желдібайдың алдына тобылғы торы атты біреу әкеліп кесе тарта берді. Атқа қоқилана мініп Желдібай баяғы кенеп портфельді қолтыққа қысты. Екпінімен тебініп қалғанда, торы ат ыршып түсті. Қарсы соққан жел Желдібайдың құлақшынының құлағын делең-делең еткізді.Аттың тұяғы жұмсақ топырақты уыстап лақтырғандай бұрқыратты. Ә дегенше болмай торы аттың үсті термен ақ сабындай болып көпірді. Ауылдың қарасы үзілген кезде, Желдібай артына бұрылып қарап тепектеп шауып келе жатқан орта жасты кісіні көрді. Жыртық күпісінің етегі делегейленіп, тамағы мыжырайып, желге қарсы шыққан соң көзінің сорасы ағып келе жатыр екен. Желдібай атының басын тежеген кезде, ол жақындай беріп:
-Апырым-ай, шырағым, тым қатты жүреді екенсің-ау, -деді.
Желдібай қара құлақшынды желкесіне таман итеріп қойып, жымың-жымың етті. Торы ат ентігіп аяғын бір ілгері, бір кейін басты.
-Ай, отағасы, надансың-ау, жұмыстың жайын білмейсің ғой. Мен қызу науқанмен келем. Аяңдап жүріп не бітірмекшіміз?! - деді. Науқанынатүсінбегенмен, Желдібайдың қызулығына ат иесі кісі ден қойды. Қатарласа жүріп отырып:
- Шырағым, осы елдің өзінен шыққан баламысың, әлде шеттен келіп пе едің? -деді.
Желдібай ожырайып бетіне қарады. Шал кісі, күпісі жыртық, сақалы ұйысқан, жыртық көйлектен өңеші сорайып көрініп тұр. Кедейлігі түрінен белгілі. Кедей болса, қосшыға мүше болса бір болыс елдің «қосшы» комитетінің бастығы «Желдібай Жындыбаевты» білмеді деген не сұмдық? Жындыбай адам білместік кісі ме? Жарбол болыс болып тұрған кезде, Жындыбай соның артынан шабарманы болып, бір болыс елді сілтідей тындырған кісі жоқ шығар деп ойлаушы еді... Торы аттың басын тарта түсіп:
- Осы елдікімін, шырағым, - деп шал көзін жыпылықтатып тепектеп жақындай түсті.
- Ендеше, мені сұрамай-ақ қой. Мен Жындыбаевпын. «Товарыш Жындыбаев» десең осы елдің баласына шейін біледі.
Шал үндемеді. «Толып жатқан жындының бірі екен» деп ішінен ойлады да, атын шаужайлап, тепектеп жүре берді...
Ауылнайдың ауылының қарасы көрінісімен Желдібай шаба жөнелді. Ауылнай жас бала жігіт. Көлеңкесінен корқып отырған әке-шешесі бар екен, олар қалбаңдап алдынан шығып, Желдібайды үйіне түсірді. Төрт қабат көрпенің үстіне Желдібай барып отыра бергенде, кемпір орнынан тұрып, тысы жыртық ақ жастықты Желдібайдың арқасына тоса берді.
- Ауылнай, қайдасың?
- Мұндамын.
- Қане, бірдемең бар ма, тоңып келдім...
Ауылнай, бала жігіт қой, түсінбеді білем, аузын ашып тұрып қалды. Желдібай жымың етіп күліп жіберді.
- Бала екенсің ғой, «көк мойының» бар ма деймін?..
Желдібайды жылыту үшін он бес шақырым жердегі қаладан «көк мойын» әкелуге адам шаптырылды.
... «Көк мойынның» қалғанымен басын жазып Желдібай далаға шыға келгенде, күн сәскелікке келіп қалып еді.
Ала шабыр бұлты бар. Күнбатыстан ескен қоңыр жел күздің салқынын бетке әкеліп соғады... Арбаға байлаған бұзаулар бүрсиіп төрт аяғын бауырына алып тұрған секілді. Бірен-саран әйелдер, басын доғалдай оратып, тезек теріп жүр. Жаман тұмағы жарбиып, күпісіне оранып қорбиып кейбір шалдар күншуақта тықылдатып ағаш шауып отыр... Желдібай бәріне қарады. Солардың ішінен Желдібайдың көзіне шалынғаны шеткі бір үйдің есігінің алдындағы шай қойып жүрген әйел бала болды. Орта бойлы, жасы он бес, он алтының шамасында болар, қара барқыт шапаны бар. Қызыл тебетейді желкесіне таман салыпты. Үй мен жер ошақтың арасында ерсілі-қарсылы жүр еді. Бір рет самауырынға ағаш салып жатып, басын көтеріп, Желдібайға қараған секілді болды, қарады ма, қарамады ма, ол жағы белгісіз. Бірак Желдібай өзіне қарады деп түсінді. Тамағын кеней түсігі, бұ да құлақшынын бір жақ шекесіне таман киді. Ауылнайдың шешесі:
- Шырағым, қонақ, шай пісті, - деп бір-екі рет айтса да, Желдібай оны елеместен, ынтыққан қызына қараумен болды...
- Ат жоқ. Жұрттың бәрі жұмыста. Ібекең үйінде бір ат бар екен, қалаға жүремін деп бермей отыр, - деп, сельсовет мүшесі бір жігіт Желдібайға жетіп келді.
- Ібекесі кім?
- Мына шеткі үйдің иесі.
Қолындағы кесесін ырғытып жіберіп, Желдібай орнынан қарғып тұрды.
Кенеп дорбасын қымқыра ұстап, құлақшынын жүре киіп, шеткі үйге жүгіре басып кіріп келді. Сирек сақалды арық сары кісі төрт бұрышты дастарқанның орта беліне отырып, сары таба нанды турай бауырсақ қылып отыр екен. Томпақ бетті қара қыз шолпысына таққан күміс теңгесі сылдырлап, бес батпан кір кенеп орамалмен жуған кесені сүртіп, шай дайындап жатыр...
Екпінімен кірген Желдібайға үй иесі де, қыз да қарай қалды...
- Отағасы, атыңызды неге бермедіңіз? Менің кім екенімді білмедіңіз бе? Мен Жындыбаевпын! Мына мандатпен таныс болыңыз, - деп кенеп дорбадан бүктеулі қағазды суырып алып, үй иесі Ыбырай отағасының алдына тарта берді. Ыбырай сасып, дастарқаннан кейін шегініп кетті.
- Танымайсыз ба?
- Танымайтын едім, шырағым...
- Жарайды, хат танымасаңыз есте болар, үлкендерге арнап биыл мектеп ашылады, сонда алдымен сізді жіберемін, әзірге атыңызды жегіңіз.
- Шырағым, нәлөк төлеу үшін қалаға апарып астық сатқалы отыр едім.
- Сөзді қой, нәлегінді артынан төлей жатарсың. Мен қызу науқанмен жүрмін, менің науқаныма бөгеу істесең, пұртекел-деп, «Темірқан шораға» айдауға да құдіретім келеді, - деп, үй иесі Ыбырайға Желдібай бүркітше түйлікті.
Ыбырай сасып атына жүгірді. Шелек жуып жатқан бәйбіше шелегін тастай беріп, аузын сылп еткізіп, тізесін құшақтап отырып қалды. Қара кыз қорықса да иба қылып, ұялса да төмен қарап, кесе жуумен болды.
Желдібайдың көзі дастарқандағы тураулы сары таба нанға, самауырын жанындағы қара аяқтың кенерімен бірдей болып тұрған қаймақты сүтке түсті. Шоққа қойылған құманша толған қозыдай бүйірленіп, сақылдап қайнап, шайдың иісін мұрынға кіргізіп барады. Кесе сүртіп отырған қара қыздың быртиған саусақтарындағы тізілген сақиналары Желдібайдың назарын еріксіз аударып тұрған сияқты болды. Желдібайдың ашуы басыла түсіп, дастарқанның басына келді. Қызға күлімсіреп қарап:
- Қарындасым, шай құйып жібересің бе? - деді.
- Құй, қарағым, қаймағың болса бер! - деп, шешесі безектеп, самауырынға төне түсті.
Кенеп дорбаны тастай беріп, Желдібай Жындыбаев шайға жабысты. Қыз шай құйды. Шешесі, шидің ішіндегі қара қазанның бетін сыпырып, бір аяқ қаймақгы Желдібайдың алдына әкеліп тартып:
- Же, қарағым, қарның ашып қалған шығар, - деп аяған болып сыйлап жатыр. Бірақ, бет ажарындағы кейістік - қаймақты еркімен бермегендігін білдіріп тұр еді.
Ыбырай атты әкелсе де жегілмеді. Желдібай шайды жайласып отырып ішті. Шай ішіп бола берген кезде «жұрт жиналып дайын тұр» деп ауылнай келіп еді, жиылысқа барудың орнына Желдібай қонақасы іздеді.
- Ауылнай дегендер епті келуші еді, сен нағыз бала екенсің. Үкімет жұмысын ашығып жүріп істесін деген заңды еш жерде көргеміз жоқ, түстеніп алып барсақта болады, - деді.
Ауылнай қысылып, Ыбырайды оңаша шақырып алып сөйлесіп, тоқты сой деп зығыр етті.
- Төрт тоқтының үшеуін жазды күні сойып, біреуін тұқымға қалдырып едім. Кемпір көнбейді ғой, - деп Ыбырай бірсыпыра қынжылды.
Бірақ, ауылнай мен «төренің» теріс көзіне іліксе, зықысы шығатынын сезіп, амалсыздан ақ токтыны сүйрелеп алып келді. Ыбырайдың қатыны бұрынғыдан да жаман бұртиып, ашуын сыртқа шығара алмай, өшін балаларынан алды. Маңына келген балаларын қиратып ұрумен болды.
Желдібай бесін кезінде аттанды. Ауылнай алдына әкеліп атты ұстағанда, үзеңгіге аяғын сала беріп, Желдібай тәлтіректеп құлап кете жаздады.
- Әй, ауылнай, қымызды көп беріп жіберген екенеің, - деп өз-өзінен жырқылдап күлді.
... Топтанған жұрт ауыл сыртында тұрып қарсы алды. Мәжіліс ашылып, Желдібайға сөз берілді.
- Мен Жындыбаевпын! - деп бастады Желдібай.
Содан соңғысын жұрт та ұға алмады. Не айтқанын Желдібайдың өзі де білген жоқ. Әйтеуір ұзыннан-ұзақ созылған, бітпейтін бір әңгіме болды. Жұрт біріне-бірі қарап күңкілдесіп:
- «Жындыбаев» десе, Жындыбаев екен! - десті...

* * *
...Бірер ай өткеннен кейін гүбірнелік газетте Жындыбаев туралы хабар басылып шықты. Ел ішіне шыққандағы істеген жолсыздықтары теріліп сотқа беріліпті, түрмеге жабылыпты!
Жұрт еркін демін алып:
- Бәсе, солай болса керек, орнын жаңа тапқан екен!.. - десті.